Әскери журналистиканың діңгегі

Әскери журналистиканың діңгегі

Қазақстан әскери журналистикасының негізі Ұлы Отан соғысы жылдарында қаланғаны аян. Сол бір отты жылдары елімізден шыққан 72 әскери тілші қолындағы қаруын қаламмен алмастырып, жауды күйретуге атсалысты. Жалпы, майдан шебіндегі көркемсөз өнері – публицистиканың көтерген жүгі де, маңызы да айрықша болғандығы белгілі.

Онда кестелі сөздің құдіреті арқылы жауынгерлердің рухы жанылды, сарбаздардың жүрегіне ертеңгі жеңіс күніне, жарқын болашаққа деген сенім ұялатты. Әскери тілшілердің ұрыс даласынан жазған мақала, очерктері жауынгерлердің жанпида ерліктерін баршаға аян етті. Майдандық газеттер әскерді жеңіске бағыттаған басты насихат құралына айналды.
Бұдан біраз бұрын Қазақстан Журналистикасы академиясының президенті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры С.Қозыбаевтың «Майдандағы Қазақстан баспасөзі» атты тарихи-публицистикалық кітабы жарық көрген болатын. Сол еңбекте төмендегідей деректер көрсетіліпті:

«Ұлы Отан соғысы жылдары Қызыл Армия қатарында 1000 газет және 15 журнал, ал Әскери-теңіз флотында 143 газет пен төрт журнал шығып тұрды. Орта Азияда тұратын ұлттар арасынан жасақталған әскери құрамалар үшін 42 газет пен жеті журнал шығарылса, оның 16 газеті мен екі журналы қазақ тілінде жарық көрген. Соғыс жылдарында бас-аяғы 4,5 мың әскери журналист тер төксе, оның 200-і – Орта Азиядан шыққандар. Соғыстың соңына таман жалпы әскери баспасөздің бір реттік шығарылымының таралымы 3,5 миллион дананы құрап, әр жауынгердің қолына емін-еркін тиіп отырды».

Осыдан-ақ Қызыл Армия құрамындағы қазақ сарбаздары үшін халқымыздың әскери қаламгерлері майдан шебіне жаңалық жаршысын жеткізушіге айналып, дұшпанды ойсыратуға аянбай-ақ атсалысқандарын көреміз. Соғыс жылдары қазақстандық әскери журналистиканың діңгегін қалаған арда ұлдардың қатарында ең алдымен Б.Бұлқышов, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Д.Снегин, М.Ғабдуллин, Қ.Бекқожин, Ә.Нұршайықов, Б.Жұмағалиев, Т.Ақшолақовтардың есімдерін атауға болады.

Ал осы отты жылдар күндерінен, анығырағын айтқанда, 1943 жылдың шілде айынан бастап осы мерзімге дейін жарық көріп келе жатқан елімізде бірден-бір әскери басылым – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Отан сақшысы – Часовой Родины» газеті. Оқырманымен қауышқанына ширек ғасырдан асқан аталған басылымының тізгінін бүгінге дейін 14 бас редактор ұстапты.

БАҚ-тың қоғамдық тәрбие, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудегі орны да айрықша. Әскери салада да азаматтардың бойына Отанды қастерлеу, ұлтжандылық, патриотизм сезімдерін сіңіруші жетекші тәрбие құралы баспасөз болып табылады. Ал Шекара қызметінің «тілі мен көзі һәм құлағына» айналған «Отан сақшысы – Часовой Родины» газеті шекарашылардың рухани азық сыйлайтын жаңалық жаршысына айналып қоймай, әр шекарашының жанынан табылатын ақылшысы, олармен бірге Қазақстан шекарасының беріктігі мен қауіпсіздігін нығайту жолында жол бастаған шамшырағына айналды. Ал баспасөз құралының осы ардақты істерді атқаруларына ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры генерал-майор Болат Қырғызбаевтың, сондай-ақ Орталық аппараттың Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының көрсетіп отырған қолдауы айрықша. Нәтижесінде, Отанды қорғаушы қызметтің сабында қаламы қарымды редакция журналистерінің елеулі еңбектері, шығармашылық табыстарының бағындырған асулары айтарлықтай.

Өткен жылдары Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінің екі ел арасындағы Шекара қызметтері жөніндегі сараптамалық-ақпараттық материалдар жариялаудағы, жауынгерлерге әскери-патриоттық тәрбие берудегі еңбегі үшін арнайы дипломымен және «Шекараның алтын қаламы» белгісімен Қазақстанда алғаш рет газеттің бас редакторы полковник Нұрлан Сағымбаев ие болды. Сонымен қатар редакция ұжымы ҚР Парламентінің ел қауіпсіздігін нығайту саласындағы жарияланымдар үшін БАҚ арасында жариялаған байқауда бас жүлдені жеңіп алды.

Сан жылдық тарихы бар газет еліміздің әскери журналистерді дайындаған бірден-бір қасиетті ұстаханаға айналды. Редакция қабырғасынан талай журналист арнайы жүлделер мен атақтарға ие болды. Биылдың өзінде Қазақстан Журналистер одағының шешімімен, редакция журналистері полковник Сағидолла Сиқымбаев «Қазақстан Республикасының құрметті журналисі» атағына ие болса, подполковник Бірлік Ақшолақов пен Кенжебек Сейтмухаммедов арнайы дипломмен марапатталды. Бұл аталған азаматтардың қаламдарынан туындаған қарымды дүниелері арқылы шекарашылардың бойына патриоттық рухты, тағылымды тәрбие мәйегін сепкен сан жылдық еңбектерінің жемісі екені сөзсіз.

Сондай-ақ газетте қаламы қарымды, ойы терең, тілі шешен журналистер жетіп- артылады. Олардың бірі де бірегейлері: подполковниктер Тамара Дәулетбаева, Евгений Грасевич және аға лейтенант Радик Кагеновтерді айтып өтсек, артық болмас. Ал газеттің әр санының әсем де, көркем айшықталып шығуына жанын салып жүрген жауапты хатшының міндетін атқарушы аға лейтенант Назгүл Досмұхамедованың еңбегі зор. Ел шетіне, жел өтіне сан мәрте шығып, объективіне шекарашылардың қырағы қызметтерін сыйдыра білген фототілшілердің де елеулі еңбектері бір төбе.

Бүгінде редакция ұжымының, апталық газетпен қатар, екі айда бір жарық көретін «Шекарашы» журналын шығарып келе жатқанына он жылдың жүзіне жуықтады. Мұндағы мақсат күннің ыстығы мен суығына қарамай, ел қауіпсіздігі жолында шекара шебін күндіз-түні күзетуші шекарашылардың өлшеусіз еңбектерін насихаттау болып отыр.

Иә, шілде айында өзінің шыға бастағанына 67 жылдың жүзі толған «Отан сақшысы» ақпарат айдынында айтарлықтай орны бар, бүгінгі әскери журналистиканың бірегейі екендігі даусыз. Ендеше, Отанды қорғау күзетіндегі үлесі қомақты басылым ұжымына шығармашылық табыс, алар асулары мен самғар биіктері арта берсін деп тілейміз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста