Кейіпкерін рухани биікке көтерген суреткер
Сәуір айының соңғы күні – қазақ қарасөзінің айтулы шебері, қысқа ғұмырында артына өлмес дүние қалдырған қарымды қаламгер Ақан Нұрмановтың туған күні. Оның туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Осы мерейлі күннің қарсаңында ұлт перзентінің адамдық, шығармашылық болмысына қысқаша тоқтала кетсек.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Алпысыншы жылдардың өкілі
Қазақ әдебиетін 60-жылдарсыз елестету мүмкін емес болса, сол 60-жылдарыңызды Ақан Нұрмановсыз елестету тағы мүмкін емес.
Ұлт әдебиеті, оның ішінде қазақ прозасы сол жылдарда жаңашыл таланттармен толығып, толайым шығармалармен толысып, жаңа көкжиекке шықты. Қазақ жаңа сөзінің, жаңашыл прозасының көшбасшыларының алдыңғы легінде Ақан Нұрмановтың да болғаны айқын.
Ал Ақан дегенде ең бірінші «Құланның ажалы» ойымызға оралады. Бұл романды автордың сөз өнеріндегі төлқұжаты деп айтсақ болады. Бұл шығармада оның ерекше қолтаңбасы айқын көрінген. Бір адамның өмірі арқылы ұлт тарихының бір үзігін суреттеген Нұрманов, Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі Торғай даласында өткен оқиғаны сөз етеді. Төңкерістен кейінгі аумалы-төкпелі уақыт, мың құбылған заман, қилы тағдырлар, адам бойындағы үміт пен күдіктің айқасы – осының бәрі романның өн бойында өз деңгейінде сипатталған. Қаламгер Марат Мәжитұлының қаламынан туған «Құмдағы із» романы Құныскерей жайында болса, Ақан шығармасы – Арқадағы әйгілі Кейкі батыр турасында.
Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлиндер салған классикалық үлгі, қазақы нақыш араға бір буын салып барып, қайта түледі. Түлеткендер қатарында Нұрмановтың есімі атаусыз қалған жоқ. Ол өзге де әріптестеріндей дәстүрлі тамырдан қол үзбей, ескі мен жаңаның аралығына көпір бола біліп, тыңға түрен салып, өз соқпағын тапты.
Ақан биіктігінің үштағаны
Небәрі 35 жылдық ғұмырында осындай үлкен дүние қалдырған Ақанның бұл жетістігін оның талант ерекшелігімен қоса, соншалық ізденімпаздығымен, білімдарлығымен байланыстырғанымыз жөн шығар. Ол жайында жазушының бала күнінен бірге өскен досы, журналист Мырзабай Кеңбейіл: «Басқалардай емес, елтең-селтең жүрісі жоқ оның үнемі кітапханада шұқшиып отырғанын көретінбіз. Сабақтан кейін күнұзақ, түннің бір уақытына дейін сарылып кітаптан бас алмайтын еді. Ол университетте оқыған жылдары да оқып-тоқудан, көне оқу орнының бай кітапханасындағы әдебиеттерді ақтарудан бір жалықпады», – деп жазады өзінің естелігінде.
Екінші себеп – оның әдебиетке шын берілгендігінде, жанкештілігінде шығар. Нұрмановтың қиырдағы ауылға ат ізін салып, тартып кетуінің артында еркіндікті аңсауы тұр деп айта аламыз. Бұл жолға саналы түрде барып, ноқтадан басын сыпырғандай көрінетіні анық. Және ол ойы жеміссіз де болған жоқ. Сол еркіндігінің арқасында көркем дүниелерін жазды, болашақ үлкен шығармаға материал жинады. Романға арқау болған Торғай даласы мен адамдарын зерттеу жылдары еді бұл. Бұл жылдары ол Кейкі батырдың ет жақыны Қылышбай қарттан «Құланның ажалы» романына қатысты көп деректерді алады. Ақанның жанкештілігі дегенде осыны айтқымыз келген.
