(Соғыс тұтқынының баласының жан сыры)
Әлдеқалай, баз біреулер адамдардың бастарынан өткен тарыншылық, қуғын-сүргін замандарын сөз ете қалса, әлі күнге дейін көңілім мұздап, сезімім сыздап сала береді. Өйткені, біз сұрапыл соғыс басталардан сәл бұрын туған, балалық балғын шағымыз зобалаң заманның зымыстанына дөп келген, бір елі маңдайымызға бес елі сор байланып, фәни дүниеге лақтырылып тасталғандай “өлмесең өрем қап” пиғылында жаратылған ұрпақпыз. Біз туғанда аспан асты аузынан ажал шашқан аждаһадай азынап тұрған еді. Қаншама сәби өмір есігін ашпай жатып шетінеп кетті. Оны кім есептепті? Бірақ жер үстінде шөкімдей болып көрінетін төмпешіктердің көбейгені есімізде. Құдіреті күшті Жаратқан иеміз өзі жаратқан тіршілік иелеріне “кіріс”, “шығыс” деп есеп жүргізетін болса, сонау көбейіп кеткен төмпешіктер жер бетіндегі көп нүктелерге ұқсар ма еді? Өйткені, олардың тірі адам ретінде аттары да қойылып үлгермеген...
Тірі қалғандарымыздың да көрмеген қиындықтарымыз жоқ. Аштық, жалаңаштық жанымызға қырық инедей қадалып, итше талады. Бүгінгі күні зобалаң заманнан аман қалып, соғыс қиратып кеткен халық шаруашылығын қалпына келтіріп, Отан дәулетін, өмір сәулетін асыра білген 70 пен 80-нің аралығындағы біздің жансебіл ұрпақты қалай мақтасақ та, артық емес. Маған салса, неше түрлі зымыстанды бастарынан өткізіп, еліміздегі адамзат тіршілігін жалғастырған замандастарымды “Нағыз ардагерлер” дер едім.
Біздің Қазақстанымызда соғыс өрті шарпымаған шаңырақ жоқ. Әр отбасының тіршіліктерінің тіреуі болған арқа сүйер атпал азаматтары ел қорғауға аттанды. Біздің үйден де әкем Мырзахмет пен ағам Оспан соғыс топалаңына кетті. 1942 жылы соғысқа аттанғанда әкемнің жасы 48-де, Оспанның жасы 17-де ғана екен. Сол кездегі халықтың отансүйгіштігіне таңғалмасқа болмайды. Олар адамдардың жандары шырқырап шығып жатқан қанды қырғынға бара жатқандарын жақсы түсінді. Сөйте тұра, бейбіт жатқан Отанымызға ажал сеуіп келе жатқан фашистерге қарсы жұлқына аттанысты. 18-ге толмаған Оспан жасын ұлғайттырып, қырғынға бір жыл ерте кетіпті. Мұның өзі асқан батырлық емес пе?
Соғыстың алғашқы жылдарында жолындағыларды жапырып-жалмап келе жатқан, бақайшағына дейін қаруланған неміс әскерлері Кеңес елінің көп жерін басып алған. Біздің еліміз (КСРО) соғысқа дайындалып та үлгермеген. Басқаны қойып, қарапайым қол мылтықтың өзі жетіспеген. Соған қарамай, әскерлерді соғысқа түгел аттандырып, мылтығы жоқтар арпалыста өліп жатқан солдаттардың босап қалған қаруларын жиып алатын болыпты. Кеңес әскерлерінің тірі қалғандарының тұтқынға түсуі де көп болады. Солардың арасында алдыңғы шепте соғысып жүрген менің әкем де кетеді. 1942 жылдың күзінен бастап, әкемізден хабар-ошар мүлдем үзілді. Оның өлі-тірісін де біле алмадық. Жалғанда неғайбілдіктен жаман нәрсе жоқ екендігін біз сол кезде түсіндік. Соғыс жүріп жатқан күндердің өзінде денелерінің бір мүшесінен айрылған бірен-саран мүгедектер елге орала бастады. Олардың елдегі ағайын-туғандары, тіпті, қол-аяқтарынан бірдей айрылып домаланып қалғандарының өзін қуана қарсы алып, бүкіл ауылды жинап шама-шарқынша той мәзірін жасап жатты. Кеуделерінде шықпаған жаны ғана бар, кесілген түбірдей “домалақтардың” өздері туған жерге кеуделерін басып, топырағын сүйіп, көшедегі қазоты шөбін көлдей болып аққан көз жастарымен суарып жатса да, арса-арса болып еті кеткен жүздерінен әлдеқандай жылы леп, іштерінен алау шығып жатқандай көрінетін. Біз, ауылдың ерте есейген жүгірмектері от пен оқтың астынан келген ауылдастарымыздың сағыныштары мен қайғы-мұңын жан-тәнімізбен бірдей бөлісіп, көңіл күйлеріне ортақтасатынбыз.
