Тоқсан қыздың тағдыры…
Газетіміздің өткен жылғы 12 қарашадағы санында журналист Сәтжан Дәрібайдың «90 қыздың тағдыры немесе Ұлы Жеңістің ұмыт қалған тұстары» атты мақаласы жарияланған еді. Онда Ұлы Отан соғысында ерлерімен бірге қолдарына қару алып, шайқасқа шыққан жауынгер қыздарымыздың деректері берілген болатын. Мақала шыққаннан кейін оқырмандар тарапынан редакциямызға хабарласушылар саны көбейіп, хаттар келіп түсе бастады. Біз бүгін солардың бірсыпырасын топтастырып беріп отырмыз.
Қамажай, Айыш және басқалары
Облыстық «Ақтөбе» газетінде жарияланған «90 қыздың тағдыры немесе Ұлы Жеңістің ұмыт қалған тұстары» деп аталатын Сәтжан Дәрібайдың мақаласы оқырмандарды елең еткізді. Шынында Шалқар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім мұрағатынан бір ауданнан соғыс жылдарында тоқсан әйел майданға алынғаны жайлы дерек табылуы — ғажап дүние. Осы тізімдегі отыз төртінші Қамажай Князбаева туралы әңгімелеуді мақсат тұттық.
Қ.Князбаева 1923 жылдың күзінде Шалқар ауданының №7 ауылында дүниеге келген. Отбасында қыздардың кенжесі болғандықтан еркелеу өсіпті. Мектептің тоғызыншы класында оқып жүргенде әскерге шақыру қағазы келгенде бұл жай әке-шешеге оңай тимеді. Қамажай апамыз жалғыз емес, онымен бірге үш қыз шақырылған. Олар мінген эшелон темір жол стансасында үш күн тұрыпты, байғұс әке-шеше күнде тамақ әкеледі. Ең соңында інісі Жақия тамақ салынған ыдысымен перронға жақындай бергенде эшелон жылжып, бірте-бірте жылдамдығын үдетіп, беймәлім жаққа бағыт алады. Қыздар болса көзінен жас сорғалаған күйінде кете барады.
Саратов қаласында әскери тірлік талабымен шұбатылған екі бұрымы қиылып, оны апай пошта арқылы ауылдағы ата-анасына салып жіберіпті. Алғашқыда автокөлік жүргізушілерін даярлау курсында, кейін парашютпен секірушілер даярлайтын курста оқыған Қамажай зеректігімен, тәртіптілігімен көзге түседі. Ол 1942-1945 жылдарда Украин, Беларусь, Сталинград, Балтық майдандарында истребительдік авиация полкінің құрамында шайқастарға қатысады. Бірде әскери әуежайда түнгі күзетке шығады. Қыстың қақаған аязды түні. Қырағы қыз ұшақтар арасымен жүгіріп өткен біреудің сұлбасын көріп қалады. Дереу автоматын кезеніп, «Тоқта! Атамын!» деп айқайлайды. Анау тәртіпке мойынсұнбайды. Апамыз аспанға оқ атып, дабыл салады. Сөйтсе әлгі ұшақты айдап әкетуге ниеттенген фашистік армия жансызы екен. Осы әрекеті бағаланып, Қ.Князбаеваға «Ерлігі үшін» медалі беріледі. Майдангер апамыз бұдан кейін де «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Сталинград шайқасындағы жеңісі үшін», «Риганы азат еткені үшін», «Ұлы Отан соғысы жылдарында фашистік Германияны жеңгені үшін», тағы басқа жауынгерлік наградалармен марапатталады.
Ол елге соғыс әбден аяқталған соң, екі-үш айдан кейін аман-сау оралады. «Шалқар стансасының вокзалында күтіп алған жұрт даңқты жерлесін үйіне дейін көтеріп алып келді» дейтін айтушылар.
Апай суретінен көрініп тұрғандай, ажарлы адам болды. Ұзақ жыл сауда мекемелерінде абыройлы қызмет етті. Отағасысы Ахмет Бекмұхамбетов те майдангер еді, шаруашылық саласында, партия органдарында жетекшілік қызмет етті. Ерлі-зайыпты екеуі жарасты тірлік кешіп, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Зейнегүлі Алматы қаласында тұрады. Алмагүлі Ақтөбе қаласында жеке иеліктегі «Қамажай» клиникасының бас дәрігері, күйеуі Садық — облыстық соттың судьясы. Олардың Алтынай деген қызы Ұлыбританияда білім алуда, ұлы Сабыржан Қазақ менеджмент, экономика және болжау институтында оқып, бітіргелі тұр. Апайдың үшінші қызы Гүлбарам — медицина ғылымдарының кандидаты. Түркияның Анкара қаласында тұрады, күйеуі Марат Ахметов — физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. Апайдың төртінші қызы Рәбиға о дүниелік болып кетті.
Қамажай Князбаева 1989 жылы Ақтөбе қаласында ауыр науқастан қайтыс болды.
Апай әскерге Айыш Жанұзақовамен, Александра Русановамен (жоғарыдағы тізімде 73 болып тұр) бірге 1942 жылдың 20 маусымында алынады. Неге екені беймәлім, бұл тізімге Айыш Жанұзақова енбей қалыпты. Мен Айыш апаймен көзінің тірісінде әңгімелесіп, «Ақтөбе» газетінің 2000 жылғы 9 мамырдағы санында «Он тоғызында от кешкен» деген мақала жариялаған едім. Ол әңгімесінде Өрік Ерниязованы (тізімде 21 болып тұр) және Қожабике, Балжан, Күміс деген құрбыларын айтқан болатын. Балжан мен Күміс бақилық болғанын, Қожабике Алматы қаласында, Өрік Бішкек қаласында тұратынын айтқан да апай. Мақала жарық көргелі тоғыз жылдан асты, соғыс және еңбек майданының ардагері Айыш Жанұзақова 2002 жылдың 20 қаңтарында Шалқар қаласында қызы Алма мен күйеу баласы Бақытжанның қолында дүниеден озды.
Біз ұсынып отырған суретте — сол жақта Айыш Жанұзақова, оң жақтағысы — Ақтөбе облысында ұзақ жылдар денсаулық сақтау басқармасын басқарған Лида Ермачкова.