Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

Папарацци қазаққа керек пе?
«Қапысын тауып, қақпанға түсіру». Міне, қазақша айтқанда, папарацци деген – нақ осы құбылыс! Танымал адамдардың біз білмейтін қырын «ашатын» осы бір жанр қазақ шоу-бизнесінде енді ғана аяқ алып келе жатқандай. «Бейбіт Қорған біреуді жағадан алыпты», «Күлпаш келін ұялы телефон сатушысына қол көтерді» деген ақпараттан құлақтанбаған адам жоқ шығар, сірә. Алғаш естігенде елді елең еткізерлік-ақ, алайда кейін байыппен қарасақ, біртүрлі өсек қуып, елдің "ышқырына" дейін үңіліп кеткен секілді көрінеді екен... Жалпы, папарацци қазаққа керек пе?
Феллини ашқан «арал»...
Түп-тамырына үңілсек, папарацци ұғымы 1960 жылы Фредерико Феллинидің «Тәтті өмір» кинофильмінен туса керек. Папараццо – фильм­дегі бас кейіпкердің досы, фотограф. Аталған кейіпкер кинода маса секілді ызыңдап алып, тұмсығын тықпайтын жері жоқ жан ретінде көрінеді. Папараццо деген атты режиссер өзінің мектептегі досынан алған, яғни қатарластарының бірін өздері бала күнде өте шапшаң сөйлеу мәнеріне қарай осылай мазақтайтын болса керек. Ал ол адам өмірде бар, яғни Феллинидің досы, әйгілі итальян фотографы Тацио Секкья­ро­ли. Папараццоның елге ұнағаны сонша, кейін ол көпше түрде Папарацци делініп, тұтас бір істің, яғни атақты адамдардың «артына» түсіп, қапы­да «қақпанға» түсіретін фотограф-журна­лис­тердің атауына айналды.
Алайда бір деректер папараццидің одан әлдеқайда бұрын бастау алғанын нұсқайды. ХХ ғасыр басында Мәскеу түбіндегі саяжайларда қалтарыста қапысын аңдыған фотографтар то­руыл­даса керек. Олар сол жерде отырып күлкілі жағдай немесе суға шомылушыларды аңдыған көбіне. Бірақ солардың көбі қолға түсіп қалып, көбіне соққы жеп тынады екен. Ал біздің зама­нымызда болса, ондайларға кейбіреулердің өзі тапсырыс беретін болып алған да жайы бар. Біреу­лер жай өзі үшін ұтымды сәтті пайдаланып, өз мұрағатына жинаса, енді біреу бопсалау үшін. Міне, папараццидің түп атасы  кайда жатыр?!.

