Ақын Ырысбек Дәбей кітаптарының тұсаукесері өтті
Өзіндік қолтаңбасы бар дарынды ақындардың алдыңғы қатарындағы Ырысбек Дәбейдің кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Шық тұнған жолдар» атты поэтикалық кітабы мен «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты эсселер жинағының тұсаукесері өтті.
Ақын Ырысбек Дәбейұлының жаңадан жарық көрген екі кітабының тұсауын кескен Бекен Қайрат, Талғат Кеңесбайұлы, Мақсұт Үзімұлы қатарлы белгілі қаламгерлер ақынның еңбектеріне жоғары баға беріп, шығармашылығына шалқар шабыт тіледі. Күмбірлі күй әсем әнмен өрілген тұсаукесер рәсімінде Ырысбек Дәбейдің өнердегі достары Қалқаман Сарин, Бауыржан Қарақызұлы, Ұларбек Нұрғалым, Ербол Бейілхан және Маржан Ершу, Жанар Айлашова қатарлы ақындар ақжарма тілектерін білдіріп, жырдан шашу шашты. Қарымды қаламгердің қарапайымдылығына тоқталған рухани ағалары Ауыт Мұқибек, Омар Темірбеков және әдебиет сыншысы Анар Қабдоллина автор шығармасын тартымды талдады.
«Мен Ырысбек інімнің бұл кітаптарын оқып шықтым. Әрбір сөзі мірдің оғындай. «Ондыққа» дәл тиіп отырады. Меніңше, Ырысбек Дәбейдің өзін де, сөзін де қазақы қалыпта сақтап қалған арғы беттегі Алтайдың қойнауындағы шағын ғана Шағанқол деп есептеймін. Сол шағын ғана ауылында кісіліктің, қазақ болудың, адам болудың мектебінен өткен автордың бүкіл әңгімелері Абайдың қара сөздері сияқты басталады. Терең ой өреді»,-дейді абайтанушы Омар Жәлелұлы.
Бұдан сырт жазушы Жұмабай Шаштайұлы кітап жайлы ойын оқырманға: «Ырысбек Дәбейдің жазу мәнерінің нақышында ұлттық бояу мол. Баяндау әдісінде автор әстінде үстемдік етпестен кішік қалпын сақтайды. Әңгімелеуші еленбей қалтарыста тұрса да айнала құбылысты қапысыз бағып, айнытпай жеткізуші міндетін мінсіз атқарды. Автордың әлеуметтік зердесі ұлттық нақыш арқылы өзгеше рең алып, өрбиді. Көшпелі өмір салтының өзгешеліктерін көкіректе жаңғыртып, сезіне түсуге итермелейтін қуатқа ие. Жалпы жазудың мың-сан формасының арасынан қазаққа жақын түріне бейім Ырысбек Дәбей сезіну мен жеткізудің далалық табиғатының бояуын дәл тапқандай көрінеді. Ол бұл жағынан шиырлаған іздерден аулақ – қансонар мезгілдің тап-таза сәтін елестетеді»,-деп жеткізген екен.
Айта кетейік, Ырысбек Дәбей 1979 жылы 2 қазанда Қытайдың Алтай аймағына қарасты Шағанқол ауылында дүниеге келген. Жастайынан қолына қалам ұстаған ол 2001 жылы атажұртына біржолата қоныс аударады. Республикалық және халықаралық мүшәйралардың жүлдегері Ырысбектің бұдан бұрын «Мәңгі Мәжнүн» жыр жинағы өз оқырманымен қауышқан болатын. «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы болған ақын бұл күнде елордасы Астанаға қоныс аударып, «Астана ақшамы» газетінде аға тілші болып қызмет атқаруда.
Тұсаукесер кешінен арнайы фоторепортаж
Фото: Ғабит Мадалиев
adebiportal.kz