Екпіндіден шыққан ел құрметтісі

Екпіндіден шыққан ел құрметтісі

Адам мен адамның таныстығының әрқилы сәттері болады ғой. Менің Мұхтармен таныстығым да солай болды. Білім ордасындағы бір шаңырақтың астында жүргеннен кейін, бірімізді-біріміз білмегеннен соң, кездескен сайын аман-саулықтан арыға бара алмайтынбыз. Бір күні басымыз топты ортада тоқайласып қалды. Ұстаз-оқытушы жігіттер әңгімелерінің әуенін әдебиетке бұрып жіберген. Сонда олардан озық шыққан осы Мұхтар болды. Өзара пікірталаста қай-қайсысына да қаймықпай жауап беріп, әдебиеттегі барлық жанрларды жақсы білетіндігімен жанындағылардың аузын жауып тастады. Сонда арамыздағы біраз жасқа келіп қалған, шашы бозғылттанып ағарып кеткен танымал оқытушы ағамыз:
– Ой, жігіттер! Менің бағамдауымша сендер Мұхтарға кәсіби мамандығы мал мен аң шаруашылығынан басқаны қайдан білсін деп қарайсыңдар. Ол барлық саланың алғыры әрі сезімталы. Түйіндеп айтсақ, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Қандай мәселенің болмасын мәні мен маңызындағы пікірталасқа ештеңеге қарамастан бел шеше кірісіп кетеді. Мен оның осы қабілет қарымына қызығамын, – деп біз күтпеген жайды алдымызға жайып салды. Сол кезде оның бір замандасы:
– Ағамыз дұрыс айтады. Мұхтардың білмейтіні жоқ. Сіздер оның өлең, әңгіме жазумен айналысатынын білмейді екенсіздер. Мұның осы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполовтың қолдауымен 2003 жылы «Мен қонақпын» деген өлеңдер жинағы шыққан болатын. Сол жылы «Мәңгілікке тілейтін тілегім бар» атты жыр кеші де өтті. Оншақтың әні де бар. Қазір «Жаным» деген әнін белгілі әнші Ақбота Керімбекова орындап жүр. Онда Мұхтар студент еді. Соның өзінде «Ең үздік студент», «Ең дарынды студент» деген атақтарды қанжығасына байлап жүрді. Мұндай қасиет екінің бірінің бойынан табыла бермейді, – деп бізді ол туралы біраз мағұлматқа қанық етті. 


– Біз куәсі болып жүрген оның тағы да бір қыры бар. Ол - спорт. Мұхтардың сенімді серігі десе де болады. Оның қайсы түрінен болсын, алдына жан салмайды. Шып-шымыр болып жүргені соның арқасы. Білім мен ғылымдағы білгірлігі мен іскерлігіне менің тілім жетпейді. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ол Мұхтар деген атты бекер арқалап жүрген жоқ. Құдай бізді бұл жағынан жарытпай-ақ қойыпты-ау, – деп шеттеу тұрған қатарласы қағытпа қалжың араластыра ойындағысын ортаға салып тастады.
Осы бір сәтті басқосудан кейін мені «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қанатты сөз қайта-қайта мазалай берді. Мұхтар Қасенұлы Байбатшановпен оңашада әңгіме-дүкен құрудың да орайы оңынан келіп қалды. Енді соны сабақтай түсейін. Оның өсіп-өнген жері де қазақ топырағындағы қасиетті мекендердің бірі екен. Жетісу өңіріндегі айнадай шағылысып жататын Алакөлдің аумағындағы Екпінді ауылын исі қазақ білмейді деп айту қиын. Бұл жаққа екінің бірі бармаса көңілдері көншімейді. Өйткені Алакөлдің емдік шипасына барушылардың қатары жылдан-жылға көбейіп барады. Сондықтан да соның іргесіндегі Екпінді сияқты елді мекен де санаға сіңісті болып кеткен.
Осы бір алақандай ауылдан арман жолына түскен Мұхтардың қадамы қашан да жаман болмаған. Мектеп қабырғасын үздіктер қатарында аяқтаған. Ауылдың тірлігі мен тынысын терең білетін азамат болып есейген. Оның ауыл баласына тән табиғи ардың-күрдің жүрісі мен тұрысы да бар екенін жасырып, жаба алмаймыз. Өн бойына бәрі де қарапайымдылық қалпымен жарасып тұр. Түздегі баланың мал мен аңнан алыс кетпейтіні анық. Оны мынадан-ақ айнытпай аңғаруға болады. Мектептен кейін ол алдында толған мақсат, толған таңдау болған кезде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Аңшылықтану және аң шаруашылығы» мамандығын меңгеруге жүрек қалауымен бет бұрған. «Сабақты ине сәтімен» дегендей осы оқуға түскен. Анау-мынау емес, бұл оқуды қазақ тобында бірінші болып қазақ балаларының ішінен қызыл дипломмен қорғапты. «Таудай талабы бар тас жарады» деген осы шығар. 

Мұхтар Қасенұлының қызметтік баспалдақтары да осы оқу орнының табалдырығынан бастау алған екен. Осындағы физиология және морфология кафедрасында ассистент болып жүрген кезінде келешегінің кемелді екенін көрсетеді. Сөйтіп, білімін одан әрі жетілдіру бағытында үш жылдық аспирантураны оқып бітіреді. Білім мен ғылымның шеті мен шегі жоқ екендігін жақсы түсінген ол «Жергілікті бөдене популяциясының өнімділік қасиеттері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, алдындағыларын аз көріп, үш жылдық күндізгі бөлімнің PhD докторантурасын бітіріп алады. Осы жылдар аралығында «Аңшылықтану және балық шаруашылығы» кафедрасының, «Мал және балық шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» кафедраларының ассистентігін абыроймен атқарады.
Оны ғылымда өзіне лайық сара жол салуды берік сеніммен бекем ұстаным етіп алған жаңашылдығы бар ғалым деп айтуға әбден болады. Онысының ешқандай да жасандылық боямасы жоқ. Оған оның Қазақстанда алғаш рет бөдене құсының қилы-қилы қырларын ғылыми тұрғыдан зерттеп, кандидаттық диссертасиясын абыроймен қорғаған алғашқы ғалым екені дәлел боларлық. Жас ғалымның жаңашылдығы осында екені бүгінгі күні түпкілікті мойындалды. Осы бағытта ол инемен құдық қазғандай болып, қаншама ізденістер жасап, алтын уақыттарын сарп етті десеңізші. Алайда, алдына қойған мақсатына қолы жетіп, еңбегі жанды. Дегеніне жетті. Дегенмен, алда да алар арман асулары көп. Ол мұны жақсы біледі.

Мұхтардың ғылымдағы жеке шығармашылық ізденістегі еңбектері де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Оның көз майын тауысып жүріп жазған еңбектерінің өзінде елдің назарын аударарлық құндылықтар бар екенін халық қадір тұтып келе жатқан танымал тұлғалар лайықты бағаларын беріп қойған болатын. Мұхтардың 70-тен аса ғылыми еңбегінің өзі айтар ауызға оңай болғанымен, оның арғы жағында қаншама бейнет жатқанын айғақтап тұр емес пе. Бәрін тізбелемей осылардың ішінен жас ғалымның «Бөдене өсіру ерекшеліктері», «Перепеловодство», «Биология разведение перепелов», «Птицеводство», екі томдық «Қой және ешкі өнімдерін өндіру технологиясы», «Каракулеводство», «Ара шаруашылығы», «Общая зоотехния», «Частная зоотехния», «Қоян шаруашылығы», «Нетрадиционное птицеводство Казахстана» атты оқулықтар мен оқу құралдарының және бірнеше әдістемелік нұсқаулықтарын ғана айтып өтсек, күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті проблемалардың түбегейлі болмаса да, біршама түйінінің шешілгеніне қанағатшылдықпен қараймыз.
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Мұхтар Байбатшановтың орда бұзар отыз жасында осындай биіктіктерді бағындыруының өзі жастық жігері мен қайратының мұқалмас шағында екендігін көрсетеді. Орайы келіп тұрғанда мына бір көзімізбен көріп жүрген өмір көріністерін айта кетпесе болмайды. Оның қатарластарының тарапынан кейбіреулердің ғылымдағы беліне көтере алмайтын шоқпарды арқалап жүргеніне жаның құлазып-ақ кетеді. Ондайлардың иненің көзінен өтіп кетердей зымияндық әрекетіне, күні түсіп тұрған адамдарды «әкелеп, көкелеп», аузынан кіріп, артынан шығып кете жаздайтын жағымпаздық, жандайшаптық қылықтарын көргенде жиркеніп-ақ кетесің. Ғылымға осындай алаяқтықпен, құрық бойламас қулық-сұмдығымен барып, жасанды ғалымдардың қарасын көбейтіп жүргендерге іштей күйінесің. Сонда академик Төрегелді Шармановтың, тағы басқа зиялы қауым өкілдерінің ғылымдағы құндылықтардың құрып бара жатқаны жөнінде «Егемен Қазақстан» газетіне жазған бүкпесіз ой-пікірлері мен шимайланып қалған шындықтың бетін ашудағы толғаныстары еріксізден есіңе түсіп кетеді.
Ал, өзіміз тілімізге тиек етіп отырған Мұхтар мүлдем басқаша. Ол ондай жағымсыз элементтерден арын да, жанын да аулақ ұстайды. Ақиқаттың бетіне тура қарайды. Кеудесінде намыс оты маздап тұрады. Адамға ауадай қажет асыл қасиеттер: кінәрәтсіз кішпейілділік, кіршігі жоқ адалдық, мерейіңді тасытар мейірімділік, қайырымдылық қарым-қатынас атаулы оның жарқын жүзі мен жайдары мінезінен гүлдің жұпар иісіндей аңқып тұрады. Мұның бәрін оның тұла бойына тұнықтығымен табиғат сыйлаған, жанына жаратылыс берген сый екенін құп көріп қуанып, қошеметпен қолдап әкетесің. Мұхтардың жұдырықтай жүрегінің әмірімен істеліп жатқан адамдық ниетті, пейіл мен тілеуді екінің бірінен таба алмайсың.
Бірде менің қолыма кездейсоқтан «Алакөлдің танымал азаматтары» деген қатпарлы қалың кітап түсіп қалды. Танымдық кітап екен. Одан осы өңірден қанаттанып шыққан перзенттердің Алакөл ауданы ғана емес, Қазақстанның бүгіні мен ертеңі үшін бірлікпен білек сыбана еңбек етіп жатқан танымал тұлғалардың талайын білдік. Бұл кітап ел мен жерге ынтызар болып жүрген халық үшін рухани жағынан қажетті дүние. Әсіресе, аға буын ұрпақтың артында ізбасарлық, мұрагерлік жолмен келе жатқан өскін ұрпақ үшін аса қажет екені даусыз. Осыншама дүниені іздестіріп тауып, берері мол кітапты құрастыруға атсалысқанның бірі осы Мұхтар екенін аты-жөнін оқығанда таңырқап, таңғажайып күйде қалдым. Міне, азаматтық. Оның бұдан басқа да қу жаны қалмай құрақ ұшып атқарып тастаған жұмыстары айта берсе көп-ақ. Әйтеуір ел сенімін ақтап келеді. Оның алдына қойған ұстанымы жақсы.
Кітап жайлы сөз болған кезде Мұхтардың өлең өлкесіне бетбұрыс жасап жүрген жауқазын жастарға деген қайырымдылық қамқорлығы еске түсе береді. Ол жай түспейді кәдімгідей аға деп арқа тұтқан өндір жастардың қадамына қанат бітіріп, сәттілік тілеумен демеушілік көмегін көрсетуі. Осы орайда оның жас талаптар Ретбек Мағазыұлы, Айбек Құттыбек, Ғабит Жиенбайлардың жыр кітаптарына арқалы ақын ағалары Жанарбек Әшімжан, Алмат Исәділ, Әлібек Шегебайларға алғысөз жаздырып, жарыққа шығаруы ер көңілді Мұхтардың тағы да бір айқын азаматтығы емес пе. Ертең осы жас толқынның топты жарып шығар жыр жампоздары болмасына кім кепілдік бере алады. Мұхтар олардан үлкен үміт күтеді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген емес пе. Таяуда ғана Мұхтар Екпінді ауылындағы өзі оқып шыққан Мәлгаждар Әубәкіров атындағы орта мектептің ауласына 20 түп алма ағашын отырғызып қайтты. Оның бұл құрметі мектеп бітіргенінің 20 жылдығына орай қолға алынып отыр екен. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың алтын ұяға сүйіспеншілігі басқаларға үлгі болса керек. Осындайда «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты қағида қаперіңізге оралады. Осынау тал-шыбықтардың ертеңгі күні бәйтерек болып, жапырақ жайып тұратын кезі де алыс емес. 

Қазір Мұхтар Байбатшанов Орман ресурстары және аңшылықтану кафедрасының аға оқытушысы. Атақ-даңқтан да кенде емес. Әкесі Қасен мен анасы Оралханның сегіз баласына берген тектіліктің тәрбиесін төбесіне ту етіп ұстап жүргендерінің бірі осы Мұхтарлары. Мұхтардың жұбайы Мәншүк Тоқтарбекқызы да «іздегенге сұраған» ол да ғылымның соңына түскен жан. Заң ғылымдарының кандидаты. Екеуінің Гауһар, Шыңғыс, Абай атты балалары бар. Армандары перзенттерін абыройлы азаматтар қатарына қосу. Амандық болса, ол уақыт та алыс емес. Екпіндіден шығып, ел құрметтісі атанған Мұхтардың барар жері әлі ұзақ. Ол қазір арман қанатымен самғау шағында келеді. Жастық жалыны осыған жетелеуде.

ҚанатТӘКЕБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағы сыйлығының лауреаты.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста