Бізде мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді оқытудың біртұтас жүйесі жоқ
Бижомарт Қапалбеков, Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, филология ғылымының кандидаты:
– Мемлекеттік тіл мәселесі – бүгінгі қазақ қоғамында толыққанды шешілмей келе жатқан түйінді мәселелердің бірі болып отыр. Тығырықтан шығудың қаншама әдіс-тәсілдерін қолдансақ та, тіл туралы арнайы заңымыз болса да, еліміздің кейбір жекелеген аймақтарында бұл бағытта атқарылып келе жатқан жұмыстарға қан жүгірмей отырғаны рас. Жалпы, қазақ тілін дамытуға, оқып, үйренуге соңғы уақыттарда мемлекет тарапынан біраз қаржы бөлу жағы да қарастырылып келеді. Мүмкін, осы қаржыны игеретіндей жүйелі жоба-жоспарларымыз нақтыланбай отырған шығар. Мемлекеттік тілді дамыту институтының басшысы ретінде, ғалым ретінде бұған сіз не дейсіз?
– Қазіргі кезде қазақ тілі төңірегінде бос сөздерден гөрі, нақты ұсыныс-пікірлер мен талап-тілектер көп айтыла бастады. Тәуелсіздігімізді тұғырына қондырған 20 жыл кезеңінде, осы мәселеге шындап кірісетін уақыттың келгеніне көзіміз жетті. Елімізде мемлекеттік қызметшілерді оқытуға жыл сайын бюджет есебінен қомақты қаржы бөлініп отырады. Бұл көрсеткіш жыл сайын кезең-кезеңімен ұлғайып, өсіп келеді. Жергілікті жерлердегі Тіл басқармалары жанынан құрылған тіл орталықтары да осындай жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатпен атқарушы органдарда қызмет істейтін үлкенді-кішілі шенеуніктерге арнап қазақ тілі курстарын ұйымдастырады. Кейбір мекемелерде жеке тіл бөлімдері бар. Олар да өз қызметкерлеріне мемлекеттік тілді үйретіп бағуда.Тіл орталықтары барлық облыста және Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істейді. Қазақстанның әр облысындағы тіл орталықтарының өкілдері Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру әдістемелік орталығына келіп, толғандырған мәселелерін ортаға салып, жиі бас қосып тұрады. Бірақ олардың үйлеспей жатқан істері әлі де жетерлік. Сондықтан да ойласып, бірлесіп атқаратын іс-шаралар шаш-етектен.
– Осы орайда сіздің тарапыңыздан нақты қандай ұсыныстар бар? Сіздіңше, бірінші кезекте нендей мәселелерге айрықша назар аудару қажет?
– Біріншіден, жер-жердегі бірдей тірлікпен айналысатын жергілікті әкімдіктерге қарасты тіл орталықтарының заңды тұлға ретіндегі деңгейлері бірдей емес. Бірі таза мемлекеттік кәсіпорын болса, бірі – қазыналық кәсіпорын, бірі – коммуналдық кәсіпорын, ал бірі – жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Біздіңше, тіл орталықтарының жұмысына осылардың қайсысы тиімді екендігін анықтап, біріздендіретін уақыт келген сияқты.
Екіншіден, барлық тіл орталықтары мемлекеттік қызметшілерді «бастауыш, жалғастырушы және тереңдетілген» деңгейлер бойынша бір жүйемен оқытқанымен, ондағы бағдарламаның сағат саны әр орталықта әртүрлі. Бірінде – 70 сағаттық, бірінде – 90 сағаттық, бірінде 120 сағаттық оқу бағдарламасы қолданылады. Біздіңше, қанша сағаттық бағдарламамен оқытқан ұтымды және тиімді екендігін анықтап, бәрін бір жүйеге түсіру керек.
