370 өлеңді жатқа біледі
Абайдың кіндік қаны тамған өлкенің ұл-қыздары жасынан өлең-сөзге құмар болып келеді. Бірі жас жүрегінен өлең ұшырып, ақындыққа жақын боп жүрсе, енді біреулері Абай, Шәкәрім өлеңдерін жаттауға әуес. «Кім, қанша өлең жаттады?» деп бір-бірімен жарысып, бір-бірін қамшылап жүреді. Сондай зерек жастың бірі – Ырза Қайнарқызы. ІХ республикалық Абай, Шәкәрім оқуларының бас жүлдегері Ырза бүгінде Абай атасының 200, Шәкәрім қажының 170 өлеңін жатқа біледі.
Осыдан үш жыл бұрын оқу бағдарламасына енген «абайтану» атты қосымша сабақта оқушылар абайдың өскен ортасы, шығармашылығымен тереңірек таныса бастады. Абай ауданы, Би ата ауылындағы Шәкәрім орта мектебінде 8-сыныпта ғана оқитын қаршадай Ырзаның өлең жаттауға деген махаббаты осы пән арқылы туған. «Абай елінде туған соң, Абай атамның өлеңдерін білмеуге хақым жоқ. Ғылым-білімге шақырған ақын өлеңдері мені де жатпай-тұрмай, талмай талаптануға итермеледі. Ал Шәкәрім атамыздың өлеңдері анағұрлым күрделірек. Қиын деп жаттамай қоюға да болмас, философиялық ой-толғамдары адамды есейтіп, ақыл-ойын кеңейтетініне көзім жетті», – дейді Ырза қыз. 370 өлеңмен шектелмей, көкірегін Абай, Шәкәрім өлеңдерімен толтыра беру – зерек оқушының басты мақсаты.
Ырзаның жүлделі бәйгесінен кейін мектеп оқушылары жаппай абайтану пәніне ден қоя бастапты. «Ырзаның сыныптас құрбылары Мөлдір Жұматаева мен Айдана Сейітқазина екеуінің бірі 250 өлең білсе, енді бірі 400-ге жуықтап қалыпты. Ал 4-5-сыныптағы оқушыларым 130-150 өлеңнен жатқа айтады», – дейді өлең жаттауға баулып жүрген ұстазы Тізгінбаева Райгүл Кенжеханқызы. «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп хакім Абай айтқандай, ұстаздың еңбегі еш кеткен жоқ. 2-3-сынып оқушыларына арналған шәкәрімтану бағдарламасы Өскеменде бекіген екен. Ырзадай алғыр оқушыны тәрбиелегені үшін ауыл мектебі Райгүл Кенжеханқызын 14-дәрежелі біліктілікке ұсынып жатқан көрінеді.
Абайдың «Ескендір», Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастандарымен қоса талай өлеңді жатқа білетін Ырза өлең жаттай бастаған уақыттан бері есте сақтау қабілетінің де арта түскендігін айтты. Әуелден оқуда озат қыз есеп-қисапқа бұрынғыдан да жүйрік, оқуға деген ынтасы бастапқыдан да басым. «Жасында білім барын ескеріп, қолын кеш сермедім» деп өкінбейтін, рухы биік қазақ жастары осылай шықса керек!..
Бір дерек
Республикалық Абай-Шәкәрім оқуларына биыл – 10 жыл. Жыл сайын күзде Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіндегі амфитеатрда өтетін байқау үш бөлімнен тұрады:
1. Абай, Шәкәрім өлеңдерін жатқа оқушылар сайысы;
2. Абай, Шәкәрімнің ән-күйін орындаушылар байқауы;
3. Өз шығармашылығы бойынша сынға қатысушылар.
І республикалық Абай, Шәкәрім оқуларының алғашқы жеңімпазы – белгілі айтыскер ақын Рүстем Қайыртайұлы. Ол кезде Рүстем Абай мен Шәкәрімнен 300 өлең жатқа білетін.