ЖЕСІР ӘЙЕЛ БОЛСА ДА, ЖЕСІР ЕРКЕК БОЛМАЙДЫ
СҮТ ІШІНДЕ МАЙ ЖАТАДЫ
Атам қазақ сүт шайқаса қаймақ алам демейді, май алам деп шайқайды. Қазақтың сөйлеу мәдениеті де солай. Сол мәдениетіміз бүгінде көмескіленіп барады. Қазір шолағынан «Жемесе де май жақсы» деп қайыратын болдық. Біліп жатқандар болса «Бермесе де бай жақсы» деп жалғастыратын болды. Шын мәнінде, оның әу бастағы нұсқасы «Жемесең де май жақсы, тимесең де бай жақсы» болатын. Енді мына мысалдарымызға назар аударыңыз.
АЛМАС ҚЫЛЫШ ҚЫН ТҮБІНДЕ ЖАТПАЙДЫ
Қылышты білген қазақ қынды да білген. Қылыштың сауыты қынап та, пышақтікі – қын. Осыған орай БАҚ беттерінде дау-дамай бар.
Қын түбінде пышақ ғана жата алады. Өйткені ол пышаққа арналып жасалған. Онда қылыш жата алмайды. Бұл тура мағынасында айтылған мәтел. Ал мағынасы «әр нәрсенің өз орыны барды» білдіреді.
АУРУ – АСТАН, ДАУ – ҚАРЫНДАСТАН
Не нәрсе болсын өзіміздің қажетімізге қарай бұрып аламыз. Ауру – астан деп тақ ете қаламыз. Екінші жартысын айтпаймыз. Дұрысы көмескіленген. Бұл мақалдың екінші жартысы – дау – қарындастан.
Осындағы қарындас сөзін әйел баласына қаратып айтып жүрген жайымыз бар. Шын мәнінде ол бір қарыннан шыққанға қаратылып айтылған.
«Қарындастан айырылған жаман екен, мөлтілдеп екі көзге жас келеді…»
Бұл жерде туған бауыр жөнінде айтылып тұр. Ал мына мақалдың жөні бөлек. Мұнда әңгіме енші бөлісі жөнінде айтылып тұр. Ағайындылар арасында даудың енші бөлісуден басталатыны белгілі. Олай болса дау – туған бауырдан.
БІРІНШІ ӘЙЕЛ, ЕКІНШІ ӘЙЕЛ…
Бүгінде шежіре кітабынан көп нәрсе жоқ. Таралымы да орасан. Соның кез келген бетін ашып қалсаңыз әйел санамағын көресіз. Бірінші әйел, екінші әйел, үшінші әйел, төртінші әйел деген.
Бабаларымызда көп әйел алушылық болған. Жаугершілік заманына қарай жесірлерін қаңғытпаған. Басқадай да себептермен төрт рет некелескен.Төрт әйел алуды шариғат та қосқан. Алайда біздер сияқты әйелдерін нөмірлемеген. Үлкен әйелін – бәйбіше деген. Одан кейінгі әйелдерін – тоқал/дар деген.Тоқалдарының өзін түстеп қойған. Тоқалдарының үлкенін – үлкен тоқал, ортаншысын – кіші тоқал, соңғысын – кенже тоқал деген. Дүниеге некесіз сәбилер де келіп тұрған. Бабаларымыз оларды да алыстатпаған. Олардың шешелерін – аяқбау деген.
ЕЛУ ЖЫЛДА ЕЛ ЖАҢА, ЖҮЗ ЖЫЛДА ЖЕР ЖАҢА
Бұл мақал ел ішінде «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп қолданылады.
Әдетте мақалдың логикалық қисыны, пайымы кемел болады. Мұнда соның көлеңкесі де жоқ. Әңгіме қазан жөнінде болса бұл мақалдың дұрысы «Елу жылда ел бақыр, жүз жылда қазан» болуы керек еді. Егер елге қаратылып айтылса…«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда жер жаңа». Бұрынғының шалдары солай дейтін. Қисыны кемел. Шыркөбелек айналған дүниеде қозғалыссыз тұрған дүние жоқ. Олай болса ел де жаңарады, жер де жаңарады.
ЖЕСІР ӘЙЕЛ БОЛСА ДА, ЖЕСІР ЕРКЕК БОЛМАЙДЫ
Түрлі себептермен қосақтарының біреуі қайтыс болып жұптылардың жеке қалу оқиғасы өмірде кездесіп жатады. Әйелдерге қаратып айтқанда жесір дейді.
Бұл сөз міндетті түрде күйеуі қайтқан әйел баласына қаратылып айтылады. Неке бұзушылар, неке аттаушылар да бұған жатпайды. Соған қарамастан айтушылық бар. Жесір еркек деп. Ішің қылп ете қалады. Әйелі қайтқан еркекті меңзегені.
Сол кезде кешегі абыз шалдардан естіген есті мақалың есіңе сарт ете қалады. «Бопай тигенін алады, тотай сүйгенін алады» деген. Қазақ мақал-мәтелдерін орнықтыруға көп күш салып жүрген Мұзафар Әлімбаев ағамыз «Үйі сынық тигенін алады, Бойдақ сүйгенін алады» деген екен. Біліп жүргеннің артықтығы жоқ, әйелі өлген еркек – бопай.
ИТ ЖАҚСЫСЫ ӨЛІМТІГІН КӨРСЕТПЕЙДІ
Ит серті бар мақұлықат. Киіктің серті жол кесу болса, иттің серті ерте ме, кеш пе ата жауымен бетпе-бет келу. Ал иттің жауы кәдімгі қасқыр. Кез келген қасқыр итті бұтарлап кете алады. Керісінше, итте ондай қауқар болғанымен айбын жоқ. Кейбір иттер қасқыр алғанымен, көбінесе өздері жем болып жатады. Ит әбден қартайғанда да бұл сертінен тая алмайды.
Өлерін білген ит өлермен. Ол ұли бастайды. Ата жауын іздейді. Бұрынғыдай бұғып қала алмайды. Жауына жемтік болып кетсе де шайқасып өледі. Иттің жақсы аталатыны, өлімтігін көрсетпейтіні осыдан.
Негізінен бұл мәтел жүрексіздерге, қорқақтарға қаратылып айтылады. «Ит жақсысы өлімтігін көрсетпейді» дегенде бабаларымыз осыны айтып отыр. Бұл мақал «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деп жарыспалы түрде де айтылып жүр.
ИТ ӨЛГЕН ЖЕР
Ит жеті қазынаның бірі. Жұмақта болатын мақұлықаттың ішінде ит те бар.
Құс өзі үшін алады, ит иесі үшін алады. Адам ұстаған мақұлықаттың ішіндегі ең тазасы осы ит. Әлекедей жаланған деп айтса қазақ тек тазының жүйріктігімен қоса оның тазалығын да айтып отыр. Соған орай қазақ баласы тазыны төрге оздырған. Мұнан біздің білеріміз ит иесі үшін ауру-сырқау әкелмейді екен. Ит ауырғанда иесінен алыстай бастайды. Әлі жеткенше денесін сүйреп барып өледі. Демек, ит өлген жер деген сөз алыс жер деген сөз.
КЕЛІННІҢ ҚҰЛАҒЫНА АЛТЫН СЫРҒА
Бұл мәтелді атам қазақ «айтылар сөзді келіндер естімей-ақ қойсын» мағынасында айтқан. Баланың жөні бір бөлек те, келіннің жөні бір бөлек. Келіннің көзінше ондай әңгіме айтылар болса алданышы болсын. Құлақтың ондай алданышы алтын сырға.
ҚАЛМАҚ ҚЫЗЫ БӘЙБІШЕ БОЛА АЛМАЙДЫ
Тағы да сол шежіре кітаптарында жиі кездесетін сөздердің бірі – «бәйбішесі қалмақ екен», «бәйбішесі – қалмақтан» сынды сөздер.
Жаңсақтық жоқ сияқты.
Ең алдымен айтарымыз қазақ қалыбында бәйбіше баласын кемсіту жоқ. Ал қалмақ әйелінің шаранасын екінің бірі кеміткен. Әпсана-аңыздардан білетініміз үйленбеген батыр бабаларымыз олжа қатындарын/қыздарын жар ете алмаған. Өйткені бәйбіше міндетті түрде қазақтан болуы керек. Бабаларымыз қыздарын кемсітуге осылайша жол бермеген. Олай болса қалмақ қызының бәйбіше атануы мүмкін емес, болса тоқал шешелеріміз ғана болған.
ҚАЛМАҚ ҚЫЗЫН АЛУҒА ҰМТЫЛҒАН
Қазір шешелерімізді қалмақ десең-ақ болды – үйдей пәлеге қаласың. Әрі-беріден кейін сол қалмақтығын жазбай-ақ қойшы деп өтінеді.
Шын мәнінде бабаларымыздың қолы сол айтып отырған қалмақ тотайларына жете бермеген. Қалмақ қыздары бөліске түскенде ерлік көрсеткендерге ғана сондай құрмет жасалған. Оның үстіне Бұқар бабамыздың сөзі бар. «Отының болсын жантақтан, қатының болсын қалмақтан…» деген.
Бұл не деген сөз. Тұқымың азып кетпесін деген сөз.
ҚЫРҒЫЗДАР ДА БІРНӘРСЕ БІЛГЕН
Қырғызда мәтел бар. «Қазақ болғың келсе – қызын ал» деген. Қазақ қызы қашанда кеңқолтық болған. Өзінің бір, ерінің қырық күндігін ойлап отырған. Қазақ әйелі бар еркек өзін толық санаған. Енші бөліскенде тоқал баласы болса да бәйбіше баласындай енші алған.