Үшіншіден, тіл орталықтарында мемлекеттік тілді оқыту сипаты әртүрлі. Айталық, қазақ тілі сабағы кей жерлерде аптасына екі рет, кей жерлерде үш рет, кей жерлерде күн сайын болады. Тіл үйретудің майын ішкен әдіскерлердің айтуларына сүйенсек, тілді үзіп-жұлып оқығаннан гөрі, тілдік ортаға толықтай еніп үйренген ұтымды болмақ.
– Бұл орталықтардың тәжірибелері қандай? Мұндағы тіл үйретудің әдіс-тәсілдері уақыт сынынан өткен дей аламыз ба?
– Тілді күнде оқытатын тіл орталықтарының тәжірибесіне басқалар да көшу керек деп есептеймін. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді өндірістен қол үзіп оқыса, тіптен тамаша болар еді. Мемлекеттік және жергілікті басқару институтына мемлекеттік қызметшілер өзінің кәсіби саласы бойынша біліктіліктерін арттыруға тұрақты түрде жіберіліп тұрады. Біздің ойымызша, мемлекеттік тілді үйрету курстарын да сондай жүйеге көшірген дұрыс. Өйткені тіл үйретуде тілдік орта және жалғастық деген екі маңызды фактор бар. Аптасына екі реттен 5-6 айға созылған курстардан тіл үйренуші жалығады және күнде-күнде дайындалмаған соң, тілдік ортадан қайта-қайта қол үзіп, бір сабақта білгенін келесі сабақта ұмытып қала береді. Бір-бірімен байланысты тұтас бағдарламаны аз ғана уақыт ішінде меңгеріп алу, тіл үйренушінің өзіне деген сенімділігін оятар еді. Мұндай тәжірибе өзін-өзі ақтайды деп сеніммен айтуға болады. Десек те, бұл жерде ең бастысы, адамның өз қызығушылығы басты орында болуға тиіс.
– Елімізде тілмен айналысатын орталықтар, қоғамдық ұйымдар өзге де ұсақ мекемелер көп. Әрқайсысы өз жарғы-ережелеріне сүйеніп әрекет етеді. Дегенмен олардың жұмыс бағдары мен шығарған оқу-әдістемелік құралдарын реттеп, жүйелеп отыратын бір орталық болу керек емес пе?
– Негізінен, аталған мәселелерді үйлестіріп, бір жолға қою – Тіл комитеті жанындағы Ш.Шаяхметов атындағы орталықтың жұмысы. Жер-жердегі тіл орталықтарының басты мақсаты мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге үйрету, соларға арнап оқу-әдістемелік құралдар шығару болғандықтан, барлығы білгендерін ортаға салып, ақылдасып, республикалық орталықтан бекітіліп ұсынылған бағдарлама бойынша жұмыс жасағаны әлдеқайда тиімді болар еді. Өкінішке орай, бұлай болмай отыр. Мемлекеттік тілді дамыту жолында әр облыс өз білгендерімен жүріп келеді. Мәселен, белгілі бір облыстың тіл орталығы дайындаған оқу бағдарламасын немесе оқу құралдарын келесі бір аймақ өз тарапынан жаңадан қайта жасап, «Аққу, шортан һәм шаян» секілді әркім әр жаққа тартуда. Әрине, мемлекеттік қызметшілерді оқыту үшін жаппай бір ғана оқу құралы болуы мүмкін емес, бірақ Алматының да, Астананың да кеденшілерін немесе қаржы қызметкерлерін оқыту үшін бірдей бағдарлама, бірдей оқу құралдары қажет.
– Осы ретте сіз басқарып отырған институтта қандай шаруалар еңсерілуде?
– Мемлекеттік тілді дамыту институты қазақ тілінің өрісін кеңейтуге өз тарапынан атсалысу үшін құрылған. Қазіргі кезде біз де өз тарапымыздан тиісті орындарға жоғарыда атап көрсеткен бірқатар ұсыныстарымызбен шығып отырмыз. Басқа орталықтар сөзімізді қолдаса, біз де бірлесіп жұмыс атқаруға дайынбыз. Біздің институттың бағыт-бағдарымен толығырақ танысқысы келген оқырман болса, www.mtdi.kz сайтына кіріп, өз қажетін ала алады және онда өзінің де пікірлерімен бөлісе алады.
