Қыркүйектен бастап мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің жалақысы өседі
Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту педагогтерінің жалақысы өсуі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында жазылған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту педагогтерінің лауазымды айлық мөлшері мына түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады:
- 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1,3 мөлшерде», - делінген құжатта.
Қауылы жобасына қосымша берілген түсіндірмеде жазылғандай, педагогтердің жалақысын көтеру - аталған саланы таңдайтын жастар қатырының көбеюіне және мұғалімінің беделін арттыруға ықпал етпек.
«Жобаның мақсаты - педагогтің өмір сүру жағдайларын жақсарту және оның әлеуметтік мәртебесін арттыру, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мұғалімінің беделі. Нәтижесінде педагог мамандығы педагогикалық қызметтер нарығында сұранысқа ие мамандықтардың біріне айналады», - деп түсіндірме берілген Үкімет қаулысына.
Құжат 5 мамырға дейін көпшілік талқылауда болады.
Қоса кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігіне қарасты оқу орындары педагогтерінің жалақысы өсетінін хабарлап едік.