Исабек Ишан кесенесі бой көтермек
Алдымыздағы жазда Ертістің Кереку өңірінде сымбатты сағаналардың қатары тағы біреумен толықпақ. Ол – Әулиелі Ақкөл-Жайылма мекенінде өмір сүріп, ел аузында аты аңызға айналған Исабек Ишан хазіреттің кесенесі.
Тарихи-шежірелі Баянауыл баурайындағы Мұрат қожаның отбасында дүниеге келген Исабек хазірет өз заманының ғұламасы болған. Талай ислам даналары білім алған Бұхарда хат танып, кейін Ақкөл-Жайылмаға қоныстанады. Сол жерде медресе ашып, мешіт ұстаған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында осы өлкедегі мұсылмандардың көбі Ишан атаның бағыт сілтеуімен Меккеге қажылық жасап қайтқан көрінеді. Ислам дінінің Баянауыл-Қарқаралы бойына кеңінен қанат жаюына Исабек хазіреттің сіңірген еңбегі мол. Кеңестің қатыгез саясатының астарында елді тілден, діннен айыру атты үлкен жымысқы саясат жатыр еді. Сондықтан да ислам дініне тыйым салып, жұрт әулие-әнбиелердің аттарын ауызға алуға да қорқатын жағдайға жетті. Соның кесірінен қаншама ғұлама, оқыған, елге исламның нұрын сепкен Исабек ишандай хазіреттер атаусыз, ескерусіз қалды. Ел азаматтарының тізе қосып, берекелі іске жұмыла кірісуі – сол жоқтың орнын толтыруға деген ұрпақ алдындағы парыз.
Кесене құрылысына кетер қаражатты халық өзі көтеріп отыр. Ол үшін Исабек ишан атындағы қор да құрылды. Осыған орай арнайы құрылған қор жетекшілері Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында қайырымдылық концертін ұйымдастырды. Билет құны 10 мың теңгеге дейін жеткенімен, мың адамдық залда ине шаншар жер болмады. Бұл халық пейілінің дарқандығын аңғартса керек. «Көп түкірсе, көл болады» дегендей, салтанатты шарадан түскен қаражаттың өзі 4 млн теңгеден асып жығылады. Келелі істі қолға алған Ерлан Арын, Әбілхақ Түгелбаев сынды ел азаматтары жиналған жұртқа алғыс айтып, сәулет нысанының іргесі жақын арада қаланатынын жеткізді.
Айта кету керек, бұдан бес жыл бұрын да Мәшһүр Жүсіп кесенесінің бой көтеруіне ұлтжанды азамат, С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Ерлан Мұхтарұлы тікелей мұрындық болған болатын.