Елібай елге оралды

Елібай елге оралды

Қалың қытай жұртының ең ғажайып ақындарының бірі – Ли Боның қазаққа да қатысы бары ешбір даусыз анықталып отыр. Бұған Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Өмірбек Бәйгелдидің бастауымен Қытайға арнайы сапармен барған бастамашы топ ғалым-зерттеушілерді толық мойындатып қайтыпты. Өздері де көп жайтқа қаныққан. Исі алаш баласы бөркін аспанға атып қуанғандай жаңалықпен келген. Ұлы сапардан оралысымен сенатор «Жыр періштесі» атанған Ли Бо – Елібай ақын туралы деректі фильм мен оның өлең-жырлары жинақталған үлкен бір кітапты жарыққа шығарды.
ОРАЛҒАН РУХҚА ОРАЙЛЫ ҚҰРМЕТ
Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында өткен осы «Табылмай келген қазына» атты тарихи деректі фильм мен «Елібай – Ли Бай – Ли Бо» деген кітаптың таныстырылымына елдегі ығай мен сығайдың келмей қалғаны кемде-кем. Парламент палаталарының екі төрағасы да – Қасым-Жомарт Тоқаев, Орал Мұхамед­жанов, жалпақ әлем мойындаған даңқты қаламгерлеріміз Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, белгілі ғалым-қаламгер Ақселеу Сейдімбек, сонымен қатар Парламент депутаттарының жартысы дерлік келіпті. Шағын ғана мәдени шараға осынша адамның келуі кіндік қаны тамған еліне оралған Елібай ақынның асқақ рухына деген құрметтің зорлығын көрсетсе керек. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сенатор Өмірбек Бәйгелдидің өңіріне Елібай ақынды елімен табыстырған еңбегі үшін «Қазақстанның Мәдениет қайраткері» белгісін тақты. Өмекеңнің дәл осы еңбегінің жөні бөлек. Айтпақшы, Қытайға барған бастамашы топтың, кітап пен деректі фильмнің бар шығынын сенатордың өзі көтеріпті.
КҮЛТЕГІН ҚОЛБАСШЫНЫҢ ЗАМАНДАСЫ
Ли Бо – Елібай 701 жылы Қазақ­станның Шу өңірінде дүниеге келген. Дулат тайпасынан. Шежіре бойынша Дулат бабаның тоғызыншы ұрпағы болып келеді екен. Мұның бәрі де еш дау­сыз, бірізді деректер. Қытайдың кез келген оқулығында, зерттеу ең­бек­терінде осы­лай көрсетілген. Өмір­бек Бәйгелдидің айтуынша, тіл­дескен қытай тарихшылары мен әдебиетшілерінің де бірде-бірі бұған қарсы пікір білдірмеген. Ли Боның арғы тегінің ортаазиялық екеніне сөзсіз иланады. «Тек бір жерден «оны қырғыздар да біздің ұлттан шыққан деп жүр, солармен келісіп ала беріңіздер» дегенді естіп қалдым. Мен ол заманда қырғыздардың Шу өңіріне еш қатысы жоқ екенін оңай дәлелдеп шықтым», – дейді сенатор. Өмекең айтады: «Мен әуелі Ли Бо секілді қимасын бізге бере қоймас, таласар деп ойлап ем. Қателесіппін. Тіпті мен әңгімеге тартқан бірде-бір адам «жиналысым бар еді, қолым бос емес» дегендей сылтау айтып, бас тартқан жоқ. Осыған қайран қалдым».
Тарихи деректер Елібай ақынның 762 жылы дүние салғанын айтады. Аңыз бойынша ол самұрық құс болып ұшып кеткен. Өлген жоқ. Ли Боны түркі жүртына жақындататын тағы бір дерек – оның суырып салмалығы. Деректердің көбі Елібайдың өлең-жырды соншалықты жылдам жазатынын көрсетеді. Тағы бір деректерде оның өлеңдерінің көпке дейін ауызша тарап жүргені, кейінірек жалғыз қарындасы Толғанайдың өтінішімен қолына қалам алып, қағаз бетіне түсіре бастағаны айтылады. Қазіргі еңбектерге сүйенсек, Елібай туған өлкесінен бес жасында кеткен. Алайда мұнымен Өмірбек аға келіспейді. Оның есебінше, Елібай ес біліп, етек жапқан 10 жасына дейін елде болған.
Ақселеу Сейдімбек дөп басып айтты: «Ақынның тілі ассимиляцияға түскенімен, рухы ешқашан ассимиляцияға түспейді. Елібай ақынның өлеңдерін оқығанда, өзіміздің жанымызға сондай жайлы тиетін асқақ рухты сезінесіз», – деді ол фильм мен кітаптың таныстырылым рәсімінде. Дау айтқан жоқ. Ақын өлеңдерін оқи отырып, оның аударма екеніне сене алмайсыз.
Ай нұры түскен төсегім,
Боз қырау болып көрінді.
Басымды бұрып ай көрдім,
Еңкейдім ойлап елімді...
Ағарған шашым сан құлаш,
Орауға жетер ме қайғымды,

