Биылғы жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 66 жыл толып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллиондай адамын жалмаған сұрапылда Қазақстаннан да көптеген жауынгерлер жауға қарсы жан аямай шайқасты. Осынау соғыста бүкіл КСРО бойынша 12 мыңнан астам жауынгерлер, командирлер, қолбасшылар, партизандар, қарапайым халық өкілдері осы елдегі 1934 жылы белгіленген ең жоғарғы құрмет – Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Солардың қатарында оған ие болған қазақ ұлтының азаматтары 103 болып отыр.
Аталмыш көрсеткіш бұрынғы деректерде, тіпті тарих оқулықтарының беттерінде бірде 95 немесе 97, енді бірде 98 болып беріліп келген болатын. Міне, соны нақтылай түсу мақсатымен көптеген анықтамалық кітаптардағы 12 мыңнан астам батырдың өмірбаяндарын сүзе қарап, қазақ азаматтарын зерделей іздеуге тура келді. Өзбектер иеленіп кеткен айтулы қазақтар: генерал-майор Сабыр Рахимов пен бөлімше командирі Расул Есетов осы санатқа қосылды. Дәлірек айтқанда, соғыс кезеңінде бұл атақ 100 адамға нақты берілсе, 1946 жылы оны Сұрағанов Құдайберген, 1965 жылы генерал Рахимов Сабыр, ал 1990 жылы Момышұлы Бауыржан алды.
Бұл таза ұрыс алаңында барлығы 103 қазақ осы жоғары атаққа ие болды деген сөз. Кейін, яғни бейбіт кезеңде оған қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, Ауған соғысының қаһарманы Қайырболат Майданов қосылды. Соңғы азамат кейіннен Чешенстандағы қантөгісте Ресей Батыры атағын да иеленді. Өкінішке қарай, 2000 жылы оның тікұшағы атып түсіріліп, өзі қазаға ұшырады. Бұлардан тыс 90-шы жылдардың соңында кеш те болса Ресей Батыры атағын Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ұшқыш-радист жетісулық Бақтыораз Бейсекбаев та алды.
Біздер төменде ұлтымыздың мақтанышына айналған Ұлы Отан соғысындағы батырларымыздың нақтыланған қысқаша мәліметтерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл деректер осыдан 30-40 жылдай бұрын шыққан көп томдық «Герой Советского Союза», «Қазақстандық Совет Одағының Батырлары», «Қазақ Совет Энциклопедиясы» кітаптары негізінде қорытылғандықтан, олардың өмірбаяндық деректері сол кезге сәйкес келеді. Қазіргі таңда соғыстан тірі оралған батырлардың дені өмірден өтіп кеткендігін қаперде ұстаған жөн. Соңғы шыққан «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясында батырлар ішінара қамтылыпты. Атап айтқанда, жалпы тізім түрінде берілген. Бірақ олардың өзі, өкінішке қарай, толық емес. Бізге ең маңыздысы – кешегі Ұлы дала батырларының тіккен ерлік туын құлатпай, асқақ ұстаған осы заманғы қазақ батырларын жас ұрпақ қастер тұтсын, ардақтасын деген ізгі тілекті жүзеге асыру. Өйткені, қазақ қанынан жаралған жас ұрпақтың Отан үшін от кешкен аталары мен апаларының есімдерін әрдайым қастер тұтып жүргендері абзал!
1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германияның Кеңес Одағына опасыздықпен басып кіргеніне биылғы жылы 70 жыл толмақ. 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста біздің сан мыңдаған бауырларымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болғаны – ащы шындық. Олардың басым көпшілігі ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, халқымыздың ерлік рухын асқақтатты. Мына төменде беріліп отырған Кеңес Одағының Батыры атағын алған қандастарымыздың тізімі – соның айғағы.
P.S. Төмендегі беріліп отырған әрбір қысқаша деректің соңында ерекшеленіп көрсетілген даталарды ағаларымызға Кеңес Одағының Батыры атағы қай күні берілгендігін білдіретін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы шыққан күн деп ұғыңыздар.
Пернебай ДҮЙСЕНБИН, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
* * *
1. АБДОЛОВ Михаил 1918 жылы Орал облысының Чапаев ауданындағы Бітік қыстағында малшы отбасында туған. Батыр атағына 1944 жылғы 7 қарашада Дунайдан өту кезіндегі ерлігі үшін ұсынылған. 23.3.1945.
2. АЙТҚҰЛОВ Сәлім 1913 жылы Орал облысының Жаңақала ауданындағы Мұқыр қыстағында туған. Кіші лейтенант. Батыр атағына 1943 жылғы 29 қыркүйекте Днепр үшін болған ұрыста көрсеткен ерлігі үшін ұсынылған. 17.12.1943.
3. АЙТЫҚОВ Ізғұтты (1922-1944). Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Гвардия старшинасы, барлаушы. Батыс Двина өзенінде, Полоцк қаласында болған ұрыста ерлік көрсеткен. 22.7. 1944.
4. АҚБАУОВ Оразақ 1908 жылы Орынбор облысында туған. Гвардия капитаны. 1943 жылы Днепр, Припять маңындағы ұрыстарда тапқырлық, ерлік көрсеткен. 17.10.1943.
5. АУХАДИЕВ Қойгелді (1907-1943). Семей облысының Көкпекті ауданында туған. Қатардағы жауынгер. 1943 жылғы Днепр өзені үшін болған ұрыста үлкен ерлік көрсетіп, негізгі күштің кедергісіз өтуін қамтамасыз еткен. 16.10.1943.
6. ӘБДІӘЛИЕВ Қарақозы (1908-1943). Шымкент облысының Ленгір ауданында туған. Лейтенант. Батыр атағына 1943 жылғы Мелитополь қаласындағы ұрыста көрсеткен ерен ерлігі үшін ұсынылған. 1.11.1943.
7. ӘБДІРОВ Нұркен (1919-1942). Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Сержант. 1942 жылы Ростов облысының Вешенск ауданындағы болған әуе ұрысында жанған ұшағын жау техникасының шоғырланған жеріне дәл бағыттап, ерлікпен қаза тапқан. 31.3.1943.
8. ӘБДІЖАППАРОВ Садық. 1925 жылы Шымкент облысының Шаян ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Батыр атағына Батыс Двинадан жалғыз өзі өтіп, жау пулеметін және 30-дай неміс солдатын жойған ерлігі үшін ұсынылған. 22.7.1944.
9. ӘБЕУІЛОВ Мұқатай (1917-1944). Семей облысының Шұбартау ауданында туған. Гвардия сержанты. Батыр атағына Венгрияны азат ету соғысында көрсеткен ерлігі үшін ұсынылған. 28.04.1945.
10. ӘБУТӘЛІПОВ Әнуар. 1923 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Пулемет расчетінің командирі. Батыр атағына Тисса өзені маңында болған ұрыста өзеннен 47 рет қайықпен қатынап, рота жауынгерлерін әскери жабдықтармен қамтамасыз еткен еңбегі үшін ұсынылған. 24.03.1945.
11. ӘЖІМОВ Төлебай. 1921 жылы Астрахань облысының Икрян ауданында туған. 1944 жылы Крастностив қаласын азат етуде, Висла өзенінен өткенде үлкен ерлік көрсеткен. 29.4.1944
12. ӘЛІМБЕТОВ Абылай. 1921 жылы Шымкент облысының Қызылқұм ауданында туған. Батыр атағына Брянск, Украина жерлерінде өткен ұрыстарда көзсіз ерлік көрсеткені үшін ұсынылған. 30.10.1943.
13. ӘШІРОВ Сейітқасым. 1924 жылы Шымкент облысының Түркістан ауданында дүниеге келген. Қатардағы жауынгер. Батыр атағына Белоруссия, Польша үшін болған ұрыстар алдындағы барлауда үлкен ерліктер көрсеткен ержүректігі үшін ұсынылған. 24.3.1945.
14. БАЙМАҒАНБЕТОВ Сұлтан (1920-1943). Қостанай облысының Семиозер ауданында туған. Аға сержант. Ленинград үшін болған ұрыста жау амбразурасын денесімен жауып, ерлікпен қаза тапқан. 21.02.1944.
15. БАЙМҰҚАНОВ Мұса (1910-1945). Гурьев облысының Мақат ауданында туған. Взвод командирі. Одер өзенін кесіп өту кезінде үлкен ерлігімен танылған. 10.04.1945.
16. БАЛМАҒАНБЕТОВ Мақаш. 1914 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепропетровск облысының Бородаевка қыстағы маңында болған шайқаста қаһармандық, теңдессіз батылдық көрсеткен. 22. 2.1944.
