Бөкей ордасы қашан толық зерттеледі?
Қазақ пен орыстың арасына достықтың ізін салған, Қазақ елін Еуразия елі атандырған Бөкей ханның екі ел шекарасының тыныштығын күзетіп жатқанына екі ғасырға жуық уақыт болды. Астрахань қаласы жанындағы елеусіз қалған бейіт басына биыл ғана кесене орнатылды. Осыған дейін ханның саяси өмірі зерттелмегені, Бөкей ханның еліне жасаған еңбегі ұмыт болғаны рас.
Осыдан 210 жыл бұрын иен даладағы құмды жерге Бөкей хан ел қоныстандырды. Патшалықтың иелігіндегі Жайықтың оң жағасын мекендеген бүгінгі ұлан-ғайыр батыс өңірді Бөкей хан заңдастырды деп сеніммен айтуға болады. Бөкей сұлтан Ресейдің Павел біріншісінен 1801 жылы 11 наурызда рұқсат алады. Дәл сол күні рұқсат берілмесе, тарихтың қалай өрбитіні бізге беймәлім еді. Өйткені 12 наурызда бірінші Павел қастандықпен өлтіріледі. 5 мың түтінмен Нарын құмынан Торғын өзеніне, өзі жерленген Астрахань облысына дейінгі кең далаға иелік етуі, құмды жерге Хан сарайының іргесін қалауы Бөкей ханның көреген дипломатиясының арқасы болса керек. Бөкей құрған хандықты Шыңғыс хан мемлекеттік құрылымы үлгісінің соңғы қолтаңбасы деп те атап жүр тарихшылар. 46 жыл өмір сүрген Бөкей хандығы – Еділ-Жайық қазақтарының соңғы хандығы. Бөкей хандығының құрылуын әркім әрқалай бағамдайды. Бірі Сырым батыр көтерілісінің жемісі десе, енді бірі Бөкейдің таққа таластығының көрінісі деп болжайды. Бөкей хандығына байланысты болжамдардың ішінде оның сенімді серігі саналған Сейіт бабаның есімі аз аталмайды. Бөкей ханның жерленген жері де – Сейіт баба жатқан топырақтың қасында. Білетіндер Бөкейдің өсиеті бойынша оны жолдасының жанына жерлеген екен дейді. Жайықтың жағасында 15 жыл Ішкі Орданы басқарған Бөкей сұлтанды хан етіп көтерген Хан тоғайы деп аталатын жер бар. Елі ескеріп, ұрпағы біліп жүретіндей сол жерге белгі орнатылса деген ой тастау ғой біздікі.
Тұңғыштардың ордасы деген атқа әбден лайық Бөкей Ордасы. Сұрапыл соғыстан, бай езгісінен, шапқыншылықтан шаршаған халқына өркениеттің, білімнің, медицинаның қазығын қақты Бөкейдің ұлы – Жәңгір. Бөкейдің заңды мұрагері, әкесінің стратегиясын жалғастырушы Жәңгір ханның есімі тарихта «тұңғыш» сөзімен егіз іспетті. «Тұңғыш» деген сөзімізге тұздық ретінде айтар болсақ, тұңғыш білім ордасы, қыздар училищесі, тұңғыш мұражай ісі, тұңғыш қазыналық мекеме (банк қызметін атқарған), тұңғыш ветеринарлық бөлім, тұңғыш баспахана, тұңғыш дәріхана...
Жәңгір мектебі – қазақ еліндегі еуропаша білімнің бастауы, «қара шаңырағы». Жәңгір жаңашыл хан, өркениет, білімнің іргетасын қалаушы ретінде ел жадында. Бөкей Ордасының басқа ауылдық аймақтарында да бірсыныптық мектептер ашылып, үлкен білім беру орталығына айналды. 40 жыл ел басқарған Мақаш әкім, ғалым-этнограф Мұхамед-Салық Бабажанов – бұл мектептің Ресейде білім алған алғашқы қарлығаштары.
Еліміздің ең шалғай аймағы Орда ауылына барсаңыз сол ескі үйлер, көне ғимараттар ХІХ ғасырдың жәдігеріндей. Керек десеңіз, Орда ауылы мұражай-қалаға сұранып тұрғандай. Әр көшесінде тарихтың ізі сайрап жатыр. Ауылдың кереметі саналатын Бөкей Ордасы тарихи мұражай кешеніндегі ғимараттардың әрбірінің тарихы бар. Жәңгір салдырған хан ордасы сол кездегі хан дәуірінен сыр шертеді. Бір ауланың ішіндегі Жәңгір жинаған бабалар қару-жарағынан құралған «қару-жарақ палатасы» да бар мұнда. Бұл – қазақ елінің алғашқы мұражай ісінің бастамасы. Қалпына келтірілген хан мешіті, қазыналық үйі мұражай кешенінің тарихи нысандары. Ханның жеке дәрігері Сергачевтің үйі – мұражай кешенінің әкімшілік қызметін атқарады. Халыққа білім беру музейі де – құнды жәдігерлердің бірі. Мұражайға айналған «Қыздар училищесінде» Бөкей Ордасы білім беру жүйесіне қатысты деректер топтастырылған. Тарихи маңызы зор ғимараттардың төртеуі ғана мұражайға айналған. Бұл қатарға қосылудан үміткер көненің көзі мол. Қазақ жеріндегі алғашқы баспахана жөндеуден өтіп жатыр. Алаш қайраткері Сейітқали Меңдешевтің үйі де бұл қатарда. Дәріхана ғимаратының да мұражайға айналғанын көрер күн алыс емес шығар. Бөкей Ордасындағы мұражай кешенінің аяқтан тұруына атсалысқандардың басында А.Ахметжанов тұр. Ш.Сиранов, Т.Махимов, Ғ.Темірболатұлы сынды басшылар игі бастаманы жалғастыруда ерен еңбектерімен ерекшеленді.
Нұржан Төлепов, Жәңгір хан атындағы Тарихи-этнографиялық мұражайдың меңгерушісі:
– Бөкей ханның да өмірін зерттеуге енді кірісіп жатқанымыз рас. Бөкей ханға қатысты деректерді Орынбор, Қазан, Астрахань мұрағаттарынан тарихи кітаптардың көшірмелерін әкеліп жатырмыз. Мәселен, біз Қазан қаласы мұрағатынан Бөкей хандығы қазақтарының мақалдары мен ертегілерін әкеліп, ғалымдарға ұсынып жатырмыз.
Бөкей хандығының құрылуына Сырым бабаның байланысы барын бірі білсе, бірі біле бермейді. Сырым баба Бөкей сұлтанды қолдап, Хиуаға кетті деген деректер бар. Бұл жерде өз бағасын алмаған ақтаңдақтар көп.
Бөкей хан қазаққа қандай жақсылық берді дегенде алдымен айтарымыз: қазақтың жері кеңейді. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстары болатын осы Бөкей хандығына қараған. Қазір нарық заманында Жәңгірді қалай сынаса да, бірде-бір бастамасын жойып тастаған жоқпыз. Әлеуметтік салада құрылған жоспарларын, өркениет тұрғысынан халыққа керек реформаларды дамытып келеміз.
Жәнібек Исмурзин, М. Өтемісов атындағы Мемлекеттік университеттің аға оқытушысы, тарихшы:
– Кеңестік тарихнамада Бөкейдің саяси өмірі, қызметі зерттеуден тыс қалды. Зерттеушілердің пікіріне сүйенетін болсақ, Бөкей хандығының құрылуы Сырым Датұлы қозғалысымен байланысты: кіші жүздегі саяси шиеленіс; әлеуметтік экономикалық жағдай; Бөкейдің билікке ұмтылысы. Шөке Нұралыұлы мынадай бір жақсы дерек келтіреді. Жайықтың сол жағалауына өтуін қолдаған екі адам болған. Бірі – Шығай сұлтан, бірі – Сырым батыр. Хан өмірін, саяси қызметін мұрағат құжаттарымен айқындап, Ресей федерациясымен байланысып, Орынбор, Астрахань құжаттарын жинақ ретінде жарық көрсету қажет. Жанымызға бататыны, әлі күнге дейін Бөкей хан туралы монография жарық көрмеді. Бөкей сұлтан бодандық санадан арылып, жерімізді ұлғайтуға күш салып, хандық билікті жандандырғысы келді. Қалай десек те біз осынау тұлғаны тарихтан бөліп қарай алмаймыз.