Кейбір үйлердің шаңырағын шайқалтып “қарақағаз” келіп жатады. Ол үйлерден өзегіңді жарып кетердей өткір шыққан зарлы дауыс сай-сүйегіңді сырқыратып, бала-шағаның зәре-құтын алатын. Қазіргі өзіміз де әлденеше ата болған шағымызда сәл нәрсеге сезіміміз сел, көңіліміз көл болып немесе керісінше, жүзіміздің қуарып, өзгере қалатыны бар. Әр іске секемдене қарайтынымыз да шындық. Мінезіміздегі ауыздығын тістеп алып лаға тартатын асау аттай қыңырлық та бала кездегі қилы заманның әсері. Біздің қалайтынымыз – тура жол. Адалдық, ақтық. Заманды тазы болып қуып жүргендерге ілесе алмаймыз.
1945 жылдың мамыр айының 9-ы күні Кеңес Қарулы Күштері фашистердің күл-талқанын шығарып жеңді. Бұл жүрек жарардай қуанышты хабар жарты әлемдей КСРО-ның түкпір-түкпіріне тарады. Тірі қалғандар елге абырой-мен оралып, ауылдарда той көбейді. Әкелері қан майданнан жеңіспен оралған біз құралыптас балалардың қуаныштарында шек болмады. Олар кеуделері орден-медальдарға толы әкелерін, ағаларын мақтаныш етті. Біз оларға қуана да қызғана қарайтынбыз. Күндер өтіп жатты. Үмітіміз үзілмеді. Титіміштей бойымызды сағыныш билеп, әбден торыққаннан еркімізден тыс көрпе астында ықылық ата қорсылдап, өзіміздің ыстық-алау демімізге булығып жатып жанарларымыздан ақбұлақтай болып ақтарылған көз жасына ырық беретінбіз. Біздің де әкелеріміз талай ерлік жасап, талай фашисті ол дүниеге аттандырғанына сенгіміз келетін.
– Әкежаным-ау, қайдасың? Сағындырдың ғой, – деп күбірлеп сөйлеп жатқанымызды аңғармай да қалатынбыз. Бірақ әкемізден хабар болмады. Күндіз күнімен аудан жақтан келетін күре жолға ұзақ-ұзақ қарайтын едік. Жеңістің алғашқы күндері ауылдың үстінен ап-аласа биіктікте қабырғаларында қызыл жұлдызы бар кішкене ұшақтар ұшып өтетін. Ұшу биіктігінің аласалығы сондай, ішінде отырған адамдардың қарасы анық көрінетін. Үстіміздегі кір-қожалақ лыпамызды шешіп алып, қолымызды бұлғап, жан даусымыз шығып аспандағы ұшақтың астында әбден сілеміз қатқанша жүгіретінбіз. Кейбір есті ұшқыштар “біз сендерді түсіндік” дегендей ұшақтарының қанаттарын қисаңдатып белгі беретін. Оны біз өзімізше түсінетінбіз.
– Әне, ана ұшақтың ішінде бізді танитын біреу бар. Мүмкін, біздің әкелерімізге сәлем айтатын шығар, – деп жан даусымыз шыға шіңгірлеуші едік. Сөйтіп, зеңгір көктің астында сынаптай жылжып кетіп бара жатқан ұшаққа еріп, Сайдалаға лағып кеткенімізді де білмей қалатынбыз.
оғыс біткелі екі жылға жақындап, жібек жіптей созылған үмітіміз үзілуге айналғанда күз айларының бірінде біздің үйге де қуанышты хабар келді. Әкемнің көрші Архангелка ауылына жеткенін әлдекімнен естіген колхоз басқармасы Қажымұрат оны қарсы алуға кетіпті. Ауылдағы ағайынның аты бары атқа қонып, көлігі жоқтары жаяу күре жолға шығып, тайлы-тұяғымызбен әкемді қарсы алдық. Кештеу болса да біздің шаңырақта той болды. Әкем әскерге аттанғанда екі жасқа жетпей қалған менің есімде оның кескін-келбеті қалмапты. Енді үй толы ауылдастардың арасында көңілі көлдей болып отырған әкеме қарасам, ол орта бойлы, шымыр денелі, сопақша жүзді, ер мұрынды, қыран қабақты, от жанарлы, келбетті адам екен. Әлде менің көзіме солай көрінді ме, әйтеуір, бір көру арман болған қадірлі әкежанымнан жанарымды тайдыра алмадым. Өскенде дәл әкем сияқты болсам деп қиялдаймын.
Бірақ әкемнің кеудесінде басқалардікі сияқты саусылдаған орден-медальдар көрінбеді. Біздің отбасылық қуанышымыз да көпке бармады. Үйге оралғанына бір ай толмай жатып, бір кеште әкемді колхоздың кеңсесіне шақырып әкетті. Үстінде жылы киім де жоқ, “барып келе қояйын” деп кеткен әкем сол кеткеннен мол кетті. Қысқы түннің қытымыр аязына да қарамастан, үйге соғып жылы киім киюге де мұрша бермей, 50 шақырым аудан орталығына жемтігін алған қорқаулардай ала тартыпты. Шамасы, екі айдай өткенде, соғыста тұтқында болғаны үшін 10 жылға сотталғаны белгілі болды. Оқығаны-тоқығаны жоқ, саясат дегенді білмейтін қарапайым ауыл қазағының басына келген шын мәніндегі тағдыр тәлкегі еді бұл.
Аз ғана уақыт үйде жүргенде әкем тұтқында болған жылдарындағы фашистерден көрген қорлықтарын сөз еткенде көзінен қанды жас ағатын. Немістердің адам баласына жасаған айуандықтарында шек болмапты. Ауыр жұмыста өзегі талып әзер жүрген тұтқындарды ұрып-соғып, орнынан тұра алмай қалғандарын табанда атып тастайды екен. Өліктердің сүйектері салдыраған денелерін күндізтүні бір тоқтамайтын түтіндері будақтаған крематорийларға апарып тығады.
– “Адам ит жанды” деген рас. Немістердің дойыр қамшылары арқаңды осып өткенде денеңнің соққыға үйреніп алғандығы сондай, оны маса шаққандай көрмейсің, – дейтін әкем.
Тұтқында жүріп бұл дүниемен мезгілсіз қоштасқан мыңдаған тұтқындардың бірі болып кетуі де мүмкін екен. “Өлмегенге өлі балық” дегендей, оның тағдырының талшығы үзіліп кетпеуіне, қандай қиын жағдайда жүрсе де, мұсылмандығын ұмытпаған қазақтың өрімдей екі жас жігіті кезіккені себепші болыпты. Әкем Алласын аузынан тастамайтын, құдайы адам еді. Әлгі екі жігіт сол кезде жасы елуден асып кеткен үлкен кісіні жақын тартып, Құран сүрелерін үйреніп жүріпті. Ауыр жұмыстан қалжырап, өмірден түңілуге айналған шақтарында екеуі екі жағынан қолтықтап демеп жібереді екен. Сонда өздері де қайбір жетісіп жүр дейсің?!
Соғыс аяқталар жылы Кеңес Армиясынан жеңіле бастаған қанқұйлы фашистер өз елінің ішіне қарай жапырыла ығысады. Бірақ тұтқындарды да тастамай, алдарына салып айдай береді. Күн өткен сайын өздерінің де берекелері кетіп, тәртіптері тамтырай бастайды. Сондай күндердің бірінде әлгі екі жігіт – Ғалым мен Ғазез:
– Әкей, сергек жүріңіз. Сәтін салса, қашамыз. Сізді тастамаймыз, – деседі.
