Арзан әзіл сатираға көлеңке түсіреді
Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР, сатирик жазушы:
– Сатираны көпшілік тек езуге күлкі ұялатар жанр ретінде қабылдайды. Бірақ сатирик ретінде кәсіби сатираның мән-мағынасы, мазмұны тереңде жатқанын екінің бірінің пайымдай бермейтіні рас қой?..
– Сатираның мақсаты – қоғамдағы келеңсіздіктерді әшкерлей отырып, күлкі туғызу. Күлкінің екі түрі бар. Бірі жеңіл күлкі болса, екіншісі – сарказмға толы уытты күлкі. Өкінішке қарай, қазір арзан күлкі үстемдік құрып тұр. Уытты, айтары бар салиқалы күлкі жоқтың қасы. Жеңіл күлкі отбасы, ошақ қасында, жезде мен балдыз немесе құрдастар арасында айтылатын әзілден туады. Үлкен сахнаға алып шығуға келмейді, бөтен ортада үлкен әсер бермейді. Ауыздан шыққан сәтте ғана ду күлкі туғызады да, айтылған жерде қалып қояды. Ал уытты күлкі – тәрбие құралы. Онымен қоғамды, адамды тәрбиелеуге болады.
– Сол уытты күлкінің біздің қоғамға жетіспей тұрғаны ақиқат. Бірақ не себепті?
– Оның басты себебі – қоғамның сынды керек етпеуінде. Мәселен, Ғабит Мүсіреповтердің тұсындағы «Ара» журналының пәрмені қандай еді?! Жалпы, ол кезде БАҚ бетіндегі әр сөз өз иесін табатын, жауапсыз қалмайтын.
Қазір «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырықтың» кебі. Айтылады, жазылады, қорытынды жоқ. Ал сахнадағы күлкі мүлде әлсіз. Сатириктер мен күлкі театрларының арасындағы байланыс нашар. Соның салдары болар, театрлар көп болғанымен, салмақты күлкі жоқ. Сахнаға көбіне етектің түрілгенін, отбасындағы ұрыс-керісті, әйелінен қорыққан «ерді» сөз еткен арзан күлкі шығады. Әбден жауыр болған, көзі ашық көрермен әлдеқашан жалыққан, қытықтамасаң, күлдіре алмайтын бірсарынды тақырыптан қашып, тыңнан түрен салған кім бар? Қысқасы, Абай атам айтатын қымбат күлкі уысымызға түспей-ақ тұр. Мәселен, Ресейде сатирик шығармасын сахнаға өзі алып шығады, яғни өзі орындайды. Өйткені олар сахна мәдениетін де қоса меңгерген. Ал бұл дегеніңіз – айтар ойдың көрерменге делдалсыз, яғни ортадағы әртіссіз тікелей жетуіне жол ашады. Егер сатириктің сахнаға лайықтап жазғанын әртіс орындауы керек болса, ол оны өз жанынан шығарғандай түсініп, өзіне сіңіріп алатындай өрелі болуы керек. Сонда ғана сапалы күлкі туады. Бізде осы кемшін түсіп жатыр. Меніңше, қалың бұқара да елдегі саяси, мәдени, экономикалық, әлеуметтік тақырыптардан хабардар болса, жоғарыда отырған, ел алдында жүрген түрлі саладағы алпауыттардың жақсы-жаман қасиеттерін білсе, күлкінің аясы кеңи берер еді.
– Сонда халқымыздың саяси сауатсыздығы мен әзілге деген талғамының төмендігін айтқыңыз келеді ғой...
– Дұрыс айтасыз, мұны белгілі дәрежеде халықтың енжарлығы деуге болады. Бізде саясат жабық жүргізіледі. Халықтың саясаттан хабары жоқ, саясатпен айналыспайды. Биліктегі өзгерістерден, қандай басшы қайда ауысқанынан хабары да, шаруасы да жоқ. Саяси портрет те жоқ. Пародистердің де тек өнер адамдарын ғана айналдыра беруінің бір себебі – осында. Яғни саясатты қалың қауым қабылдай алмайды. Қабылдамағаннан кейін, күлкі тумайды. Сол себепті біздің әртістер осыдан 20-30 жыл бұрын өзекті болған, қазір салмағы жоқ күлкіні әлі де тулақтай тартып келеді. Бұл үрдіс әртісті де, халықты да, сатираны да өсірмейді.
– Халық саяси сатираны түсіну үшін саяси сауатты болуы керек пе? Мұның шешімі неде?
– Былай істеу керек дейтіндей ұтымды ұсынысым жоқ. Меніңше, бұл – уақытпен келетін нәрсе. Мәселен, ел Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары күлкі жайына қалып, күн көру мұң болып кетті. Ел еңсесін сәл тіктеген тұста «Тамашаға» ілесе алғашқы күлкі театрлары құрыла бастады. Олар айтқан әзіл ел аузында жүрді, халық мәдениет орындарына ағылды, күлкі өзін-өзі ақтады. Бірақ одан бері талай уақыт өтті ғой. Осы аралықта тақырып өзгеріп, күлкі байсал тартуы керек еді. Өкінішке қарай, сүйегіне ілініп сол әзіл әлі келе жатыр. Бұқара да арзан күлкіден жалығар емес. Бұл жақсы емес. Жаңа сатыға көтерілмей, күлкінің құнын қайта сараптамай, қоғамда өзгеріс болмайды. «Күлкі – күштілер қаруы» деген сөз бекер айтылмаса керек.
– Қазақстанда саяси сатираны бұрқыратып жазып жүрген жас қаламгерлер аз. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Жас сатириктер аз емес. Мүлде жоқ! Саяси сатираны ғана емес, кез келген тақырыпты қаузау үшін де ішкі дайындық керек. Сөз етпек дүниеңнен хабарың болуы қажет. Сіз өзіңіз сезінбеген, білмеген жайтты бәрібір ойдағыдай нанымды етіп жаза алмайсыз. Ал сахнаға лайықталған сатираның басты мақсаты күлкі туғызу ғой. Ендеше, саяси сауаты жоқ адам қайтіп саясаттан күлкі туғызбақ? Ал аға буын мен жас буынның арасында мен білгелі байланыс болған емес.
– Әртістер сатириктермен немесе, керісінше, сатириктер әртістермен жұмыс істеуге неге құлықсыз? Сіз белгілі бір театрмен жұмыс істеп көрдіңіз бе? Болашақта ондай жоспарыңыз бар ма?
– Ортада бір көпір жоқ. Меніңше, ол көпір ақша болуы тиіс. Жақсы қаламақы төленсе, сатирик сәтті туынды жазады. Ол әртіске ақша алып келеді, көрермені молаяды. Міне, осыны жолға қоя алмай келеміз. Ал маған әзірге ондай ұсыныс түскен жоқ, егер қомақты қаламақы төлесе, бағымды сынап көруіме болады. Ең өкініштісі, әлі күнге сахнаға арзан күлкі толассыз шығып жатыр. Бұл 20 жылға созылды, әлі де 10-15 жыл толастамауы мүмкін. Бұдан көрер зардабымыз аз емес. Себебі өреміз өспейді, сахна мәдениеті сақталмайды. Анайы сөз, ауызекі қалжың үстемдік құра береді. Бұл – сол әзілді жазған сатириктің де, орындаған әртістің де, көріп, күліп отырған көрерменнің де талғамының төмендігі, күлкінің қадірінің қашқаны.