«Мәскеулік Шыңғысхан» Алаш жұртына алғашқы кітабын ұсынды
Ресейде жүріп, Қазақстанның атын әлемнің төрт бұрышына танытып жүрген қазақтар баршылық. Тимур Бекмамбетовтен бастап, Бақыт Қилыбаев, эстрадада Батырхан Шүкенов, Байғали Серкебаев деп есімдерін біртіндеп атауға болар, бірақ біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған қазақ баласының жөні тіпті бөлек. Тағдырдың жазуымен қазақ сахарасында емес, орыстың орманды деревнясында өсіп-жетілген, алайда көкейінде қашан да «мен – қазақпын» деген оты алаулаған Арман Дәулетияровтың сол ауыл баласынан Мәскеудің «МузТВ» секілді алып медиабасшысына айналу тағдыры бүгінде кітап болып басылып шықты. Алдымен Алла Пугачева бастаған мәскеулік шоу бизнес өкілдерімен өткен кітаптың тұсаукесері Алматыда жалғасты.
– Табыс пен танымалдылықтың кілті ақша емес, яғни ол үшін кейбіреу ойлағандай байдың баласы болудың қажеті де шамалы, тіпті қойнаудағы баланың да оған қол жеткізуі әбден мүмкін, – деп бастады әңгімесін ақжарқын қазақ баласы. – Адамды алға ұмтылдыратын – арман. Үйде жатып, теледидардан әркімдерге ұрысудан басқаны білмейтін адамнан ештеңе шықпайды, ал соған өзі ұмтылған жан түбі жететініне, мінекей, алдарыңыздағы мен дәлел бола аламын. Менің осы кітапты жазғандағы мақсатым да сол – кезіндегі мен секілді ауылда талай арман арқалаған балалар жүр, олардың көбі теледидардан түрлі өнерімен көрініп жүрген өздерінің табысты құрдастарына қарап, «өзі жетті деймісің сол деңгейге, сөзсіз оның «көкесі» бар» деп ойлайды. Анығында, жағдай мүлдем басқа, соны көп қазақ баласы осы кітапты оқып түсінсін, менің өмірімнен алар жері болса, өнеге алсын деп жаздым.
Бәлкім, қазақ өзінің осындай бір ұлы бар екенін білмегендіктен, тосырқап отырған болар, бірақ Арман Дәулетияров деген есімді танымайтын ресейлік шоу бизнес өкілі жоқ. Себебі ол – Мәскеудегі «Муз-ТВ» арнасының құлағын ұстап отырған мықты басшы. Тек ол ғана емес, Ресей мен Қазақстанның халықаралық мәдени-іскерлік ынтымақтастық орталығының президенті, белгілі музыкалық продюсер, Мұрат Насыров, Батырхан Шүкенов сынды деңгейі мықты әншілермен, «А-студио», «Дуэт Л», «Thomas Nevergreen» сынды көптеген топтармен тікелей жұмыс істеп, «Мәскеудегі Астана күндерін», «Ресейдегі Қазақстан жылын» өткізуге атсалысқан, VII Азия ойындарының жабылу салтанатының бас продюсері болған ғажайып талант иесі. Сондықтан оны қазақстандық белгілі музыка майталмандары да танымауы мүмкін емес. Бүгінде «Мәскеулік Шыңғысханның тарихы» атты кітаптың авторы болып та үлгерген Арман Дәулетияровтан бір уақыт біз кітаптың атауының мәні жайлы да сұрадық.
Неге «Мәскеулік Шыңғысхан?»
Кітаптың дәл осылай аталуына ресейлік журналистер арасында үдере қарағандары да болса керек. Алайда Шыңғысхан дегенді автор кездейсоқтықпен немесе кеудемсоқтықпен алмаған. Қазақтың жазылмаған заңы бойынша ұрпағы өз түбі мен тамырынан ажырамай, ең құрығанда бойындағы өз тегінің бір тамшы қанын ақтауға тиіс екенін айтпай, бірақ сездіреді. Әр адам өзінің сол парызын үнсіз түсініп, соған қызмет етеді. Арман Дәулетияровтың шыққан тегі төре тұқымы, яғни қазақтың хан көтеретін тегінен болса керек. Әрине, оның түбі барып Шыңғысханға тірелері тарихтан хабардар әрбір жанға түсінікті. Мінекей осы, екіншіден, осы атауды бір кездері Армандай қазақ ұлына таңып берген баспасөз өкілдерінің өзі болса керек. Біршама жылдар бұрын Арман Дәулетияров жайлы бір мақала баспасөзге сондай тақырыппен жарияланған. Автордың өзіне сол қатты әсер етсе керек. Тарихи оқиғаға үңілер болса, бір кездері «Шыңғысханның тұқымы» деген атау Әлихан Бөкейхановтай алаш көсемін де айналып өтпеген. Ендеше, Ресей шоу бизнесінде алаш баласы сол биіктен көрінгенінің бұл да бір дәлелі.
Автор баспасөз конференциясына жиналған барша баспасөз өкілдеріне жауап бере отырып, сөз соңында қазақ шоу бизнесіне қатысты қынжылысын да жасырмады. Әрине, Ресей шоу бизнесінің ортасында жүрген қазақ баласынан қазақ шоу бизнесі жайлы сұрмау мүмкін емес еді. Сонда бауырларына қуана құшақ жая көмектескісі келетінін айтқан Арман Дәулетияров, дегенмен сол деңгейге лайық әнші, мәскеулік эстрада мойындарлық деңгейдегі сапалы бейнеклиптің алдына келмей отырғанын айтты. Сондай-ақ ол Қазақстанда телеарнаға ән, бейнебаян таратудың ақылы екеніне таңғалыс білдірді. Себебі «Муз-тв»-да бәрі тегін, бірақ... Бірақ ол үшін биік деңгей қажет. Қазақ эстрадасын құрап жүрген жүздеген, мыңдаған әншілер мен топтар арасында сонда ол деңгейге жеткен бірі жоқ деген сөз. Ал бой түзеу үшін «Муз-ТВ» арнасының басшысы «А-студио», Батырхан Шүкеновтер есімін атады.
Интерфакс агенттігінің баспасөз залында өткен басқосуда әрине Батырхан Шүкенов, Байғали Серкебаев сынды қазақтың Мәскеуді алғаш мойындатқан музыка майталмандары, Арман Дәулетияровтың достары отырып, шоу бизнестегі қазақ баласының алдынан шығар қиындықтар мен биік белестер жайлы әңгіменің шоғын маздатты.
Өзінің тамырлы мәдениетінен қол үзбей, сондай-ақ Ресей мен Қазақстан сынды екі елдің мәдени байланысына зор үлес қосып отырған Арман сынды жан-жақты дарын иесімен бірге жұмыс істеудің өзі – бір мәртебе
Иосиф Кобзон
Арман – есімі үлкен әріптермен жазуға лайық өз ісінің кәсіби шебері. Жылдан-жылға ол өзінің сол деңгейін биіктете түсіп, небір алып жобаларды жүзеге асыруға мұрындық болып жүр. Өте ақылды және сондай жайдары адамның құндылықтар жайлы көзқарасы да жоғары. Сондықтан Арманға қашанда қол ұшын созуға, қажет кезінде жанынан табылуға әрқашан дайынмын.
Игорь Крутой
Өз талантының ұшқынымен, шынайылығымен, сонымен қатар кәсіби деңгейімен бәріміздің жүрегімізге от беретін осындай адаммен жақын араласу қандай ғажап!
Алла Пугачева