ОТ АЛУҒА КЕЛГЕНДЕЙ
Ертеде жетімсіздік көп болған. Соның бірі – күкірт жетімсіздігі еді. Мұның өзі отты (күкіртті) үнемдеп пайдалануға итермелеген. Осыдан барып от көму шыққан. От көму деген сөз қазанның астындағы қидың шоғын күлмен қалың етіп жауып тастау деген сөз. Ертеңінде от жаққанда сол шоқты тамызық етеді. Үрлеп берсе болды қау ду ете қалады.
Отты қыста ғана емес, жазда да көмеді. Ертемен ауыл сол көмілген отты алуға ұмтылады. Шоқтың қызуы қайтпас үшін оны асығыс алып кетеді. От алуға келген жандар асығыс келеді, үсігіс қайтады. «От алуға келгендей» деген сөз содан қалған.
ӨЛІ ЖАРЫМАЙ, ТІРІ БАЙЫМАЙДЫ
Қазір бұл мәтелді ел «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп қолданып жүр. Өлі пәнилік ешнәрсеге мұқтаж емес. Ол ішпейді, ол жемейді, ол кимейді.
Алайда ол рух. Ал рух үнемі еске алуды қажет етеді. Сонда ғана тірілер рухы тазарады. Өліні жарытса тек дұға ғана жарытады, Құран ғана жарытады. Өлі дұға бағыштағанда ғана, Құран түсіргенде ғана жариды. Осы амалымен мүмін мүсілімдік міндетінен құтылады. Тірінің жаруына, тірінің баюына жол ашады.
САРЫМСАҚ ШАЙНАҒАННЫҢ ТІСІ БҮТІН
Қазақ даласына жете қоймаған теңіз саяхатшыларының цинга деген ауруы бар. Оны қазақтар діңгене деген. Ол кәдімгі обадай миллиондаған өмірді жалмаған. Бұл ауру теңізшілер арасында ғана емес, алыс жатқан елді мекендерде де кеңінен тараған. Оның ішіне Сібірде. Негізгі себебі аскорбин қышқылының жетіспеушілігі. Медицина тілімен айтқанда, С дәрумені жетпейді деген сөз. Бұл сырқат қызыл иектің талаурауынан басталады. Сол сырқаттың мың да бір емі сарымсақ екенін бабаларымыз білген. Сарымсақ болғанда чеснок емес, даланың (сайдың) сарымсағы. Сол сарымсақ діңгененің мың да бір емі. Қазақ көпестері соны пайдалана білген. Сарымсақ шайнаған адамның тісі бүтін деген сөз содан қалған. Сарымсақ шайнағаннан иіс шығып тұрады. Хош иіс емес, әрине. Мағынасы өзің үшін қолайсыз болса да құрбандыққа бар деген сөз.
ҮРЕРГЕ ИТІ ЖОҚ, СЫҒАРҒА БИТІ ЖОҚ
Хақ Тағалла мақұлықаттарды Адам Атадан бұрын жаратқан. Жұмақтан Адам Ата Хауа Анамызбен, шайтанмен шығып қалған. Сонда шайтан мақұлықаттарды азғырған. Адам Ата сендерді құртады деп. Сонда бірінші болып ит қапқан екен. Алайда Жәбірейіл періштеден хабар келіп, Адам Ата оны қапса да жылы құшағына алады. Адам Атаның жұпар иісін алған иттер оның жау емес, дос екендігін біледі. Сөйтіп, болашақ иелерін қорғап қалады. Һақ Тағалла оларды мәңгілікке дос етеді. Үрерге иті жоқ деген сөз – қорғансыз қалды, доссыз қалды деген сөз. Бұл мәтелдің екінші жартысы біріншісімен өзектес. Иттің қызылмен қоректенетіні белгілі. Қызыл деп отырғанымыз ет. Еті жоқ үйге ит жоламайды. Қаны аз адамға бит жоламайды.
ІРІМШІККЕ МАЙ ҚОНДЫРҒАНДАЙ
Ұйытқыны қазандағы сүтке малып алса болды сүт бірден дір-дір етіп тортадай ұйып түседі. Оны ағаш қасықпен араластырып отырып қайнатады. Ең соңында сүт сарғыш тартып, жапырақтанып алақан аумағындай ірімшік түседі. Оны ұзақ және жақсы сақтау үшін көлеңкеде желдетіп, кептіріп алады. Мұндай ірімшіктер қызғылт түсті болады. Ал күн көзіне кептірілгендері сарғыштау болады. Алдыңғысын түсіне қарамастан ақ ірімшік, кейінгісін шыны ірімшік дейді. Ерте заманда тәттінің болмағаны белгілі. Сол тәттінің орнына осы ірімшік жүрген. Ауылдың шайқой қариялары болыскей самауырындарды осындай ірімшіктерді майға бұлғап тісіне баса отырып тауысқан. Мұндай қариялардың дастарқан басындағы сөздері де, шайды сораптап тартыстары да жарасымды болады. «Ірімшікке май қондырғандай» деген сөз соған қарай айтылған.
Төрехан МАЙБАС, жазушы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері
anatili.kz