Мақтау әдебиетті өсірмейді
Соңғы уақыттарда жаңа шыққан кітаптарға пікір айтып, оларды оқырманға насихаттау жағы кемшін түсіп жатқаны, әсіресе, қазақ әдебиетінің жас буын өкілдерінің өсіп, жетілуіне белгілі бір дәрежеде тосқауыл болып тұрғаны рас. Оның үстіне, қазіргі кітаптардың таралымы негізінен, екі мың данадан аспайды. Онсыз да көркем әдебиет оқу азайған бүгінгідей кезеңде қаламақыдан да қағылған қаламгер қауымы рухани дағдарыспен қоса, қаржылық дағдарыстың шырмауына алғашқылардың бірі болып іліккені жасырын емес.
Десек те, мемлекет тарапынан төл әдебиетіміздің өркендеуіне бағытталған бірқатар шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқанын айта кеткен жөн. Бұл бағытта, әсіресе, Қазақстан Жазушылар одағы қоғамдық ұйым бола тұра, біраз шаруаның басын қайырып, шығармашылық адамдарының басын жұмылдыра отырып, жанкештілікпен жұмыс жүргізуде. Одақ басшылығы алдыңғы жылы Баянауылда жас ақын-жазушылардың үлкен форумын өткізген еді. Сонда әншейінде қоғамдық ұйымдармен санаса қоймайтын билік қаламгерлерге бет бұрғандай болды. Осыдан кейін форум жұмысына келіп қатысқан Мәдениет және ақпарат министрлігінің атқамінерлері отызға тарта жас қалам иелерінің кітаптарын мемлекеттік тапсырыспен тегін шығарып береміз, әрі оларға қомақты қаламақы тағайындаймыз деп таудай уәде берген болатын. Одақ тарапынан басталған істі іліп әкеткен министрлік әдеттегідей қалпын бұзып, ақыры уәдесінде тұрды. Нәтижесінде, жиырмадан астам автордың жинақтары 2008 жылдың соңына таман белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев басшылық ететін «Жалын» баспасынан жарық көрді. Жас деп жеке топтағанымен, бұлардың алды бір-екі кітап шығарып, елге танылып үлгерген қалам иелері. Дегенмен оншақты автордың жинақтары тұңғыш рет баспа бетін көріп отырғандығын тілге тиек еткіміз келіп отыр. Қазір де бұл жинақтар республикамыздың кітап дүкендері мен кітапханаларына түсе бастады. Алайда сол кездегі атышулы ер Ертісбаев тізгінін ұстаған министрліктегілер Президент әкімшілігі тарапынан мақұлданып, аталған кітаптарға бөлінген қаржының қаламақы ретінде берілуі тиіс едәуір бөлігін ізім-қайым жоқ қылып жіберген. Оның ізіне түскен тағы ешкім болмады. Ал әлгі жиырма автор болса кітаптары шыққанына мәз. Қайтсін енді? Бұған да шүкір дейік. Айтып-айтпай не керек дегендей, осынау ұзын сонар әңгімені түбіне дейін қаузайық деп отырған біз жоқ. Біздің айтпағымыз басқа.
Осыдан бір күн бұрын ғана Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде жаңағы жиырма жас ақын-жазушының жаңа шыққан кітаптарының тұсаукесері өтті. Жарнаманың әлсіз болғандығынан ба, әлде әдебиет өкілдерінің өздерінің әдебиетке деген оң көзқарастарының әлі де қалыптаспағандықтарынан ба, әйтеуір Әдебиетшілер үйінің үштен бірі ғана қарайып тұрды. Шығармашылық басқосудың шымылдығын ашып берген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай: «Бүгінгідей қысылтаяң кезеңде мемлекеттік тапсырыспен жас қаламгерлер кітаптарының шығуы үлкен олжа. Бұл істі Одақ алдағы уақытта да жалғастыратын болады. Ең бастысы, бізде талантты жастардың көптігі қуантып отыр. Олай болса, қазақ әдебиетінің келешегіне алаңдаудың қажеті жоқ» деп, өзінен кейінгі буынға сеніммен қарайтындығын аңғартты. Әйтсе де жастардың аяқ алысына пікір білдірсек деп мүйізі қарағайдай біраз ағалары да Одаққа арнайы келгенін айта кеткен жөн. Негізінен, пікірталас түрінде өткен тұсаукесер кешінде адам аз болса да жаңа кітаптарға қатысты көптеген сыни пікірлер айтылды. Аталған жиырма автордың туындыларын поэзия, проза, сатира деп үш жанрға бөліп талдаған аға буын қаламгерлер бүгінгі қазақ әдебиетіндегі жастардың ерекше қарқынмен жетіліп келе жатқандығын да тілге тиек етті. «Тәуелсіздік дәуірінің қаламгерлері» атанған жастар өздеріне қарата айтылған сындарды салқынқандылықпен қабылдады. Поэзиялық жинақтарды сарапқа салған сыншы Бақыт Сарбалаұлы, прозалық кітаптарды талқылаған жазушы Асқар Алтай, сатиралық туындыларға тоқталған жазушы-сатирик Еркін Жаппасұлы болды.
Аманхан әлім, ақын:
– Біз кезінде саяси цензураның қыспағында жүріп әдебиет жасадық. Ешкім бізді аяған жоқ. Қаламгер ағаларымыз жастардың жазғандарын оңдырмай сынайтын. Бірақ содан жаман болған жоқпыз. Қазіргі жастар көбіне мақтау естігісі келіп тұратын сияқты. Бірақ мақтау әдебиетті өсірмейді. Оның үстіне, бүгінгі жастар көп ізденбейді, оқымайды. Бірақ бүгінгі жас қазақ поэзиясының қуаты мықты. Жастар не жазам десе өз еркі, алайда олар мұндай дербес мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай жүр. Талантқа сенгеннен ештеңе шықпайды. Сондықтан да ең бастысы – білім тереңдігі қажет.
Кітаптары мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген жас авторлар:
Жарас Сәрсек
Маралтай Райымбекұлы
Дәулетбек Байтұрсынұлы
Дәурен Берікқажыұлы
Алмат Исәділ
Мәди Алжанбай
Танакөз Толқынқызы
Алмас Темірбай
Саят Қамшыгер
Талғат Мықи
Қанағат Әбілқайыр
Қанат Ескендір
Ықылас Ожай
Дархан Бейсенбек
Асанқадыр Исабек
Хамит Есаман
Құралай Омар
Ажар Сыпабек
Наталья Цой
Қуат Бораш
Тоқтарәлі Таңжарық.
Асқар Алтай, жазушы:
– Қазіргі жас қаламгерлерде нағыз қазақы тілдің байлығы жоқ. Кейбір кітаптарды оқу мүлде ауыр. Соңғы уақыттарда біраз жас авторлардың шығармаларын оқып шықтым. Сөйлемдердің дұрыс құралуы былай тұрсын, ондағы идеялық құрылымның жоқтығы қарын ашырады.
Мысалы, прозадағы ең қиын жанр – әңгіме десек, кейбір жас жазушылардың жазғандары ортанқол публицистикалық мақала деңгейіндегі дүние ғана. Жазушы болам деген адам алдымен өзіне-өзі редактор болуы керек.