2018 жылдың Жолдауы адами капитал мәселесіне ерекше тоқталған. Адами капитал деген – ең алдымен адамдар. «Тас ғасыры тас таусылғандықтан аяқталған жоқ, мұнайдың дәуірі де мұнайдың таусылуымен бітпейді» деген қанатты сөзге сәйкес, адами капитал – мемлекеттің бүгін және болашақта жүзеге асыруға ниеттенген істерінің негізгі факторы. Адами капитал – білім берудің барлық деңгейін, өндірістегі дайындық капиталы (кәсіби біліктілік, қабілет, өндірістік тәжірибе); ғылыми капитал (ғылым саласы, өнертабыс, инновациялар, зерттеулер); мәдени капитал (тәрбие, өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі дамыту); экономикалық маңызды ақпаратқа ие болу капиталы (болашағы бар бағыттар, бағалар мен табыс туралы хабардар болу) және миграция капиталын (қызметкерлердің мобильділігі) қамтиды.
Көріп отырғанымыздай, Президент адами капиталды дамыту мәселесін жүйелі шешуге шақырады. Яғни, адами капиталдың қалыптасуы және аккумуляциясы үшін оның дамуына қажетті ресурстарды жұмсау керек (материалдық, табиғи, рухани). Бір жағынан инвестициялар – адами капитал өндірісіне бағытталған ресурстық салым, екінші жағынан инвестициялар – адами капитал мен оның құрамдас бөліктерін қалыптастыруға арналған іс-шаралар кешені. Соның ішінде білім, өндірістік тәжірибе мен денсаулық сақтау, географиялық мобильділік, ақпарат іздеу сияқты бөліктерге ерекше мән беру керек.
Елімізде жоғары білім берудің барлық деңгейінде аталған құрамдас бөліктер құрылған және сәтті жұмыс істеп жатыр. Оған қоса, екі жыл бұрын орта арнайы кәсіби техникалық білім тегін болып, революциялық өзгеріс орын алды. Жұмысшы және техникалық мамандықтарды игергісі келетін жастар үшін әлеуметтік лифт ұғымы қолжетімді бола бастады.
Сонымен қатар Жолдау жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар мен кадрлар керек екенін анық көрсетеді. Онда педагог мамандарды оқыту мен олардың кәсіби біліктілігін арттыру ісін қайта қарау мәселесіне назар аударылған. Сондықтан ел ішіндегі университеттердің жанынан педагогика кафедралары мен факультеттерін дамыту керек. Осы және өзге де өзекті тақырыптарды қозғаған Мемлекет басшысының адами капиталдың дамуына серпін беретін бірқатар бастамаларын атап өтуді жөн көрдім. Барлық өңірде оқушылар сарайының негізінде арнайы инфрақұрылымы, компьютерлері, 3D-принтерлері, зертханалары бар, балаларға арналған технопарктер мен бизнес-инкубаторларды желісін құру қажет. Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу және өндірістік-технологиялық ортаға араластыруға мүмкіндік береді. Ғаламторда орта мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеодәрістерін орналастыру керек. Шалғай аудандар мен ауылдарда тұратын қазақстандықтар осылайша, үздік білімге қол жеткізеді. Аталғандардан бөлек, жас ғалымдарды қолдауды жалғастыру, білім беру саласын экономиканың жеке бір саласы ретінде қарау сияқты маңызды мәселелер қамтылған. Президент сондай-ақ жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру, елімізде әлемдік университеттердің кампустарын ашу, мұғалімдерді қайта даярлаудан өткізуді қолға алуға баса назар аударды.
Адами капитал туралы Жолдауда алғаш рет айтылған жоқ. Осыған дейін жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында адами капиталдың сапасы ұлт жетістігінің кілті екені атап көрсетілген болатын. Ұлт болашағы оқу аудиторияларынан басталады. Бұл қазақтың «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген тәлімі мол сөзін еске салады. Рухани жаңғыру бағдарламасында ұлттық кодты сақтау, дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптей отырып, жаңа заман талаптарына сай бейімделу туралы айтылған еді.
Жаңа бағдар мен еліміздің қолы жеткен жетістіктерінен бөлек, шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Біз тәуелсіздікке Кеңес үкіметінен қалған стандарттармен кірдік. Олардың бірқатары әлі күнге жойылған жоқ. Жапондардың «Каидзен» философиясында келесідей ереже бар: «Тәуелсіз адам бәсекеге қабілетті өнім шығарады. Егер адамға сенім артпаса, ол сапалы дүние жасай алмайды». Бізде қалай? Елімізде мұғалімдер мен оқытушылардың жұмысын қадағалауға бағытталған тексеріс көп. Жас ұрпаққа білім беруі керек ұстаздар жоспарлар мен есептерден көз ашпайды. Жоғары оқу орындарында да осы қағазбастылық оқытушыларға қолбайлау болады. Біз білім беру ісіндегі еркін адамдарға сенім арту керекпіз. Сонда ғана олар шынымен сапалы, бәсекеге қабілетті дүниелерді жасап шығарады. Мемлекеттік қызметкерге артылатын сенім де осы шамалас. «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыратын мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс орнына смартфондарын алып кіруге болмайды. Цифрлы технологиялардың соңғы жетістігінің бәрі қазір телефон қосымшаларына негізделген. Адами капиталды дамытуда ең алдымен осы мәселелерге назар аудару керек.
Мұхит-Ардагер СЫДЫҚНАЗАРОВ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Заманауи зерттеулер институтының директоры,
филология ғылымдарының кандидаты