17. БЕГЕНОВ Мәди (1916-1944). Астрахань облысының Ахтуба ауданында туған. Бөлімше командирі. Днепрден өту кезінде асқан ерлік көрсеткен. 19.3.1943.
18. БЕЛІБАЕВ Зәкария. 1917 жылы Семей облысының Абай ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепрден өту кезінде асқан ерлік көрсеткен. 10.10.1943.
19. БӨКЕНБАЕВ Мәлкаждар. 1924 жылы Ақтөбе облысының Жұрын ауданында туған. Лейтенант. Ол басқарған взвод Буг өзені маңындағы ұрыста жаудың 102 солдаты мен офицерін қолға түсірген. 22.2.1945.
20. БАЛТАБЕКОВ Иманғали (1925-1945). Ақтөбе облысының Қобда ауданында туған. Сержант. Пулемет расчетінің командирі. Одер өзені маңындағы Одерфельд деревнясы үшін шайқастағы бір апта ішінде 120 жаудың көзін жойып, ерлікпен қаза тапқан. 10.4.1945.
21. БАЙЫСОВ Матай (1903-1943). Талдықорған облысының Талдықорған ауданында туған. Днепрден өту кезінде үлкен ерлік көрсетіп, Киев облысының Черняхов селосы үшін болған ұрыста қаза тапқан. 10.1.1944.
22. БЕКБОСЫНОВ Серікғазы. 1925 жылы Семей облысының Абай ауданында туған. Свирь өзенінен өту кезінде жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсеткен. 21.06.1944.
23. БИГЕЛДИНОВ Талғат. 1922 жылы Ақмола облысының Ақмола ауданында туған. Балалық шағы Фрунзе қаласында өткен. Чкалов әскери авиация училищесін бітірген. Калинин, Воронеж, Далалық Украина, Одер мен Ниджердегі ұрыстарға қатысқан. Жауға қарсы 305 дүркін ұшып шығып, сан рет батылдық пен тапқырлықтың үлгісін көрсеткен. Сол үшін батыр атағына екі мәрте ұсынылған қазақтың дара азаматы. 26.10.1944., 27.6.1945.
24. ҒАБДУЛЛИН Мәлік (1915-1973). Көкшетау облысының Зеренді ауданында туған. Рота командирі. Майор. Атақты 8-ші гвардиялық дивизия сапында шайқасқан. Батыр атағына Мәскеу түбіндегі ерлігі үшін ұсынылған. 30.1.1943.
25. ДӘУЛЕТБЕКОВ Амантай (1917-1943). Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. Зеңбірек командирі. Дон, Еділ өзені, Курск иініндегі шайқастарға қатысып, әр кезеңде өз зеңбірегімен жаудың 24 танк, 13 зеңбірегін, 200-ге жуық фашисті жойған. 24.12.1943.
26. ДОСМҰХАМБЕТОВ Әбу (1920-1943). Солтүстік Қазақстан облысының Приишим ауданында туған. Рота командирі, аға лейтенант. Днепрден өту кезінде ерен ерлік, қаһармандық үлгісін көрсеткен. 16.10.1943.
27. ЕЛЕУІСОВ Жәнібек 1925 жылы Алтай өлкесі, Таулы Алтай автономиялық облысында туған. Пулеметшілер бөлімшесінің командирі. Воронеж майданындағы ұрыстарда қаһармандық үлгісін көрсеткен. 16.10.1943.
28. ЕСБОЛАТОВ Нарсұтбай (1913-1941). Талдықорған облысының Ақсу ауданында туған. 28 панфиловшы жауынгердің бірі. Дубосеково разъезі түбіндегі ұрыста ерлікпен қаза тапқан. 21.7.1944.
29. ЕСТЕМІСОВ Саттар (1919-1943). Жамбыл облысының Шу ауданында туған. Сержант, автоматшылар бөлімшесінің командирі. Смоленск облысының Пречистинск ауданында болған шайқаста үлкен ерлік көрсетіп, қаһармандықпен қаза тапқан. 4.6.1944.
30. ЕСЕТОВ Расул 1924 жылы Шымкент облысының Түркістан қаласында туған. Бөлімше командирі. Шабуыл кезінде оның бөлімшесі жаудың 50 солдаты мен офицерін жойып, оқ-дәрі қоймасын қолға түсірген. 13.9.1945.
31. ЕСҚАЛИЕВ Сүндетқали (1924-1944). Орал облысының Бөрлі ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Могилев облысының Лидица деревнясы маңында болған шайқаста жау амбразурасын кеудесімен жауып қаза тапқан. 24.3.1945.
