Бүгін Абай Құнанбайұлының туғанына 169 жыл толды
Бүгін бүкіл қазақтың пірі, мақтанышы – ұлы Абайдың, Хакім Абайдың туған күні, ұлттың атасы, халықтың рухани әкесі жарық дүние есігін ашқан күн. Осыған орай, «Алаш айнасы» интернет-газеті Абайдың өмірі, шығармашылығы, басқа да қырлары жайында тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, жауап әзірлеген еді. Енді сол сауалнамалардың жауабын назарларыңызға ұсынамыз..
Сіздің танымыңыздағы Абай қандай?
Абайдың өлеңдері, қара сөздері, философиялық ойлары – бүгінгі ұрпағына таусылмас қазына. Сондықтан Абай атамыздың өлеңінен нәр алып, қара сөздерінен ой түйіп, философиялық пікірлерімен санаспайтын қазақ кемде-кем. Абай ақын, философ қана емес, ұлы ойшыл болғанының да айғағы – ол қалам тербеп, ой айтпаған дүние жоқ. Ел басқару, демография, дүние-мүлік, мал-жан, дін тіпті заң да жазған. Әйтсе де бүгінгі күні Абайдың діни көзқарасын, дүниетанымын бұра тартып, өз ұстанымдарына пайдаланушылардың қатары аз емес. Осы орайда «Сіздің танымыңыздағы Абай қандай?» деген сауалды әр сала өкілдеріне ұсынып көрген едік...
Мақаш ТӘТІМОВ, демограф:
– Мен Абайды өзіме жолбастаушыдай санаймын. Ең алғаш студент кезімде де мография саласын қолға алып, зерттей бас-таған кезімде Абай атамыз түсіме кірді. Қасында Шәкәрім мен Мұхтар Әуе-зов те болды. Абай атамыздың түсіме кіруін мен сол уақытта маған берілген аяндай қабылдадым. Сол уақыттары қазақ даласын жайлаған талай нәубет, аштықтан аман қалған қазақты түгендеуді міндетім санадым. Түсімде үлкен селдің ортасында Абай, Мұхтар, Шәкәрім ақ шапан-дарымен тұр екен. Олар сол селді тоқтатқысы келіп, әуреге түсіп жүр екен. Түрлері үрейге толы. Біраздан соң селмен бірге олар да ғайып болып, орнын қалың көк, шөп басты. Сол уақытта мен қазақты ұйысқан ұлт ретінде көргісі келген бабаларымыз мені желеп жүр екен. Селдей аққан қиыншылықтар да өтіп, халқымыздың саны өсіп көбейеді екенбіз деп жо-рыдым. Демографиямен дендеп айналыса бастадым. Абайдың түсімде, осылайша, жол сілтеуі бүкіл өміріме бағыт-бағдар бергендей болды.
Құлбек ЕРГӨБЕК, филология ғылымының докторы, профессор:
– Менің танымымдағы Абай – ұлылардың ұлысы. Ол – көне дінді, көне қытай, ортағасырдың араб философиясындағы адами имандылық, гуманистік идеяларын қазақ даласына әкелген тұлға. Мүмкін, бұған Фарабидің де ықпалы тиген болуы керек. Менің танымымдағы Абай – мәңгілік Абай. Біз оның қадірін жете түсінген жоқпыз. Тірі кезінде сабадық, өлі кезінде жау-ластық. 20-30 жылдары Абайдың тұқымдарын жер аудардық. Мәселен, Абайдың ұлы Тұрағұлдың сүйегі Шымкентте бір зауыттың астында жатыр. Абайдың ұл ұрпақтарынан ешкім қалған жоқ. Қыздан шөбере-шөпшек болуы мүмкін. Абайдың тікелей ұрпақтарын жойып жібергеніміз үшін оның рухынан кешірім сұрау ешбір қазақтың ойына келетін емес. Оңтүстік Қазақстан – рушылдық пиғыл танытып, бір ескерткіш қойған адамға 90 ескерткіш қоюмен әуре. Шымкент қаласының ортасынан Құнанбаев Тұрағұл Абайұлына неге ескерткіш орнатпаймыз? Сонда бұл біздің Абай рухынан сұраған кешіріміміз болар еді. Менің танымымдағы Абай – менің баламның баласының, баласының құрдасы, сырласы, рухани қорегін беруші ұлы тұлға. Яғни ол ұрпақпен бірге мәңгі-бақи жасай беретін болады. Қазіргі абайтанушылар Абайды дұрыс танымай жүр. М.Әуезов біраз жерге алып барды, бірақ заманадан қорқып, қате трактовка жасаған жерлері көп. Ал кейінгі абайтанушылар М.Әуезовтен аса алмай, соны қайталаумен, шиырлаумен келе жатыр. Абайға жаңаша таным керек, ол үшін қазақ рухани дүниетанымының жаңа биігіне көтерілуі тиіс.
