Қылқобызды кітаптан оқитын болдық
Таяуда Алматыда белгілі қылқобызшы-педагог, ҚР Білім беру ісінің үздігі Әбдіманап Жұмабекұлының «Қылқобызға арналған хрестоматиялар» атты үш томдық қомақты еңбегінің тұсаукесер салтанаты өтті. Отыз жылдан астам уақыт ұстаздық тәжірибесі мен ғылыми-педагогикалық ізденісінің жемісі болып табылатын аталмыш жинақ – қазақ мәдениеті мен білім беру саласындағы тың еңбек.
Қазақтың ұлттық аспаптарының ішіндегі қылқобыз халқымыздың тарихи-этникалық мәдениетінің көзі, рухани қазына мүлкі болып табылады. Қобыз – саз аспабы ретінде талай сүрлеуден өтіп, бүгінге жеткен ұлттық мұра. О баста бақсының құралы, ескіліктің қалдығы ретінде теріс түсіндірілген бұл аспап бүгінде тереңірек зерттеліп, нағыз құндылығымызға айналды. Міне, бүгінде аты аңызға айналған қобыздың хас шебері Ықылас Дүкенұлының жолын жалғастырушылардың да қатары көбейіп, тіпті елімізде арнайы оқулықтар жарық көруде.
Жоғарыда айтылған үштомдық таяуда «Білім» баспасынан басылып шықты. Мәдениет және ақпарат министрлігі өзі қолдау көрсеткен бұл кітаптың алғы сөзін өнертанушы профессор Пернебек Момынұлы жазса, сарапшылық пікірлерді өнертану ғылымының докторы Сара Күзембаева, профессор Меруерт Кәленбаева ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Оқан Абдуллаевтар білдірген. Оқу құралы – музыка мектептері мен музыка колледждеріне, консерватория мен өнер, Музыка академиясының студенттеріне және жалпы өнерсүйер қауымға арналған.
Әбдіманап Жұмабекұлы, қобызшы-педагог:
– Бұл жинақ – менің 30 жылдан астам уақытымды арнап, материалдарды жинап, ізденіспен дайындаған жұмысым. Өзім қылқобыз класын бітіргендердің ішінде алғашқылардың бірі болғандықтан, ұстаздарымның ізін жалғастырып, жинақ шығаруды парызым деп санадым. Кітапты дайындағаннан кейін белгілі бір себептермен он шақты жыл шығара алмай жүрдім. Бүгін, міне, еңбегімнің жемісін көретін күнге де жетіп отырмыз.