немесе
Тәңір тауларға тәу еттім,
Табылмас, тепсең, іздесең.
Сан қырдан, самал, сау өттің,
Кетпейді, аспан, бізде есең, –

– деген жолдардан дала рухы аңқиды, түркілік сарын есіп тұр. Туған жерге деген ыстық сағыныш та бар.
Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков те айтты. Түркі заманын зерттеген оның есептеуінше, Елібай ақын әйгілі баһадүр қолбасшы Күлтегінмен замандас тұлға. Небары 17 жас кішілігі бар. Сонымен қатар өлеңдерінен Ұмай, ғұн секілді сөздердің жиі кездесетіні де тегін болмаса керек. Бәлкім, ақын мен батыр бір-бірінің даңқын естіген, сырттай болса да таныс болар. Ол ендігі зерттеушілердің еншісіндегі шаруа.
ҰЛЫ ИМПЕРИЯНЫҢ ҰЛАҒАТЫ
Ең қызық жаңалық – Қытай елі Елібай ақынның ғұмырын арқау еткен көп сериялы фильм түсірмек екен. Тіпті қаражаты да бөлініп, барлық түсіру жұмыстары жоспарланып қойған. Өмір­бек Бәйгелди бастаған бастамашы топ­тың сапарынан құлағдар болып үлгер­ген фильмді түсірушілер ақынның туған жеріне – Қазақстанға үшбу хат жол­дапты. Жазылып қойған сценариймен таны­сып, алып-қосар тұстары болса пікір білдіруін сұрапты. Мұнысы «ақын туған елдің алдынан өтейік, рұқсатын алай­ық» дегендей кішіпейілділік іспетті. Ол аз десеңіз, тіпті фильмнің алғашқы серия­ларын ақын туған өлкеде түсірмек ниетін де білдіріп отыр. Өмекең бұған тіпті аң-таң: «Неткен кішіпейілдік! Аспан астын жайлаған алып империяның шындықты мойын­дап қана қоймай, алдымызға өзде­рі келіп басын июі, осыншалық құрмет көрсетуі мені қатты таң қалдырып тұр», – дейді ол.
Деректі фильмді көріп, кітапты ақтара отырып, қытай жұртының Ли Боға деген ерекше ықыласын, шексіз құрметін аңғару қиын емес. Ақын өмірінің көп бөлігі өткен Сычуан аймағында тіпті оның әкесі Алқаби батырға да, жалғыз қарындасы Толғанайға да ескерткіштер қойылыпты.

Түйін
Ғасырлар бойы жарты әлемді жалпағынан басқан мемлекетті, жер жүзіндегі ең үлкен халықты осынша табындырған Елібай ақынның рухы екені даусыз. 13 ғасыр бойына өзінің осы асқақтығынан бір айнымай, өзінің туған Отанына оралып жатқан Рух-дүр! Алайда Министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің: «Мұны ешкімнің қазынасына қол салмай, өзіміздің барымызды бағалау деп түсінген ләзім» дегенімен келіспеске болмайды. Ли Бо, Елібай ақын – дау жоқ қытай әдебиетінің ең ұлы өкілдерінің бірі. Ал біздің мақтанатынымыз – оның біздің байтақ далада туғандығы һәм алаштың бел баласы екендігі.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста