Баян Мақсатқызының әкесі қызын қаралағандарға жауап берді
Ұлт порталының поштасына танымал продюсер Баян Есентаеваның әкесі - тарихшы, түрколог, мәдениеттанушы Мақсат Мұхитденов мырзадан хат келіпті.
Кеше фэйсбукта Сұлтан Қадір деген замандасым Ф.Раневскаяның «Под самым красивым хвостом павлина скрывается самая обычная куриная жопа. Так что меньше пафоса, господа» - деген, мәтел болып кеткен сөздерін келтіріпті. Осы пайымдауға Нұрболат Хайруллаев бауырымыздың жазғаны: «Фаина апамыз жақсы айтқан екен, шындығында әдеміліктің шынары болып жүрген адамдардың қарапайым пенде, құдайдың құлы екендігі рас қой». Сұлтан Қадір: - «Әдемілік ол - әдемілік... Мені қынжылтатыны - өрекпе сөз, даңғой тұжырым», - дейді тағы.
Бұл қалай басталып еді...
Анар Төлеухан. 31. 12. 2017.
Құрметті достар! Өздеріңізге арналған 100 тілектің орындалуына дұға ете отыра ұлттық жауһар "Қозы-Көрпеш-Баян сұлу" жырына жасалған қиянатқа қарсы жұмылған жұдырықтай қимылдарыңызға разы болып, Аллаға мың мəртебе тəубе айтып отырмын. Ерлан Қарин хикаяттың енді көрсетілмейтінін айтыпты. Төсекте жатып жазу оңайға түспесе де, шыдауға мүмкін болмай пост жазып едім, қолдап кеткен əріптестердің арқасында ашық хат жарық көрді. Бақыт Жаншаева ханым Гүлмәрия Барманбекова екеуміздің арамызды жалғап, Гүлекең ойды қорытып, мəтінді жазып шығып, өзімізбен үндес деген адамдар екені анық деп Өмірзақ Ақжігіт пен Жолымбет Мәкішті қостық емес пе, құдай ұрғанда Шара Турмаганбетова сол алғашқы тізімге ілікпей де қалыпты. Бірақ Шəкең деген жасын ғой, жарқ етіп алғашқы болып қол қойды. Қазыбек Иса қуаттап, "сайтқа жариялайық" деп халықтық үн қуат алып, өздеріңіздің жанашырлықтарыңыздың арқасында қисық кетіп бара жатқан көш бетін түзулепті. Қуаныш қой бұл. Біздің үніміз жерде қалмады. Ерлігі жетіп мойындай алған Ерлан Каринге де респект!
Келер жылда да ауызбірлігіміз, ұлттық құндылықтарға деген жанашырлығымыз осыдан артпаса, кемімесін. Жаңа жыл құтты болсын!
Бұл қалай басталып еді дегенде, Мен - Мақсат Зайлағиұлы Мұхитденов. Жасым 71-де, руым - Кіші Жүз, Масқар. Кейінірек аттары аталатын - үндес, ауызбірлігі құрыш, ой қорыта алатын, сайтқа жариялай алатын адамдардың суқаны сүймейтін - Баянның әкесімін. Баянның анасы, 51 жыл айотасым Күлжамал. Жасы 69-да, руы - Арғын, Тобықты. Байлығым 5 мыңға таман кітәп, фонотекамда бір мыңнан аса күй, бір мыңнан аса ән, термелер, бүкіл дерлік европа классикасы бар. Баян осы атмосферада өсті, сондықтан кейде ешкі апа бола алады, ал жездең теке деген түсінік жоқ. ”Әке - балаға сыншы”, сондықтан да “Алаш” сыйлығының иегерінен өресі әлдеқайда жоғары. Айтпақшы, кітапханамда Қазыбек ақынның шығармалары жоқ, бірақ тауып бір екі кітәбімен танысып шығып, “Алаштың” ауылы жырақ екенін түсіндім, сірә мына Баянмен болған жағдайдай ауызбіршіліктің, ұлттық құндылықтарға деген жанашырлықтың арқасында, қисық кетіп бара жатқан көш - “Алаш” елді мекеніне тұрақтаған сыңайлы. Хош, енді төсекте жатса да ”Қозы Көрпеш-Баян сұлу” эпосына жасалған қиянатқа шыдай алмай пост жазған Анар Төлеухан қызына келейік. Анар ханым дейін десем, “ханым” тек қана ханда болар-ды. Анар бике, Анар бикеш дейін десем, ауырып қалыпсыз, жастар ауырмайды ғой, Анар бише дейін десем, жұбайыңыз - күмән, байда ғана бише болады (бәйбіше/байбише). Сондықтан да Анар Төлеуханқызы “Әліпті таяқ деп білетін” - сіз екенсіз. Барлығы сізден басталған екен дегенім ғой. Құдай қолдап Бақыт Жаншаева ханым Гүлмәрия Барманбекова екеуіңіздің араңызды жалғап, Гүлекең ойды қорытып, мəтінді жазып шығып, өзіңізбен үндес адамдар екені анық деп Өмірзақ Ақжігіт пен Жолымбет Мәкішті қосып, құдай ұрғанда Шара Турмаганбетова сол алғашқы тізімге ілікпей де қалыпты. Бірақ Шəкең деген жасын ғой, жарқ етіп алғашқы болып қол қойыпты. Қазыбек Иса қуаттап сайтқа жариялайық деп халықтық үн қуат алып, "лидерство", көшбасшылық Қазыбек Исаға өтіп кетіпті.
Қазыбек Иса: Раxмет сіздерге Анар Төлеуханқызы, Гүлмәрия Барманбекова, Бақыт Жаншаева xанымдар! Алла жар болып, Жұлдыздарыңыз жарқырай берсін! Жаңа жыл жақсылықтар жылы болсын!
Аянышты-ақ! Анар Төлеухан қызы, журналистсіз ғой, ендеше, біліп қойыңыз, ешкім “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” эпосына қиянат жасаған жоқ. Бұл эпостың 12-15 шақты нұсқалары болса керек, башқұрт, алтай тіліндегілерді санамағанда. Менің өзімде 8 варианты бар. Сол варианттардың негізінде “Қозы Көрпеш-Баян сұлу“ деген 6 сериялық телесериал түсірілді. Ал эпостарға қиянат жасау үшін оларды білмеу керек. Фильмнің сценариін жазған адам жырдың варианттарын білмеді деп айта алмаймын.
Меніңше, біреуді нақақтан-нақақ күйдірмеу үшін, айтып тұрған адам сауатты болу керек, нағыз ақиқатына жүгінсек, кітәп оқуы керек. Гүлмәрия Барманбекова, міне сіздің сөзіңіз: “Баянның аузына “Қодарға тимеймін, әке-шешемнің өзі тиіп алсын” деген сөз салыпты. Ал оригиналға келсек: ”Етегімді жел ашып жүрген емен, Қозыкеден басқаға күлген емен. Әке неке қи дағы тіке өзің ал, Елден бура салғандай інген емен. Әке, неке қи дағы тіке өзің ал, Елден айғыр салғандай байтал емен”. Бабалар сөзі. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”. Молла Рахым нұсқасы. 127 бет. Ал шындық қайда жатыр – жырды ардагер журналист біле ме, әлде сценарист біле ме?! “Қуырдақтың көкесін – түйе сойғанда көресің”. Бұл пайымдаулар журналист Анар Төлеуханқызына тиесілі. Бірақ сол Сұлтан Қадір замандасым айтқан “өрекпе сөз, даңғой тұжырым»: “Қарабайдың алдында ұзын шапандарына сүрінген мауыздай 3 еркек ойбайлап жатыр. Отардан 5-6 қой ұрланыпты. Кəріне мінген бай үшеуін де ұрып-соғып, тауып орны толтырылмаса, ақысын өнідіретінін айтып сабап жатыр. О заманда, бұ заман бір отар қойды 3 адам бағып, қой алдырғанын кім естіген? Ал осы жерде Баян əкесіне сөйлейді. «Өздері өлейін деп жүрген жалаңаяқ кедейдің қай малын алмақсың?» Бойжеткен қыздың əкесіне емес, мыңғыртып мал айдатқан бай баласына ойын өктем жеткізетін бір елдің анасы - үлкен ақыл иесі бəйбішенің, оралымды ойына маңындағы жұрттың тыныштығы бірінші оралғанда шеше ғана көп көзінше тіліп айтар сөз. Баянның сөзі деп тыңдай алмайсың. Ол аздай «ұрыларды артынан қуып, тартып алу керек» деп өңмеңдеп, əкесін тыңдамай атқа қонып, тасырлап, жолындағысын жапырып, үлкен-кішіні жасына қарап айырмайтын, ат төсімен кімді де болса қағар есерлеу, əкесіне түйеден түскендей қатты сөйлеген бейəдеп Баян мен жырдағы Баян арасын салыстыра ойлаудың өзі күнəдай”.
Құрметті Анар Төлеуханқызы, Қарабайдың қандай қатігез адам екені туралы айтудың қажеті жоқ, ал бір отар қойды үш адамның бағуы фантастика жанрынан емес, тіпті о заман да бұ заман да емес, күні кеше бір отар қойды бір жанұя болып баққан жоқ па! Ал “кинодағы - әкесін тыңдамайтын, өңмендегіш, үлкен-кішіні айырмайтын, есерлеу, бейәдеп Баян мен жырдағы Баян арасын салыстыра ойлаудың өзі - күнәдай” - депсіз. ”Күнәдай” болмасын салыстырып көрейік.
Біріншіден Баян байдың жалғыз қызы (детсад тәмәм).
«Баянды еркеш дейді, аты - Еркеш, Көп қойды бастайтұғын көсем серкеш. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу”. Бекмұрат Мақанов нұсқасы. Бабалар сөзі. 55 том. 214бет.
“Баянды Еркеш дейді еркелетіп, Кигені - кәмшәт бөрік, күміс етік”. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу”. Бекмұрат Мақанов нұсқасы. Бабалар сөзі. 55 том. 223 бет.
Екінші, бейәдеп Баянның әкесімен арадағы диалогты қараңыз. “Жүк түсіріп, үй тігіп жатқанында, жүгіріп Қарабайға Баян келді. Әке бір дерт жабысты маған, - деді, Шығарғалы келіп ем саған, - деді. Ішім толып барады қайғы-дертке, Дерттің емін тауып бер маған, - деді. Балам-ау, не дерт саған болды, - деді, Дерт жабысты дегенің жаман, - деді. Қыз бала қонбай қырға шықпас болар, Дертіңнің мәнісін айт маған, - деді. Тазшаның қиуадан табылғаны, Қой жусап ойпаң жерге аңырғаны. Қой өңгеріп санымнан шымшып алды, Тазшаның шымшығаны не қылғаны? “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” Дәндібай Айтбаев нұсқасы. Бабалар сөзі. 55 том .41 бет.
Үшіншісі тіпті кинодағыдан да асып кетті. Баян қанішер. “ Қара күңнің көргенін Баян білді, Ұйқылы – ояу сескеніп тұра келді. «Барып әке – шешеме айта ма» деп, Сезіктеніп бұл күңді өлтіреді. Қоңқабай Мейірманұлы нұсқасы. Бабалар сөзі. 55 том. 172 бет.
Құрметті, Анар Төлеуханқызы, мына дәлелдерден кейін жырдағы Баян мен кинодағы Баянды шатастырып алғаныңыз үшін «Қозы-Көрпеш» телесериалын түсіргендерден кешірім сұрайды-ау деген жаман ойым болып тұр. Жаныңызға Иса ғ.с. мен Барманбекованы ертіп алғаныңыз дұрыс болар еді.
Хош. Енді ардагер журналист Барманбековаға көшейік: - «Немесе мына бір тұсқа назар аударыңыз: «Құшағына өзі келіп құлаған қыздан бас тартатын қандай жігітсің?». Сериалдағы жігітке өзі асылған қыздың сөзі… Ардагер Барманбекова эпостың бұл беті де сіз үшін құпия екен, таңқалып тұрсыз ғой. Ұйықтап жатқан Қозының жанына келіп Баянның айтқан сөзі: ”Жалғызым, мен қасыңа келіп тұрмын, Көңлімді шыныменен беріп тұрмын. Жапанға жалғыз біткен сен бір шынар, Құлын-тайдай айқаспай болдым құмар”. Бабалар сөзі. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” Дәндібай Айтбаев нұсқасы. 58 бет. Сценаристтің, журналисттерге қарағанда (Ау, журналшы бауырларым, барлығыңыз туралы айтып тұрған жоқпын, тек қана аттары аталып, түстері түстеліп тұрғандар туралы М.Б.) эпостан хабары барлығының тағы да куәсі болып отырмыз!
Барманбековадан: «Сен бақытты болуға тиістісің» дейді, Баянды шығарып салып тұрып анасы. О заман да бұ заман, қазақ анасы кетіп бара жатқан қызына бұлай сөйлемеген, «Бір Аллаға тапсырдым», «Жаратқан Ием жар болсын», «Барған жеріңде бағың ашылсын» деген. Ал мынау барған жерін бақытты ететін емес, барған жеріне бақыт іздеп баратын, тәрбиесі кеміс ананың айтатын сөзі». О заман да бұ заман, сіз өзіңіз айтып тұрсыз «Барған жерде бағың ашылсын» дейді деп. Сонда не мына кинодағы «тәрбиесі кеміс ана» кетіп бара жатқан қызына «сен барған жеріңде бақытты болуға тиісті емессің» деп айтуы керек пе?! Логикамен дос болу керек ардагер, журналист. Және тағы айтарым "бақ", "бақыт" ұғымы бүкіл алтай тілдері аумағына таралған ұғым, тіпті корей тілінде де бар, олар «пак» дейді. Ондай ұғым сол кезде де болғанының куәсі деп санаңыз: - “Ей, байым, саған берді мал менен бақ, Жаратқан баршамызды бір жалғыз Хақ”. Бабалар сөзі “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”. Дәндібай Айтбаев нұсқасы. 55 том. 58 бет.
Максат Байлы. Біздің заманымызға дейінгі V ғасыр. Қозы Көрпеш-Баян Сұлу уақиғасы бейнеленген деген тұжырымдар бар. (Академик Граков, Академик Марғұланнан).
Барманбековадан: «Шығарманың тілі жұтаң, әдептен жұрдай, сол заманның сөз саптасын, психологиясын бере алмаған, керісінше ұлттық әдет-ғұрыпты мансұқтаған тұстар жетіп артылады». Мен сізге былай айтамын, «әдептен жұрдай ма» сол тұсын көрсетіңіз, «сол заманның психологиясын, сөз саптасын» да көрсетуге міндеттісіз (Ол өте қиын. Базар жырау айтып кеткен: «Әр заманның өзіне ылайықты саз болар». М.Б), «ұлттық әдет-ғұрыпты мансұқтаған тұстары жетіп (тіпті) артылады» сын да аямай, құйырығынан ұстап, «міне - жау» десеңіз ғана кейбіреулер сенуі мүмкін, ал бұлжымас сенімге ие болу үшін тер төгілу керек , ал басқаша болса, сол Сұлтан Қадір айтқан «өрекпе сөз, даңғой тұжырым».
Гүлмәрия Барманбекова. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сериалындағы Баян рөлін ойнаған қыздың болмыс-бітіміне байланысты әлеуметтік желідегі көпшіліктің сынына Ереке деген бір бауырымыз мынандай пікір қалдырыпты: «…сұлулық стандартын орнатуға ешкімнің құқығы жоқ. Фильмге түскен қыздың түр-әлпетін плинтустан төмен түсіріп, мұндай пост жазғаныңыз жиіркенішті! Баян сұлуды өз көзіңізбен көрген сияқты сөйлеу не нәрсе бұл… Шетелге ұят демей-ақ қояйық, шетел біздің эпостар тұрмақ қазақ елі бар екенін енді естіп жатыр». Гүлмәрия Барманбекова, болмыс бітімге байланысты көпшіліктің сыны емес, сіздің жеке сыныңызға қарсы айтылған Ерекенің пікірі болатын және де әділетті пікір еді. Сіз - журналистсіз, ардагер журналистсіз, кинода Баянның ролін сомдаған актрисаны қайта – қайта қорлауға құқық берген кім? Журналистік этика деген деген ұғым бар емес пе? Келтіре кетейін «… Санасы жалаңаш, жанары ойсыз, әдептен жұрдай, бетің бар жүзің бар демей, орынсыз ауызекі тілмен сөйлей салатын, жалғап алған жасанды кірпігі жалпылдап, тасыраңдаған таңқы танау қара қыз - сериалдағы Баян осындай».
О, пірім-ай! Араша! Бұл ардагердің айтатын сөзі ме! «Әкесін сабағанды көріп едік, бірақ арбаға байлап сабаудың» кері болып тұр емес пе! Тағы да келтіре кетейін, бұл алдында айтып кеткен, актрисаға жанашырлық танытқан Ереке деген жігітке қайтарған қарымтаңыздан: «Бірақ сол сен айтып отырған шетелің ендігі жерде қазақ деген халықтың сұлулық жайлы талғамының тым биікте жатқанын біле жүруі тиіс! Қазақтың нарқасқа жігіттерін таңқылдырған таңқы мұрын тәмпік қыздарға көзінің қырын да салмаған”. Ардагер журналист Гүлмәрия Барманбекова сіздің теңеулеріңіз, адамның жеке басын қорлау деп саналып заң жүзінде сарапталуы да мүмкін. Оған да бара алатынымды ескертемін.
Хош, енді барлық пәле менің қызым Баяннан екеніне иманындай сенетін Қазыбек мырзаға келейік. "Бауырым" деп айта алмаймын, оған себеп көп, тіпті түріңізден де көріп тұрмын бауыр емес екендігімді. Өкпелемеңіз, өзекжардымызды мәймөңкелемей бетке айтатын тұқымнанбыз. Сізге Баян соншама не істеді? Бір емес, екі емес «Қазақ үні» деген гәзитіңіз Баянды популизация/пиар жасауда алдына қара салмай келеді, «Баянның ботқа шоуы ма, тағы да басқа әдемі, жүрекке жылы тиетін атаулармен». Ал осы жолы тіпті ерледіңіз! Оңай емес қой, «Баянға Баянды қорлатпаймыз, Баян руханиятымызды өшіруде» деп ұрандатып тұрған, өзіңіз бүгін ғана мақтанғандай, үш жүз қол жинау, жол болсын!. Бірақ рахметімді де айтып кетейін, Баянда бүгін екі миллион тоғыз жүз мың подписчик бар еді, мына сіздің қазақ руханияты үшін жанқиярлықпен, талмай істеп жатқан делдалдығыңыздың арқасында, ертең үш миллион бес жүз мың подписчик болатынына сенімім мол.
Хош енді сарапшысымақтардың таза өтірік, жала жабуларына көшейік. «Соншама жұпыны киімдерге, қарай отырып…» Сіз, Г. Барманбекова «соншама жұпыны киімдерді» қайдан көрдіңіз, қай персонаждың үстінен. Баяннан ба, Қозыдан ба, Қарабайдан ба, Қарабайдың бәйібшесінен бе, Талшыннан ба, Қодардан ба, қарақшылардан ба… Осылай соза беруге болады. Қаламыңызға ие болсаңыз, Г.Барманбекова. «Шаңы бұрқыраған тұрпайы көріністер» депсіз. Кино Асы жайлауында түсірілді, қайдағы «бұрқыраған шаң», қандай «тұрпайы көріністер» болуы мүмкін, ақ шаңқан киіз үйлер, байдың үйінің интерьері, өрнектелген сандықтар, жүкаяқ, кілемдер мен киіздер, тұскиіздер, ауыл өзеннің жағасында орналасқан, биік сарқырама. Г. Барманбекова: «бір кездері жер бетінде мал соңында тентіреп, тілім-тілім боп көшіп-қонып жүрген, эстетикалық, этикалық тәрбиеден жұрдай қазақ деген халық болған екен-ау, мына сериалды түсірушілер болмаса, бұл «жаңалықтан» мақрұм қалмақ екенбіз-ау деп ойлауға мәжбүр боласың». Г. Барманбекова осы киноның «мал соңында тентіреп, тілім-тілім боп көшіп-қонып жүрген, эстетикалық, этикалық тәрбиеден жұрдай қазақ деген халықты» қай жерінен көрдіңіз. Таңым бар, бұл фильмнің «сараптамасына» сұраныс бергендер неге сценарийден де, режиссурадан да, кинода 200 адам массовкаға шақыртылғанынан да, 100 жылқы, 500 қойға тапсырыс берілгендігінен де, 20 каскадер шақыртылғандығынан да, каскадерлардың аттары да цирктен әдейі алдырылатынан да, киноөндірістен де, видеооператордың жұмысынан да, эпостың варианттары болатынан да, актерлердің ойынынан да, дикциядан да, киномузыкадан да ешқандай хабары жоқ адамдарға тапсырыс береді екен?!
Шаршатты, болдым...
Мақсат Мұхитденов, тарихшы, түрколог, мәдениеттанушы