Таразда бокстан кезекті ел чемпионаты өтуде. Біріншілік барысында 2004-2009 жылдардағы ұлттық құраманың бас бапкері Дамир Буданбековті көзіміз шалды. Кезінде талай додада табысқа жетуімізге елеулі еңбек сіңірген Буданбеков есімі қазақ боксын бірталай биікке көтергені рас. Ол бас жаттықтырушы болған тұста Серік Сәпиев пен Ердос Жаңабергенов әлем чемпионатында қос алтынды қоржынға салды. Серік Сәпиевтің екі дүркін әлем чемпионы атануы да осы Дамир Буданбековтің ұлттық құраманы жаттырған кезімен тұспа-тұс келеді. 2009 жылы Миланда өткен жаһандық додада гүрзі жұдырықты жігіттеріміз жалғыз қоланы қанағат тұтып, еңсесі түсіп оралып еді. Содан кейін Буданбековтің орнын Айтжанов алмастырған болатын.
– Дамир аға, Таразда өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатында жүр екенсіз. Ирактан біржола қайтып келдіңіз бе?
– Біраз уақыттан бері осындамын. Ирак бокс құрамасымен жасаған үш жылдық келісім аяқталды. Жұмысым біткен соң бірер минут та тұрған жоқпын. Қазір маған жасап жатқан ұсыныстар бар. Шамасы, жуыр уақыттары шетелдің құрамаларының біріне жаттықтырушы болып кетуім мүмкін. Йордания құрамасын жаттықтыру туралы ұсыныс жасап еді, бас тарттым. Анығын айтқанда барғым келмеді. Алда қай жаққа баратыным түбегейлі белгілі болады.
– Ирак тарапы сізге артқан сенім толық ақталды ма? Көздеген мүддеңізге жеткізе алдыңыз ба?
– Енді ол жақтын боксы өте әлсіз. База атаулы мүлдем жоқ. Жаттығатын орындар тапшы. Соған қарамастан қолдан келген нәрседен аянып қалмадық. Он жылдан бері Азия чемпионатының жүлдегері шықпап еді, оған қол жеткіздік. Араб ойындарының жүлдесі бұйырмағалы 8 жыл болды. Оның да алтын, күміс, қоласын алдық. Бір әттеген-айы, онда жылдық жоспар жасалмайды. Ақша жоқ емес, бар. Бірақ аяқ астынан мына жарысқа барамыз, анда бармаймыз деген шұғыл шешім шығаратын сәттер көп. Бұл біздің жоспарымызда болғамағандықтан аяқ астынан жарысқа барып, жүлде алу қиынға соғады. Мысалы, Қазақстанда бокс федерациясы бір жылдық жоспар жасап, оған чемпионатта орын алған боксшыларды дайындап, бөліп-бөліп әрқайсына жібереді. Сондықтан келісім біткен уақытта елге оралдым.
– Ирак боксшыларының болашағы қалай?
– Жаман емес. Бірақ қазақ боксшыларымен салыстыруға келмейді. Соғыстан кейін еңсесін енді тіктеп келе жатқан ел ғой. Спорт саласында реформа жасалып, бір жол қойылса нәтиже жаман болмайды. Ең бастысы, спортшыларға жаттығатын жағдай жасалуы тиіс. Бізде құдайға шүкір, ол жағынан мәселе жоқ. Сондықтан жүлде аз болмайды. Дұрыс дайындалуға мүмкіндік болмаған жерде спортшының жүлде салуы өте қиын.
– ҚР чемпионатына сізді арнайы шақырған болар?
– Мен енді Тараз қаласының тумасымын әрі тұрғынымын ғой. Сондықтан мұнда келуім заңды шығар (күлді). Боксшылардың өнеріне куә болып жатырмыз. Аяқ алыстары тәуір.
– Көзге түскен боксшыларды бөліп-жарып атай аласыз ба?
– 75 келідегі астаналық Мейірім Нұрсұлтановтан өзге жасындай жарқ еткен ешкімді көрмедім. Бала тіл-көзден аман болса, талай жарыстан жүлде салғалы тұр. Ең бастысы дайындық дұрыс болып, жаттығуын үзбесе болғаны. Одан басқа жігіттер туралы ештеңе айта алмаймын. Барлығының өнерін көрдім. Сол баяғы құрам, баяғы боксшылар. Жаңа лек бар, бірақ жаңа леп байқамадым.
– Ұлттық құрамаға немесе жастар құрамасына шақыртып, ақыл-кеңесіңізді беріп тұрыңыз деп Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер ұсыныс жасамады ма?
– Жо-жоқ. Елде ешкім ешқайда шақырмады. Қазір басқа шаруалармен шұғылданып жүрмін.
– Жалпы, Айтжановпен қарым-қатынасыңыз қалай?
– Ол жағынан әңгіме жоқ. Кезінде бірге жұмыс істедік. Қазір өз бетінше құраманы жаттықтырып жатыр. Нәтижесі жаман емес, оған бірнеше рет көз жетті. Сондықтан мен ештеңе дәметпеймін.
– Айтпақшы, бір кездегі шәкіртіңіз Бақыт Сәрсекбаев та чемпионат жүр ғой...
– Енді кезінде Бақыттың Бақыт болуына төрт жыл еңбек сіңіргендердің бірі менмін деп айта аламын. Мықты боксшы болды. Әлемде теңдессіз деп таңылғаны кеше ғана еді. Небір мықтылар онымен бокстасуға қаймығатын. Баламдай жігіт қой. Сәлеміміз бұрынғыша. Көрген бойда «аға» деп келіп сәлем берді...
– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға раұқмет. Алдағы уақытта жұмысыңызға сәттілік тілейміз!