Абайды үш тілде оқимыз
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан Көптілдік білім мектеп-семинары өз жұмысын бастады. Семинар бағдарламасы аясында «Абайды үш тілде оқимыз» атты арнайы танымдық жоба әзірленуде.
Осы бастаманың бірлескен авторлары «Бес асыл» қоғамдық қоры, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты және «Ертіс дарыны» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы білім саласына инновациялық технологиялар енгізу және ұлы ақынның шығармашылығына жастарды баулу арқылы көп тілде білім беру мақсатын жүзеге асыруды көздеп отыр.
Жобаны ұйымдастырушылардың пікірінше, Абай шығармашылығын қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде оқу-зерттеу жұмыстар, негізінен, конкурстар және дөңгелек үстел басындағы талқылаулар түрінде өткізілетін болады.
Әзірге айына бір рет ұйымдастырылып тұрады деп жоспарланған семинар-сабақтарды павлодарлық жоғары оқу орындарының оқытушылары өткізетін болады. Ал күні кеше ғана өткен алғашқы семинарға 30-ға жуық оқушы мен 12 педагог қатысып, Абайдың «Қара сөздеріне» қатысты ой-толғамдарын ортаға салды.