"Кешірмеймін деп ойлайтынмын": Гауһар Әлімбекова шығармашылығындағы қиын кезеңді еске алды
1992 жылдан бері көпшілікке кеңінен танылған отандық танымал әнші Гауһар Әлімбекова өнер әлемінен алыстап кету себебін айтты. "Ел" бағдарламасында өнер иесі шығармашылығының тоқтап қалған сәтін еске алып, жан сырын ақтарды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Шығармашылығым осыдан 2-3 жыл бұрын тоқтап қалғаны рас. Өмірімде бірінші рет шығармашылығым тоқтап қалды. Өнердегі ұстазым, туған ағам қайтыс болды. Сол кісі өмірден өткенде, әнге, өнерге деген құштарлығым жойылып кетті. "Өмірдің мәні болмай қалды" деп айтып жатады ғой. Сол секілді, барлық нәрседен баз кештім. Жарты жыл болды, қайта тіріліп, өзімнің кім екенім еске түсті. Көп жағдайда сынып кетпегенім, ағамның арқасы екен. Ол күнде маған қоңырау шалып, бәрін түсіндіріп отыратын. Барлығы жақсы болған кезде, ағам өмірден өтті. Қазір ән шығарсам, ағамды іздеп тұрамын. Содан сұрағым келіп тұрады", - деді Гауһар Әлімбекова. Сонымен қатар әнші сатқындықты да кешіруді үйренгенін жеткізді. "Ешкімге өкпем де, ренішім де жоқ. Өмірде, тағдырда өкпелейтін жағдай болады. Сол кезде жаныңда жүрген адамның қандай екенін көресің. Өмірде жақсылықты да, сатқындықты да, жамандықты да көресің. Ең жек көретінім - сатқындық екен. Сатқындықты кешірмеймін деп ойлайтынмын, оны да кешіруді білдім", - деді әнші Гауһар Әлімбекова.