Ата-аналар мен мұғалімдер "жөнсіз ақша жинаған" директордың қайта тағайындалуына қарсы
14 маусымда Шымкентте қалалық білім басқармасына келген 20 шақты ата-ана мен мұғалім "жөнсіз ақша жинап" "өз еркімен жұмыстан шыққан" мектеп директорының 8 айдан кейін қайта тағайындалғанына наразылық білдірді.
2020 жылдың қараша айында №125 мектептің мұғалімдері аталған білім орнының басшысы Әсет Сатыбалдиевты "жөнсіз ақша жинады" деп айыптап, мұғалімдердің кейбір сөздері расталғаннан соң білім басқармасы оның өз еркімен қызметтен кету туралы өтінішін қабылдаған. Оның қайта тағайындалуына қарсы бір топ ана-ана мен мұғалім дүйсенбі күні қалалық білім басқармасының алдына келіп, "директор орнынан кетсін" деп айқайлады.
Мектеп мұғалімі Меруерт Қайырованың айтуынша, ондаған мұғалім жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне мектептегі ақша жинау фактісі бойынша шағым түсірген. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
- Жұмысқа кіретін кезде ақша бересің. 18 сағатқа 2 сағат қосса, оған да ақша сұрады. Сатыбалдиев мұғалімдердің арызымен жұмыстан босатылды ғой. Тергеу жүріп жатыр. Енді мектепте қайтадан жемқорлыққа жол беріле ме деп қорқамын, - дейді Қайырова.
Ал ата-аналар "жөнсіз ақша жинап" тергеуде жүрген мектеп директоры балалардың толық білім алуы мен тәрбиесіне кері әсер ете ме деп те алаңдайды.
Жиналғандардың алдына қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева шықты. Ол Сатыбалдиев өз еркімен жұмыстан шығу туралы арыз жазғанымен үш күннен кейін қайта жұмысқа орналасуға өтініш тастағанын айтады. Бірақ басқарма оны директор етіп қайта тағайындаудан бас тартқан. Сатыбалдиев басқарманың жұмыстан шығару туралы бұйрығына қарсы Әл-Фараби аудандық сотына арызданған. Аудандық сот мектеп директорының арызын қанағаттандырмаған соң қалалық сотқа апелляциялық шағым түсірген. Қалалық сот Сатыбалдиевтың шағымын қанағаттандырған. Осылайша оны қайта директорлыққа тағайындауды және жұмыстан шығарылған уақыттағы айлық жалақысын есептеп, басқармаға өтеуге міндеттеген.
- Біз соттың қаулысын орындауға міндеттіміз. Қалалық соттың қаулысына қарсы кассациялық шағым түсірдік. Енді Жоғарғы соттың шешімін күтеміз, - дейді Тәжиева.
Жиналғандар басқарма жауабына қанағаттанбай бірнеше рет "кет!" деп айқайлап тұрды.
Мектеп директоры Әсет Сатыбалдиев мұғалімдердің жөнсіз ақша жинауы" туралы арызын "түсінбеушілік" деп санайды. Ол сот қаулысымен мектеп директорлығына қайта тағайындау заңды деп есептейді.
Былтыр қараша айында Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында үш жыл бұрын ашылған №125 мектептің бес мұғалімі Facebook желісінде тікелей эфирге шығып, мектепте жөнсіз ақша жинайтынын айтқан. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетовке үндеу жасаған. Терезе пердесінен бастап, кітапқа, газетке, мектеп директорының туған күніне де ақша жиналатынын жеткізген.
Қарай отырыңыз: Мұғалімдер әкісшілікті "ақша жинайды" деп айыптап, Тоқаевтан көмек сұрады (Қараша айы, 2021 жыл).
Көп кешікпей қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева арызданушы мұғалімдерді кабинетіне шақырып, төрт сағат жиналыс өткізген. Шағынған мұғалімдерден арызын растайтын құжаттар сұрап, соңында өздерін ақша жиналатынын айтпай келгені үшін кінәлаған. Кейін мұғалімдер шағымын комиссия тексеретінін айтқан.
Бір аптадан соң Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева "жөнсіз ақша жиналды" деп арызданған №125 мектеп мұғалімдерінің кейбір сөзі расталғанын, мектеп директоры мен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінен босатылғанын хабарлаған.