ESPN тілшісі Сальвадор Родригес мексикалық боксшы Хайме Мунгияның (36-0, 29 КО) мүддесін қорғайтын Zanfer Promotions компаниясымен хабарласты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Жоспар бойынша Мунгия 7 мамырда кезекті кездесуін Геннадий Головкинге (41-1-1, 36 КО) қарсы өткізуі қажет болатын.
Алайда соңғы ақпараттар бойынша Хайменің 24 сәуір күні өнер көрсететіні белгілі болды. Бұл дегеніңіз мексикалық боксшы Головкинмен бұл жол кездеспейді деген сөз.
Мунгияның жекпе-жегі туралы егжей-тегжейлі мәліметтер алдағы аптада жарияланбақ.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Мунгия 2018 жылы-ақ кездесуі мүмкін еді.
Ол кезде Невада штатының комиссиясы 24 жастағы боксшының мұндай дәрежедегі жарыста өнер көрсетуі үшін тәжірибесі жеткіліксіз деп тапты.