Ислам ғылымы мен мәдениетінің даму кезеңдері талданды
Кеше Алматыдағы Ғылым ордасында Қазақстандағы ислам ғылымы мен мәдениетінің ХІІ ғасыры» атты ауқымды халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция табысты өтті.
Білімді тарихшы-ғалымдар мен дінтанушылар, саясаткерлер мен мәдениеттанушылар қатысқан бұл басқосуды Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығы және Тұран университеті бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлінің айтуынша, конференцияның мақсаты – Қазақстандағы ислам ғылымы мен мәдениетінің даму кезеңдеріне талдау жасап, өткен тарихымызды түгендеуге барынша үлес қосу. Осы орайда жиынға қатысушы ғалымдар әлемдегі ислам ғылымы мен мәдениетінің бұдан ары қарай даму кезеңдерін анықтау және қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне жауап қайтару тұрғысында пікір таластырып, ой жарыстырды.
Бүгінде Тәуелсіздігін тұғырына көтеріп, өз алдына егемен ел болып отырған Қазақстан өткен тарихы мен рухани құндылықтарын жаңаша көзқараста зерделеу үстінде. Тарихи жадыны жаңғырту ұлттың интеллектуалды тұрғыдан өсуіне зор ықпал етпек. Бүгінгі күні ислам әлемінің ғылым мен мәдениет сынды асыл құндылықтары өркен жайған қазақ жерінде әлі де терең талдаулар мен зерттеулерді қажет ететін дүниелер баршылық. Бұл ретте ұстаздар қауымы мен білікті ғалымдар шоғырына түсер салмақ орасан. Осы орайда «Қазақстанда ислам ғылымы мен мәдениетінің дамуының ХII ғасыры» атты мағынасы терең, ауқымды Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы қазақ қоғамына ғана емес, ислам әлемі үшін де маңызды саналатыны сөзсіз.
Конференцияға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан және Мысыр елдерінің көрнекті ғалымдары қатысты. Жиынның ашылу сәтінен кейін жарыссөздер болып, конференцияның екінші жартысы секциялық мәжілістерде жалғасын тапты. Онда «Қазақстандағы ислам мәдениетінің дамуындағы негізгі кезеңдері. Қазақстан және мұсылман әлемі: дәстүрлі байланыстарды қалпына келтіру», «Қазақстан және Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті бойынша агиографиялық жазба дереккөздер. Қазақстандағы арабографиялық жазу мәдениеті. Кітабилықтың жайылуы мен дамуының негізгі кезеңдері», «Ислам ғылымының Батыс өркениетіне тигізетін ықпалы: мұсылман әлемі және Батыс тұжырымдамасына орай» деген тақырыптар бойынша талқылаулар жүргізілді.