Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ киносы
Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ киносы ерекше жетістіктермен есте қалды. Бұл жылдары ұлттық фильмімізге енген жаңалықтар аз емес еді. Аталған кезеңде КСРО кинематографистері бастарынан біраз қиындықтарды өткергені анық. Атап айтсақ кеңестік алып киноиндустрия орталығы атанған "Ленфильм" мен "Мосфильм" өз орындарын соғыс салдарынан ауыстыруға тура келді.
Соғыс бастала салысымен кеңестік кино тақырыбы мен идеялары соғыс туралы болды. Сол жылдары шығарылған әрбір туынды фашизмге қарсы үгіт-насихат түрінде экрандалып отырды. Кеңес киносы өз әскеріне рух беру мақсатында аталмыш өнерді кеңінен пайдаланды. Әсіресе қысқа форматты фильмдер көптеп шығарылды.
1941 жылдың күзінде "Мосфильм", "Ленфильм" киностудиялары Алматы қаласына уақытша қоныс тебеді. Сонымен қатар Орталық деректі фильм студиясы мен Киевтің хроникалық студиясы да Алматы қаласына шоғырланады.
Режиссер Сергей Эйзенштейн / фото: kinopoisk.ru
1941 жылы 12 қыркүйекте Алматы көркем фильмдер студиясы ұйымдастырылады. Ал 1941 жылдың 15-ші қарашасында "Мосфильм", "Ленфильм " студияларымен бірігіп Біріккен Киностудиялар Орталығының (ЦОКС) құрамына енеді. Сөйтіп БКО Алматы қаласында құрылған болатын. Мұнда орыстың атақты кино мамандары жұмыс жасады. Атап айтсақ : С.Эйзенштейн, И.Пырьев, Г.Александров, Г.Рошаль, В.Пудовкин, Г.Козинцев, ағайынды Васильевтер, Л.Трауберг, Э.Тиссэ, тағы басқа бірқатар белгілі кинематографистер бар.
Сонымен қатар Бүкілодақтық сценарий студиясы да Алматыға көшіріледі. Онда бүкіл елге танымал кинодраматургтер жұмыс істеді. Олардың ішінде М. Блейман, С. Ермолинский, А. Каплер, Н. Эрдман секілді өз саласының нағыз шеберлері бар еді. Осындай маманадардың келуі қазақ киносының дамуын ілгерлетті.
"Сын бойца" фильмінен кадр
Орыс драматургтерімен қазақ жазушылар арасында жақын шығармашылық байланыс орнайды. Байланыс нәтижесінде соғыс жылдары көптеген фильмдер туылады. Соның бірі "Дала әндері" киноновелласы. Новелла құрамына 3 қысқаметражды фильм енгізілді. 1."Сын бойца", 1941 ж., реж: В.Строева, сц: Ғ.Мүсірепов, С.Михалков, И.Прут. 2. "Алыптың әні", 1942 ж., реж: В.Строева, сц: Ә.Тәжібаев, Л.Жежеленко. 3. "Ақ гүл", 1943 ж., реж: Е.Арон, сц: Қ.Сиранов, В.Морозов. "Ақ гүл" фильмі Қазақстан тақырыбындағы алғашқы кинокомедия болып есептеледі. Сюжетін жазған Қабыш Сиранов қазақтың алғаш кәсіпқой сценарийшісі ретінде белгілі.
Малик Журчубаев