Мен білетін Абай
Абай – биік шың. Ұлы хакімді әркім өзінің парасат биігінде қабылдайды. Белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахмет, сыншылар Тұрсынжан Шапай мен Таласбек Әсемқұловтар таныған Абай мен мектеп оқушысы таныған Абайдың арасында жер мен көктей айырма бар. Кейбіреулер үшін ұлт ұстазы «Күз», «Қыс», «Жаз» сынды өлеңдердің авторы ғана. Сол себепті де әркімнің өз Абайы бар деп айта аламыз. Біз төмендегі азаматтарға «Сіз білетін Абай кім?» деген сауалды жолдаған едік.
Ахметбек НҰРСИЛА, кәсіпкер:
– Мен Абайды 30 жастан асқан соң түсіне бастадым. Оған дейін «жүрегінің түбіне терең бойлай алмай», үстіртін оқып жүрген екенмін. Түсінгеннен бергі уақытта бір адамның бойына осыншама қасиеттің қалай сыйып тұрғанына таңғалумен болдым. Ақындығы, полиглоттығы, теологтығы, композиторлығы, әлем философторын игерген ойшылдығы, ұстаздығы, қай қасиеті болмасын – ең жоғары деңгейде.
Әлемде көптеген ғұламалар өмір сүрді, бірақ осынша қасиетті бір тұлғаның бойынан табу мүмкін емес дүние. Бекен Исабаев атаның «Ұлылар мекенін» және Қасым Аманжолов түсірген «Анық Абай» деректі фильмінен кейін алған әсерім одан да ұлғайды. Менің қазіргі ұққаным, Абайды осындай биікке шығуына мынандай қасиеттері көмектесті: 1. Өзіне-өзі шыншыл, әділ сын көзімен қарай алуы. «Ойға түстім толғандым» өлеңін қараңыз. 2. «Көкірек көзі» ояу, ашық болғандығы. «Көзінен басқа ойы жоқ, ойында бір ақ шаруасы» емес, дүние мүлікті, атақ абыройды, мақтанды тәрк ете алған Хакімнің көкірек көзі ашық болғандықтан, кез келген ғылым-білімді оп-оңай игеріп алған. Көкірек көзі ашық осынау әулие адамға ешнәрсе кедергі бола алмаған.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК, ақын:
– Абай тілі шыққан кезде, анасы Ұлжаннан: «Мен дүниеге келген күні бөлме іші неге қызылды-жасыл болып тұрды» деп сұраған көрінеді. Анасы: «Зере әжең, сенің дүниеге келер күннің қарсаңында жүнді бояп, кепсін деп жайып қойған» деп жауап беріпті. Қарапайым адам өзінің туған күні түгіл, төрт бес жасқа дейінгі өмірін есінде сақтай алмайды. Мұндай сирек қабілет тек генийлерге ғана тән.
Кішкентай кезінен жеткіншекке тән емес сұңғылалық танытып, жұртты сәтті жауаптарымен талай тамсандырған бала Абайдың бұл қасиеттері неден қалыптысты, кімнен жұқты? Менің ойымша, Абай – Жаратқанның ерекше махаббатымен, бөлек жоспарымен жаралған пенде.
Ілім қонған адамды «әулие» дейді. Адамзаттың ақыл-ойының жемісін кітаптан оқу бір бөлек те, көкірек көзімен жаратылысты тану бір бөлек.
Абай – өзінің қысқа ғұмырында жаратылыс құпиясын ашқан адам. Ұлы кемеңгер – Тәңірдің құдыретін, жаратылыстың сан қырлы құбылыстарын кітап беттерінен емес, тірі әлемнен түйсік арқылы аңдап, жан жанарымен көре білген кісі.
Пайғамбардан кейін әулиелер, оқымысты ғалымдар келеді делінген. Абай – қазақ үшін жіберілген әулие. Оның сезінгенін, түйсінгенін білу арқылы Алаш өз алдында жаңа кеңістік ашары сөзсіз. Сонда ғана бізде ғылыми жаңалықтар да ашылады, дүние қабылдауымыз өзгереді, дамуға жол бастайтын өмір сүру этикамыз да кемелденер еді. Себебі біз бөлек-бөлек жүрген ағза емеспіз, біз Тәңірдің жаратқан үлкен матрицасымен үйлесімді жаралған тіршілік иелеріміз.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛОВ, публицист:
– Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ Абайды тыңдағанында, біз қазір басқа елдерден елу-алпыс жылға кейін қалмас па едік?! Абайды сол кезде түсінбеген қазақ қазір неге оны басына көтеріп отыр? Абай өз тамырынан үзілмей, әлемдік өркениетке ұмтылды. Ол қазақ ұлты пен әлемдік цивилизациядағы өз тепе-теңдігін сақтай білді. Ұлы пропорцияға құрылған осы үйлесім Абайдың тұғырын ешқашан аласартпайды. Біздің әрқайсымызға қазір осы тепе-теңдік жетпей тұр. Бұл гармонияға енді барлық қазақ ұмтылуы керек. Абай осыны армандап кетті. Ұлттық сананы қалыптастыру арқылы әлемдік мәдениетті игеруге машықтану ғана бірлігі күшті біртұтас ел құруға мүмкіндік беретінін айтып кеткен Абайдың ақылына жүгінсек, көштен қалатындай қауіп жоқ .