«Қиярға да пиар керек»...                                                                            
ал папарацци – «маскаларды» сыпыру құралы
«Адамдар ай секілді, үнемі өзінің жарық жағын ғана көрсетіп, қараңғы жағын көлегейлейді де жүреді» деген екен бір ғұлама. Қарапайым адамдар кімнен несін жасырсын, тығылатын сол «жұлдыз­дар»: айдың күні аманда көзіне қара көзілдірік тағып, кепешті басып киіп, көлігінің терезесіне дейін қараңғылап алып жүргені. Қызық, бейне біреу оларды атақты болуға, танылуға ырқынан тыс көндіргендей... Әлде солай жүру «жұлдыздықтың» бір белгісі ме екен? Әйтеуір не керек, қандай атақты әнші болсын, осыдан аз ғана жылдар бұрын елмен бірге қоғамдық көлікте жүре беруші еді, ал қазір бас-басында бір емес, бес машинаға дейін ұстайты­ны бар. Мүмкін, солай көзден таса және көлікте жүріп, қала сыртындағы ел көзінен таса жерде тұрған соң ба, қарапайым адамдарға «жұлдыздар» өмірі құпия әрі қызық көрінетін шығар?
«Папарацци – танымалдардың жеке өміріне үңілуге құмар, шектен тыс беймаза журналист-фотограф», міне, бұл атауға берілген анықтама түрі осындай. Былайша айтқанда, «тұмсық тықпайтын жері жоқ журналист» деген сөз ғой. Бар кілтипан бұл жерде кейіпкердің «Мешкей деген жақсы ат емес» демекші, жоғарыдағы «тұмсық тықпайтын жері жоқ» деген де жақсы ат па өзі? Жақсы ма, жаман ба, кім де болса бұл жерде жексұрынның рөлін өз еркімен алуы керек екені түсінікті. Ал, шындығына келгенде, танымал адамның бейтаныс қыры, бейтаныс болғанда да тосын мінез көрсет­кен адам айыпты ма, әлде сол мінез бойында бар адам айыпты ма?
Марал ТӨКЕНОВА, журналист:
– Адамдар папарацци, не болмаса сары басылым тек өсек-аяңға құрылған дүние деп түсінеді. Дегенмен бізге, Қазақстан шоу-бизнесіне  папарацци қажет. Неге десеңіз, ол – ащы болса да шындықтың айнасы. Папараццида міндетті түрде фото дәлел болады. Мұндай дерек жұлдыздардың, саяси қайраткерлердің және өзге де елге танымал  адамдардың біз білмейтін көлеңке әрекеттерін әшкерелеуге септігін тигізеді. Өкінішке қарай, ел арасында жақсы атағын жаман пиғылмен пайдаланып қалуға құмар жандар кездесіп жатады. «Мен атақтымын» деп Алла заңы мен Ата заңды аяққа таптап,  өзгелердің өмірін құртып жататын кездер де бар. Алысқа бармай-ақ мысал айтайын, елімізде киноиндустрияны дамытып жүрген белгілі режиссердің (нақты дәлелім болмаған соң атын атамауды жөн көрдім) жас қызды құшып отырғанын көзім шалып қалды. Әйелі мен бала-шағасы бар өнер қыранына бұл қылығы жараспайтыны анық. Ендігі жерде қарасам, сол қыз оның киносында басты рөлді сомдап  жүр. Сондағы  ойыма келгені, «әттең, сол кезде фотокамерам болғанда ғой...»... «Сырты бүтін, іші түтін» санатындағы осындай азаматтардың нағыз болмысын тек папарацци ғана ашпаса, ресми БАҚ оны ұсақ-түйек деп қарайды.

«Таспен жапалақты, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі»
Таяқтың екі ұшы болатыны белгілі, ендеше, папараццидің де пайдасы не, зияны не, соған тоқ­тал­сақ. Әлемдік тәжірибеде бұған мысалдар көп, әрине, бірақ соның ішінде де мына бір жағдай ерекше тоқталуға тұрарлық секілді. 1997 жылдың 31 тамызында Париж көшелерінің бірінен әйгілі Диана ханшайымның өлі денесі табылғаны естеріңізде болар. Дүйім дүниені дүрліктірген осы оқиғаға, дәлірек айтсақ, ханшайымның мезгілсіз өлімге ұшырауына  ізіне шырақ алып түскен папа­рац­ци кінәлі деген пікір бар. Алайда ресми сот «2008 жылы ханшайымның өліміне мас жүргізуші кінәлі» деген соңғы үкімін шығарды. Ал бірақ ханша­йым өмірінің соңғы жылдары папарацци талауына түскені рас. Жалпы, Голливудпен, Еуропамен салыстырғанда, біздің папараццидің «ойнамай» қалатыны сөзсіз. Оларда папарацци құны айтарлықтай қымбат, тіпті елді елең еткізіп, сол арқылы басылымға табыс пен танымалдылық сыйлауға тұрарлық папарацци аулаған адамға бір жыл қыбырламай жатуына жетерлік қомақты қаламақы төленеді. Ал бізде ше? «Күлпаш келіннің «көргенсіз қылығын» ашып бердің, жарайсың» дей ме біреу? Деуі керек пе өзі? Одан кімге не пайда? Болмаса «Қайрат Нұртастың ішіп алып аузына келгенін айтқанын айдай әлемге паш еттің» деп басынан сипау керекпіз бе? Болмаса содан Қайратты тыңдамай кеткен, жек көріп қалған біреу бар ма?
Роза ӘЛҚОЖА, әнші:
– Кей көзқарас тұрғысынан қарағанда, «қара пиар» қажет. Сондай ақпаратты әдейі іздеп оқитын, тыңдайтын, көретін аудитория бар. Шетелде баяғыда өзін таныту үшін белгілі адам өзі әдейі жағымсыз оқиға ойлап табады екен деп естісек, қазір біздің қоғам да соған келді. Ел аузында жүрудің бір амалы – өзі жайлы дақпырт таратып, соның соңын бағып, ләззат алу. Қазақша айтқанда, «атың шықпаса жер өрте» дегеннің кейпі ғой. Мен де бұрын мұндай нәрсеге қарсы емес едім, себебі әлемде бар нәрсе, әйгілі болуы керек деп ойлайтынмын. Бірақ қазір қарап тұрсам, содан басқа бізде проблема жоқтай, елдің назарын арзан, салмағы аз, жеңіл-желпі нәрсеге аударудың түкке қажеті жоқ екен. Өз басым кімді қандай күйде түсіріп жатыр, қай әнші кіммен не істеп жүр дегенге мүлдем қызықпаймын. Ол – адамның жеке пендешілігі. Имандылық тұрғысынан алғанда да, біреудің артынан аңдып, айыбын айдай әлемге паш етуді Жаратқан да құптамайды. Себебі пенденің күнәсі мен сауабын – тара­зылау, әділетті жазасын беру – тек Алланың ғана ісі. Ал әлгіндей қалтарыста сырт еткізіп  түсіріп, абыройын айрандай төгу деген бекер, себебі адамды адам ашындырмаса, сабасына түсіре алмайды ешқашан. Менің бір таңғала­ты­ным, қазақ қоғамында ешқандай бір жасырын камерасыз-ақ адамның қандай екенін ел-жұрт біліп отырады. Біреуді білгің келсе, оған берген көпшілік бағасы-ақ жетіп жатыр. Ал әлгіндей қара пиар, керісінше, кейде жақсы адамды жұрт көзіне жаман қылып көрсетіп, соңынан өшпестей қара дақ қалдыруы мүмкін, тіпті бір адамның өміріне кері әсерін тигізуі де ғажап емес. Сондықтан да мен дәл қазіргі уақытта папарацциге де, қара пиарға да қарсымын.

Түйін:
Әлеуметтік сауалнама ретінде, Faсebook желісінде дәл осы пікірді талқылауға тастап көрдік. Бір оқырман «Өнер адамдарын періште көретіндер көп. Тіпті табынып та кетеді оларға. Сондықтан олардың да пенде екенін нақты деректермен көрсету керек шығар...» десе, енді бірі «Папарации керек емес, үйде отырған әжелеріміз аман болсын!» депті. Расында, сымсыз, тіпті дымсыз деген заманның өзінде отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарайтынын ата-бабаларымыз айнытпай айтып кеткен.


«Еңірей-еңірей ән салмай, әншінің ісі бітпей ме?»
Шіркін, заманның мамыражай кезі екен ғой, «Еңку-еңку жер шалмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме?» деп жырлайтын. Ал бүгін?... Бұрынғы егеулі найзаны қолға алып, ел қорғайтын соқталдай азаматтар бүгін оны біртұтам микрофонға алмастырып, елді еңіретуге көшкен. Келісесіз ғой? Тізім басында Нұртастың немересі...