32. ЖАЗЫҚОВ Қожабай. 1920 жылы Ақтөбе облысының Байғанин ауданында туған. Лейтенант. Барлаушылар взводының командирі. Әр кезеңде жаудың 250 офицер, солдатын тұтқынға алған. Будапештегі жау тобын жойып, үлкен ерлік ісімен көзге түскен. 28.4.1945.
33. ЖАҚСЫҒҰЛОВ Садық. 1924 жылы Орал облысының Жаңақала ауданында туған. Миномет бөлімшесінің командирі. Днепрден өту үшін болған ұрыста үлкен ерлік, батылдық көрсеткен. 22.2.1944.
34. ЖАНҰЗАҚОВ Абдулла (1918-1944). Ақтөбе облысының Қобда ауданында туған. Автоматшы. Невель қаласы мен Глуховка елді мекенінде жанқиярлық ерлікпен көзге түскен. Батыс Двина өзенінен өту кезінде қаһармандықпен қаза тапқан. 22.7.1944.
35. ЖҮНІСОВ Мәжит (1917-1945). Орал облысының Жаңақала ауданында туған. Старшина. Автоматшы. Днепрден өту кезінде әскери басшылық тапсырмасын мүлтіксіз орындап, операцияның сәтті орындалуын қамтамасыз еткен. 20.12.1943.
36. ЖАМАНҒАРАЕВ Қашаған 1910 жылы Алматы облысының Шелек ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Сталинград, Курск, Украинадағы шайқастарда ерлік көрсеткен. 17.10.1943.
37. ЖОЛДАСОВ Лесбек. 1920 жылы Шымкент облысының Келес ауданында туған. Рота командирі. Дунай өзенінен өту кезінде ерлік үлгісін көрсеткен. 24.3.1945.
38. ЖҰМАЛИЕВ Қилмаш (1918-1945). РСФСР-дің Донбасс облысындағы Прима ауданында туған. Кіші сержант. Варшава түбіндегі ұрыста ғажап ерліктің үлгісін көрсетіп, жаудың 2 дзотын жойып, биіктегі блиндажын топталған гранатамен талқандап, немістерді қырғынға ұшыратқан. 27.2.1945.
39. ИШАНОВ Естай 1906 жылы Қостанай облысының Жетіқара ауданында туған. Гвардия кіші сержанты. Днепрдің батысындағы Медвин ауданында дұшпанның 3 танкісін, қару тиеген 7 машинасы мен бір батальонға жуық әскерін жойып, ересен ерлік көрсеткен. 17.10.1943.
40. ИБРАГИМОВ Темірбек (1922-1943). Шымкент облысының Шәуілдір ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепрден өту кезінде аса зор ерлік көрсетіп, қаза тапқан. 30.10.1943.
41. ИСАХАНОВ Берген (1922-1970). Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. Бөлімше командирі, сержант. Днепрден өту кезінде ерлік пен батылдық көрсетіп, операцияның сәтті өтуіне үлкен ықпал жасаған. 30.10.1943.
42. КЕНЖЕБАЕВ Төле. 1902 жылы Алматы облысының Шелек ауданында туған. Атты әскер полкының жауынгері. Днепрден өту кезінде үлкен ерлік пен батылдық көрсеткен. 15.1.1944.
43. КӨМЕКБАЕВ Тайымбет. 1896 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Барлаушылар бөлімшесінің командирі. Кезекті бір операцияда бір өзі 60 фашисті өлтіріп, 12-сін тұтқынға алған. Одерден өту кезінде ересен ерлік көрсеткен. 10.4.1945.
44. КӨБІКОВ Хамит (1916-1973). Талдықорған облысының Панфилов ауданында туған. Зеңбірек бөлімшесінің командирі. Сталинград, Берлин, Прага үшін болған ұрыстарға қатысқан. Одер өзенінен өткен кезде жаудың 3 танкісін, 30-дай солдат, офицері мен 4 броньды машинасын жойған. 10.4.1945.
45. ҚОСАЕВ Әлікбай (1905-1941). Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Қаһарман 28 гвардияшы панфиловшының бірі. Дубосеково түбінде болған жойқын соғыста ерлікпен қаза тапқан. 21.7.1942.
46. ҚАУЫНБАЕВ Тоғанбай. 1923 жылы Шымкент облысының Қызылқұм ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепрден өту кезінде асқан ерлік жасап, көзге түскен. 30.10.1943.
47. ҚИЗАТОВ Жәлел. 1920 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепрден өту кезінде үлкен ерлік көрсеткен. 17.1.1944.
48. ҚОЖАБЕРГЕНОВ Әлиасқар (1917-1941). Талдықорған облысының Қаратал ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Қаһарман 28 гвардияшы-панфиловшының бірі. Дубосеково түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқан. 21.7.1942.
49. ҚҰРМАНОВ Ақан (1918-1943). Ақмола облысының Атбасар ауданында туған. Атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысып, өжеттігімен көзге түскен. Днепрден өту кезінде ерлікпен қаза тапқан. 15.1.1944.
50. ҚАБЫЛОВ Төлен (1917-1945). Алматы облысының Шелек ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Сталинград, Дон, Қырым, Украина майдандарындағы көптеген ұрыстарға қатысқан. Кенигсберг қаласы үшін болған шайқаста үлкен ерлік көрсетіп, қаза тапқан. 19.4.1945.
51. ҚАЙЫПОВ Жүнісбай (1907-1944). Алматы облысының Шелек ауданында туған. Старшина. Танкке қарсы оқ ататын зеңбірек командирі. Асқан мергендігімен көзге түскен. Новгород қаласы үшін болған ұрыста үлкен ерлік жасаған. 1.7.1944.
52. ҚАЙЫРБАЕВ Махмет. 1925 жылы Семей облысының Бесқарағай ауданында туған. Аға лейтенант. Батарея командирі. Шауляй қаласы үшін болған ұрыста жауға ойсырата соққы беріп, үлкен ерлік көрсеткен. 24.3.1944.
53. ҚАЛДЫҚАРАЕВ Жұмағали (1922-1944). Түркіменстанның Ташауыз облысындағы Ходжейлі ауданында туған. Қатардағы жауынгер. 1943 жылы Днепрден өту кезінде ерен ерлік жасаған. 15.1.1944.
54. ҚАМЗИН Қанаш (1919-1944). Павлодар облысының Ермак ауданында туған. Рота командирі, лейтенант. Днепрден өту кезінде асқан ерлік көрсетіп, қаза тапқан. 13.9.1944.
55. ҚАРАҚҰЛОВ Жұман (1921-1944). Қарақалпақстандағы Ахунбабаев ауылында туған. Қатардағы жауынгер. Украина, Солтүстік Кавказ майдандарында шайқасқан. Чехословакияны азат ету үшін болған ұрыстарға қатысып, ерлікпен қаза тапқан. 24.3.1945.
56. МАМЫРАЕВ Мартбек. 1908 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Аға сержант. Пулеметші. Днепрден өткен кезде үлкен ерлік, батылдық көрсеткен. 15.1.1944.
57. МӘМЕТОВА Мәншүк (1922-1944). Орал облысының Орда ауданында туған. Аға сержант. Пулеметші. Невель қаласы үшін болған ұрыста ғажайып ерлік көрсетіп, қаза тапқан. 1.3.1944.
58. МОЛДАБАЕВ Ережепбай (1925-1944). Шымкент облысының Қатынкөпір елді мекенінде туған. Қатардағы жауынгер. Висла өзенінен өту кезінде ерлікпен қаза тапқан. 23.9.1944.
59. МОЛДАҒАЛИЕВ Жанғазы (1917-1944). Семей облысының Абай ауданында туған. Рота командирі. Лейтенант. Сталинград, Воронеж, Дон майдандарында шайқасқан. Украинадағы Черонопаровка деревнясы үшін болған ұрыста жау дзотының аузын өз денесімен жауып, қаһармандықпен қаза тапқан. 19.3.1944.
60. МОЛДАҒҰЛОВА Әлия (1924-1944). Ақтөбе облысының Қобда ауданында туған. Ефрейтор. Мерген. 2-Прибалтика майданында болып, Псков облысының Новосокольники станциясы маңындағы шешуші шайқаста жауынгерлерді ұрысқа бастап, қаһармандықпен қаза тапқан. 4.6.1944.
61. МҰСАЕВ Мұқат (1919-1954) Астрахань облысының Қарабалы ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Пулеметші. Тисса өзенінен өту үшін болған ұрыста жаудың 60 солдаты мен офицерін, 3 пулемет ұясын жойған. Соғыстан кейін Сталинград облысында еңбек етті. 24.3.1945.
62. МҮТКЕНОВ Серікбай (1913-1944). Павлодар облысының Краснокутск ауданында туған. Зеңбірек командирі. Бір өзі жаудың 1 танкісін, 40 шақты солдаты мен офицерін жойған. Украинаны азат ету соғысында ерлікпен қаза тапқан. 3.2.1944.
63. МАХАМБЕТОВ Жақыпбек 1912 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Кіші сержант. Пулеметші. Черкасск облысының Крещатик селосы үшін болған шайқаста 40-тан астам жауды жер жастандырып, бір танк пен үш машинаны жойған. 22.2.1944.
64. МАМЫТОВ Хасан. 1922 жылы Шымкент облысының Ленгір ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Пулеметші. Сталинград, Днепр үшін болған ұрыстарға қатысып, Рогачев қаласын жаудан азат ету кезінде үлкен ерлік көрсетті. 3.6.1944.
65. МАСИН Темір (1907-1947). Орал облысының Орда ауданында туған. Ұлы Отан соғысында қатардағы жауынгерден рота командиріне дейін көтерілген. Минск тас жолын жаудан қорғау кезінде үлкен ерлік жасаған. Бейбіт өмірде Тайпақ аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүріп, 1947 жылы дала өртін өшіруде қаза тапқан. 24.3.1945.
66. МОМЫШҰЛЫ Бауыржан (1910-1982). Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. Гвардия полковнигі. Соғыс жылдарында жеке басының қаһармандығымен, ұрыс жүргізудегі шеберлігімен көзге түскен. Сол кездің өзінде-ақ орталық баспадан оның әскери тұлғасын айқын бейнелеген А.Бектің «Арпалыс» повесі жарық көрген. Дивизия басқарған. 12.12.1990.
67. НЫСАНБАЕВ Боран (1918-1943). Гурьев облысының Есбол ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Минометші. Лески қаласында болған шайқаста жауып тұрған оққа қарамастан жаудың бірнеше атыс ұясын гранатамен талқандап, ерлікпен қаза тапқан. 23.9.1943.
68. НҰРЛЫБАЕВ Жолдыбай (1922-1945). Шымкент облысының Мақтаарал ауданында туған. Капитан. Артиллерия батареясының командирі. Сталинград, Украина, Белоруссия майдандарында ерлікпен шайқасып, Лукац-Крейц қаласы маңындағы сұрапыл ұрыста ерлікпен қаза тапқан. 24.3.1945.
69. НҰРМАҒАМБЕТОВ Сағадат. 1924 жылы Ақмола облысының Алексеев ауданында туған. Рота, батальон командирі болды. Солтүстік Кавказ, 4-Украина, 1-Белоруссия майдандарында шайқасып, Пилица өзені маңында болған ұрыста асқан ерлік көрсеткен. Соғыстан кейінгі жылдары Москвадағы жоғары әскери академияны бітірді. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болды. Армия генералы. 27.2.1945.
70. НҰРПЕЙІСОВ Біліс (1919-1945). Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында туған. Ұшқыш. Аға лейтенант. Авиациялық барлау полкінде қызмет етіп, үлкен ерліктер көрсеткен. Берлин маңында жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде қаһармандықпен қаза тапқан. 18.8.1945.
71. НҰРСЕЙІТОВ Жаппасбай. 1923 жылы Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепрден өту кезінде жанқиярлық ерлік, қаһармандық көрсеткен. 10.1.1944.
72. НИЕТҚАЛИЕВ Ерденбек (1914-1945). Орал облысының Жәнібек ауданында туған. Атты әскер эскадронының командирі. Майданда батылдығымен, көзсіз ерлігімен аты шыққан. Германияның Рацебур қаласы маңында болған шайқаста асқан ерлік көрсетіп, қаза тапқан. 24.3.1945.
73. НҰРЖАНОВ Қазбек (1919-1945). Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында туған. Барлаушылар взводының командирі. Вологда, Орел, Зуки, Десна, Сож, Днепр, Пруть, Березина өзендерінен өту кезінде небір ерліктер көрсеткен. Волков қаласын алу кезінде ерлікпен қаза тапқан. 24.3.1945.
74. ОРАҚБАЕВ Есен. 1922 жылы Орал облысының Чапаев ауданында туған. Артиллерия училищесінің түлегі. Чехословакияны, Венгрияны жаудан азат ету операцияларында үлкен ерліктер көрсеткен. 25.3.1945.
75. ОҢТАЕВ Бейсен. 1922 жылы Шымкент облысының Арыс ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Барлаушы. Днепрден өту кезінде үлкен ерлік жасаған. 30.10.1943.
76. ОРАЗОВ Ілияс (1922-1945). Ташкент облысының Янгиюль ауданында туған. Лейтенант. Взвод командирі. Атқыштар дивизиясында болып, Дунай өзенінен өту операциясында қаһармандықтың шынайы үлгісін көрсеткен. Соңғы бір ұрыста қаза тапқан. 24.3.1945.
77. РАХИМОВ Сабыр (1902-1945). 1943 жылдан гвардия генерал-майоры. Полк, дивизия командирі болған. Ростовты, Польшаны азат етуге қатысып, аса көрнекті әскери басшы деңгейінде көрінген. 6.5.1965.
78. РЫСБЕКОВ Құрманбай (1922-1943). Шымкент облысының Фрунзе ауданында туған. Взвод командирі. Украинада болған ұрыстарда асқан жанқиярлық көрсетіп, Днепр өзенінен өту кезінде ерлікпен қаза тапқан. 10.1.1944.
79. СЕҢГІРБАЕВ Мұсабек (1914-1941). Талдықорған облысының Қаратал ауданында туған. Қатардағы жауынгер. 28-гвардияшы-панфиловшының бірі. Дубосеково разъезі түбінде өз серіктерімен жаудың 50 танкісіне қарсы тұрып, ерлікпен қаза тапқан. 21.7.1942.
80. СИХЫМОВ Есмұрат (1922-1942). Талдықорған облысының Ақсу ауданында туған. Пулемет расчетінің командирі. Погудино қыстағында 2 сағат айқасып, 60 гитлершілді жер жастандырып, ерлікпен қаза тапқан. 18.10.1943.
81. СЫПАТАЕВ Қарсыбай (1918-1942). Шымкент облысының Шаян ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Сталинград іргесіндегі болған ұрыстарда ғажайып ерлік үлгісін көрсетіп, соңғы бір шайқаста жау танкілерімен жеке дара айқасқан. Ақырғы минасын қолына ұстап, танк астына құлап, оны жойып жіберіп, қаза тапқан. 17.4.1943.
82. СМАЙЫЛОВ Садық. 1911 жылы Шымкент облысының Бөген ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Өз зеңбірегімен немістердің 7 танкісін, 2 зеңбірегін және 300-ден астам жауды жойып, асқан ерлік көрсеткен. 1.11.1943.
83. СМАҒҰЛОВ Қайырғали. 1919 жылы Гурьев облысының Балықшы ауданында туған. Ростов, Новороссийск қалаларын азат етуге қатысқан. Десантшылардан құралған 20 жауынгер 44 күн бойы жау қыспағына төтеп беріп, Елтиген қыстағы үшін болған ұрыста теңдессіз ерлік көрсеткен. Атақты жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының прототипі. 17.11.1943.
84. СҮЛЕЙМЕНОВ Жолдас. 1921 жылы Шымкент облысының Сарыағаш ауданында туған. Барлаушылар тобының командирі. Днепр үшін болған ұрыста қаһармандық ерлік үлгісін көрсетіп, жауды орасан шығынға ұшыратқан. Көп қару-жарақты қолға түсірген. 30.10.1943.
85. СҰРАҒАНОВ Құдайберген. 1921 жылы Павлодар облысының Качир ауданында туған. Зеңбірек батареясының командирі. Аға лейтенант. Волгадан Шпрееге дейін даңқты ерлік жолымен жүріп өткен. 15.5.1946.
86. СУХАМБАЕВ Ағаділ (1920-1944). Жамбыл облысының Свердлов ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Белоруссияны, Литваны, Польшаны азат ету соғыстарына қатысқан. Польшада болған ұрыста пулемет амбразурасын денесімен жауып, ерлікпен қаза тапқан. 24.3.1945.
87. ТАСҚҰЛОВ Қалыбай. 1922 жылы Шымкент облысының Бостандық ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепр өзенінен өту кезінде үлкен ерлік көрсеткен. 30.10.1943.
88. ТОҚАТАЕВ Рақымжан. 1923 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Артиллерия атқыштар полкының құрамында соғысып, бір шайқаста жаудың 9 танкісі мен 4 бронотранспортерін жойып жіберген. 29.6.1945.
89. ТОҚТАРОВ Төлеген (1921-1942). Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Қатардағы жауынгер. 8-гвардиялық дивизияда қызмет еткен. 1942 жылы 9 ақпанда Бородино үшін болған ұрыста асқан ерлік жасап, немістермен қоян-қолтық шайқаста қаһармандық үлгісін көрсетті. 30.1.1943.
90. ТЕМІРБАЕВ Сейітхан. 1922 жылы Қостанай облысының Таран ауданындағы Қызылжар ауылында туған. Взвод, рота командирі болып, Белоруссия, Польшаны азат етуге қатысқан. Берлинге шабуыл кезінде тапқырлық пен батылдық танытқан. 31.5.1945.
91. ТУҒАНБАЕВ Қадыран (1924-1944). Алтай өлкесінің Усть-Кан қыстағында дүниеге келген. Атқыштар дивизиясының қатардағы жауынгері. Ержүрек қазақ ұланы талай қиын тапсырмаларды абыроймен орындаған. Днепрден өту кезінде жау пулеметтерін батылдықпен жойып, жараланған соң шептен шығарылып, госпитальда қайтыс болды. 19.3.1944.
92. ТҮКТІБАЕВ Үрмәш (1917-1944). Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Кіші сержант. Солтүстік батыс, 2-Прибалтика майдандарында соғысқан. Перели қыстағы түбіндегі ұрыста асқан ерлікпен қаза тапқан. 24.3.1945.
93. ТЫШҚАНБАЕВ Қожахмет (1917-1943). Талдықорған облысының Панфилов ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Зеңбірекші. Қырымдағы Елтиген ауданында неміс танкілерімен бетке-бет ұрыста ерлік көрсетіп, қаза тапқан. 16.5.1944.
94. ҮРГЕНІШБАЕВ Ыдырыс (1912-1943). Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған. Сержант. Бөлімше командирі. Днепрден өту кезінде жаудың 90-нан астам солдаты мен офицерін жойып, осы ұрыста қаза тапқан. 15.1.1944.
95. ҮСЕНОВ Абдолла (1924-1943). Шымкент облысының Түркістан қаласында туған. Қатардағы жауынгер. Украина жерінде жаудың 8 танкісін жойып, сол жойқын ұрыста ерлікпен қаза тапқан. 25.8.1943.
96. ХҰСАЙЫНОВ Ахмедияр (1924-1986). Орал облысының Орда ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Мелитополь қаласын азат ету кезінде бір өзі 40 шақты жауды жойып, ерен ерлік көрсеткен. 1.11.1943.
97. ШӘКЕНОВ Кенжебек. 1924 жылы Семей облысының Жарма ауданында туған. Пулемет училищесін бітірген. 2-Украина майданында болып, Днепрден өту кезінде жаудың шабуылын 3 рет тойтарып, 17 солдаты мен офицерін, ірі калибирлі пулеметін жойған. 22.2.1944.
98. ШӘКІРОВ Астанқұл (1921-1945). Өзбекстанның Әндіжан қаласында туған. Барлау взводының жауынгері. Неман өзенінен ең бірінші болып өтіп, бүкіл полктың әскери тактикасын өзгертіп, жауға жойқын соққы беруге жағдай жасаған. Сөйтіп, ерлікпен қаза тапқан. 24.3.1945.
99. ШӘКІРОВ Сәду. 1922 жылы Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Днепрден өту кезінде Лоеводағы биіктікке алдымен жетіп, ту тіккен. 30.10.1943.
100. ЫСҚАҚОВ Қапай. (1906-1973). Семей облысының Жарма ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Сталинград, Украина майдандарында үлкен ерліктер көрсеткен. 13.9.1944.
101. ЫБЫРАЕВ Әйткен. (1924-1944). Семей облысының Жаңасемей ауданында туған. Старшина. Жаудың 6 зеңбірегі мен 12 пулемет ұясын жойып қаза тапқан. 24.3.1945.
102. ЫБЫРАЕВ Ысқақ (1911-1965). Солтүстік Қазақстан облысының Приишим ауданында туған. Атқыштар взводының командирі. Одер өзенінен өту кезінде қаһармандықтың ерен үлгісін көрсеткен. 27.2.1945.
103. ІЛИЯСОВ Нағи. 1920 жылы Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Қатардағы жауынгер. Дунай өзенінен өту кезінде батылдық пен ерлік көрсеткен. 9.4.1945.