Берік Әбдірахманов: АРВ-дан жолдама иеленіп, Олимпиадаға барғым келеді
Өткен сенбі күні Берік Әбдірахманов АРВ жобасындағы үшінші жекпе-жегінде жеңіске жетті. Енді бұйырса, келер жылдың 30 қаңтары күні өзбекстандық Хиршод Тәжіғұловпен жолы түйіспек. Төртінші кездесу Әбдірахманов үшін жеңіспен аяқталса, онда 2016 жылғы олимпиада ойындарының жолдамасы уыста тұр дей беріңіз. «Дәулет» спорт кешенінде бразилиялық Робсон Консейсаомен кездескен жерлесіміз алты раунд бойы бар мүмкіндігін пайдаланып, басымдық танытты. Оңтүстік Америкадан келген боксшы Берікпен салыстырғанда бойы едәуір биік, әрі қолы ұзын болғандықтан ыңғайсыздау қарсылас болды. Соған қарамастан бапкерлерінің айтқан кеңестерін мүлтіксіз орындап, қапы қалмады. Жекпе-жектен кейін іле-шала Берікпен жүздесіп, әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Берік, Робсон Консейсао тайсалмастан соңына дейін барын салды. Кездесуге қандай баға бересің?
– Робсон 60 келідегі рейтинг бойынша әлемде №1 боксшы. Әлеуеті зор. Әлем чемпионатында ол екінші орын алғанда, қола жүлдегер ретінде мен онымен тұғырда бірге тұрғанмын. Жекпе-жек уақыты белгілі болғаннан бері оған қарсы әбден дайындалып, бапкерлермен кеңесіп әдіс-тәсілдерді бекіттік. Ол да маған қарсы аянып қалмады.Толық зерттегені көрініп тұр. Шаршы алаңдағы менің әдіс-тәсілдерімді жаттап алғаны байқалып тұрды. Соған қарамастан кездесуіміз нағыз тартысқа толы қиын болды. Өз жерімде жанкүйерлер алдында жеңілсем кім болғаным?! Сондықтан намыстан қолдан берген жоқпын. Жанкүйерлердің қиқулап отырғаны жігерімді жанып, жеңіске жетуіме септігін тигізді.
– Оған қарсы құрған тактикалық әдіс-тәсілді толық жүзеге асыра алдың ба?
– Әрине, алты раунд бойы жұдырықтасу кезінде қолдан келген мүмкіндікті толық пайдалана алдым. Басында қиындау болғаны рас. Өйткені бір-бірімізді әбден зерттеген соң ашылып бокстаса кету қиын. Дегенмен жеңіске деген ұмтылыс жоғары болды. Сол себепті, Робсоннан басым болдым деп ойлаймын.
– Үш раундпен салыстырғанда 6 раунд бокстасу оңай емес. 6 раундқа үйрендің бе?
– 3 раунд пен 6 раундтың айырмасы жер мен көктей. Бастапқыда қиынға түскені рас. Қазір үйрендік. Келесі жекпе-жек оңай болмайды. Өйткені, 8 раундтық кездесу болмақ. Қайткен күнде де жеңіске жетем деген сенімдемін. Оған дейін дайындаламыз, қарсыласты зерттейміз.
– Консейсаоға қарсы қандай тактикалық әдіс қолданылды?
– Кездесу әр түрлі деңгейде өтеді. Робсон Консейсаоның бойы менен әлдеқайда ұзын болғандықтан ішкі кіріп бокстасу шамалы қиындау. Оған қалай соққы жасасаңда бойынын ұзындығынан кейін қашып үлгереді. Қолы ұзын болғандықтан алыстан соққы бағыттай алады. Ол осы жағынан маған өте ыңғайсыз-ақ. Үздіксіз шабуылдар, денеден соққы жұмсау, ұмтылған сәтте соққы жұмсау өз жемісін берді.
– Әбдірахмановтың ең басты мақсаты қандай?
– Осы жобадан жолдама жеңіп алып, алдағы олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалсам деген арманым бар. Егер жолдаманы ертерек жеңіп алсам, олимпиадаға дейін тәжірибем де толысып, дайындығымды пысықтауға уақыт көп болар еді. Әр жекпе-жекте мықтылармен кездесу ол таптырмайтын шеберлік сыны!
Жанкелді Қаржан