Ол тіпті аққулардың өзіне «шуламаңдар» деп әмір береді. Себебі оның «жүрегі жылап жатыр». Қайрат сондай-ақ «құлай сүйген, жылай сүйген» жігіт. Алғаш «Арман» әнімен шыққанда-ақ ол сонысын айғайлай жар салған.  Сол-сол екен, оған Ғаділбек Жанай қосылмасы бар ма? Сөйтсе ол жұбататын жүрек таппай жүрген екен. «Жылама жаным, кінәламағын» деп шыға келгені. Жұбану қайда, біреу «жылама» деген сайын егіле, ақыр соңы солқылдауға дейін баратын әдеті емес пе адамның? Халыққа өтті ғой деді ме, Ғаділбек бірінен соң бірін шығарды. «Өзге жанның қолындағы мен ұнатқан гүлсің бе?» деп ән шығарды, өзінің жылау сырын түсін­діргендей. «Күрсінбе» дей отыра, күрсіндірді. Ақыр аяғы әншіміз «Мен сені сүйем бірақ жаным, қосыла алмаймыз біз екеуміз» деп қайырды. Өзі күдерін үзді ме, әлде өзі әлі қимай жүрген арудың күдерін солай үзгісі келді ме. Әлгі әнді тыңдаған сайын қайта «Елім-айды» айтпай-ақ, «қара көзден мөл­тіл­деп жас келеді» біртүрлі... 
«Ауырмайды жүрек» деп өзіне-өзі ме, әлде өзгені ме, алдағансиды әйтеуір.  Ауырмай қайтсін, егер үздіксіз жылай берсе. Сірә, мына біздердің де жанымыз «жылауық» болып алған-ау, себебі жүзден жүйріктерді таңдаған «Саз әлемінде» апта сайын бірлігімізді беріп, байқаудың бас жүлдесін Қайраттың «Ауырмайды жүрегіне» әпердік. «Мейлісіне» де ар­найы жүлде бұйырды. Марқұм Ержан Серікбаевтың аруағынан айна­лайын, ол қайта кіжіндіретін, адамның өзіне-өзі жігер беретін ән сыйлап ке­тіп­ті Қа­й­­ратқа. Ол, расында, халықтың сүй­кім­дісі бола қойсын, бірақ дәл «Че­м­­п­ион­дар әнін» айтқызбай-ақ қою керек еді. Оны біз ойдан шығар­ғанымыз жоқ, көрерменнің өзі айту­да. Жігерлі әнді жылаңқы дауыспен бастағаны құлаққа тосын естілсе ке­рек.
Негізі, қазір шыны керек, қыздар рөлге отырып, жігіт жылаған заман бол­ды. Жылап жүрген қыз әншіні ұш­ы­­рату қиын, Қалаубаеваның жылау жай­лы әні бар, бірақ онда өзі емес, жы­лайтын – жапырақ.  Жігіттің жігер­сіз­дігі емей немене, егер «Кешір мені» деп жалынса. «Мәжбүр болдым са­ған» деп мойындаса... «Жоқ, жүрегіме қадамашы оқ» деп жерге етпетінен жатардай болып Асан Пердешов жүр. Сырым Исабаевқа тіпті «жылауық әншілердің адвокаты» десек те жара­сатындай. Себебі өзі де сол сарындағы әндерден көз ашпайтын ол «жылауық әншілерді де жақсы көретін тыңдар­ман бар» деп баспасөзге сұхбат бер­ген.
Осындайда «Менің атым – Қожа­дағы» Жанар болғың кеп кетеді ерік­сіз, «сендер бәрің мұнда күліп отыр­сыңдар, ал анда Қожа жалғыз өзі жы­лап тұр» дейтіні бар еді ғой. Бірақ онда Қожа жыламақ былай тұрсын, елді жылатып жүретін жігерлі, есті тен­тек кейіпкер еді ғой қайта. Ал бү­гін­де бүкіл қазақ әні, қазақтың азамат әншілері егіліп, еңіреуге көшкендей тура...