Үшінші себепті Ақанның көзсіз батырлығымен байланыстырғанымыз жөн болар. Сол жылдары кеңес үкіметі әдебиетті идеологиялық құрал ретінде пайдаланғысы келген. Пайдаланды да. Бұл сөзіміз дәлелді болу үшін бірқатар шығарманың атын тізіп шығуымызға болады. Бірақ біздің айтпағымыз басқа. Сол қиын-қыстау кезеңнің өзінде Ақан қарағайға қарсы біткен бұтақтай мінез танытты. Ұлт-азаттық көтерілісті суреттеу, көтерілістің белді өкілінің образын бұрмаламай, дәл сол қалпында әдеби кейіпкерге айналдыру, кішірейтіп айтқанда, үлкен батырлық еді. Ақан биігінің үштағаны ретінде біз осыны айтуға тиіспіз.
Егер ол ғұмырлы болғанда...
Ақан әдебиетке, жоғарыда айтқанымыздай, 60-жылғылар деп аталатын шоғыр таланттар: Мұхтар Мағауин, Қалихан Ысқақов, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, Сәкен Жүнісов, Рамазан Тоқтаров, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази бастаған бірқатар көрнекті жазушылармен бірге келді. Аттары аталған қаламгерлер сол жылдары қандай шығармалар беріп үлгерсе, Ақан да сол қатарлы дүниелер тудыра білген. Алланың жазуымен жазушының әріптестері ғұмырлы болды. Сол ғұмырларында олар қазақ әдебиетіне көптеген іргелі шығарма әкелді. Егер Ақан да сол әріптестеріндей ғұмырлы болғанда, ол да бірқатар көркем шығармаларды берер ме еді деген өкініш те жоқ емес.
Автор мен кейіпкер
Кез келген шығармадағы кейіпкер – белгілі бір мөлшерде автордың өзі. Автор өзінің дүниетанымын, парасат-пайымын, ой-өрісін, өмірлік мақсат-мұратын сол кейіпкер арқылы көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ақан мен Құлан арасынан ұқсастық іздеуімізге болады. Және шығарма кейіпкерінің нақты прототипі Кейкі батырдың күрескерлік рухын Ақан шығармашылығының өнбойынан көре аламыз. Серілігімен, аңшылығымен танылған Кейкі батырдың қолмерген екендігі тарихтан белгілі. Сол сынды Ақан да шығармашылықта қолмерген екендігін дәлелдеді. Еркін сөйлеу мүмкін емес алмағайып кезде дүрбелең кезеңді жазып, адамның қоғамдағы орнын айшықтап, табиғатпен байланысын барынша шынайы суреттегендігі – сөзіміздің дәлелі.
Құлан – жан-жақты ірі тұлға болғанымен, кемеліне келмей кеткен кейіпкер. Ақан да соншалық бай талант пен кенен білімнің егесі бола тұра, толысып үлгермеді. Бұған екеуінің де (кейіпкер прототипі мен автордың) ғұмырының келтелігі себеп. Ақан көз жұмған 35 жас дегеніңіз – қазіргі өлшем тұрғысынан қарағанда да, жастық шақтың соңғы нүктесі болып саналады. Сөйте тұра, ол кейіпкерін тарихи, рухани биікке көтеру арқылы өзі де асқақтап кетті.
Бір өкініш, бір үміт...
Ақан дүниеден озғалы бері 45 жыл өтіпті. Сол 45 жыл ішінде заман неше құбылды, қоғам талай өзгерді. Талғам-таразысы дегеніңіз де, уақыт талабы да жаңаша бет алды. Кешегі күнгі зор санағандарымыз бүгінгі күннің биігінен қарағанда төмендеп кетті. Бүгінгінің мәртебелі оқырманы социалистік реализмнің кезінде жазылған бірқатар шығарманы оқудан саналы түрде бас тартты. Ол шығармалар кешегі күні жүз мыңдаған таралыммен таралған еді. Уақыттың сыны дегеніңіз – ең ұлы сын. Бұл сынға шынайы талантты шығармалар ғана төтеп бере алады. Ақан шығармаларының бүгінге дейін оқылуы оның уақыт сынынан өткендігін, уақытша дүниелер емес, мәңгілік жасайтынын көрсетсе керек.
Бір өкініштісі – оның өлмес дүниелері бүгінгі оқырманға толық жетті деп айта алмаймыз. Біздің бала кезімізде мектеп кітапханасында оқыған кітабымыз Ақан Нұрмановтың 1987 жылы жарық көрген нұсқасы болуы тиіс. Одан кейінгі уақытта «Атамұра» баспасынан «Атамұра кітапханасы» сериясымен қаламгердің кітабы қайта жарық көрді. Алайда 2000 дана қай жыртығымызға жамау болады? «Құланның ажалы» сынды мәңгілік дүниелердің жыл сайын болмаса да, мүмкіндігінше жиі жарық көріп тұруына ықпал ету керек. Қазіргі заманда қанша талантты болсаң да, артыңда іздеушіңнің болуы міндетті. Онсыз бірдеңе шығады деу қиын.
Оқыған жұрт бағасын біледі. Ақан дейді, «Құланның ажалы» дейді. Ал, жалпысында, насихатының кемдеу екені сезіледі. Ендігі жұмыстар шығармаларын қайта бастырып, жақсылап насихаттауда, кеңірек зерттеу тұрғысында орын алуы керек шығар.
Қазақ талантқа бай. Бай болғандығынан да шығар, кейде тасада қалып қойғандарын жарыққа шығаруға тым әуестене бермейді. Көзден кетсең, көңілден де ысырылатының содан болса керек. Ал Ақан Нұрманов тасада қалатындай талант емес. Жарнама үшін болса да игі істерді атқарғысы келіп жүретін кейбір жайсаңдарымыз бәрін қатырғанымен, осындай толайым дүниелерді оқырманымен қауыштыру жағына келгенде тартыншақтап қалатыны бар. Танымағандығынан шығар. Таныса, білсе, зерделесе, «Құланның ажалы» сынды шығарманы жарыққа шығару қай жағынан қарағанда да сауапты іс емес пе? Кітап шығарғыш баспалар да осы жағына көңіл бөлсе екен дейміз.
Адамшылығы мол Ақан
Ақан Нұрманов жайлы білмекке, бір айтса осы кісі айтар деп, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақов ағамыздың үйіне бардым. Сол үйдегі апамыз әңгімемізге құлағын түріп: «Ақан деймісің? Ой, ол жігіт өзінің үйі бола тұра, біздің үйге қонатын. Мынаның жанынан шықпайтын еді», – деп қалды. Екі суреткердің достығы осы бірауыз сөз арқылы тереңдей түскендей көрінді.
Ал Қалағамыз «Келмес күндер елесін» қолына алып, әңгімесін бастады. Ол кісі Ақанды әлі күнге дейін Ахан дейді.
Үндеместің бар білгені – ішінде
Аханға лақап ат қонбады. Өзі де оған мән беріп, не ренжіп, не қаперіне алып жатпаған соң, бәрі де жайына қалды. Соның бірі «Үндемес» еді. Не орысшаны, не қазақшаны жарытпаған бір курстасымыз деканатқа шағым айтып: «Оқытушыларда әділет жоқ, Ахан Нұрманов емтиханда жағын ашпаса да, оған сұрамай «бес» қойып береді» депті. Шетел әдебиетінен лекция оқитын Мадзигон сол шағымға «Дүниежүзілік классиканы Нұрмановтай білген адам университетте оқымай-ақ қойса да болады» деп жауап қайтарған екен. Ахан сабақтан бір күн қалған емес, бір минут кешіккен емес, бірақ бір парақ конспект жазған да емес.
«Қатында» қалған қыз
Шын ниеті ме, әлде Ахан дүниеден қатынсыз өтеді-ау деп жаны ашығаны ма, 30-дан әлдеқашан асып барып, 18-дегі біздермен оқуға қатар түскен Аққатын: «Осы Ахан маған сөз салса, тиер едім», – депті. Ахан оған кейіген де жоқ, күлген де жоқ. Менің намысыма тиді де, каникулда Аханды Алтайға ала кеттім...
Ауылға ала барғандағы ойым – сақа «сұлуларды» дәмелі қылмай, Аханның басын екеу етіп, Алтайдан аяқтандырып қайту. Есіріктік қой, әйтпесе жетектеп кете беретін тегін жатқан қыз бар ма. Есіме бір түскені – Қ. деген қыз. Жесір әйелдің үріп ауызға салғандай жалғызы еді. Менен екі класс кейін оқыған. Жетімнің қайбір жетіскен күні бар, мектеп бітірген соң алысқа ұзай алмай, көрші Белқарағайда сатушы болып істейтін көрінеді. Сонымен Ахан екеуміз қыз көруге аттандық...
Әдемі-ақ бойжетіпті. Сұңғыла қыз бір нәрсені сезгендей біз келгеннен-ақ екі беті нарттай боп өртеніп сала берді. Ұрғашының көріктісіне күдікпен қарайтын, оның үстіне тісін қақсаң да, тілін көрсетпейтін Ахан дым сездірген жоқ. Бірінші күні де, оныншы күні де... Он күн сандалдық. Топқайың мен Белқарағайдың арасы алты шақырым. Қыз Өрнек ауылында тұрады. Өрнек пен Белқарағайдың арасы да алты шақырым. Ахан екеуміз ертеңгісін дүкенді аштырып, кешкісін жаптырып бір-ақ қайтамыз. Қызды аулына жеткізіп саламыз. Рұқсатын сұрамай-ақ. Жаяу-жалпы. Күніне жиырма төрт шақырым. Он күн бойы жағын ашқан жоқ. Екі жүз қырық шақырым жағын ашпады-ау!..
Қыз байғұс кет деп те айтпайды, келістім деп те айтпайды. Тіпті неге келіп жүрсіңдер деп сұраған да емес.
Оныншы күні Аханды түрттім. Ол өзімді түртеді. Амал жоқ, қызбен оңаша мен қалдым. Аяғының басына қарап тұрып, екі беті дуылдап тұрып қыз айтты: «Ағатай, – деді, – жолдасыңыз жақсы жігіт шығар, бірақ ол маған жақсы жар бола ма, мен оған жақсы жар бола аламын ба», – деді. «Күндердің күнінде жараспай жүрсек, осыны сен тауып беріп едің деп сізге ол ренжісе, осыны сіз тауып беріп едіңіз деп мен ренжісем, сіздің обалыңызға қаламыз да», – деді.
Елден кетерде: «Ду-ре-ес!», – деді Ахан отыра беріп.
– Несі дұрыс?
– Сол... дұрыс қой, – деді.
Ахан дұрыс десе де, біреуде есем кеткендей, менің ішім құлазып қалды. Досыма өтірікші болғандай, қыз дәлеліне қаншалық иланғаныммен көндіре алмағаныма кәдімгідей қорландым да, алдарқатқандай болып:
– Алтайға жазда келу керек, Қатын Қарағайды жазда көру керек! – дедім.
– Нешауа, Мақтааралдың қасында бұл жұмақ қой! – деп Ахан қайтарып тастады...
Мақтааралдағы машақат Аханның адамдығын танытты
Мақтаарал дейтініндей бар. Мақтааралға мақта теруге барғанбыз. Ашпыз, жалаңашпыз.
Бір күні Аханымыз ұшты-күйді жоғалды. Барсакелместің елсізінде қалғандай, Тельман екеуміз елегізіп түнімен ұйықтамай шықтық. Қашып кетті ме деп күдіктенеміз. Қашсаң, тағы да пәле: жетекшіміз сол күні Алматыға телеграмма соғады да, «қош бол, университет» деп тентіреп кетесің. Әйтеуір, Құдай сақтап, Аханымыз екінші күннің кешінде үсіп-жығылып оралды-ау. Бір қалта дәрі-дәрмегі бар, тандырға жапқан төрт таба наны мен бір білем колбасаның шетінен де тістемепті. Ұрлық деп сескенді ме:
– Мұны қайдан алдың? – деп Тельман дүрсе қоя берді.
Жөн айтатын Ахан ба, жеңін түріп, білегін көрсетті. Немере ағасы Шаймерден сыйлаған алтын сағаттың ағарып орны ғана қалыпты. Сонымен соңғы сағатты да жеп тындық. Жемнен де қымбаты дәрі болды. Социалдың қызуы түсіп, ептеп тамаққа қарады, бірақ орнынан тұрғызуға шамасы жетпеді. Енді не істеу керек?
Ақылды Ахан айтты: «бүйтіп жүре берсек, не аштан өлеміз, не аурудан өлеміз» деді. «Стансыдағы мақта зауытына жүкші керек екен. Ақы-пұлын қолма-қол күнде беріп тұрады. Мен сонда барайын, сен екеуің мұнда мені жоқтатпайтын болыңдар» деді.
...Таңмен таласа мақта тиеген таудай жүк машинасына жармасып кетеді. Кешкісін қас-кірпігін шаң басып, көзі ғана жылтырап, меңдуана жегендей сандалып жетеді. Тельман екеуміз терген мақтамызды үшке бөліп, Аханның есебіне өткіземіз. Есесіне поджаркаға аузымыз жетіп қалды. Өзі де тұйғындай жігіт, бір айдың ішінде шөгіп, шөмиіп кеткендей көрінді. «Енді сені мен ауыстырайын» дедім. Біреудің сөзін қабыл алмаса, таңдайын тақ еткізетін әдеті еді, бұл жолы да таңқ ете қалды. Мұнысы – шамаңды біл дегені. Нар түйеге жүк болғандай тепкілеп нығыздаған дәу қанарды траппен көтеріліп мақта маясының төбесіне апарып төгуге жігіттің жігіті ғана шыдайтыны рас. Бойы шарғы болғанымен, Аханның денсаулығы мықты, күш-қайраты мығым еді. Университетке дейін тау-кен институтының бір курсын бітірген. Бокстан бірінші разрядтың нормасын орындап тұрған кезінде тренермен төбелескені үшін дисквалификация жасап, институттан шығарып жіберген. Мұны да менен басқа күні бүгінге дейін білген ешкім жоқ. Жатақханада бізбен бірге тұратын химик пен физик жігіттердің жоғарғы математикадан қиналып шеше алмаған есептерін әп-сәтте қағып тастап кете беретін... Әрине, қанар көтеруге келгенде де Аханмен таласа алмайтынымды сездім.
Ол шығармашылығын Алтайдан бастады
...Аханды қызға өткізе алмасам да, Алтайдан құр қайтқан жоқ. Осы сапардан алған бір әсерден «Әкеңді көрген өлмесін» деген повесть жазды. Қостанайдың облыстық газетінің бірнеше санына тұтас жарияланып еді, тұңғыш тумасына көңілі толмады ма – бірде-бір жинағына қоспады. Мен де мақтай алмадым: Алтай көзге көрікті болғанымен, көмбе астында жатқан қасіреті Алтайдың өзінен де биік еді, Ахан осы әдіптің астарына бара алмады ма, адамдарының табиғаты бұл өңірдің тіршілігінен бөтен, шындыққа жанасымы болғанымен, көркемдік шырайы көмескі боп шықты-ау деймін. Қолжазбасы Кәкімбек Наржановта ма, інісі Маратта ма – ізінен адасып қалдым. Қалайда...
Аханға алғаш қалам ұстатқан Алтай болатын...
Жібегін қаладан тапты
Аханның бір мінезі – ойына алған бір мақсатын орындамай тынбайтын: не бар, не жоқ. Алматыға келген соң да жорық қайта басталды.
Күн жексенбі еді. Жатақханада қара нанды қарпып жеп, қара шайдан май қалқығандай үрлеп ішіп отырғанбыз. Ертесімен Ахан жетіп келді. Пысылдап қасымызда біраз отырды да, «кеттік» деді.
Құлақтан құр қалғандай екеуміз салып-ұрып келеміз. Қайда барамыз деп те сұрағаным жоқ. Қыз-қырқын, кемпір-сампыр тиеген Қарғалының қашанда қуырған пісте мүңкіп тұратын пұшықтанау домалақ автобусы кооптехникумға әкеліп төгіп тастады. Мұнда екі туып бір қалғанымыз жоқ еді. Аханым темекісін сорып әлі тұр. Аялдамада екеумізден басқа тірі жан қалған жоқ.
– Әнеу бір екі қызды көрдің бе?
– Көрдім.
– Солар қайда кірсе, сонда барамыз.
–Танитын ба едің?
– Жоқ-ә.
– Танымасаң не деп барамыз?
- Барған соң көреміз де...
Бардық. Көрдік. Әп-әдемі екі қыз екен. Бойы қылқан кескендей мына екі пәле қайдан келді дегендей үдірейе қарасты. Екеуінің мекен-тұрағы біреудің шошаласы екен, екі бұзау байласаң, ортасына тосып алатын леген сыймайтын дүңгіршекте екі темір кереует тұр, ыз тартқан тершең қабырғаның алапесін шүберек тұскиізбен жасырған болыпты. Жібек деген жүзі жылы біреуі жыбырлап жүріп примусқа шай қойды. Жыбырлап жүріп фанер жозыға дастарқан жайған болды. Екіншісі төсегінен түспей мәйісіп пісте шақты да отырды. Әдемілігін бұлдайтын сияқты. Шайды да мәйісіп отырып, жұп-жұқа ернін шүршитіп отырып зорға ішті. Неге келдіңдер, неге кеттіңдер деп екеуі де сұраған жоқ.
Қатарынан он күн келдік. Он күн бойы да – осы. Он күнде Аханның қалтасынан жиырма плитка шоколад шықты. Оныншы күні Жібектің де тілі шықты.
– Ағатай, айтшы, мына досыңыз қайсымызға келіп жүр?
– Оны өзінен сұра.
– Оныңызда тіл-ауыз жоқ қой...
Екі қыз иба сақтаса да, әйтеуір, шығарып салады. Қуырған пісте мүңкіген пұшық автобусқа мінеміз.
– Расында, сен осы қайсысына келіп жүрсің?
– Әне біреуіне.
– Әне бірі қайсысы?
– Әнеу... Жібек дегеніне.
– Әне біреуі одан да әдемі көрінеді ғой.
– Мейлі, оған да бай табылатын шығар...
Ақыры, Аханның жағы ашылмаған күйі университетті бітірген күні Батпаққараға тартты да кетті. Анасы Алматыдағы қызына келіп жатыр екен, Ахан кетерде әпкесіне: «Қалиханды тауып алыңдар, Қарғалының кооптехникумында Жібек деген қыз бар, соны апама ертіп жіберсін» депті. Редакцияның тапсырмасымен жол жүріп кетіп едім, мені таба алмаған соң, Қарғалыға өзі барып, Жібекті ертіп келіпті де, таныстырып, табыстырып, анасымен бірге самолетке салып жіберіпті. Обалы қане, Нұрман әулетіне төрт мұрагер әкелген Жібек Аханның көзі тірісінде жұбайын барынша сыйлады...