19-27 мамыр аралығында Астанада әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты өтетіні белгілі. Үлкен жарыс қарсаңында ҚР Бокс федерациясында құрамадағы бір орын үшін кикілжің орын алды.
Қазақстанның екі дүркін чемпионы, 2014 жылы өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, 60 келі салмақта бокстасатын Назым Ищанова әділдікке жету үшін журналистерден көмек сұрады. Назымның айтуынша, Астанада өтетін әлем чемпионатына небары 10 күн қалғанда оны жарысқа қатысу құқығынан айырған. Назым түсіндіргендей, оны жаттығу процесіндегі спаррингтің (спарринг - спортшыны жарысқа жан-жақты дайындау мақсатында өткізілетін жаттығу - агенттік ) қорытындысына сүйене отырып, әлем чемпионатынан аластатқан. Бірақ, бұл еш қисынға келмейді, дейді боксшы қыз.
«Осы жылдың ақпанында мен Қазақстан Республикасындағы боксшы қыздар арасында бірінші орын алдым, сондықтан да, әлем чемпионатына қатысуым керек еді. Енді міне, чемпионатқа он күн қалғанда спарринг ұйымдастырып, мені жарыстан алып тастады. Айтатын уәждері де әртүрлі, мен спаррингте жеңіліп қалды дейді. Бірақ, мен жеңдім, тіпті, сол соңғы спаррингте жеңгенімді дәлелдейтін бейнежазба бар», - дейді 19 жастағы Назым.
Назымның сол спаррингтегі қарсыласы - Қазақстан чемпионатында екінші орын алған Римма Волосенко екен. Назымның орнына Әлем чемпионатына шығамын деп отырған да - осы Римма. Оның жеке жаттықтырушысы - Берік Мәржікпаев. Мәржікпаев сондай-ақ Астана қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы. Назым Ищанованың айтуынша, соңғы спаррингте Қазақстан қыздар құрамасының бас жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк, мемлекеттік жаттықтырушы Болат Әбдірахманов, Ақмола облысы, Қарағанды мен Көкшетау қалаларынан келген өзге де жаттықтырушылар отырған.
«Римма Волосенко әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғай алмайды, оған лайық емес, себебі, ол жасөспірімдер арасындағы, жастар арасындағы, ересектер арасындағы үш чемпионатта да ешқашан жеңіп көрмеген», - дейді Назым.
Айта кетейік, 19-27 мамыр аралығында Астанада өтетін Әлем чемпионатында Олимпиада ойындарының лицензиялары ұтысқа тігіледі. Сондықтан, мәселенің мән-жайын анықтау үшін Қазақстан бокс федерациясына хабарласып, Вадим Присяжнюк пен Болат Әбдірахмановтың пайымдарын тыңдадық.
Екі төреші де Назым Ищанова 2016 жылғы Қазақстан чемпионатын жеңгенін растады. Бірақ, олардың айтуынша, чемпионатта екінші және үшінші орын алғандар бар. Республикалық деңгейдегі жарыстардан кейін бірінші құрам Қытайда өткен біліктілік жарысына аттанатыны хабарланған, Қытайға барған үш спортшыдан тек Дариға Шакимова ғана Олимпиада лицензиясын жеңіп алған. Ал, әлем чемпионаты алдында екі оқу-жаттығу өткізгеннен кейін жаттықтырушылардың арасында пікірталас туындап, олар әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын нағыз спортшыны анықтау үшін спарринг ұйымдастырамыз деп шешкен екен.
«Әрбір жаттықтырушы өз оқушысы үшін алаңдайды, бірақ, шындыққа тура қарау керек. Ищанова жақсы спортшы, бірақ Қытайда өткен жарыстан кейін ол өз формасын аздап жоғалтты. Спаррингте ол ұтылды», - дейді Б.Әбдірахманов.
Ищанова да, жаттықтырушылар да айтып тұрған спаррингтің нәтижесі 8 мамыр күні бокс федерациясының сайтына жарияланған. Бұл ретте, В.Присяжнюктың айтуынша, сол күні спаррингке Кәрім Махмұдов, Қайрат Манашев. Шәміл Сайфуллин, Александр Высоцкий, яғни, жаттықтырушылар кеңесінің мүшелері қатысқан.
«Қытайда өткен біліктілік турнирынан кейін мен спарринг өтетінін ескерткем және кейбір салмақ бойынша кім мықты болса, әлем чемпионатына сол қатысатынын да айтқам. Назымның сол кездегі формасы мен қазіргі дайындығын салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Бұл жай спарринг емес, бәрі қарап, бақылайтын жаттығу болатынын айтқам. Сондықтан, «спарринг болатынын білген жоқпыз» дегендері өтірік. Назым айтып тұрған видео бізде де бар, оны жетекші де көрді. Спаррингке қатысқан үш жұлдызы бар жаттықтырушылар жеңісті Римма Волосенкоға берді. Назым өте жас спортшы, 1997 жылы туған. Ол жастар арасындағы құрамадан енді шығып, ересектер арасына енді ғана қосылды. Оның болашағы әлі алда, оған әлі көп жаттығу керек. Ел чемпионы болған соң, әлем чемпионатына жол ашылды деп ойлағаны дұрыс емес», - дейді өз ойын айтқан Вадим Присяжнюк.
Вадим Присяжнюк атап өткендей, федерация мен боксшы арасындағы келісімшартқа сәйкес, боксшыларға Федерацияның келісімін алмай, БАҚ-қа мәлімдеме жасауға болмайды. Бұл ретте, Назым Ищанова келісімшартты бұзғаны үшін жазалана ма, жоқ па, белгісіз екенін атап өтті ол.
Автор: Кенжекей Тоқтамұратқызы