Алаштың КИНОиндустриясы

Алаштың КИНОиндустриясы

Кастингтен өтпесем де, бетім қайтқан жоқ
Әсел САҒАТОВА:
Әселдің кинодағы тартымды ойынын көрген көпшілік қауым оны бірден жылы қабылдады. «Астана – 2010» фестивалінің «Жыл жаңалығы» номинациясының және Тұңғыш Президент қорының лауреаты, танымал актриса, сәнгер Әсел Сағатова – бүгінде еліміздегі ең танымал және сұранысқа ие актрисалардың бірі.

14 жасынан бастап көп жылдар бойы сән агенттігінде жұмыс істеген Әсел сол кезден-ақ конкурстар мен фотосессиялар­ға, жарнама роликтерінің түсіріліміне жиі қатысады. Кейінірек шетелдік сән агенттіктерінің шақыруымен Бангкокта, Гонконгта болып қайтады. Әлі кәмелетке толмаған қызының ұзақ уақытқа елден сырт кетуі, сабақтан қол үзуге мәжбүр бо­луы ата-анасын қатты алаңдатады. Сөйтіп, олар Әселдің сән бизнесіне араласуына тыйым салады. «Ол кезде өзім де білім алудың маңыздырақ екенін түсіне баста­дым және сәнгер болып істеу де жалық­тырғандай болды. Содан біртіндеп ол кәсіптен кеттім», – дейді Әселдің өзі. Сол екі аралықта киноға түсуге шақырылады. Алайда актриса кастингтен өтпей қалған кездерінің көп болғанын жасырмайды. Бірақ ол сонда да берілмеген. «Мені алма­ды» деп көз жасын төгу немесе басқа нәр­се­мен айналысып кету ойына да кіріп-шықпаған. Керісінше әрбір сәтсіздік сайын киноға түсуге деген құштарлығы арта түскен және күндердің күнінде алғашқы рөлін алған. Яғни 2002 жылы алғаш рет киноға түскен ол «Плач матери Аманкур» фильмінде басты кейіпкердің қызының образын жасап шығады. «Рэкетир» филь­мі­не түскенге дейін бірнеше рөлді еншілеп үлгергенімен, Әсел ол кезде актриса ретін­де өзіне әлі толық сенбегендігін айтады. Ол уақытта ешкімнен актерлік шеберлік жөнінде жан-жақты сабақ алатындай да болмағандықтан, бәрін жұмыс барысында, жүре-келе үйренген. Дегенмен «Әлі де тәжірибем аздау. Білетінімнен білмейтінім көп. Әрине, сеніммен тапсырылған рөлді барынша шынайы сомдауға, өзімнен өткі­зуге тырысамын. Сондықтан әр рөлімде менің де бір бөлшегім бар. Бірақ әр түсірі­лімнен кейін «бұдан да жақсы ойнауға болатын еді» деп ойлаймын» дейді. 
Кішкентай кезінен көркем гимнастика­мен шұғылданған Әсел бүгінде фитнеспен, тау шаңғысымен әуестенеді. Мұның сыр­тында бимен айналысатыны тағы бар. Себебі алдағы уақытта «Звездные танцы» атты жаңа жобаға қатыспақшы. Осы орай­да актрисаның өзі: «Бұл ресейлік «Танцы со звездами» жобасының аналогі. Мұнда танымал жұлдыз бен кәсіби бишіден құралған жұптар бал биінен өзара сайысқа түседі. Қазір менің бар уақытым осы би түрін меңгеруге жұмсалуда. Күнде жат­тығу­ға барып жүрмін. Түсірілімдерге да­йын­далып жатырмыз» деп, күнделікті жұмыс кестесінің тығыз екендігін аңғартты. Әселдің айтуынша, жақында 7 арнада «Они» деп аталатын жаңа реалити-шоу басталатын көрінеді. Онда қазақстандық бақсы-балгерлер арғы жақтағы әлеммен байланыс орнатып, мистикалық құ­пиялар­ды ашуға тырысады екен. Әсел танымал балгер Жан Әлібеков және актриса Эвелина Бледанспен бірге осы жобаны жүргізбекші. Бұл жөнінде: «Бірінші маусым 10 бөлімнен тұрады. Ол жерде Қазақстан мен ТМД елдерінің 1500 бақсы-балгерле­рінің ішінен сыты­лып шыққан, мықты деген сегіз адам үздіктің үздігі де­ген атаққа таласатын бола­ды. Техникалық топтың бәрі түсірілім үшін арнайы Мәс­кеуден шақыр­тыл­ды. Ме­диумдардың күшін танымал америкалық продюсер Боб Ван Ронкель, Ресейдің халық әртісі Андрей Соколов және еліміздің еңбек сіңірген әртісі Жанна Қуанышева бағалайды. Тәуелсіз сарап­шы­лардың қатарында акт­риса Гүлнар Дос­ма­това, те­ле­жүргізуші Диана Снегина, Игорь Сахар және «Немцы и кино» кабаресінің дирек­торы Эва Бэхер бар», – деп ағынан жарылды. Оның бәрі өз алдына, Әсел бо­ла­шақта Тұмар ханым образын сом­дауды армандайды. Қол жет­кен табыспен шек­тел­меуді басты ұстанымына айналдырған талантты актри­са барлық замандастарын әрқашан алған бағыттан таймауға және арманға сенуге үндейді...
Сәруар САҒЫМ