Алашыңа ән сыйла!

Айдарымызға өз жырын ұсынған келесі бір автор – белгілі ақын әрі сазгер Кентау Назарбек. 1965 жылы Семей облысының Абай ауданы Қарауыл селосында дүниеге келген азамат бүгінде елге кеңінен танылғаны бар, танылмағаны бар 100-ден астам әннің авторы. Алғаш 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған қалалық және республикалық байқаулардың жүлдегері атанған ақын, сазгердің он жылдық дүниесі жинақталып,  2005 жылы «Бір бәйтерек, бір шынар» атты әнжинаққа айналды. Бүгін біз Кентау Назарбектің мына бір өлеңін ән шығарам деген сазгер қауымға ұсынамыз.

Бақ қонған күн

Қызығып қарайды жұрт елдігіме,
Ежелден басын иген ерлігіме.
Қазақпын, тәуелсізбін, еңсем биік,
Терезем өзге елдермен тең бүгінде.

Қайырмасы:
Қол жеткен Тәуелсіздік, азаттығым,
Бұл менің қонған бағым, ғажап күнім.
Ұрандап Елтаңбасын, Туын тігіп,
Танылды күллі әлемге  қазақ бүгін.
 
Ынтымақ, бейбіт өмір жыр-әніміз,
Қорғаймыз тыныштықты, қырағымыз.
Өркендеп, қанат жайып өсіп жатыр,
Нық басып болашаққа ұланымыз.

Кең далам көз ұшында сағымданып,
Арманым сан ғасырлық орындалып.
Өзендей қара алтыным ағып жатыр,
Тәуелсіз бар қазақтың бағы жанып.

Өлеңді оқып, жүрегіңізді ән тербесе, 8-775-746-16-32 нөміріне хабарласып, автормен байланыс орнатуыңызға әбден болады. Сондай-ақ газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақын ағайындардың да құлағына алтын сырға!


Мәдина «үшіншісін» дүниеге әкелді...
                                                                                                       massaget.kz
Топ-томпақ, жүні күжірейген күшігімен есте қалған Мәдина Сәдуақасованың «Сүйген жүрегі» қаншама көрерменнің жүрегіне әдемі әсер сыйлағаны анық. Зымыран уақыт, сол бейнебаянның жарыққа шыққанынан бері де алты жыл өтіп үлгеріпті.
Алғаш Арбатта суретші жігітті өзіне ғашық ететін «Махаббат жалыны» клипімен жарқ еткен Мәдина Сәдуақасованың «Сүйген жүрек» екінші әні еді. Бірақ сол екіншіден кейін әншіміз ұзақ толғанды. Алайда алты жылға созылған үзілісте Мәдина әнші сахнадан түскен жоқ. Қайта ән айтып қана қоймай, тележүргізуші болып та көрінді. Содан ба екен, әйтеуір келесі бейнеклипті биыл ғана шығаруды ұйғарыпты.
Адамның ақыл тоқтатқан жасында дүниеге әкелген перзенті ақылды болатыны секілді, байыпты толғаныстан  туған дүние де сапалы болары сөзсіз. Қалай болғанда да көрермен соны күтеді. «Айтатын саған сырым бұл» деп аталатын бұл әннің сөзі ақиық ақын Мұқағали Мақатевтікі болса, әнін Ғалымжан Искеев жазса керек.
Әншінің өзі осы тұрғыда: «Алғаш оқығанымда-ақ менің айтатын әнім екенін бірден ұқтым. Сол себепті бейнебаян түсіруге бел байладым. Сонымен қоса қыркүйек айында жаңа альбомым жарыққа шықпақ. Бұл таспада тек жаңа әндерім жазылады. Ал таспаның тақырыбы әзірге құпия болғанын қалаймын», – дейді.

Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар, e-mail: mauka2004@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста