ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ КЕҢЕС ГЕНЕРАЛЫ
Шәкір Жексенбаевтың үйінде екі рет болдым
Сүйер ұлың болса – сен сүй. Сүйсінерлік болca ол.
АБАЙ
Бұдан отыз жылдан астам уақыт бұрын өмірден озған Иболла Сариевтің қаламынан шыққан түркіменстандық қазақ ұланы, Кеңес одағының Батыры Мәди Бегенов жайында жазған хикая мен белгілі күйші Мұрат Өскенбаев туралы тұшымды туындысы Красноводскіде қазақ тілінде шығатын «Жұмысшы» газетінде жарық көрген. Иболла Сариев, сонымен қатар, қазақтың ұлттық тағамдары туралы зерттеу еңбектер – «Дастархан», «Қазақтың ұлттық тағамдары» атты кітаптардың авторы.
1962 жылдан бастап Алматыда ғұмыр кешіп, «Қаламгер» кафесі, «Алматы», «Есік», «Түркістан», «Қазақстан» мейрамханаларында директор, Алматы қалалық қоғамдық тамақтандыру басқармасында басшы болған Иболла Сариевтің қазақтың тұңғыш генералы Шәкір Жексенбаев жайлы естелігін назарларыңызға ұсынамыз.
* * *
Ардагер ағалармен сұхбат үстінде көбінесе Ұлы Отан соғысы жылдары еске жиі алынатыны бар. Әрине, бұл заңды да. Арасы тым сиреген қайсыбір Отан соғысы мүгедегінен қан майдан алапаты күні бүгін де түстеріне еніп ұйқысынан шошып оянатындарын жиі естисіз. От кешу, сұрапыл жылдар, әсіресе, соғыс ардагерлерінің жүрегінде мәңгілік өшпес із қалдырды. Олар қандыкөйлек майдандас достарын, қолбасшы-командирлерінің ерлік жолдарын мақтан тұтып, ер есімдерін естен шығармай әңгімелейді.
Ұлы Отан соғысы, батырлар есімдері, кезінде егжей-тегжейіне қанық болмаған жәйттар сан жылдар бойы анықталып айтылып, жазылып келеді. Жалпы Ұлы Отан соғысы тақырыбына сан алуан әскери мемуарлар, том-том кітаптар жазылғаны мәлім. Тарихтың ұлы шежірелі жылдары жайлы ұшан-теңіз айтылып, кеңінен баяндалды десек те, әлі бұл тақырыптың бітпегені белгілі. Бұл кезең тақырыбына бүгінде сан алуан шығармалар жазылуда және жазыла да бермекші.
Кейінгі бір жылдарда Қарабұғаз, Красноводск, Небитдаг, Ашхабад жерлерінде болып, ардагерлер мен жастар арасында Ұлы Отан соғысы шежіресі жайлы сөз болғанда көңіл аударған бір жәй болған-ды.
Қазақтан шыққан тұңғыш генерал кім?
Шәкір Жексенбаев жайлы естіп, ойға қалатынмын.
О баста генерал әскерге Қазақстанның қай тұсынан келген?
Генерал қазақ қауымының қайсы атасынан болды екен? Есімі аңызға айналған халық перзенті бүл күнде тірлікте бар ма? Бар болса, қайда екен?
«Ол кісіден ұрпақ бар ма?» – деген сияқты кеңес генералы, қазақ халқының ардагер перзенті жайлы сан алуан сұрақтар алдымызда тұрған-ды.
Өмірі қашан да халыққа үлгі-өнеге болатын, қадыр тұтатын жақсы адамдар әмісе жадыңда жүреді. Бір көрсең де ғұмырыңа жетерлік әсер аласың. «Жақсыдан – шапағат» дегендей, соларға еліктеп, өз өміріңді солармен өлшеуге тырысасың.
Мен сапардан Алматыға оралған соң да өзім кездесіп, сұхбаттасқан қазақтың тұңғыш генералы туралы әңгімелескен сәттерімді есімнен шығара алмай, ой жетегінде біраз жүрдім. Генерал туралы өзімнің естелігімді ауылдастарыма жеткізу үшін көп ойланып, көп толғанып, сол туралы генералдың өзіне айтудың не айтпаудың есебін таба алмай арада біршама уақыт та өтіп кетті. Хат жазып жіберсем ол кісі қалай қарар екен? Менің ойымды құптаса жақсы. Бой тасада қол батырлыққа салынып хат жазғаным әбестік болмас па екен? Ойлана, толғана келе, ақыры үнсіз бұғып қалғанша не де болса хат жолдағанды жөн көрдім.
Жазарын жазсам да: «Қайтер екен? Жоқ, деп бетімді қайырып тастаса қайттім? Тіпті хатыма жауап қайтармай аяқсыз қалдырса ше?..» деген ойлар мазалап, екі жұма бойы тынышсыз күндер кештім.
Ақыры Мәскеуден жауап хабар, хат 1980 жылғы 7 май күні келіп жетті. Анықтама бюросы «сұрастырған кісіңіз Мәскеу облысында тұрмайды» деп жазыпты. Менің өтінішіме түсінбей қалды ма немесе ондағы адамдар асығыс жауап қайтара салған да болар деген оймен екінші қайтара сұрастырдым. Көп кешікпей тағы да ашық хат алдым. Бұл хатта да сол байырғы жауап. Бұл қалай болды?
Шынымен генерал Мәскеуде тұрмайтын болғаны ма? Әлде қоныс аударып, басқа қалаға көшіп кетті ме екен? Ол кісі туралы деректі қайдан іздестірсем екен деп жүргенімде, жол түсіп, сол жылдың сентябрь айында Мәскеуге Бүкілодақтық көрмеге баратын болдық.
Осы жолы сапар сәті оңға басса екен деген мазасыз ой ұшақтың ішінде де қайта-қайта орала берді. Аспан төрінде самғаған ұшақ ақ ұлпа бұлттардың үстінен қалықтай ұшып, асқақ арманды алға жетелегендей болды. Ақыры, Мәскеу қаласына да келіп жеттік.
Қазақстаннан барған бір топ адам қонақүйге жайғастық. Жолсерігім Қазақ КСР Ет және сүт өнеркәсібі министрлігінің қызметкері Ясин Ұзақовқа іздеген кісімді қалай қарастырсам екен деп алдын-ала ақылдастым.
Ертеңіне Ясин біз жатқан бөлмеге қуана кіріп, маған генерал үйінің телефон нөмірін әкеліп берді. Іздеу салған кісімнің Мәскеуде тұратынына қуанып қалдым. Анықтама бюросынан ақсақалымның мекен-жайын да оп-оңай тауып алдық. Алматыдан бірнеше рет сұрастырған хатыма «жоқ» деп жауап келген себебін сонда білдім. Бақсам, «Джексенбаев» деудің орнына қазақшалап ылғи Жексенбаев деп жазған екенмін.
Келесі күні таңертең қонақ үйден шығып, генералға телефон соқтым. Тағы да жауап болмады. Ақыры, мекенжай бойынша іздеуге кірістім. Не де болса ол кісінің үйін көріп, есігінің тұтқасын ұстап қайтайын деген оймен метроға түстім. Көрсетілген мекенжай – қаланың солтүстік-батысы, Хорошевское тас жолы бағыты. Метродан шығып, зәулім үйлерді іргелей жүріп, көшенің сол жағына шығып, сегіз қабат қыштан өрілген үйдің ауласына кірдім. Сірә, осы үйдің байырғы тұрғындарының бірі болар, подъезге кіре берісте алдымнан түбіт шәлі жамылған егде кісі шыға келді.
– Кешіріңіз, осы үйде тұратын Шәкір Жексенбаев деген кісінің пәтері нешінші қабатта екенін білмес пе екенсіз?
– Білгенде қандай, сіз генералдың пәтерін сұрап тұрсыз ғой? – деп басымнан аяғыма дейін маған таңырқай қарап алды.
– Генерал осы үйдің төртінші қабатында тұрады. Мынау лифтпен көтеріліңіз. Дәл бүгін үйінде бар ма, жоқ па – білмедім. Бірсыпыра күннен бері ол кісіні көргенім жоқ. Әйтеуір тұратын мекен-жайы төртінші қабат.
Қарт кісіге рахмет айтып, жоғары көтерілдім. Қарсы алған аққұба бойжеткен қыз:
– Иә, осы пәтер, бірақ, іздеген кісіңіз қазір үйде жоқ, – деп күлімдей қарады. Бірден көзге жылы ұшыраған қызды түстеп те үлгерген сияқтымын. Сүйкімді дөңгелек жүзінен шығыс халқының кескіні байқалады.