Қалдыбек СӘБДЕНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
– Абайдай дана ақын жоқ. Бұл – талассыз дүние. Әйтсе де маған ол фило-софиялық ойларымен ерекше жақын. Бүгінгі күні де орын алып жатқан кейбір дүниелерді Абай осыдан 100 жыл бұрын айтып кеткен. Сондықтан Абайдан үйреніп, оның ойына сүйенуден қашпау керек. Былтыр жұбайым қайтыс болғанда қатты қайғырдым. Сонда өзіме Абайдың сөзімен тоқтау айтып, есімді жидым. Сол секілді дана Абайдан жұбату, қолдау күтетін кездерім аз емес.
Мен білетін Абай
Абай – биік шың. Ұлы хакімді әркім өзінің парасат биігінде қабылдайды. Белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахмет, сыншылар Тұрсынжан Шапай мен Таласбек Әсемқұловтар таныған Абай мен мектеп оқушысы таныған Абайдың арасында жер мен көктей айырма бар. Кейбіреулер үшін ұлт ұстазы «Күз», «Қыс», «Жаз» сынды өлеңдердің авторы ғана. Сол себепті де әркімнің өз Абайы бар деп айта аламыз. Біз төмендегі азаматтарға «Сіз білетін Абай кім?» деген сауалды жолдаған едік.
Ахметбек НҰРСИЛА, кәсіпкер:
– Мен Абайды 30 жастан асқан соң түсіне бастадым. Оған дейін «жүрегінің түбіне терең бойлай алмай», үстіртін оқып жүрген екенмін. Түсінгеннен бергі уақытта бір адамның бойына осыншама қасиеттің қалай сыйып тұрғанына таңғалумен болдым. Ақындығы, полиглоттығы, теологтығы, композиторлығы, әлем философторын игерген ойшылдығы, ұстаздығы, қай қасиеті болмасын – ең жоғары деңгейде.
Әлемде көптеген ғұламалар өмір сүрді, бірақ осынша қасиетті бір тұлғаның бойынан табу мүмкін емес дүние. Бекен Исабаев атаның «Ұлылар мекенін» және Қасым Аманжолов түсірген «Анық Абай» деректі фильмінен кейін алған әсерім одан да ұлғайды. Менің қазіргі ұққаным, Абайды осындай биікке шығуына мынандай қасиеттері көмектесті: 1. Өзіне-өзі шыншыл, әділ сын көзімен қарай алуы. «Ойға түстім толғандым» өлеңін қараңыз. 2. «Көкірек көзі» ояу, ашық болғандығы. «Көзінен басқа ойы жоқ, ойында бір ақ шаруасы» емес, дүние мүлікті, атақ абыройды, мақтанды тәрк ете алған Хакімнің көкірек көзі ашық болғандықтан, кез келген ғылым-білімді оп-оңай игеріп алған. Көкірек көзі ашық осынау әулие адамға ешнәрсе кедергі бола алмаған.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК, ақын:
– Абай тілі шыққан кезде, анасы Ұлжаннан: «Мен дүниеге келген күні бөлмеі ші неге қызылды-жасыл болып тұрды» деп сұраған көрінеді. Анасы: «Зере әжең, сенің дүниеге келер күннің қарсаңында жүнді бояп, кепсін деп жайып қойған» деп жауап беріпті. Қарапайым адам өзінің туған күні түгіл, төрт-бес жасқа дейінгі өмірін есінде сақтай алмайды. Мұндай сирек қабілет тек генийлерге ғана тән.
Кішкентай кезінен жеткіншекке тән емес сұңғылалық танытып, жұртты сәтті жауаптарымен талай тамсандырған бала Абайдың бұл қасиеттері неден қалыптысты, кімнен жұқты? Менің ойымша, Абай – Жаратқанның ерекше махаббатымен, бөлек жоспарымен жаралған пенде.
Ілім қонған адамды «әулие» дейді. Адамзаттың ақыл-ойының жемісін кі-таптан оқу бір бөлек те, көкірек көзімен жаратылысты тану бір бөлек.
Абай – өзінің қысқа ғұмырында жаратылыс құпиясын ашқан адам. Ұлы кемеңгер – Тәңірдің құдыретін, жаратылыстың сан қырлы құбылыстарын кітап беттерінен емес, тірі әлемнен түйсік арқылы аңдап, жан жанарымен көре білген кісі.
Пайғамбардан кейін әулиелер, оқымысты ғалымдар келеді делінген. Абай – қазақ үшін жіберілген әулие. Оның сезінгенін, түйсінгенін білу арқылы Алаш өз алдында жаңа кеңістік ашары сөзсіз. Сонда ғана бізде ғылыми жаңалықтар да ашылады, дүние қабылдауымыз өзгереді, дамуға жол бастайтын өмір сүру этикамыз да кемелденер еді. Себебі біз бөлек-бөлек жүрген ағза емеспіз, біз Тәңірдің жаратқан үлкен матрицасымен үйлесімді жаралған тіршілік иелеріміз.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛОВ, публицист:
– Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ Абайды тыңдағанында, біз қазір басқа елдерден елу -алпыс жылға кейін қалмаспа едік?! Абайды сол кезде түсінбеген қазақ қазір неге оны басына көтеріп отыр? Абай өз тамырынан үзілмей, әлемдік өркениетке ұмтылды. Ол қазақ ұлты мен әлемдік цивилизациядағы өз тепе-теңдігін сақтай білді. Ұлы пропорцияға құрылған осы үйлесім Абайдың тұғырын ешқашан аласартпайды. Біздің әрқайсымызға қазір осы тепе-теңдік жетпей тұр. Бұл гармонияға енді барлық қазақ ұмтылуы керек. Абай осыны армандап кетті. Ұлттық сананы қалыптастыру арқылы әлемдік мәдениетті игеруге машықтану ғана бірлігі күшті бір тұтас ел құруға мүмкіндік беретінін айтып кеткен Абайдың ақылына жүгінсек, көштен қалатындай қауіп жоқ .
«Абай жолын» оқыдыңыз ба?
Абайды тану «Абай жолынан» басталады. Сол арқылы бүкіл қазақ болмысы ашылады. Бірақ біз ұлтымызды әлемге әйгілі еткен Мұхтар Әуезовтің атын ең алдымен осы ұлы шығарма арқылы білгенімізбен, «Абай жолы» роман-эпопеясының құндылығы қаншалықты екендігіне бүгінгі күнде қаншалықты мән беріп жүрміз? Шындығына келгенде, «Абай жолын» оқуды жас ұрпақтың жадына құймас бұрын өзіміз оқыдық па? Осы сұраққа жауап алу мақсатында біз семейліктер арасында сауалнама жүргізген едік.
Айнагүл ТАСБОЛАТОВА, мұғалім, 22 жаста:
– Студент кезiмде оқығанмын. Қазір қайтара оқып жатырмын. «Абай жолы» –сол кездегі қоғам айнасы, қақтығыстар, ұлттық таным, болмысты бейнелейтін жауhар шығарма. Абай ауылына Бiржан салдың келуi арқылы ұлттық өнердiң бағасы артқан. Тоғжан бейнесi арқылы қазақ қыздарын дәрiптеуге жол ашылған. Сонымен бірге ру арасындағы тартыс пен ескi салттардың әсерi адамды бейжай қалдырмайды.
Балғын ЖҰМАБЕКОВ, теміржолшы:
– «Абай жолын» мектепте оқығаным бар. Кейбір оқиғалары ептеп есімде көмескі тартқаны рас. Бірақ Құнанбайдың жер дауы үшін Бөжейге құн орнына Кәмшат деген қызды беріп, қызды көруге барған Абайдың сол шақтағы жай-күйі мені ерекше тебірентті. Одан бөлек табиғат көріністері ғажап баяндалады. Абайдың Тоғжанға келгенде өзеннің тасуы, досы Ерболдың қол ұшын беруге ұмтылуы қызықтыра түседі. Ол кездегі Шыңғыстау мен қазіргі Шыңғыстауды мүлде салыстыра алмайсың. Бүгінгі кейпі полигон кеселінен құрыған сияқты көрінеді маған. Әйтпесе біз «Абай жолындағы» ұлы мекеннің нағыз табиғи келбетін осы уақытқа дейін сақтасақ, шығарма құдіретіне одан сайын бойлай түсер едік қой.
Асхат БӘКІРОВ, сәулетші:
– Абайдың мекенінде жүріп, «Абай жолын» оқудың орайын келтіре алмағаныма қатты ұялып жүретінмін, әрине. Ал жақында оның аудиодискіге жазылған нұсқасын таптым. Сол маған өте жақсы серік болды. Әсіресе жолға шыққанда. Қоссаң болды, диктордың асқан мәнермен оқитыны сондай, тебірене тыңдап келе жатып, Абай дәуірі көз алдыңда дөңгелей жөнеледі. Әлі тыңдап тауысқан жоқпын. Бірақ тіршіліктің қарбаласынан қол қалт еткенде тыңдасам-ақ, жаным рақатқа бөленеді.
Керімхан ЖАНДОСБЕКОВ, құрылысшы:
– «Абай жолын» оқуға мектепте мойным жар бермейтін. Қазір күн-көрістің қамында жүріп ондай үлкен кітап түгіл, балаларымның дәптеріне қарауға уақыт таппаймын. Өйткені дәл қазіргі уақытта мен үшін қымбаты бес баламның оқу жылына ойдағыдай баруы үшін киім-кешек, керек-жарағына жететін ақша табу болып тұр. Ренжіме, айналайын.
Сейітжан ОСПАНОВ, «Достық» білім беру орталығының директоры:
– Мен, негізі, оңтүстіктің тумасымын. «Абай жолын» мектепте оқыдым. Ал биыл мамыр айында Шыңғыстауға, Жидебайға барып келген соң қайтадан қолыма алдым. Бұрынғыдан бүгінгі оқығаным екі бөлек күйге бөледі. Қазір тура Абай заманында бірге жүргендей күйдемін десем, өтірік айтқаным емес. Демек, адам рухани тұрғыдан қарайып қалмас үшін «Абай жолы» эпопеясын қайталап оқып отыруы керек деп ойлаймын.