Ташкенттегі жарыста көрермендер Қазақстан спортшыларына күшті қолдау көрсетті. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында бокстан әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы сәтті көп күттік. Жеңіске жету - әр спортшының арманы. Атап айтқанда, Ташкентте жанкүйер ретінде келген қазақтар көп болды. Шаршы алаңда тұрғанда, бапкерлердің емес, көрермендердің дауысы басым шықты. Жалпы, жекпе-жекті тамашалауға келген адамдардың қолдауын күшті сезіндік. Осы орайда олардың баршасына алғысымды айтқым келеді», - деді С.Тәшкенбай.
Сонымен қатар ол алдағы жоспары жайында айтып берді.
«Әр спортшы Олимпиада чемпионы атануға талпынады. Сондықтан мен де осы мақсатқа жетуді көздеп отырмын», - деді әлем чемпионы.
Мұнымен қоса Санжар Тәшкенбай жарыс чемпиондарына қомақты сыйақы берілетінін айта келе, бұл жүлдені ата-анасына және өзінің бапкеріне де бөліп беретінін жеткізді.
«Бапкерімнің де зор еңбегі бар. Жалпы, сыйақыны ата-анама беремін, олар өздері шешеді», - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 13 мамыр күні Санжар Тәшкенбай Ташкентте бокстан әлем чемпионы атанды.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов бокстан әлем чемпионы болған спортшылар қанша сыйақы алатынын айтты.
Министрлік әлем чемпиондарының әрқайсына 15 мың доллардан береді және олардың бапкерлеріне де 15 мың доллар қарастырылған. Қазақстан бокс федерациясынан – 100 мың доллар, AIBA жағынан 200 мың доллар беріледі.