Академикті еске алуға арналған зияткерлік олимпиада
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде тіл біліміне тың зерттеулерімен із қалдырған филолог ғалым, академик Сейілбек Исаевтың 75 жылдығына арналған зияткерлік олимпиада өтті. Лингвистикалық сайыс осымен қатарынан сегізінші жыл ғалымның туған күнінде өткізіліп келеді.
«Қыздар университеті» медиаорталығының хабарлауынша, «Исаев оқуларының» аясында өткен дәстүрлі білім додасына қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенттері қатысты. Сайыстың алғашқы кезеңі қазақ тіл білімінің теориясы, тіл біліміндегі даулы мәселелер, зерттеуші ғалымдар мен олардың еңбектері туралы сұрақтар бойынша өтсе, екінші турда білімпаз жастардың қазақ тіл білімінің ситуациялық сұрақтарына қатысты пікірі тыңдалды. Олимпиада қорытындысы бойынша бірінші орынды – 3-курс студенті Ә.Тұрдалиева, кейінгі орындарды Р.Әбішева, А.Төлеген, З.Сағын, А.Қалкен сияқты студенттер иемденді. Исаев олимпиадасы соңында студенттер мен қонақтарға академик, профессор Сейілбек Мұхамеджарұлы туралы бейнефильм көрсетілді. С.Исаев 1938–1999 жылдар аралығында өмір сүрді. Ол қазақ тілі грамматикасы мен қазақ әдеби тілінің дамуын зерттеп, тіл білімін жылдар бойы қалыптасып келген қасаң түсініктерден арылтуға тырысты. Наурыздың 13-і күні ғалымның туғанына 75 жыл толды.