Бакуден – түркі әлеміне

Бакуден – түркі әлеміне

1-5 желтоқсан аралығында Әзербайжан елінде «Қазіргі қазақ поэзиясы антологиясының» тұсаукесері өтті. «Бакуден – түркі әлеміне» деген атаумен айшықталған бес күндік шаралар шоғырында Әзербайжан мен Қазақ елі, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Саха, Татарстан Республикасынан келген ақын-жазушылар бас қосқанымен, негізінен, әзербайжан тілінде жарық көрген қазақ антологиясына көбірек көңіл бөлінді. Қазақ елінен барған жиырма ақын ерекше құрмет пен ықыласқа бөленді.
Бакудегі алғашқы ресми кездесу Әзербайжан Баспасөз кеңесінің төрағасы, Әзербайжан Республикасы Парламентінің депутаты Афлатун Амашовпен өтті. Бұдан соң қонақтар Құрмет аллеясына ат басын бұрды. Әзербайжанның ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиевтен бастап елі үшін қызмет еткен ұлт зиялылары жерленген осынау жасыл алаң саябаққа айналыпты. Аспанмен таласа өскен шыршалармен көмкеріліп, мүлгіген тыныштық ұялаған саябақта әзербайжан ақыны Сәмед Вургун, белгілі әнші Мүсілім Магомаев мәңгілік тыныс тапқан. Зират-саябақ сыртындағы жап-жасыл қырат пен ерекше күтімдегі бақ келбеті жергілікті халықтың өз ардақтыларына деген ерекше құрметін паш етуде.
Әкбер бей бізді бұдан соң Шәһидтер аллеясы мен Түркі шәһидтері монументіне бастап апарды. Мұнда қаралы қаңтар құрбандары, Карабах соғысында қаза болғандар және халық батырлары жерленген. Қазан қаласынан келген Исмет бей Оруджалиев бізге өз елінің тәуелсіздігі жолында шәһид кеткен жастар жайлы ақтарыла әңгімеледі.
1990 жылғы 20 қаңтарда Баку алаңына шығып азаттық сұраған әзербайжан жастарын кеңес танктері таптап, аяусыз қырды. Зардап шеккендер тіпті жедел жәрдемнің көмегіне де қол жеткізе алмады, өйткені сол маңдағы көліктер мен жедел жәрдем машиналарын кеңес әскері жарып жіберіп отырған. 22 қаңтар күні Баку халқы жаппай шәһидтерді жерлеуге шықты. Кейін С.М.Киров атындағы саябаққа Шәһидтер аллеясы деген атау берілген. Содан бері жыл сайын жергілікті халық 20 қаңтар күні алаңға жиылып, шәһидтер рухына тағзым етеді. Күндізгі сағат 12-де Баку көшелеріндегі көліктер, метродағы пойыздар тоқтап, тәуелсіздік құрбандарын еске алып, дабыл береді.
Аллеяда, сонымен бірге, 1990-1991 жылдары Таулы Карабахтағы ұрыс аймағынан репортаж жасау үстінде опат болған журналист Салатын Әскерова жатыр. Әзербайжан бауырлар есімдерін сүйіспеншілікпен атаған батырлардың арасында Шыңғыс Мұстафаев та бар. Шыңғыс - 1992 жылғы 25-26 ақпанда болған Ходжалы қырғынын тікұшақтан бейнетаспаға түсірген ержүрек журналист. Ол Карабахта жауынгерлерден соғыс үстінде сұхбат алған, үнемі ашық атыстарды түсірумен танылған. 1992 жылғы 15 маусымда Таулы Карабахтың Нахчыванлы ауылында әзербайжан әскерінің шайқасын түсіру кезінде мина жарықшағы тиіп ауыр жараланады. Иесі ажал құшқан сәтте оның камерасы қиян-кескі соғысты таспаға түсіруін тоқтатпапты...
Дәл осы алаңда Кеңес одағының екі мәрте батыры Ази Аслановқа ескерткіш қойылған. «Сталинград шайқасында Қызыл Армия осы Асланов сынды батырлардың арқасында жеңіске жеткен», - деп баға берді жерлестері батырға.
Әзербайжан жерінде аңғарғанымыз – бауыр ұлттың қазақтарды ерекше жақсы көретіндігі, «қазақпын» десең, елпілдей жөнелетіні. Және армяндармен арадағы ұзаққа созылған соғыстың ол елдің әр азаматының жүрегіндегі жазылмас жара екендігі. Халықаралық Еуроазиаттық баспасөз қоры болса Таулы Карабахтағы қақтығыстар ақиқатын әлемге шынайы күйінде жеткізуді мақсат тұтады.
Бұл сапарда Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Данил Салихпен, Саха-Якут Жазушылар одағы жастар бөлімінің төрағасы, ақын Гаврил Андросов пен ақын Рустам Казхенкинмен, түркиялық Өзгүр Баджаксызбен, қырғызстандық Бекболат Сарыбаймен, Табриз ақындарының өкілі Умуд Неджарримен танысып, достастық. Биыл жазда Халықаралық Түркі академиясының ұсынысымен «Нұрсұлтан Назарбаев. Биография» кітабын әзірбайжан тіліне аударған И.Гаспыралы атындағы сыйлықтың лауреаты Аида Эйвазовамен, «Қобыланды батыр» жырын әзербайжан тіліне аударған
филология ғылымдарының докторы, Баку славян университетінің профессоры Низами Мәмедов-Тағысоймен етене танысқанымызда Хазар түбінен тапқан гауһар тапқандай қуандық.
Әзербайжан еліне сапарымыз Бакумен шектелмей, Сумгайыт қаласына да жолымыз түсті. Сумгайыт та жасыл желек жамылған аса көркем қала екен. Бізге, әсіресе, мұндағы патшаның сарайынан кем түспейтін Поэзия үйі әсер етті. Осынау тамаша сапарды ұйымдастырушылардың бірі – ақын Дәурен Берікқажы өз сөзінде талай шетелді араласа да, поэзияның құрметіне осындай тамаша сарай тұрғызылуын алғаш рет көріп тұрғанын айтты.
Қазақ ақындары антологиясының тұсауы ақын Ибрагим Иляслы басшылық ететін осы ақ сарайда кесілді.
Бес күнге созылған осынау рухани шараға қатысушылардың көксеген мақсаты – біреу ғана. Ол – түркі халықтарын бір арнаға тоғыстыру.
Тарих тереңіне бойласақ, 1926 жылдың 26 ақпаны – 6 наурызы аралығында Бакуде бірінші Бүкілодақтық түркологиялық съезд өтті. Съезд қаулысына барлық түркі тілдес халықтар латын графикасына негізделген жазуды қабылдайтын болсын деген қаулы қабылданды. Өкінішке қарай, бұл съезд осы мақсаттағы алғашқы әрі соңғы жиын болды. Оған қатысушылардың бәрі НКВД құрығына түсіп, атылып кете барды. Қазақ, әзербайжан, басқа да түркі халықтарының әліпбиі мәжбүрлі түрде кириллицаға көшірілді. Жалпы, латынға негізделген қазақ және әзербайжан әліпбилері егіз болған. Қазіргі әзербайжан әліпбиінде «ә» әрпінің сақталып қалуы «Бізге де неге осы әріпті сақтап қалмасқа?» деген ой салды.
Бакудегі басқосулар бабалар арманының жаңғырығындай әсер етті. Алыстан келген және Әзербайжан еліндегі қандастарымыздың көкірегінен осынау ұлы арманды көрдік, сезіндік. Бес күн бойы әр ұлт өз тілінде сөйлесе де, бір-бірімізді жүрекпен ұғыстық. Өз жеріміздегі «түсінбей қалар-ау» деп жалтақтап орысшалауды ұмыттық. Және «Қазақпын!» деген сөзді, дүкендегі сатушы да, көшедегі таксиші де жаны қалмай ілтипат көрсететінін біліп, мақтана әрі еркелей айттық.

Әзербайжан тіліндегі антологияға 56 ақынның шығармасы енген болса, Бакуге соның жиырмасы барды. Олар: Астанадан - Дәурен Берікқажыұлы мен Танагөз Толқынқызы, Дәулеткерей Кәпұлы, Нәзира Бердалы, Азамат Есалы, Олжас Қасым; Қарағандыдан – Жанат Жаңқашұлы, Қуаныш Медеубаев, Рауан Қабидолдин, Айзада Рақымжанова, Жәнібек Әлиман; Ақтаудан – Анар Шамшадинова; Қызылордадан – Толқын Қабылша; Ақтөбеден – Индира Керей; Талдықорғаннан – Сағыныш Намазшамова, Алматыдан – Ақберен Елгезек, Алмас Ахметбекұлы, Екібастұздан – Жанаргүл Қадырова, Түркістаннан – Гүлнәз Файзолла (аудармашы). Шараға қатысқан барлық ақын Әзербайжан Республикасы Президенті жанындағы Жазушылар қоры мен Әлемнің жас түркі жазушылары одағы тарапынан Алғыс хатпен марапатталды.
Жанымыздан бес күн бойы бір елі ажырамаған Әкбар Ғошалы, ақын Сәбина Бабалы және журналист Әфсана Алескерлимен, жалпы әзербайжан халқымен қимай қоштастық. Артымыздан қол бұлғап қалған Әкбар бей көзіне жас алды.
Баку менің жүрегімде тұрғындары елжанды, ержүрек һәм қазақты жақсы көретін қала ретінде қалды. «Біз саған әлі ораламыз, Баку!» деп ойладым кетіп бара жатып. Ақ бұлттар арасында қалықтап бара жатқан жиырма жүректе Баку жайлы жыр шумақтары туып жатты...

 Жанаргүл Қадырова,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста