Күләштің әні Астана төрінде қалықтады
Таңғажайып дауысы және драмалық дарыны үшін «қазақтың бұлбұлы» атанған, қазақтың аса сирек кездесетін колоратуралық сопрано дауысты әншісі Күләш Жасынқызы Байсейітованың 100 жылдық мерейтойы Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі болған Алматы қаласында бастау алып, еліміздің барлық өңірінде жалғасын тапқан болатын. Ұлттық өнеріміздің, төл операмыздың алғашқы қарлығашының торқалы тойының құрметіне арналған мерекелік іс-шаралар тізбегі Сарыарқа төсінде, бас қаламыз – Астанада өз мәресіне жетті.
Елордадағы бұлбұл дауысты әншінің есімін иеленген Ұлттық опера және балет театрында өткен шараға жиналған көрерменнің қарасы қалың болды. Мұны біз қарты мен жасының, артында қалған ұрпақтарының бүкіл қазақтың мақтанына айналған тұлғасына құрметі деп түсіндік. Еліміздің игі жақсылары бас қосып, зиялы қауым өкілдері аты аңызға айналған әнші туралы жарқын естеліктер айтқан кеш «Күләш Байсейітова – қазақ опера өнерінің негізін қалаушы» тақырыбында ұйымдастырылған көрмеден бастау алды. Салтанатты кеш барысында жиналған көрерменге әншінің көзі тірі кезінде жазылып алынған бейнетаспадан, күміс көмей әнші орындаған партиялардан үзінділер көрсетілген соң, сахнаға көтерілген еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай әншіні келер ұрпаққа насихаттау мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталып, жиналған қауымға Премьер-министр К. Мәсімов пен мемлекеттік хатшы М. Құл-Мұхаммедтің салтанатты кешке жолдаған құттықтау хаттарын оқып берді. Сондай-ақ сала министрі әншінің қызы Қарлығаш Байсейітоваға құрмет көрсетті. Осылайша елорда төріндегі думанды той шымылдығы А.Жұбановтың «Тойбастарымен» ашылып, Күләш Байсейітова орындаған әндерге ұласты. КСРО Халық әртісі Ә.Дінішев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ж.Шыбықбаев, А.Ниязова, Г.Дәуірбаева, М.Басбаева, Ж.Жарқымбаева, көптеген конкурстардың лауреаттары Г.Сапақова, Б.Таңарықов, Ә.Бекетаева, Г.Құрманғожаева және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Үсенбаевалар әсем дауыстарымен кеш сәнін кіргізе түсті. Бұлбұл әншісінің рухына қара орман қазағы тағзым еткен салтанатты кеш концерттің барлық қатысушылары орындаған, әншінің бойтұмары саналған осы «Гәкку» әнімен мәресіне жетті.
Дархан МЫҢБАЙ, Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрі:
– Ұлттық опера өнерінің қалыптасу тарихында есімі алтын әріптермен жазылған халқымыздың біртуар перзенті, қазақтың бұлбұлы атанған әйгілі әнші Күләш Байсейітованың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты кеш – еліміздің мәдени-рухани өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі. Халықтың махаббаты мен құрметіне ие болып, бұлбұл дауысты әнші атанған Күләш Байсейітованың 24 жасында «Кеңес Одағының Халық әртісі» деген жоғарғы атаққа ие болуы – кез келген өнер иесінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Ол бұл атақты Кеңес Одағында алғаш иеленген көрнекті қайраткерлер Константин Станиславский, Владимир Немирович-Данченко, Василий Качалов, Антонина Нежданова, Иван Москвин секілді өнер майталмандарымен бірге алды. Күләш Байсейітованың әлемдік, орыс және қазақ классикалық опералары репертуарларында сомдаған рөлдерінің галлереясында Мадам Баттерфляй, Татьяна, Ақжүніс, Сара, Ажар образдары ерекше орын алады. Сондай-ақ оның алғаш сомдаған «Қыз Жібек» операсындағы көркем бейнесі ұлттық музыка өнерінің мақтанышы болып қала бермек.
Елена ТЕРЕНТЬЕВА, Ресей Үлкен театрының солисі, кешке қатысушы:
– Мен осы тарихи күннің куәгері болғаныма, қазақ халқының маңдайына біткен шоқ жұлдызы Күләш Байсейітованың 100 жылдық мерейтойының қатысушысы атанғаныма бақыттымын. Мен Күләш Байсейітованың бейнежазбалары сақталғанына қуаныштымын. Осы сақталған бейнебаяндар арқылы ол кісінің ешкімде қайталанбас керемет дауысын тыңдап, нұрлы бейнесін көруге болады. Бүгін ол кісінің әлем сахналарында орындаған көптеген әндерін мен де орындап жүрмін. Мен ол кісіні тыңдаудан еш жалыққан емеспін. Күләш Байсейітова дегенде, менің көз алдыма бұлбұл құс елестейді. Жай ғана бұлбұл емес, жылы тембрлі, қазақтың кең де бай сахара даласында қанаты талмай, шалқып ұшып, әнімен бүкіл даланы думанға бөлеп жүрген бұлбұл.
Қаперге!
Көптеген энциклопедиялық анықтамалықтарда Күләш Байсейітованың туған күні 1912 жылдың 2 мамыры деп көрсетілген. Әсілінде әнші 1912 жылдың 12 қаңтарында жарық дүние есігін ашқан екен. Ал «Туған күнін не үшін өзгерткен?» деген сұрақтың басы ашық. Бір анығы, бұлбұл әнші көктемді жақсы көретін. Тағы бір даулы мәселе – қазақ бұлбұлының туған жері. К.Байсейітова өзінің өмірбаянында Алматы облысы деп көрсетсе, кей деректерде Қарағанды облысының Ақтоғай өңірі деп кездеседі. Қалай дегенмен де, белгілісі – Күләштің анасының есімі – Зибажан, әкесінің аты – Жасын. Етікшілікті кәсіп еткен Жасынның отбасы қалт-құлт тіршілік кешеді. Содан да болар, бала Күләш балалар үйінің дәмін ерте тартады.