Қарақшылар отандық фильмдерге ерекше шүйлігуде

Алматыдағы Әділет департаменті контрафактілі DVD-дискілердің рейтингін анықтады. Нәтижесінде жергілікті қарақшылардың Голливуд блокбастерлерін емес, бәрінен бұрын қазақстандық өнімдерді қолдан жасап, сата қоюға ерекше ынталы екендігі белгілі болды. 
Бұл орайда Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласы» қарақшылардың жүрегіне алабөтен жол тауыпты. Осы көктемде ғана экранға шығып, бір апталық көрсетілімінің өзінен 1 миллионға жуық табыс түсірген бұл фильмнен контрафакт сатушылардың қанша пайда тапқанын есептеуге тіпті Әділет департаменті мамандарының өзі тәуекел ете алмай отырған көрінеді. Қалалық әділет басқармасының интеллек­туалдық меншік құқығы бөлімінің бас маманы Әділ Алтаевтың сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері Алматыда  DVD-дискі­лердің қарақшылық жолмен таратылмақ болған және жалпы құны 24 млн теңгені құрайтын 80 мыңға жуық көшірмесі тәркі­ленген. Ең көп көшірілетіндері «Жаужүрек мың бала» мен Тимур Бекмамбетовтің жаңа­жылдық «Елки» комедиясы екен. Одан кейінгі кезекте Голливуд блокбас­терлері тұр.   
Бір қызығы, «Жаужүрек мың баланың» «Меломан» музыкалық дүкендер желісін­дегі ресми рейтингі де жоғары болып отыр. Кинопрокат маманы Нариман Абиевтің айтуынша, тек маусым мен тамыз аралығында ғана 4600-ден астам диск сатылған. «Ол ол ма, бұл картина сатып алушылар үшін аса қат дүниеге айналып отыр, түскен бойда дереу өтіп кетеді, – дейді Н.Абиев. – Екінші орынды «Балалық шағымның аспаны» иеленуде, бірақ одан небәрі 698 диск қана сатылды. Айырма­шы­лығы бірден  көзге ұрып тұр. Сондықтан қарақшылардың не себепті «Жаужүрек мың балаға» шүйліккенін түсіну қиын емес». Мұны естіген Ақан Сатаев: «Бұл фильм арқылы «Қазақфильм» емес, жол­дан қосылған қарақшылардың пайда тауып отырғаны өкінішті», – деген қынжылысын жасырған жоқ.  
Ал Әділет департаментіндегілер «фи­льм­нің нағыз иегерлері табысқа кенелер күн де келеді» деп тыныштандыруда. Өткен жұмада ғана контрафактілі дискілердің 30 мыңы тәркіленіп, өртелді. Оның ішінде қолдан жасалған «Жаужүрек мың бала» да бар. Демек оңтүстік астанада қарақшылық дискілер азая түсті деген үміт зор.


