Адамдар ақырзаманды айқайлап шақырып жүр немесе ақырзаман қашан болады?
Адамдардың араласуы мұң екен,
Жер шары тез қартая бастады.
К.Э. Циолковский
Ақырзаман туралы ой адамзат пайда болғалы бері өзімен қатар жасасып келе жатқан «ең ежелгі досы» болса керек. Оның қашан және қандай сипатта болатынын ешкім анық білмейді. Бірақ саналы ғұмырында адамдар осы сұраққа жауап іздеуден танған емес. Осыны тиімді пайдалана білген әлемдік киноиндустрия «қасқырлары» бүгінде армагеддон тақырыбындағы киноны жарыса түсіріп, тәп-тәуір касса жинап алып та жатыр. Әсіресе, «2012» фильмінен кейін әлем жұртшылығын кәдімгідей үрей билегендей. Онымен қоса, Жапониядағы әйгілі цунами мен алапат жер сілкінісінен соң, Жер шары тұрғындары тәспісін қағып, тілдерін кәлимаға келтіруге кіріскендей.
Таяуда Йерусалим оқымыстылары классикалық физиканың атасы саналатын Ньютонның 4,5 мың беттен тұратын қолжазбасының құпиясын ашыпты. Онда физик Інжілге сүйене отырып, болашаққа болжау жасайды. Ғалым есептей келе, ақырзаманның дәл уақытын белгілепті, бірақ біз адамның айтқаны емес, Алланың жазғаны болатынына сенгендіктен, ғалым белгілеген уақытты айтуды артық санадық. Алайда бүгінгі жағдайды бажайлап, ғаламшардың экологиялық жағдайына талдау жасау артықтық етпес.
Тіршіліктің басқа түйткілдерін айтпағанда, су, ауа, топырақ және от деп аталатын негізгі төрт элементтен тұратынын төрт жасар бала да біледі. Сондықтан қандай қатерді болсын, біз осылардан күтеміз.
Топан су басу қаупі зор
Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Ғабит Мүсіреповтің күнделіктерінде мынадай жолдар бар екен:
– Ақырзаман бола ма?
– Болады. Бір кезде ауа атмосфера дегенді көмір қышқыл газы – CO2 қазіргі нормадан анағұрлым асып, мұз теңіздерін ерітіп жіберсе, адам баласына, жалпы жан-жануар, өсімдіктерге екі түрлі қасіретті күн туады:
1. Жер бетін топан су басады;
2. Оттегі ауадағы өз нормасынан орасан кеміп кеткен соң, жан-жануарлар уланады. Сол кезде Нұқтың кемесінің де пайдасы болмай қалады. Мұхит суларының өз CO2 газына лық толы болмақ.
Ал атақты болжағыш Нострадамус болса, ХХІ ғасырда адам баласы дамудың бұрынғы түрлерін жолда қалдыратындай жаңа сатыларға көтерілгенімен, ғасыр табалдырығын аттағаннан-ақ жер сілкінісі, топан су басу, жанартау атқылаулары секілді ғаламдық апаттармен бетпе-бет келетінін ескерткен екен.
Енді Ғабеңнің күнделігінде жазылған ой мен әйгілі болжағыш Нострадамус толғамын сарапқа салар болсақ, айтылғандардың біршамасына қазірдің өзінде куә болып отырғанымызды ешкім жоққа шығара қоймас. Ғалымдар бүгінде ауаның түрлі улы заттармен ластануынан пайда болған парниктік эффектінің салдарынан жылдық орташа температура ғасыр сайын үш градусқа жылып отырғанын, соның салдарынан Солтүстік Мұзды мұхиттың ери бастағанын анықтаған екен. «Көлемі жағынан Антарктидадан кейінгі «Жасыл жер» Гренландия мұздықтарының да еріп, теңіздер деңгейінің көтерілуіне әкеп соғып жатқанын табиғаттың кейінгі жылдардағы тосын мінезінен аңғару қиын емес», – дейді олар. Алайда мұндай мәліметтер қарапайым халықтан қашан да құпия сақталады.
Расында, осы уақытқа дейін Германияда, Қытайда, Үндістан, Непал, Бутан, Бангкок, Бангладеш т.б. әлемнің әр нүктелерінде кенеттен орын алған су тасқыны, алапат дауылдардан қаншама адамдар қаза тауып, орны толмас өкініштерге ұрындырғанын білеміз. Соның бәрі – Солтүстік Мұзды мұхитының еруінен. Англиядағы Рейдинг зерттеу тобының жетекшісі Джонатан Грессори: «Бүкіл әлем үшін қорқынышты құбылыс – теңіз деңгейінің 7 метрге дейін көтерілу мүмкіндігі. Оның алдын алу үшін атмосфераны көмір қышқыл газымен улауды тоқтату керек, – дейді. Ал ауа неден ластануда? Бір мезгілде әлемнің түкпір-түкпірімен байланыстыратын әрі теледидар, музыкалық орталықтың, әрі жұмыс құралының рөлін қатар атқаратын компьютерді ойлап таптық. Ал оның қандай жолмен жасалып жатқанын білсеңіз. 24 кг бір компьютерді жасауға 240 тонна химиялық заттар мен 1,5 тонна су жұмсалады екен. Ол біріншіден, фабрикада жұмыс жасайтын адамдардың денсаулығына зиян келтіреді. Екіншіден, ауызсуды ластайды. Сонан соң дайын болған компьютердің өзі ауаны автокөліктерден гөрі көбірек ластайды екен. Бұл – ауаның ластануына келтірілген бір ғана мысал. Бұған қаншама автокөліктерді, зауыт, фабрикаларды қосыңыз. Солтүстік Мұзды мұхиты мен Гренландия мұздарының еруі осы жылдамдықпен жалғаса берер болса, онда 2050 жылға дейін 20 пайызға кеміп, нәтижесінде, Тұманды Альбион елінде ауа райы күрт төмендемек. Оның салдары Жер шарына оттегі өндіретін тропикалық ормандардың жойылуына апарып соғады. Мұздықтардың еруі бір жерлерге су тасқыны қаупін төндірсе, кейбір жерлерді ауызсу тапшылығына ұрындырмақ. Өткен жылдардағы орыс ормандарының өртенуінің өзі біраз жайды аңғартқандай. Бұл – климаттық ауытқу салдарынан Африканың салқындай бастап, Сібірдің сарышұнақ аязының жұмсаруының басы ғана...
Қара алтынға құнығудың соңы жақсылыққа апармайды
Бүгінде дүниежүзінде мұнайға деген қажеттілік жылына 70-80 млн баррельді құрайды екен. Ал Әлемдік энергетикалық Консейттің есебінше, 2040-2060 жылдары жер астындағы мұнай қоры түгелімен таусылады екен. Бұл да – бір апат. Себебі бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда мұнайсыз күн көру мүмкін еместей. Нендей өндіріс орны болмасын, нендей көлік болмасын, барлығына мұнайдан алынатын өнімдер аса қажет. Миланда өткен БҰҰ Конференциясында АҚШ неліктен Киото келісіміне қол қоймады? Мұның түпкілікті түсіндірмесі мұнаймен тікелей байланысты. Жыл сайын өндірілетін әлемдік мұнайдың көбін тұтынатын осы ел, алайда олар өз еліндегі мұнай кеніштерін ең соңғы сәтке сақтап, Ирак, Ауғанстан секілді мұнайға бай елдердің қорына қолын салуда. Ғаламдық апаттың алдын алу үшін түзілген Киото келісіміне парниктік эффектінің 55 пайызын туғызып отырған 55 ел қол қоюы керек болса, АҚШ пен Ресей олай етуден бас тартуда. Себебі Киото келісіміне қол қойған елдер 2012 жылы ауаны ластайтын көмірқышқыл газын 92 пайызға қысқартуға мәжбүр болады екен.
«Болашақта қара алтын үшін болар соғыс Орталық Азия елдері мен Кавказда жалғасын табуы мүмкін», – дейді сарапшылар. Себебі мұнай өндіруді шектейтіндей жағдайда, оның әлемдік экономикадағы құны шарықтап өсетіні сөзсіз. Сондықтан ғалымдар ендігі жерде ауаның ластануын азайту мақсатында мұнайды алмастыратын жаңа нәрсе ойлап табуға кірісіп кетті. Ол жүзеге асар болса, ғаламшарымызды құтқаруға 70 пайыздық мүмкіндік туатын көрінеді. Әрине, бұл жерде шешім шығару үшін саяси еріктілік пен әлеуметтік экномикалық қайта құрулар қажет.
Токионың жер астына жұтылуына көп қалған жоқ
Дүниежүзіндегі дамыған елдердің ең біріншісі саналатын Жапонияның астанасы Токио көп ұзамай жер бетінен жойылады дегенге сенгің келмейтіндей. Бірақ оны біз ойдан шығарған жоқпыз. Сол елдің сейсмологиялық жағдайын зерттеп жүрген ғалымдар жер сілкінісі салдарынан алдағы 50 жыл ішінде Күн Шығыс елінің бас қаласының жермен-жексен болу қаупі барын осыдан бірнеше жылдар бұрын болжаған екен. Мұндай қасіретті Токио 1923 жылдың 1 қыркүйегінде бастан кешкен, онда қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандардың саны 130 мың болса, 570 мың отбасы баспанасыз босып қалған. Сол оқиғадан кейін жапондар өз үйлерін супер үлгіде 6 баллдық жер сілкінісіне шыдайтындай етіп салған екен. Алайда биылғы жылы наурыздың 11-і күні жапон жұрты магнитудасы 8,9 балды құрайтын жер сілкінісін бастан кешірді. Аралдарды атамекен еткен халықтың қасіретіне теңіз де тажал боп төніп, биіктігі 10 метрді құрайтын таудай толқындар көл болған көз жасы мен көбіршік қанды шайып кеткенін көзіміз көрді. Соған да қарамастан, самурай рухты халық Отандарын тастап кеткен жоқ. Осы жағынан келгенде, олар да қазекеме ұқсайды екен, яғни «қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» деген қағиданы ту еткендей.
Жер-жаһанға нұрын төккен Күн де сөнеді деседі
Ғалымдардың көбі дерлік Жерге төнер қауіптің зорын аспан денелерінен күтеді. Неміс және британ зерттеушілері осыдан 200 жыл бұрын Жерге алып метеориттің құлағанын айтады. Сол сәтте-ақ теңіздерден Цунами көтеріліп, биіктігі бір метрге жеткен толқынның қаншама тіршілікті жойғанын өзіңіз бағамдай беріңіз. Содан бергі кезеңдерде аспан денелері біздің ғаламшарымызға қанша мәрте қауіп төндірген. Бүгінде сондай астеройдтардың саны 900-ге жуық көрінеді. Ол 900-дің біреуі ғана абайсызда жерге соқтығысып құлар болса... ойлаудың өзі қорқынышты! Кәдімгі өзіміз әр түні көзбен көретін жұлдыздардың ағуы жиілеп кетсе де қорқу керек екен. Себебі олардың арасында ұсақ кометалар болады. Олар ауаның озон қабатын тесіп, мұздықтардың еруіне әсер етеді. Мұхиттарда тіршілік ететін майда денелер қырылса, онымен қатысты балықтар, одан құстар да зиян шегеді. Ең қызығы, әрі қорқыныштысы – Күнге қатысты айтылған болжамдар. Голланд астрофизигі доктор Пирс Ван дер Меер «Күн жарылғалы тұр» деген тосын жайды айтуда. Күн ядросында қалыпты жағдайда температура 27 млн градус болса, соңғы жылдары ол 49 миллионға көтеріліпті. Біз бүгінде Солтүстік Мұзды мұхитының еруін ауаның ластануынан көреміз. Ал бұл ғалым ол проблеманы осы Күн қызуының көтеріліп кетуінен көреді. Егер осы қарқынмен қыза берсе, Күн көп ұзамай жарылатын көрінеді.
Бұған қарама-қайшы пікір айтатын ғалымдар да бар. «Жер беті мәңгілік қараңғы қапаста қалмақ» деген олардың пікіріне құлақ түрсек, соңғы онжылдықта Жерге түсер Күн сәулесі 10 пайызға кеміп кетіпті. Мұны ғалымдар 90-жылдары байқағанмен, құлақ асар жан таппаған. Тек 2001 жылы Израильдегі вулконология орталығының мамандары 1958-1992 жылдар арасындағы ғаламшарға түсер Күн сәулесінің жылдан-жылға 0, 23 пайыздан 0, 32 пайыз аралығында кеміп отырғанын айтқанда барып, бұл мәселеге мән беріле бастаған.
P.S.
Тізе берсек, мүндай апатқа апарар жайттар көп. Біз бұл жерде таза ғылыми дәйектер мен мамандар болжамына сүйендік. Исі мұсылман қашан да иманына берік, оның құлақ асатыны – тек Құран. Ол жерде ақырзаманның алдындағы үлкен және кіші белгілері анық жазылған. Соны оқыған адам ешбір алыпқашпа әңгімеге құлақ аспасы анық. Алайда Жер ғаламшарының тұрғындарына етек-жеңді жиятын кез жеткендей. Сөз соңына «Құз басындағы аңшының зары» кітабындағы мынадай жолдар сұранып тұрғандай:
... Жер-жаһанға нұрын төккен Күн де сөнеді деседі. Қартайғаны шығар. Бауырындағы жан-жануарлары тұрмақ, Жердің де өз жасы, ғұмыры бар. Ол шау тартпағанымен, алуан түрлі дертке шалдықты. Құтқарар дәру – тек адамдардың мейірімі. Сол ғана болашақ апаттан арашалап қалмақ.