– Сіз бұдан бұрын да мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді игеруіне баса назар аудару керек екендігін талай мәрте айтқансыз. Сіздіңше, тіл мәселесінің осы тұсын дамытуға не жетіспейді?
– Мемлекеттік қызметшіге екінші деңгейден бастап кәсіби қазақ тілі қажет. Ал кәсіптің түрі көп. Яғни жалғастырушы деңгейде заңгер мен құрылысшыны бір оқу құралымен оқыту мүмкін емес, өйткені әр саланың өз тілі бар, соған сәйкес әр саланың өзіндік оқу құралдары болуы шарт. Ол сол салаға қатысты құрастырылған тілдескіштердің, сол саланың терминдер сөздігінің және сол салада күнделікті қолданылатын ісқағаз үлгілерінің материалдарына сүйеніп жасалуы тиіс. Оны тіл орталықтары ұсынып, сол саланың ведомство басшылығы бекіткеннен кейін бүкіл Қазақстан аумағы бойынша бір сала бір-ақ оқулықпен оқитын деңгейге жетуіміз қажет. Ал қазір көптеген қала, облыс, аудан заңгерлері – әрқайсысы бір-бірінен бөлек, басқа материалдарды пайдаланады. Оқытуда пісіп-жетілген біртұтас жүйе жоқ. Мемлекеттік қызметшілерді оқытуға және соларға арнап салалық әдебиеттер әзірлеуге Тіл комитеті арқылы республикалық масштабта, ал жергілікті тіл басқармалары арқылы аймақтарға қомақты қаржы бөлінгенімен, әлі күнге шейін мемлекеттік қызметшілерге арналған мұндай салалық оқу құралдары толықтай дайындалып болған жоқ. Көлік саласына, мәдениет саласына, медицина саласына, жергілікті әкімдіктерге және тағы басқа да саны белгілі департаменттер мен басқармалардың өз лексикасы, өз терминдері, өздерінің ішінде айналыста жүретін ісқағаз үлгілері, синтаксистік стандарттары болатыны белгілі. Әр салаға арналған оқу құралдары мен оқу бағдарламалары осы айтылған тілдік бірліктерге сүйеніліп жасалынуы тиіс.
– Бұл айтуға оңай болғанымен, қысқа мерзімде атқарыла салатын шаруа емес қой. Оқу-әдістемелік құралдар мен арнайы тілдік бағдарламаларды жасауға біршама уақыт кететіні белгілі...
– Біз онсыз да көп уақытты жоғалтып алдық. Әр облыстағы тіл басқармалары мен тіл орталықтары бір-бір саланың әдебиетін жасап шықса, содан кейін олар бір-бірімен дайын оқулықтарымен алмасса, мұның бәрі – бір-екі жылда-ақ шешілетін мәселе. Бұл іске тек білікті де мықты мамандарды тарта білуіміз қажет. Тіл комитетінің тапсырысымен, ұлттық тест орталығының дайындауымен, былтыр, 2011 жылы аса қомақты қаржыға бес деңгейлік бағдарлама жасалып, таратылды. Біздіңше, бұл да – сол алдыңғы шыққан оқу құралдарының кебін киіп, беттері де ашылмастан, жатып-жатып, күресінге кететіндігі белгілі нәрсе. Оның кәсіби салаларға арналып, жіктеліп жасалмағандығы былай тұрсын, бүгінгі қоғамда оны пайдалануды міндеттейтін заңдық-құқықтық негіз де жоқ бізде. Сондықтан ол кімге керек болсын.
Қалай болған күнде де, біз заманға бейімделіп, жаңаша жұмыс жоспарын құра алмасақ, қаншама қаржы дұрыс мақсатқа жұмсалмай, босқа кетеді. Мемлекет тіл үйренуге соншама ақша жұмсағаннан кейін, міндетті түрде оның лайықты нәтижесін көруге тиіс емес пе?! Ал бізде мемлекеттік тілді оқытуға бөлініп жатқан қаржы тесік шелекке құйылған су секілді, далаға кетіп жатқан сияқты. Біз не шелекті бітеуіміз керек, не су құюды тоқтатуымыз керек. Бір жағын тыймай, осылай мемлекеттік қызметке тіл білмейтіндерді қабылдай берсек немесе оларды осындай жүйе арқылы оқытуды жалғастыра берсек, онда мемлекеттік тілге толықтай көшудің ауылы алыстай береді.
Сондай-ақ, бүгінде жеке мекеме ішінен ашылған тіл бөлімдері табандарын қайда тірерін білмей, бастары қатуда. Әлі күнге дейін жеке салаларды (мәселен, кеденшілерді, заң қызметкерлерін, қаржыгерлерді және т.б) оқытатын ортақ бағдарламалар жасалып, оқу құралдары, электронды бағдарламалар жасалған емес. Тәжірибе көрсеткендей, тілді білудің екінші деңгейінен жоғары топтардың оқу құралдарын бәріне бірдей етіп жасап, тарату бос әурешілік болып отыр. Мәселен, осы уақытқа дейін қомақты қаржыға шыққан «Мәртебелі сөз» немесе «Мемлекеттік қызметшінің тілдік портфелі» атты оқу кешендері іске жарамсыз болып отыр. Бұл жағы да қатты алаңдатады.
Осы тұста айтар тағы бір ұсынысым бар. Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы өз жұмысын жолға қойып, мемлекеттік қызметшілерге тіл үйретуді республика бойынша бір жүйеге түсіруі тиіс. Сондай-ақ «осы уақытқа дейін тілді дамытуға, үйретуге қатысты шыққан өнімдер және олардың әкелген пайдасы қандай, шығарылған өнімге қоғамда сұраныс бар ма?» деген сауалдарға жауап беретін зерттеу-талдау жұмыстары жүргізілуі керек. Әлеуметтік лингвистика және практик мамандардың ұсыныстарын қорытып, болашақта шығарылуы тиіс өнімдердің тізімін жасау да бүгінгі күні аса кезек күттірмейтін мәселеге жатады. Сонда Тіл комитетінен жұмсалған қаржы жолай, субъективтік пікірлердің ықпалымен анықталған бағыттар мен жобаларға емес, барынша сарапталып, айқындалған мақсаттарға жұмсалар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Ұсыныс
Елімізде мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді оқыту «жалғастырушы», «тереңдетілген» және «мамандардың біліктілігін арттыру курсы» деген жүйе бойынша жүргізілуі тиіс. Қазақ мектебін бітірген мемлекеттік қызметшілер тереңдетілген деңгейден бастап, өз саласы бойынша тілдегі жаңа терминдермен, ісқағаз үлгілерімен танысып отыруы үшін үш жыл сайын біліктілігін арттыру курсынан өтіп тұруы шарт. Ал орыс мектебін бітірген азаматтар қазақ тілін бұрын пән ретінде оқығандықтан, мемлекеттік қызметке келгенде курсты «жалғастырушы» деңгейден бастауы тиіс деп ойлаймыз. Тілді оқытудағы енді бір қисынсыз нәрсе – мемлекеттік қызметке кіретін Қазақстан азаматтарын қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын емтихан арқылы қабылдайтын заңдық талаптың жоқтығы. Бұл мәселе мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламасында ескеріліп, мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгерістер енгізілуі керек. Орта мектепте және жоғары оқу орындарына қазақ тілін оқып келген азаматтарды қайтадан бастауыш деңгейден бастап тіл үйрету мүлдем ақылға сыйымсыз. Тіл үйрету – үйренушінің тіл білу категориясына сай жүргізілуі керек.