Эфир тілі неге бұзылып барады?
«Сөз өнері – дертпен тең» деген даналық сөздерді еске ұстасақ, «тіл мәдениеті», «сөз мәдениеті», «сөз сөйлеу өнері» деген тақырыптың айналасында ауқымды мәселелер ғалымдар жағынан жан-жақты көтеріліп келеді.
Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА ғалым ұстаздарының бұл іске қосқан үлесі мол екенін айта кетсек, артық емес.
Бірақ, өкінішке қарай, сахна мен көгілдір экран тілінің айналасында зерттелуі тиіс, оқытылуы тиіс күрделі мәселелер өте көп. Сөз сөйлеу өнері тек қана тықылдаған әдемі сөз емес, оның ғылыми астары бар екеніне әсте мән бермей кеттік. Мысалы: экран алдында сөйлейтін көпшілік жастар, әріптестер, (хабар жүргізуші, концерт жүргізуші, кейбір арнайы рубрика ашып жүргізіп жатқан) замандастарымыз сөздің әдеби сөйлеу қорына мән бермей, күнделікті өмірдегі диалектикаға толы арзан, мардымсыз сөзді көп айтып кетті. Ол сөздердің арасында: жанағы, ғой, барды ма-ей, келді ме-ей, қойшы-ей т.б. мардымсыз, тыңдауға дөрекі, өскелең жас ұрпаққа берері аз арзан сөздер көбейіп барады. Ірі сөздің құнын, мағынасын терең ұғынатын ғалым ағалар мен аналарды былай қойғанда мезі қылып жіберді. Әсіресе көгілдір экран алдындағы кейбір жас журналистермен арнайы білімі жоқ жас жүргізушілердің батылдығына қайран қалып отырасың. Өйткені сөздің жазылу сауаттылығы мен айтылу сауаттылығының арасында жер мен көктей айырмашылығы бар екеніне мүлдем көңіл бөлмей сөйлейтін болып алды. Бала кезімде экран алдында сөз сөйлейтін дикторлар маған толқып, ойланып отырып сөйлейтіндей болып көрінетін. Ал қазіргі экранға қарасаңыз, ойсыз сөйлеуі, кейбір әріптерді жеп қойып, үндестік заңдарын сақтамай, қалай болса солай сөйлеу, «ң» дыбысының орнына «н» дыбысын айту: көкала (көгала), көкөніс (көгөніс), менін – (менің), сенін – (сенің) әдетке айналып барады. Айта берсек, қазақ тілінің ғасырлар бойы қалыптасқан тіл заңдылықтарын осыншама бұрмалап, сөздің құнын жойып жіберуге тыйым салатын уақыт жеткен секілді. Сондықтан сахнадағы актер немесе көгілдір экрандағы жүргізуші, яғни жалпы (халық) көрермен алдында сөз сөйлеу өнерінің міндеті мен жауапкершілігін алып шыққан адам, не істесе де, қандай қылық жасаса да, қандай мақсатпен, қандай оймен, не үшін сөз сөйлеп жатқанын әсте естен шығармауы керек...
Сол себептен олар сөзді, сөз құдіретін өздері ғана ұғынып, бағалап қана қоймай, оны көрерменге, тыңдаушының зердесіне жеткізе білуі керек, яғни тыңдаушысын уатып, баурай алмаса, даусы жақсы болып, бірақ сөзі анық бай болмаса, онда сөз қадірін, өнер қадірін жойғаны. Сөз сөйлеуші актер немесе көгілдір экран алдындағы жүргізуші сахна алдындағы конферансье көрерменге ұсынатын өнерінің, шығарма кейіпкерінің экран алдындағы немесе сахна алдындағы қозғалысы мен ішкі көңіл күйін байланыстыруға көп көңіл бөлуі қажет.
Сахна тілінің ғалымы, профессор Д.Тұранқұлқызы: «Тіл байлығы – елдің елдігінің айғағы, көркем және ғылыми әдебиеттің, мәдениеттің салт-санасы. Тіл байлығы, тіл тазалығы, тіл мәдениеті – ұлт қасиетінің, санасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі. Әр тілдің өз ырғағы бар. Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтардың тілдерінен кем болып, қатарынан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жібермегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған. Біздің тіліміз – көркем, бай. Мәселе, соны дұрыс пайдалана білуде. Өз тіліміздің сұлулығын сезбей, өзге тілдің сұлулығын сезіну екіталай. Қазақ тілінің өзге де ұлттық тілдер сияқты екшеліп, қырланған, тұрақталған, жалпыға ортақ заңдылықтары мен ережелері бар. Ол заңдылықтардың бір бөлігі сөздерді дұрыс таңдап, орнымен жұмсауға қатысты» – дейді.
Әрине, біріншіден, лексикалық заңдылық – грамматикалық заңдылық деп те аталады. Яғни сөздерді бір-бірімен дұрыс байланыстырып, сөйлемдерді құрастыра білуге қатысты болып келеді.
Екіншіден, орфоэпиялық заңдылық – дұрыс айту, яғни дыбыстау заңдылықтарын орфоэпиялық ережелер деп атаймыз. Бұл — ғылымдағы атаулар. Бұл заңдылықтардың бәрінің де тіл үшін бір-бірінен айырмашылығы жоқ.
Тілдің орфоэпиялық қағидалар функциясының кеңеюі сөздерді дұрыс айту ғана емес, оған қосылатын қосымшаларды да, жалпы сөйлемдегі сөздерді де дұрыс құрау, табиғи әуенмен айту, тиісті дауыс екпінін өз орнында қолдана білу сияқты күрделі мәселелерді де қамтиды. Қазақша тілдің айтылу орфоэпиясын, яғни ғасырлар бойы қалыптасқан тәртібін сақтап үйренсек, сонда ғана сахнада, экран алдында әдеби тілдің үлгісін көрерменге уағыздап, мәдениетті тілде сөйлеп, ана тіліміздің байлығын арттыра түсер едік.
Қорыта келе айтарымыз, сөз желмен бірге ұшқан ойыншық шар емес. Ата-бабадан жалғасып келе жатқан аманат, асыл мұра. Сөйлер сөзімізді, айтар ойымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, көрерменге, келер ұрпаққа жеткізу, сөз сөйлеу өнеріне, тіл мәдениетіне білімді де жауапты көзқараспен қарап, саналы да сапалы сөйлеп үйренейік, замандастар.