Ер Төстіктің айдаһармен айқасы алдағы айларда ұсынылады
3D форматындағы қазақстандық алғашқы мультфильмнің тұсаукесері қараша айына жоспарланып отыр.

Жәкен Дәненовтің режиссерлігімен түсірілген «Ер Төстік және айдаһар» ани­мациялық ертегісін түсіру жұмыстары үш жылға созылған болатын. Мульт­фильм­­ге әнді композитор Руслан Қара жазған, жалпы, ертегімен 15 адамнан тұ­­­ратын шығармашылық топ жұмыс істе­ген.
Үш бөлімді анимация технологиясы көлемді нысандардың қолмен салынған кескіндемесін, сонымен бірге қимыл-қоз­ғалысты ұстап қалудың motion capture әдісін де қамтиды. Бір атап өтерлігі, «Тинтиннің басынан кешкен оқиғалары» және «Аватар» сияқты Голливуд фильм­де­рі­нің қаһармандары да осындай әдіс­пен кейіптелген көрінеді.
Аталған мультфильмнің сюжеті қазақ ертегілерінің желісіне негізделген. «Біз соның ішінен анимацияда қолдануға болатын және балалар аудиториясына лайықты нәрселерді екшеп алдық. Бұл орайда біз оны жанрға және толық мет­раж­ды мультфильмдердің бүгінгі кейпіне сәйкес етіп жасауға тырыстық», – дейді Жәкен Дәненов. Сюжетіне кел­сек, онда алып күш иесі Ер Төстіктің ай­даһар­ға айналған жер астының зұлым күштеріне қарсы күресі баяндалады. 
Рөлдердің барлығын қазақ актерлері дыбыстады. Мысалы, бас кейіпкер кө­рер­менге «Біржан сал» фильмі және «Сы­ныптастар», «Құрбылар» сериал­да­ры арқылы таныс Дулыға Ақмолданың дауысымен сөйлесе, желаяқты – Азамат Қанапияев, таусоғарды – Бейбіт Мүсі­лімов, көлтауысарды Ержан Түсіпов ды­быс­таған. Сонымен қатар жобаға Ерлан Төлеутай Елдар Отарбаев, Мерей Әжібе­ков, Кәдірбек Демесін және Лидия Кә­ден де қатысқан.


«Қара киімділер-3» жаңа форматта таралды
Кешегі күннен бастап «Қара киімділер-3» фильмі DVD және Blu-ray форматтарында таратыла бастады.


Қазақ тілі Columbia Pictures киносту­диясында түсірілген «Қара киімділер-3» фильмінің кейіпкерлері сөйлеген әлемнің 7-тілі болмақ. Columbia Pictures компания­сы дискілерінің «Тілдер» бөлімінде алғаш рет қазақ тілі пайда болды. Аударманың дәлдігін қамтамасыз ету үшін фильм мәтіні қазақ тіліне ағылшын тілінен тікелей аударылды. Дубляж халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Жобаны қазақ тілінің ерекшеліктеріне сәйкес келетін жаңа фильм деп те айтуға болады.
Дыбыстау жұмыстары Алматы қала­сын­дағы Cinema Tone Production студия­сын­да өткізілді. Ақырғы монтаж жұмыс­тары Лондон қаласындағы Shepperton студиясында жасалды. Фильмнің қазақ тілді нұсқасын шығару үшін АҚШ, Ұлыбри­тания, Ресей, Қазақстан елдерінің маман­дары қызмет етті. Биылғы күзде сонымен қатар «Батыл жүрек» және «Жаңа өрмекші адам» фильмдерінің мемлекеттік тілге дубляжданған түрі де DVD және Blu-ray дискілерінде шығады.


Мадрид қазақ киносына қол соғуда
Мадрид қаласында осыдан бірнеше күн бұрын «Қазақстан мен кино: 1970-2001» атты циклдің ашылуы өтті.


Цикл аясында қазіргі қазақстандық режиссерлердің фильмдері көрсетілуде. Олардың арасында «Тюльпан», «Қыз Жібек», «Көшпенділер», «Мұстафа Шо­қай», «Қош бол, Гүлсары», «Балалық ша­ғым­ның аспаны» және басқа да көркем фильмдер бар. 30 қыркүйекке дейін өте­тін аталмыш цикл испан киноәуесқойлары тарапынан өте жылы қабылдануда.


Өнер үшін жаралған жан еді...
«Бикен Еңлік үшін туған. Бикенге кездескен Еңлік бақытты», – деген екен кезінде заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Айтса-айтқандай, қазақ сахнасындағы алғашқы қадамын «Еңлік-Кебек» пьесасын­дағы Еңлік рөлімен бастаған Бикен Римова тек Еңліктің ғана емес, ұлттық кино мен театр өнеріндегі талай бірегей образдардың бағын ашты. Ойын бүкпесіз ашық айта білетін, ерекше батыл мінезді Бикен апайды әріптестері «Қобыланды батырдың қарын­да­сы» деп те қалжыңдайтын.
Біртуар тұлғаның өнердегі және өмірдегі болмысы, адами бейнесі жөнінде актрисаның ұлы, тілші-ғалым Көбей Құсайынов былайша әңгімелеген болатын...

Шығармалары өз қолынан шыққанына куәмін
– Анам жастайынан көп қиыншылық көрген. Әкесі дәулетті әулеттің өкілі ре­тінде 1928-1929 жылдардағы тәркілеу­дің тұсында екі рет түрмеге жабылған. Қамаудан босаған бойда ауырып қайтыс болған. Әкесінен жеті жасында жетім қал­ған анам училищеде оқып жүрген кезін­де, 17 жасында анасынан айырылған. Қиын­дық­ты көп көргенінен болар, бала­ны көп еркелете бермейтін. Перзент­те­ріне деген көңіл түкпіріндегі терең ма­хаб­­ба­тын мейірімді жанарынан-ақ сезе­тінбіз. Көп ұрыспағанымен, тәртіп бұза қалсақ, кейіп, кейде сабайтын да. Әсіресе қарын­дасыма қатал қарайтын. Бірақ ашуы тез тарқайтын. Үйде әкеміз­дің анасы – әже­міз Мүслима болды. Анам үй шаруасына да, әжемізді күтуге де, жұмысына да үл­геретін. Тамақты ерекше дәмді дайын­дай­тын. Қол қусы­рып отыр­ғанды жақтыр­май­тын. Пьеса­сын жазып болған соң, ал­ды­мен әкемізге оқып беретін. Сол кез­дері «Пье­саларын Бикен өзі жазған жоқ, Шахаң жазған» деген әңгімелер айтыл­май қалма­ды. Әрине, әкем өз ой-пікірле­рін білдіретін, алайда анамның шығарма­ла­ры өз қолы­нан шық­қанына куәмін. Сосын әдемі дауысы болатын. Домбыра тартып, ән айтатын. Үйге белгілі өнер және әдебиет майтал­мандары жиі келе­тін. Сондайда анам Кү­ләш Байсейі­товаға, Ришат және Мүсілім Абдуллин­дерге пародия жа­сай­тын. Өзі бір жағы­нан бала мінезді бола­тын. Азық-түлікті өзі алғанды жақсы көретін. Мен үнемі қасында сөм­келерін көтерісіп жүретін­мін. Үйге ылғи да трам­ваймен қайта­тынбыз. Таксимен қайтуға қанша үгіт­те­сем де көнбейтін. Ол сараң емес еді, бірақ кішкентайынан аштық пен кедей­шілікті көріп өскендіктен, ақшаны босқа жұмсағанды ұнатпайтын. Трамвай ішінде келе жатқанымызда оған ешкім назар аудармай қойса, өзіне тән дауыс­пен: «Көбей, ертең сен немен айналы­са­сың?» – дейтін. Сонда барлық адам анама жалт бұрылып қарайтын.

