Ботаникалық бақтың басына қашан бақ қонады?
Қазақстанда алғашқы ботаникалық бақ өткен ғасырдың 30-жылдары бой түзеген еді. Сол кездері аумағы 104 гектарды құрайтын ботаникалық бақта 5000-нан аса өсімдік түрі болды. Алматыға аяқ басқан еліміздің аймақтарынан келген қонақтар мен туристердің ботаникалық бақты араламай қайтатындары кемде-кем болатын. Алайда бір кездері жайқалған ботаникалық бақтың бүгінгі күйі көз қуантарлық емес. Тіпті кей тұсы жабайы орманды елестетеді.
Жалпы, ботаникалық бақ өсірудегі басты мақсат – ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту, іс-тәжірибелік жұмысты дамыту, өсімдік өсіріп, оны зерттеп, ботаникалық білімді насихаттау. Сондай-ақ елімізде азайып бара жатқан, жойылу алдында тұрған өсімдіктерді сақтап қалу, қалпына келтірумен қатар, сырттан әкелінген өсімдіктерді жерсіндіру болып табылады. Сонымен қатар өсімдіктердің биологиялық, экологиялық ерекшеліктерін анықтау, қала, ауыл, елді мекендерді көгалдандыру, өсімдіктердің жаңа түрлерін іздестіру, олардың пайдалы қасиеттерін анықтап, адам қажетіне жарату, өсімдіктер әлемін қорғау, көркейту – ботаникалық бақ өсірудегі басты бағыттар.
Алайда қазіргі күні ботаникалық бақтағы көптеген ағаштар қурап, бақ аумағының біршама жері бос алаңқайға айналған. Оранжереялардың жөндеу көрмегелі қай заман болғаны белгісіз, әбдан тозығы жеткен. Мамандар ботаникалық бақтың мұндай күйге душар болуы 90-жылдардағы қаржы тапшылығының салдары деседі. Өйткені, расымен де, ботаникалық бақты үнемі қалыпта ұстау қомақты қаржыны қажет етеді. Ал базбір бейресми деректер ботаникалық бақтың басынан бақ таюына еліміздегі жекешелендіру мен құрылыс бумының да әсері болды деп болжайды. Ондай пікір айтушылардың пайымдауынша, қолында билігі, қалтасында ақшасы бар пысықайлар ботаникалық бақты жекешелендіріп, сол аумаққа коттедж қалашығын салмақ ниетте «алтын аумаққа» көз алартқан көрінеді. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, ондай жайдың болуы әбдан мүмкін-ақ. «Ботаникалық бақ аумағында бірнеше рет өрт оқиғасының орын алуы – соның бір дәлелі» деседі табиғат жанашырлары.
Елдос ДОСПАНОВ, эколог:
– Ботаникалық бақтың осындай күйге түсуіне, бір жағынан, 2000 жылдардың басындағы әрі тарт та, бері тарт кезең себеп болды деп айтуға болады. Бақты қамқорлыққа алудан гөрі жеріне көз алартқандар көп болды. Қаржы тапшылығы да аяқтан шалғаны анық. Қазіргі күйі ботаникалық бақ деп айтуға келмейді. Білуімше, қазір қаржы бөлініп жатқан көрінеді. Бірақ бір ғана қаржы бөлумен мәселе шешілмейді. Маман тапшылығы мәселесі де бар. Сондықтан да кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс. Жалпы, бізде өсімдік әлеміне деген жанашырлық төмен.
Сондай-ақ бір кездері Алматы қаласының басшылары Байзақов пен Манас көшесін ұзартып, Әл-Фараби көшесіне қосуды қаланың бас жоспарына енгізіп, ботаникалық бақ аумағының біраз бөлігін «мемлекеттік қажеттілік» деп, қала меншігіне алмақ болған. Алайда қала басшылығының бұл жоспары орындалмады. Бұл жоспардың заңға қайшы екенін алға тартып, Ботаника және фитоинтродукция институты мамандары табандылық танытып, бұл жобамен келіспеген. Өйткені ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 10 қарашадағы №1074 қаулысына сәйкес және ҚР «Ерекше қорғаудағы жерлер туралы» заңының 23-бабы 2-тармағына сәйкес, ботаникалық бақ аумағын өзге жерлер қатарына ауыстыруға болмайды. Қаулыда ботаникалық бақ «республикалық деңгейдегі табиғи жерлер қатарына енеді», – деп көрсетілген. Яғни ол аумақ ерекше қорғалған аумақ болып табылады.
Қуанышқа қарай, бүгінде ботаникалық бақ мемлекет меншігінде, яғни «ҚР биологиялық зерттеулер орталығы» РМК еншілес кәсіпорнының қолында қалды.
Десе де, соңғы жылдарда Білім және ғылым министрлігі тарапынан жыл сайын 90 млн теңге шамасында қаржы бөлініп отырғанын алға тартқан ботаникалық бақтың басшылығы алдағы уақытта ботаникалық бақтың қалпына келетініне сенімді. Оған қоса, күнделікті бақты тамашалауға келетін халықтан жиналатын қаржы тағы бар.
Алайда ботаникалық бақты тамашалауға барушылар жиналған ақшаның мақсатты жұмсалатынына күмәнмен қарайтынын айтады. Олардың айтуына қарағанда, төленетін ақша кассаға емес, кіреберісте тұрған қызметкерге қолма-қол беріледі екен. Сондай-ақ бақты тамашалауға барған қала тұрғындары ботаникалық бақты аралатып, өсімдік әлемімен таныстыратын қызметкер де жоқ не болмаса нұсқаулық та жоқ екенін айтады.
Түсіпбек, қала тұрғыны:
– Жазда үйге келген қонақтардың бірі ботаникалық баққа барып тамашалап, серуендеп қайтайық деген соң сонда бардық. Шыны керек, бұл өзімнің де алғаш баруым еді. Кіреберісте кісі басына 350 теңгедан төлеп кірдік. Бақтың кіреберіс бас жағында көруге тұратын біраз дүние бар екен. Ары қарай жүре берсеңіз, дұрыс жолақ та жоқ, тозығы жеткен нысандар, бір жері қураған ағаш, енді бір жерінде қаулаған арамшөп өскен. Өзімізге бейтаныс көрінген өсімдіктер жайлы сұрайын десек, «қазір таныстыратын маман жоқ» дейді. Сонда әр кісіден 350 теңгені не үшін алып жатыр екен деп ойладым. Бізде қай жерге барсаң да осы, сапалы қызмет көрсетуді ойламайды, қалай пайда табуды ғана ойлайды.
Осы жылдың тамыз айында БАҚ құралдарына берген жауабында ботаникалық бақтың бас директоры Гүлнар Ситпаева «Расымен де, соңғы жылдары ботаникалық бақ антисанитариялық жағдайда болды. Десе де, соңғы бес жылда бақ аумағын қураған ағаштардан тазарту жұмыстары көктем, жаз, күз, қыс мезгілдерінде ұдайы жүргізіліп келеді» деп жауап берген болатын.