– Сұрап тұрған кісіңіз атам болады. Әжем екеуі жаз бойы дачада. Мен қазір сол кісілерге бара жатыр едім. Уақытыңыз болса, ертең түстен кейін осында болсаңыз, атамды кездестіріп қаларсыз.
– Онда тіпті жақсы. Мен атаңның елінен келдім, біз туысқанбыз, мені атаңа ерте бар, айналайын. – Бойжеткен мән-жайға түсінгендей, «жарайды жүріңіз» деп ілтипатпен жауап қайтарды.
Генералдың саяжайы қаланың шығыс бағытында екен. Ярославль вокзалынан электропойызға отырып, күншығысты бетке алып жүріп келеміз. Асылы, Мәскеу төңірегінің табиғаты тамаша ғой. Жан-жағымыз ну орманға жалғасып кеткендей. Қаланы айнала 100-120 шақырымдай жерлерде демалыс, сауығу орындары да көп.
Мезгіл әлі суық түспеген, қоңыр күз кезі. Жолдың екі жағындағы жасыл орман жарысып қалысар емес. Ағаш жапырақтары сарғая бастағанмен әлі де түсіп үлгермепті. Күн сәулесіне шағылысып сан алуан түске боялған айнала ғажап сұлу. Табиғат әсемдігіне сұқтана қарап, таңырқай көз тастап отырғанымды сезген Марина:
– Ағай, бүгін күн қандай тамаша, қараңызшы, ауа райының тамылжуын. Сіздің тегінде жолыңыз болады екен. Жылда осы уақытта жапырақтар сарғайып, үп еткен желге сау ете қалып ағаш біткен заматта сойдиып-сойдиып шыға келетін. Биыл ауа райы ерекше. Сіздің жақ та көрікті шығар? – деп маған көз қиығын тастап, жауап күткендей болды.
– Қарағым, негізі, жолым болғыш кісімін. Бұл сапарда да жолым болатынына мана есік алдында өзіңмен жолығысқан сәтте-ақ көзім жеткен. Кешеден бері неше қайтара телефон соқсам да жауап ала алмаған соң бүгін әдейі арнап іздеп шығып едім. Егер де есіктен бір минут ерте не кеш шығып үлгергенімде осылайша жүздесіп, кездеспей кете беруіміз мүмкін еді. Мен шынында өте қуаныш үстінде келемін. Сонау туған елімнен әдейі іздеп шыққан соң осылай болған да шығар. «Жақсыда жаттық жоқ» деген бар. Кең-байтақ Отанымыздың қай түкпірінде жүрсе де халық жақсының есімін ұмытпайды. Қайта жылдар жылжып өткен сайын халқымыздың ардагер ұлдарының есімі аңызға айналып, олардың өнегелі өмір жолы мына өзің секілді жас ұрпаққа үлгі бола бермек. Сенің атаң азамат соғысы мен Ұлы Отан соғысының қаһарманы, атағы бүкіл Одаққа әйгілі. Біздің халықтан шыққан ірі тұлға екені жұрттың бәріне мәлім. Мен атаңды сен дүниеге келместен көп жылдар бұрын сонау Отан соғысы жылдарынан-ақ сырттай танып-білетінмін. Өзін көріп жүздесер ме еді деп армандаған көптің бірі менмін. Әдейі іздеп шыққаным да сондықтан. Атаңды көріп, өзімен сұхбаттасуға құштар едім. Міне, енді көп ұзамай асыл ағаның қолын да алып қалармын…
Марина төмен қарап, биязы жымияды. Күн қаққан қоңырқай жүзіме қайта-қайта қарап, айтқан әңгімеме ауық-ауық бас изеп қояды…
Отан соғысы әр жүрекке ұмытылмастай із тастаған жоқ па? Етігімен су кеше жүріп, жауға ерлікпен тойтарыс беріп, жанқиярлықпен Отанын жаудан қорғап қалған ерлер, сол бір ауыр күндер ұмытылар ма?
Сол Ұлы Отан соғысының үшінші жылға аяқ басқан кезі. Қақаған қыс жұртқа оңай тимеген-ді. Майданда опат болған азаматтар атына естірту – қаралы қағаз күнбе-күн келіп тұратын. Талайлардың жүрегіне айықпас жара салған тілдей қағазды ел іші «қара қағаз» деп атап кеткен.
Мектептерде арнайы әскери сабақ өткізіп, әскери жаттығулар үйретілетін. Сол кездің өзінде-ақ зерек оқушылар әскери ережелерді жаттап та алатын. Ол кезде қазіргідей хабар жеткізер радиоқабылдағыш немесе теледидар сияқты байланыс құралдары атымен жоқ. Күнделікті баспасөз де ел ішіне кешеуілдеп келетін. Бүкіл бір ауылда мықтаса үш-төрт үйде радио нүктесі болады. Ауыл адамдары ертелі-кеш соғыстан майдан хабарын білмек болып телеграф діңгегінің басына қағылған радиоға құлақ тосатын. «Не естідің, радио не айтты, қандай хабар болды?» деп бір-бірінен сұрайтын еді.
Газет қолдан-қолға ауысып оқылатын. Батырлардың ерлік қимылдары ауыздан-ауызға көшіп, ел арасында аңызға айналатын. Газеттегі хабарларды ата-аналарға оқып берушілер де мектеп балалары, жауынгер жарлары еді. Ата-аналардың елде сүйеніші мектеп жасындағы балалар ғана болғандықтан, ертелі-кеш хабар күтіп балаларының ауызына қарар еді. Сондықтан да, сол кездегі мектеп балалары балалық дәурен кешпей жатып тез есейді, ел басына түскен қиыншылықты ересектермен бөлісті. Тез ержетіп еді.
Газеттерде, әсіресе, қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерлік ісі сипатталып, суреттері көріне қалса, газет қолдан-қолға ауысып бүкіл ауылды аралап кетер еді. Батырдың есімін ауыздарынан тастамай, ауыл адамдары айтып жүретін, мақтан тұтатын. Бір күні газет бетінен бір топ батырлар суретін көріп, ауыл адамдары көздеріне жас алысты. Майданда көрсеткен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген ылғи қазақстандық жауынгерлер екен. Топ батырдың орта тұсында ер тұлғалы келген, кең маңдайлы, жар қабақ, өткір жанарлы қазақ офицері отыр. Сурет астына «генерал-майор Шәкір Жексенбаев» деп жазылған.
Отан соғысы жылдары Суворов, Кутузов, Нахимов сияқты ресейлік қолбасшылар есімі жиі насихатталды. Отан қорғау жолында батыр бабаларша соғысуға шақырған үндеулер елдің еңсесін көтеріп, жеңіске жетелеп отырды.
Қазақ халқының Қамбар, Алпамыс, Қобыланды, Сырым, Исатай, Махамбет сынды батырларының ерлік жолдары қазақ жауынгерлеріне күш-қуат, жігер бергені мәлім.
Республика басшылары майданға қолдан келген барлық көмекті көрсету жұмыстарын тыңғылықты жүргізумен бірге, радиодан, баспасөз беттерінде халыққа, жауынгерлерге ерекше жігер берерлік, жалынды сөздер жолдап отырды. Соның бірі – 1944 жылғы 18 маусымда «Социалистік Қазақстан» газетіндегі мақала. Онда былай делінген:
«Қазақ халқының тарихы бағзы заманнан басталады. Ол осы ұзақ өмірі ішінде талай сын кезеңдерді бастан өткізді. Өзінің елдігін, тәуелсіздігін сақтау үшін басқыншы жауларға қарсы ғасырлар бойы талмай күрес жүргізіп келді. Тәуелсіздік жолындағы күрестер қазақ елін жауынгер халық етіп өсірді. Бұл дәстүр атадан балаға көшіп отырды. Қазақ әйелі баланы қаршадай күнінен ерлікке тәрбиелейді. Оларға өткен ата-бабаларын үлгі етіп көрсетті. Отан соғысы күндерінде қазақтың өсіп-жетілген тамаша командирлері де аз емес. Қазақ халқының тұңғыш генералы Шәкір Жексенбаев, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы, подполковник Қасым Сүлейменов сияқты ерлер өздерін ұрыс майдандарында көрсете білген даңқты қызыл командирлер. Оларды кеңес халқы жақсы біледі».
«Дүниеде не өлмейді?» дегенге «ғалымның хаты өлмейді» деген екен бір дана. Өмірде қайсыбір көңілге түйген жәйттер адам зердесіне өшпес әсерлер қалдыратыны бар. Мәскеуге жүрер алдында деректерді аударыстыра отырып, осынау жылғы батырлар суреттерінің үстінен тағы шықтым. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 22 маусым күнгі нөмірінде Ұлы Отан соғысы даңқты батырларының бір тобының суреті басылыпты. Ортада: генерал Шәкір Жексенбаев. Батырлар суретіне қызыға қарап, есімдерін оқи жөнелдім: Сергей Луганский, Мәлік Ғабдуллин, Нүркен Әбдіров, Сұлтан Баймағанбетов, Қайырғали Смағұлов, Ізғұтты Айтықов, Жәлен Қизатов, Қожахмет Тышқанбаев, Ақмадияр Құсайынов, Төлеубек Әжімов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Нарсұтбай Ecболатов, Төлеген Тоқтаров, Мақаш Балмағанбетов, Кенжебай Шәкенов, Балташ Оңтаев, Мартбек Мамырбаев, Садық Жақсығұлов, Жапарқан Асанов.
… Жол әрқилы адаммен таныстырады. Сол арқылы көп достар, таныстар табасың. Міне, ойда жоқта генералдың немересі Маринамен әңгімелесіп келе жатқан сәтімде бауыр басқан туысқандарымды көргендей болып, ерекше бір сезімге бөлендім.
– Марина, сен кең-байтақ Қазақстан жерінің табиғаты жайында мана бір сұраған сияқты едің ғой. Қазақстан жері ұшы-қиырсыз байтақ өлке, нұрлы өлке. Аңыздарға толы «жерұйық» деп аталады. Франциядай мемлекеттің бірнешеуі сыйып кететін байтақ өлке Қазақстан туралы көп айтуға болар еді. Алатау мен Алтай, Жайық пен Арқа жері ен дәулетке кенелген бай өлке.
Әсіресе, ұшар басын мәңгі қар басқан ақ бас Алатау баурайындағы әсем де сұлу қала Алматы қандай! Жаз айында немесе қоңыр күзде көрсең сәулетті көшелер гүлзар баққа оранып, атағы әлемге әйгілі алма ағаштары хош иіс атып, жұпар аңқиды…
– Атамнан Қазақстан жайында көп естимін. Әжем де ара-тұра Қазақстанды еске алып қояды. Ол кісі де атаммен бірге жастық шағының бірсыпырасын Қазақстан жерінде өткізген ғой. Атамның елін, туған жерін аралап көріп қайтсам ба екен деп те қиялдаймын. Бірақ, оның қашан сәті түсерін білмеймін, аға. Мен өз өмірімде туған қалам Мәскеуден бөгде жерге қадам басып аттаған емеспін.
– Бәрекелде, қызым. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов әрбір жолаушы жолы адам қиялдарынан басталады деген екен. Қазақстанға бару сапары сірә де ойда болса, онда қалайда баратын күн де алыс болмас.
Марина күле жауап қатты да: «Ал, енді біз түсетін стансаға келіп қалдық білем» деді.
Стансадан түсе сала батыс бағытты бетке ала отырып, кең алаңға шықтық. Мәскеуліктер саяжай деп атайтын орман ішіне орналасқан бір қабатты шағын үйлер көріне бастады. Үйлерінің көбі қарағайдан, жұмыр бөренелерден қиып салынған. Аумақты шарбақ ішіндегі шатырлы еңселі үйдің тұсына келгенімізде Марина «келдік» деп сырттан есік ілгішін ағытып жіберіп, үйге жүгіре кіріп кетті.
– Ата-аташка, сәлеметсіз бе? Қонақ келді, қонақ деймін! Сіздің туысыңыз. Мен ертіп келдім, – деп кең аула ішіндегі орындықта отырған өр тұлғалы кісінің мойнына асылып жатты.
– Айналайын ботақаным, есенсің бе? Не дейсің? – деп немересінің бетінен сүйіп, орнынан ығыса түсіп тіктеліп отырды.. «Оһо, ботақаным деді-ау немересін! Шет кетсе де балаға арналатын әке сөзінің ең бір мейірімдісін атап қалды-ау» деген оймен кіріп келемін, тағы бір жасамыс кісі құдық басында бір нәрселерді жиыстырып жүр. Жақын келіп сәлем бердім.
– Сәлеметсіз бе, шырағым, жол болсын! Маринажан-ау, анау әжеңнің кешеден бері радикулиті білініп, бүгін әлі төсегінен тұрған жоқ. Балам, әжеңе барып халін білші, сені қайта-қайта сұрағыштап отыр еді. Келгенің жақсы болды.
Марина әжесі жатқан бөлмеге жүгіріп кетті де, біз аулада қалдық. «Отыр, шырағым» деді генерал қасындағы орындықты нұсқап:
– Шәкір аға, мен Қазақстаннанмын. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесіне арнайы жолдамамен келген едім. Сізге әдейі елдің сәлемін ала келдім, – деп аты-жөнімді айттым.
– Иә, қай жерден келдің?
– Алматыдан.
– Алматының тұрақты тұрғыны ма едің, туып-өскен жерің сол ма?
– Жоқ, Шәкір аға. Алматыда ұзақ жылдар тұрғаныммен, дүниеге келген жерім – Маңғыстау. Естуіңіз бар шығap.
– Маңғышлақ қой сенің айтып отырғаның. Е-е-е. Маңғышлақ менің бабаларымның жері ғой, – деп генералдың ақшыл жүзі күреңітіп орнынан қозғалақтап қалды. Біраз үнсіз жанарын төмен үстап «жөн, жөн, шырағым» деді.
– Ата, әжем де тұрды. Атам алыстан бір туысқаны келді деп төсектен қалай тұрып кеткенін аңдамай қалдым. Ол кісі ас үйдің шаруасына айналып жүр, – деп Марина қайта үйге кіріп кетті.
– Жарайды онда, жүр, аздап бой жазалық. Алдымен мен саған мына саяжайды аралатайын.
Аула ішімен жүріп келеміз. Еңсесінен әлі еңкіш білінбейтін, тұла бойы тіп-тік, тұп-тұтас жалпақ жауырын, аяғын жай, мығым басып келе жатқан кісінің соңынан келемін. Жоталы қызыл күренді желкесінің қарақұсы тұсында көлденең тартылған бір сызық еңкейгенде білінбей жоқ болып кетеді де, бой жазып бас көтергенде қайта пайда болады. Жүзінде әлі әжім білінбейтін жардай кісінің тұлғасына, жүріс-тұрысына қызыға, тандана қарап: «Жасының ұлғайғанына қарамастан әлі де ширақ, тың екен» деймін ішімнен. Не қылса да өмір бойы өзі қызмет еткен әскери тәртіптің, әскери жинақтылықтың әсері болар, әйтеуір генерал серпінді көрінді.
Мезгіл күз айы болғанымен аула іші қызылды-жасылды гүл шоғына толы көздің жауын алып қызықтыра жайқалып тұр.
– Әлі сүмбіленің салқынына сыр бермей тұрғандары мынау. Бірақ, қаншама төзімді десең де әр нәрсенің шегі бар, мезгілі жеткен соң әйтеуір қисаймай қоймайды. Тіршілік атаулыға қатысы барлар әйтеуір бір құлайды ғой, – деп генерал маған бұрылды. Үндемедім. Өмір атаулының шегі бар деп нені бағдарлағанын ұғыну қиын емес еді.
Генерал тереңнен көкірегін кере бір дем алып күрсінді де, әңгімесін жалғады.
– Көріп тұрсың ғой мыналардың халдерін. Жарықтық, алма ағашы жылы аймақта өсетін қасиетті жеміс қой. Шіркінді жеріне егіп, жерінде күтіп өсірсең ғой. Алдыңғы жылдың қысы өте ызғарлы болып еді. Бірнеше күн қатарынан елу градусқа дейін суық болды да, алма біткенді үсік шалды. Елден арнайы алдырып ерекше-ақ баптаған едік. Жаз бойы жайқала гүлдеп, әжептәуір бұтақтарында жемісі де көріне бастаған болатын. Енді мынау тұрысы. Біржола жұлып тастауға көзім қимай жүр, – деп сидиған ағашының бұтағын ұстады.
Қарияның ойын басқа жаққа бұрғым келіп:
– Шәкір аға, мұнда қай жылдан бері тұрасыз? – дедім.
– Біз соғыс аяқталған соң да барлық күш-жігерімізді Кеңестік Қарулы Күшті нығайта беруге жұмсадық. Бірқатарымыз жоғарғы командирлер құрамын дайындайтын әскери академияларда жұмыс істеп қалдық. Соғыс тірі қалғандардың да жүйкесін әлсіретіп кетті емес пе, денсаулығымызға әсерін тигізбей қалған жоқ. Біздің жағдайымыз ескеріліп, соғыс салған тән жарасы мен жан азабына жеңілдік болар да деген игі мақсатпен Бас командованиенің ұйғарымы бойынша бірсыпыра генералдарға Мәскеу түбінен әдейі саяжайға арнап жер бөлінді. Сол 1946 жылдан бастап осы жерді тұрақты демалу мекеніне айналдырдық. Содан бері мінеки 35 жыл өтіпті.
Үйге кірдік. Дайындалған тағамдардан дәм татып, кең дастарқан үстінде талай әңгіменің басы шалынды. Танысудың алғашқы ыңғайсыздықтары біраз сейілгендей боп, генералға бойым үйрене бастағанын пайдаланып:
– Шәкір аға, ғафу етіңіз, бұл күндері Сәтпай ағамен хабарласып тұрасыз ба? – деп қалдым.
– Ел жақтан да хабар келіп тұрады. Сәтпай менің қазіргі көзі тірі қалған жалғыз інім. Біз бір атадан он екі едік. Содан қалғанымыз Сәтпай екеуміз ғана. Соғысқа ол да бастан аяғына дейін қатысты, бірнеше қайтара ауыр жараланды. Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі. Қырық жылдай мектепте үздік қызмет атқарып, соңғы жылдары біржола құрметті демалысқа шықты. Өзі елде. Орал облысында тұрады. Баласы Ермек биыл көктемде келіп кетті.
Бірінші советтік Үлгілі Қазақ атты әскер полкы құрыштай берік, революция майданында әбден шыңдалған қаһарман күш иесі бола біллді. Сондықтан да, ақ казак бөлімдері тікелей Ордаға шабуыл жасауға қазақ полкінен қаймықты. Үлгілі Қазақ атты әскер полкі кеңес өкіметіне берілген қылышты (сабельных) төрт ерікті эскадроннан әскери тәртіптілік, тактикалык беріктілігімен, революция рухымен рухтанған біртұтастығымен дараланды. Олардың пулемет, артиллерия қаруларын жетік меңгерген ақ казактардың шабуылына тойтарыс берерлік мүмкіндіктері мол болатын.
1920 жылдың 25 тамызында Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет Шәкір Жексенбаев пен Xaбиp Бөкейхановты қазақ жастары арасынан ең алғаш жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясы Бас штабының академиясына оқуға жіберді.
Бас штабтың академиясы Шәкірге әскери теориялық білім, жақсы дайындық берді. Әрине, жоғары білімді Қызыл армия командирі атағына ие болу әскерге алынған жастардың ең бір ізгі армандары болатыны мәлім. Шәкір Жексенбаев 1924 жылдың декабрінде Бас штабтың әскери академиясын өте жақсы бітіріп шықты.
– Менің өмірімдегі елеулі де қуанышты кезеңдердің бірі – сол әскери академияны бітірген жыл болар. Жоғары білімді Қызыл әскер командирі куәлігін маған Қызыл армияның даңқты қолбасшыларының бірі Михаил Васильевич Фрунзе тапсырды, – деді генерал өткен күндерді есіне алып.
– Михаил Васильевич Фрунзе қазақстандық болғанда қандай! Әттең, ол дүниеден жас кетті ғой, – деп генерал жанарын төмен түсірді. Жұмысшы шаруа Қызыл Армиясы Бас штабы академиясын бітірген жоғары әскери білімді командир Шәкір Жексенбаев 100-атқыштар полкі, 34-атқыштар дивизиясы, Әскери мектеп, 110-атқыштар полкі, 37-атқыштар дивизиясында әскери қолбасшылық жұмыстар атқарады да, 1924 жылы Қазақ КСР әскери комиссариатына жұмысқа жіберіледі. Жаңа құрылып жатқан республикада қалың бұқара арасына әскери-патриоттық саяси жұмыстарын ұйымдастыруға Шәкір Жексенбаев үлкен үлес қосты. Бұрыннан қанына сіңген әскери міндеттілікке, әсіресе, қазақ жастарын баулуда қазақ халқынан алғаш жетілген қызыл командир үлгілік танытып, орасан көпшілік құрметіне ие болады, аты аңызға айналған алғашқы қазақ қызыл командирі атанды.
Баспаға әзірлеген – Зәкір АСАБАЕВ.
almaty-akshamy.kz