Мұражайдағы түн
Халықаралық мұражай күнінде бірден үш көрме ашылды. Жеті сағат көлемінде концерттік бағдарлама өтіп, жәрмеңкелер болды. 7000-ға жуық адам түнді мұражайда өткізді.
18 мамыр күні Алматыдағы Мемлекеттік орталық мұражайда Халықаралық мұражай күні өтті. Кәсіби мейрамда «Музей түні» осымен жетінші жыл ұйымдастырылып, сағат 17:00-ден 00:00-ге дейін қонақтарын ерекше ықыласпен қарсы алды. Шараның тосын сыйлары мен жаңалықтары аз болмады. Шара аясында мұражай қор коллекциясынан үш көрме ашылды. Олар «Марапатталады» (ХІХ-ХХ ғғ. ордендер, медальдар мен белгілер коллекциясы), «Қазақстанның жануарлар әлемі» және «Ұлы Отан соғысының қару-жарақтары» деп аталған. Ұйымдастырушылар мерекелік шараға келген әрбір 300-інші мейманға сый жасады. Оларға «Қазақстанның археологиялық алтыны», «Антропологиялық музейі» және «Н.Г.Хлудов залы» сынды эксклюзивті залдарына тегін экскурсия жасауға мүмкіндік берді. Мерекелік кешке келуші алматылықтар мен қала қонақтарының назарына ауқымды концерттік бағдарлама ұсынылды. Концерттік бағдарламаға қатысқан өнер иелерінің барлығына демеушілер ұсынған сыйлықтар тапсырылды. Косметика сатушы компания өкілдері қыз-келіншектерге шеберлік дәрістерін өткізіп, бетті әрлеу жөнінде тегін кеңестер берді. Сәндік-қолөнер бұйымдары көрме-жәрмеңкелерде сатылып, «Арыс» және «Эрудит» кітап орталықтары әлемдегі жаңа басылымдарды көрермен назарына ұсынды. Мұражай алдында бүркітшілер өнер көрсетті, қазақы тазылар мен төбеттер көрмеге шығарылды.