Бәрін қажырлы еңбегімен жеңді
7-8-сыныптарда оқып жүрген кезім еді. Бір күні анам қызуы көтері­ліп, ауы­рып қалды. Сонда да кешкісін спектакльге баратынын айтты. Әкем «Қызуың әлі түскен жоқ, не денсаулық, не театр!» деді қатқыл дауыспен. Олай сөйлегенін ешқашан көрмеп едім. Анам үндеместен киіне бастады. Райынан қайтара алмасын білген әкем маңдайынан сүйді де: «Кө­бей, анаңды театрдан ажырату мүм­кін емес. Барсын. Сен қасында бол», – деді. Жол бойы ентіге дем алумен болған анам гримерлік бөлмеге кірген соң-ақ өзгеріп сала берді. Ал сахнадағы ше­бер ойынын көріп, анамды тіпті таны­май қалдым. Үй­ге келген соң қайтадан қызуы көтеріліп, ауырып қалды. Сон­да әкем «Сенің анаң осындай, әртістер – ерекше халық» де­ген-ді.
Әкемнен 49 жасында жесір қалған анам: «Қиыншылық кездессе, мұңай­ма, бәрін шыдамдылықпен көтер, бірінші – денсаулық, екінші еңбектің арқасында жеңіп шығасың», – дейтін. 1975 жылы інім Хасан қайтыс болды. Бұл жайт та анама қатты ауыр тиді. Анам осының бәрін қа­жырлы еңбегі арқылы жеңді. 2000 жылы 6 қаңтарда қайтыс болды. Ауру­хана­ға барғаны­мыз­да өзінің ауырып жатқанына қа­рамастан, біздің жағдайымызды сұрап бәйек болатын. Отбасылық дәс­түр ре­тінде 1 қаңтарда үйде бас қо­сып, әрі Жаңа жылды, әрі анамыздың туған күнін тойлайтынбыз. Ауырып жатып: «Ауруха­надан шыққан соң, туған күнімді тойлай­мыз», – деген еді. Ақырғы сөздерінің бірі сол болды. Содан кейін тілге келе алма­ды...
«Өлсек, сахнада өлейік» дейтін
Соңғы жылдары «Жалғыз ғана арма­ным – сендерге масыл болмай, қиыншы­лық келтірмей, дүниеден кетсем» деген сөзді жиі айтатын. Айтқанындай, ауру­ханада он-ақ күн жатып қайтыс болды. Соңғы рөлі – «Естайдың Қорланындағы» Қорлан. 60 жылдай дос болып, сахнада бірге жүрген Хабиба Елебекова апай сол қойылымды қоятын кезде «Түнімен ауы­рып, ұйықтай алмадым. Театрға хабар­ласайын, екінші кезектегі басқа актер ойнасын» дегенде, қашанда жігерлілікті жақсы көретін анам: «Бұл жарамайды, жүр, театрға барамыз. Менің де аяғым ауырады, ентігіп қаламын, жасы келген сайын адам жасармайды. Аз қалды ғой, шыда. Екеуміз жақсылап ойнайық. Өл­сек, сахнада өлейік. Әртіске сол – нағыз өлім» деген еді. Анам сабырлы, сирек күлетін, қаталдау жан еді, мен де сондай­мын. Бірақ анам сияқты еңбекқормын дей алмаймын. Қарындасым да анама тартқан, ер мінезді. Әншілігі, ақындығы бар. Әсіресе дауысы қатты ұқсайды.
Студент кезімде «Там, где цветут эде­львейсы» деген фильмде ойнаған­мын. Алайда анам: «Орташа әртіс бол­ған­нан болмаған жақсы», – деді.
Мен лингвистика теориясы бойынша білім алдым. 20 жылдай Ахмет Байтұр­сынов атындағы тіл институтын басқа­рып, зейнеткерлікке шықтым. Жарым Ғалиямен бір мектепте оқығанмын. Анам шөбереге жете алмай кетті. Менен – екі, қарындасым Меруертсағидан – екі, Хасаннан бір немере сүйді...
Құралай ҚОҢЫР

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста