Ол қолғабын шешпегенде…

Бокстан 2005 жылы әлем чемпионаты Қытайда өтті. Ел намысын қорғаған боксшыларымыз 2 алтын, 3 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте Куба мен Ресейді ғана ұзатып салып, үшінші орыннан көрінді. Міне, осы додада көк туымызды күнге сүйгізіп, әнұранымызды аспандата шырқатқан қос қыранымыз Серік Сәпиев пен Ердос Жаңабергенов әлем чемпионы атанды. Қытайдың рингі қолтығын сөккен Серік содан кейін де талай биікке өрледі. Әлем чемпионатының алтынын екінші рет иеленді, жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы деген тозбайтын атағын төріне ілді. Ат басындай Вэл Баркер кубогын да 2012 жылы Қазақ елінің қанжығасына бөктерді. Ал Ердос Жаңабергенов жарқ етіп әлемнің көзіне түсті де, көп өтпей тасалана берді. Жарақат жабыспағанда Жаңабергеновтің жуан жұдырығы 2008 жылы өткен Бейжің олимпиадасында, Лондондағы төртжылдық додада талайдың миын шайқайтын еді. Көптеген спортшының арман-тамырын қиып түсірген кесел Ердостың да етегінен тартты.

«Өткенге, өмірге өкінуге болмайды» дейді Жаңабергенов. Қазақ елі Үсеннің ұлынан Олимпиаданың да жарқыраған алтынын күтті. Жазғы Олимпиада ойындарының сыбағалы жүлдесі бұйырмағанымен, Ердос еліне әлем чемпионатының алтынына қоса Азия біріншілігінің де бас бәйгесін алып берді.
Жаңабергеновтің есімі аталғанда 2005 жылы Қытайда өткен әлем чемпионатындағы жарқын жеңістері көз алдыңа алдымен көлбейді. Ширек финалда қазақтың жұдырығы жуан жампозына тунистік Мұрат Шарауи қарсы шығуға қаймығып, жекпе-жектен бас тартты. Ал жартылай финалда өзбектің өр ұлы Өткірбек Хайдаровты атынан аударып тастады. Финалда хорватиялық Символижа Марионы ұтты.
Қолғабы қолынан шешілген соң бірнеше жыл ішкі істер органында жауапты қызмет істеген Жаңабергенов бір жыл бұрын айналып қазығын тапты. Осы күнде Маңғыстау облысындағы бокстан олимпиадалық резерв даярлау орталығының басшысы.
Айдарымыздың қонағына көкейдегі бірнеше сауалымызды жолдап, тұшымды жауап алдық.
– Әңгімемізді ұлттық құрама сапына қосылған жылы-ақ қол жеткізген толайым табысыңызға қатысты қойсақ. Сіз 2005 жылы құраманың бірінші нөмірлі боксшысы атандыңыз, сол жылы әлем чемпионатында да топ жардыңыз.
– Алланың маған берген нығметі шығар. 2005 жылы Әзірбайжанның бас қаласы Бакуде өткен бокстан «А» санатындағы халықаралық турнирге қатыстым. Әнуар Чаудри (АИБА-ның сол кездегі президенті)атындағы халықаралық турнирде топ жарып, бапкерлер назарына іліктім. Содан кейін-ақ құраманың бірінші нөмірлі боксшысы атанып, әлем чемпионатына қосты.
– 2005 жылы Мәскеуде өткен әлем кубогында кубалық Юниэр Дортикосты нокаутқа түсірдіңіз. Одан кейін де халықаралық турнирде жолыңыз түйісіп, Дортикосты діңкелете сабағаныңыз есімізде. Әуесқойлар арасында қазақ баласының жуан жұдырығынан қаймықты ма, сол Дортикос көп өтпей-ақ кәсіпқой боксқа ауысып кетті.
– Иә, ол 2006 жылы туған елі Кубадан АҚШ-қа қашып, кәсіпқой боксқа ауысып кетті. Әуесқойлар арасында екеуміздің жолымыз екі мәрте түйісті. Біріншісі өзіңіз айтқан Мәскеудегі әлем кубогындағы айқас болса, екіншісі – Ақтау қаласында өткен халықаралық турнир. Бұл сында да Дортикосты айқын басымдықпен ұттым. Кубалық боксшы 2006 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, содан бері 18 жекпе-жек өткізді. Қарсыластарының бәрін тек нокаутпен ұтып жүр.

– «Әуесқой бокстағы ең ауыр жекпе-жегім әлем чемпионы өзбек Өткірбек Хайдаровқа қарсы айқасым» деген едіңіз.
– Өзбекстанда туып, бокстың қыр-сырын сол елде жүріп үйрендім. Біздің бозбала шағымызда Өткірбек Хайдаров 25 жастағы қылшылдаған жігіт болатын. Ол 1999 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатынан алтын медаль алып елге оралғанда соған қарап еліктедік, кумир тұттық. Хайдаровтың өзбек боксына қосқан еңбегі ұшан-теңіз ғой. 2001 жылы Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласындағы әлем чемпионатынан күміс, 2003 жылы Тайландтың Бангкок қаласындағы әлем чемпионатынан қола жүлде алып келді. 2004 жылы Афиныда өткен жазғы Олимпиада ойындарында да Хайдаровтың қанжығасы майланып, қола медальді кеудесінде жарқыратты. Осындай атағы алысқа жайылған, бокстағы тәжірибесі мол Хайдарвқа қарсы айқасқа түсемін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. 2005 жылы Қытайда өткен әлем чемпионатының жарытлай финалында өзбек боксшысымен жолымыз түйісіп, жеңіс менің еншіме жазылды.
– Жаңабергенов әлем чемпионы атанған соң өзбектердің өздеріне шақыртқаны рас па?
– Сауын айтып кісі жіберіп, аттай қалап шақыртқан жоқ. Алтынмен аптап, күміспен қаптаса да бармас едім. Су ішкен құдығыма түкіргенім емес, Өзбекстанда жүріп боксты үйренгенімді жоққа шығармаймын. Жасөспірімдер мен жастар арасында Өзбекстан чемпионатында бірнеше жыл топ жардым. Соған қарамай өзбектер өздерінің боксшыларынан мұрнынан тесіп жетелейтін. Әлемдік жарыстарға да өздерінің спортшыларын сүйрелеп, өзгелерді шетқақпайлайтын. Оқу-жаттығу жиындарына да жиі қоса бермей тастап кететін. «Өз елімде ұлтан болмаққа» келдім екен, шақыртса да бармаймын» деп шешкенмін сонда.
– Бұл күнде «Астана арландары» клубының бас бапкері қызметін арқалап жүрген Марат Жақиев сіздің жат қылыққа жаны қас екеніңізді, әрбір айқасқа шығарда Аллаға құлшылық етіп, дұға оқитыныңызды айтып еді.
– Арақ ішіп, шылым шегіп көрген емеспін. Қандай жарыс болмасын айқасқа шығарда дұға оқып, Алладан медет тілеймін. Жаратқанның берген күш-қуаты арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын.

– Атаңыз математика саласының білікті маманы болыпты. Естуімізше, Ердос та мектеп қабырғасында математика пәнінен алғыр болған дейді.
– Рас сөз, атамыздың есепке деген алғырлығы бәріміздің қанымызда бар. Отбасымызбен осы пәнді қызығып оқыдық, есепке жүйрік болдық.
– Ал әкеңіз еркін күрестен бапкерлік жолда жүріп талай баланың томағасын сыпырып, белдесу өнеріне баулыды. Баласының әке жолын емес, боксты таңдағанына таңданып отырмын.
– Бокспен 8 жасымнан айналыстым. Алғашында боксты емес, екі жылға жуық еркін күреспен шұғылдандым. Бірақ кілем үстінде қарсыласымды илеуге онша икемім келе қоймады. Ақыры болмаған соң боксқа бет бұрдым.
– Жарақат қай кезден жабысты. Жаттығудан жарысқа аттанамын деп уақыт оздырып, сырқаттың асқынғанын білмей қалған жоқсыз ба?
– 2007 жылы өткен турнирден келген соң ғана белім ауырып, жарақаттың жабысқанын сонда ғана білдік. Бел омыртқаның арасындағы жігі жұқарып кетіпті. Соған қарамай жаттығудан қол үзгем жоқ. Сол жылы қыркүйекте құладым, төсек тартып, қарға адым жер жүру мұң болғанда ғана бұл кеселдің жеңіл-желпі емес екенін байқадық. Отырсам тұра алмадым, тұрсам отыра алмадым. Емделген соң Бейжің Олимпиадасына қатыссам деген мақсатпен жаттығуға қайта кірістім. Бірақ болмады, бел омыртқадағы жарақаттың салдарынан көру қабілетім де күрт нашарлап кетті. Дәрігерлер спортты доғаруды қатаң ескерткен соң ғана қойдым.
– Беліңіздің ауырғанын бапкеріңізге білдірмей, Алматыдағы турнирге қатысқан екенсіз. Сонда өзгелер бапкеріңізге ескертіп, жарыстан шығарып алған көрінеді.
– Иә, біреулер бапкеріме «бел омыртқамен ойнауға болмайды, асқынып кетсе спортшы өліп те кетуі мүмкін» деп ескерткен соң ағайым мені жекпе-жекке салмай ем-дом алудың қамына кірісті. Германияға барып емделіп келдік.
– Боксты доғарған соң, спорттан кетіп құқық қорғау саласында қызмет істедіңіз.
– Жеті жылға жуық Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасына қарасты жедел қылмыстық іздестіру бөлімінде қызмет істедім. 2014 жылдың қаңтар айында Маңғыстау облыстық бокстан олимпиадалық резерв даярлау орталығында басшы болып келдім. Мен келгенге дейін бұл қызметті білікті бапкер Марат Жақиев басқарған.
– Былтыр Тараз қаласында өткен ел біріншілігіне қатысты айтсаңыз. Маңғыстау облысының боксшылары топ жара алмады.
– Боксшыларымызды баптап қосқан бапкерлер шәкірттеріміздің әлдері жеткенше жұдырықтасқанын айтты. Таразда өткен чемпионатқа біздің өңірден жас боксшылар қатысты. Олардың дені алғашқы айналымнан-ақ тәжірибесі толысқан, елішілік, халықаралық турнирлерде олжа салып жүрген тісқаққан қарсыласқа тап келіп, жеңіліске ұшырады. Келешекте Маңғыстау өңірінен де Олимпиада ойындарының жеңімпазы шығатынына мен бек сенемін. Бекет ата топырағы да талантты ұландарын өмірге әкеледі әлі.
– Рахмет. Істеріңіз ілгері баса берсін.

Сұхбаттасқан – Қ. ЖӘНІБЕК,

«Жас Алаш» газеті

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста