Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстанға бокстан тұңғыш алтын жүлдені әперген Василий Жиров биыл 40 жасқа толды, деп жазады "Алаш айнасы".
Қазақстан тәуелсіздік алып, дербес ел ретінде алғаш рет Олимпиада ойындарына 1994 жылы қатысты. Сол жолы шаңғышы Владимир Смирнов қазаққа қысқы Олимпиаданың тұңғыш, әзірге жалғыз алтынын әперген болатын. Осыдан-ақ, қазақтың спорттың ең биік тұғырынан дәмесі бар екенін көрсетті.
Арада екі жыл өткенде жазғы Олимпиаданың да кезегі келді. Жазғы ойындардың жөні тым бөлек. Қатысатын мемлекеттер де, спортшылар да өте көп. Соған сәйкес бәсекелестікте жоғары. АҚШ-тың Атланта қаласындағы ойындарға елімізден 96 спортшы аттанды. Осылардың арасында әсіресе, боксшылардың орны ерекше еді. Бас бапкер Әбдісалан Нұрмаханов мұхиттың әр жағында өткен төрт жылдықтың басты додасына 8 боксшыны баптап барды. Алғашқы жекпе-жектер аяқталған соң, үш боксшымыз рингтен шығып қалды. Олар Бектас Әубәкіров (54 келі), Бақтияр Төлегенов (57 келі), Михаил Юрченко (+91келі) болатын. Ширек финалға бірден бес боксшымыз жолдама алды. Нұржан Сманов, Болат Ниязымбетов, Ермахан Ыбрайымов, Болат Жұмаділов бастаған төрт қарагөздің арасында көзінен от шашып тұрған ерекше бір сары баламыз болды. Ол Балқаш қаласының 22 жастағы жас қыраны Василий Жиров еді.
Василий Жиров 1974 жылы, 4 сәуір күні Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген. Жировтың боксшы болып қалыптасуына, биік шыңдарды бағындыруына бапкері Александр Апачинскийдің сіңірген еңбегі зор. Апачинский Васяны жастайыннан темірдей тәртіпке, жаттығуды мүлтіксіз орындауға үйретті. Жаттығу кезінде шүмектеп тер төкпесе, чемпион болу мүмкін емес екенін құлағына құйып бақты. Тіпті соңына арсылдаған ит қосып дайындағанын біреу білсе, біреу білмес. Бір сөзбен айтқанда, жаттығуда шәкіртін аямайтын. Бұл төгілген тер кейін өзінің жемісін берді.
Апачинскийдің шәкірті бокспен айналысқан төрт жылдың ішінде КСРО спорт шебері нормасын орындайды (1990 жылы). Ол кездері КСРО-ның спорт шебері болу бақыты кім көрінгенге бұйыра бермейтін. Арада бір жыл өткенде яғни 1991 жылы КСРО-ның жасөпірімдер құрамасына қабылданды. Міне, осы кезден бастап Жировтың бокстағы жеңісті жолдары басталды. Алғаш 1992 жылы КСРО құрамасы сапында Шотландияда өткен Еуропа біріншілігінде 75 келіге дейін салмақта топ жарады. Сондай-ақ, осы жылы тұңғыш рет Қазақстан біріншілігінің бас жүлдесін жеңіп алды. 1992-1995 жылдар аралығында төрт жыл бойы ел біріншлігінде бірінші орынды ешкімге берген емес.
1993 жылы ТМД кубогында қарсылас шақ келтірмеді. Бір өкініштісі, Васяға әуесқой бокста әлем чемпионатының алтыны бұйырмай кетті. Екі жылда бір өтетін дүнижүзілік додаға екі рет қатысып, екеуінде үшінші орынмен шектелді. Ал құрлық біріншілігінде 1995 жылы топ жарды. Оның алдында Азия ойындары мен Тегерандағы құрлық біріншілігінде қолаға ие болған еді. Мұның барлығы Олимпиаданың алтынын алуға жасалып жатқан дайындық болатын.
Жиров Атланта шаршы алаңындағы алғашқы кездесуін Мексика үкілген Хулиа Сесар Гонсалеске қарсы өткізіп, оны 2 раундта нокаутқа жіберді. Одан кейін италиялық Пиетро Ауриноның осал тұсын тапты. Ширек финалда Канадан келген Трой Россты үйіне қайтарды. Жартылай финалда бір жыл бұрын Берлинде өзі есе жіберген америкалық Антонио Тарвермен жолы түйісті. Есе қайтаруға тамаша мүмкіндік болатын. Осыны жақсы түсінген жерлесіміз өзінің нағыз бабында екенін әрі шеберлігі толысқанын көрсетті.
Алғашқы үш минуттың қорытындысы бойынша Антонио 4:2 есебімен алда тұрды. Екінші раундта Вася жылдамдығын үдете түсті. Тарверге сол қолымен бокстың «джеб», «апперкот» секілді әдістерін тамаша қолдана білді. Екінші кезең 9:8 есебімен Жировтың жеңісімен аяқталды. Соңғы раундта ара қашықты ұстай білген жерлесіміз кездесуді жеңіспен аяқтады. Қорытынды есеп – 15:9. Бұл жеңісінен кейін бокс мамандары Васиий Жировты «Баркер» кубогына лайық деп шешті. Бұрын-соңды жартылай финалдан соң, мұндай шешім қабылданбайтын. «Баркер» кубогының иесін анықтау үшін міндетті түрде финалдық айқастарды күтетін. Кейбіреулер түсінбей шулап та жатты. Дегенмен Вася ақтық сында кәріс боксшысын еш қиындықсыз жеңіп, Олимпиаданың алтынын жеңіп алды. Осылайша, «Баркер» Кубогына нағыз лайық боксшы екенін көрсетеді. Жировтың жеңісті жолы кейінгі Олимпиадаларда өз жалғасын тапты.
Жалпы Василий Жиров әуесқой бокста 217 кездесу өткізіп, соның 207-сінде жеңіске жеткен. 24 ірі халықаралық турнирде топ жарған.
Олимпиданың биік шыңын бағындырған соң, «Балқаштың Барысы» кәсіпқой боксқа бет бұрады. 1996 жылдың соңында танымал бокс промоутері Боб Аруммен келісімшартқа отырды.
Кәсіпқой бокс рингіндегі алғашқы жекпе-жегін 1997 жылдың 18 қаңтарында соған дейін жеңіліссіз келе жатқан АҚШ-тың Винсент Браун деген боксшысымен өткізіп, екінші раундта нокаутқа түсірді. Васяның кәсіпқой бокстағы кездесулерінің көпшілігі нокаутпен аяқталып жүрді. Брауннен кейін АҚШ-тың тәжірибелі Арт Джиммерсон, Джейсон Николсон, Рич Ламонтанье, Джон Кайсер, Артур Уияльмс секілді былғап қолғап шеберлерін бірінен соң бірін қалағанынша төпеледі. Ламонтаньені жеңіп, WBC тұжырымының чемпионы атанды. Ал 1999, 2000 жылдары рингте оған қарсы шыққан канадалық Дэйл Браун мен италиялық Сол Монтанада жерлесімізге қарсылас болып жарытпады.
2001 жылы Василий бір кездесуін Қазақстанда өткізуді жөн көреді. Чемпиондық тәжін қорғау үшін пуэртоамерикалық Алекс Гонсалеспен қолғап түйістірді. Алматыда өткен жекпе-жекті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы тамашалаған болатын. Бірақ, бұл бокс кеші тым ерте аяқталды. Бар-жоғы бір раундтың ішінде Гонсалесті нокаутқа түсірген Жиров IBF тұжырымы бойынша өз белбеуін үшінші рет сәтті қорғайды.
Сонымен, жерлесіміздің кәсіпқой бокстағы жетістіктеріне тоқталсақ:
IBF, WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBC тұжырымы бойынша Америка чемпионы.
Жалпы кәсіпқой бокс рингіне 1997-2009 жылдар аралығында 48 рет көтеріліп, соның 38-інде жеңіске жеткен. 32 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған атақты нокаутерлердің бірі.
Қазіргі кезде Василий Жиров АҚШ-тың Аризона штатының тұрғыны. Қазақтың атын шығарып, әнұранын орындаған боксшымыздың біз үшінде қашанда орны ерекше.
Балқаштың "Барысы" – бокстан алғашқы Олимпиада чемпионы
Читайте также
Бақтияр Артаев: Айсұлу Ыбрашова мас болды
Жұлдыздар фабрикасы немесе AIBA қулығы
Азия ойындарында бастан жарақат алған боксшы болған жоқ – AIBA
Геннадий ГОЛОВКИН: Мен не үшін Ресейдің намысын қорғауым керек?
Украиналық Хитров Головкинмен кездесуді көздейді
Қарақозыны былғары қолғап шеберлері еске алды
Последние статьи автора