– Қарақтарым, жолдарың болсын! Маған қарайламаңдар. Менің еруге шамам жоқ. Менімен әлектеніп жүргенде өздерің қолға түсіп қаларсыңдар. Маған жасаған жақсылықтарың аз емес. Құрметтерің Құдайдан қайтсын. Ризамын, – дейді әкем.
Бірде бір таудың ішімен ілбіп келе жатқанда, іңір уақытында Ғазез бен Ғалым әкемді қолтығынан іліп алып қаша жөнеледі. Соңдарынан бірен-саран оқ атылғанмен, немістердің түп іздеріне түсіп қууға шамалары болмаса керек. Әйтеуір, аман құтылады.
Тау ішінде аннанмыннан қашқан кеңес әскерлері көп екен. Араларында әртүрлі шендегі офицерлер де бар. Бір айдай уақытта 1000-ға тарта адам жиналады. Тау арасында иесіз жүрген мал да кезігеді. Аш адамдар тез оңалады екен. Еркін тамаққа ауыздары тиген соң аз уақытта қоңданып шыға келеді. Бәрінің де аңсағаны – туған жер, өскен ел, қасиетіне баға жетпес Отаны.
Бірақ ол кезде Бас Қолбасшы Сталиннің тұтқынға түскендерді сатқын ретінде жазалау жөніндегі арнайы бұйрығы бар. Қайда барсаң – “Қорқыттың көрі”. Ақылдаса келіп, өлсек өз жерімізде өлейік деп, жақындап қалған өз әскерлерімізге бет қояды. Бірақ олар бұларға сенімсіздікпен қарайды. Аса қиын талап қояды. Бір өзеннің үстінен өтетін үлкен көпір бар екен. Оған екі жақтың әскерлері таласып, оқ қарша борап тұрады. Тұтқыннан келген бейбақтарға “адалдықтарыңды дәлелдеңдер” деп сол көпірге жібереді. Менің әкемді кәрісің деп оқ астына айдамайды. Ал әкемді немістің тұтқынынан аман алып шыққан ақ ниетті қос азамат Ғазез бен Ғалым көпір үшін кескілескен ұрыста оққа ұшады.
Тағдырдың тәлкегі деген осы емес пе?
Әкемнің үйге оралуына бір қазақ полковнигі себеп болыпты. Өзі танкімен келген әлгі полковник сапта тұрған жауынгерлерден:
– Араларыңда қазақтар бар ма? – деп сұрайды. Әр нәрседен секемденіп беті қайтып қалған әкем шегіншектеп қатардан шыққысы келмейді. Бірақ қатар тұрғандар “қазақ бар” деп оны алға итермелейді.
Сонда әлгі қазақ полковнигі ширақ адымдап келіп:
– Бармысың, бауырым?! Енді ештеңеден қорықпа! Жасы үлкен ағамыз екенсіз, үйге қайтасыз, – деп оны кеудесіне басып, бетінен сүйіпті.
Оқығаны жоқ, тас қапастан есеңгіреп шыққан әкем әлгі полковниктің кім екенін де білмейді. Оның батыл қимылына, ұлтжандылығына қарап бұл полковник атақты қазақ батыры Бауыржан Момышұлы болар-ақ деп ойлаймын.
Замананың небір нәубетін бастарынан өткізген өз әкеме, Отан үшін оққа ұшқан Ғазез бен Ғалымға, басқа да майдан даласында қалған боздақтарға иман тілеймін әрдайым.
Менің қадірменді әкем 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін “жазықсыз жазаланғандар” қатарына ілігіп, бар пәледен пәк болып шықты. Бірақ ол үшін өткен соғыстың зобалаңы 12 жылға созылды.
Ал мен үшін, менің титімдей жүрегіме соғыс салған жара әлі күнге дейін сыздап тұрады. Нағыз жақсылықтың нәрін, тектіліктің дәнін бойға сіңірер балалық балғын шағымызда, сортаң жердің суын, сорлылықтың уын ішкендей күй кешіппіз. Аштық-жалаңаштықты былай қойып, әлі де буыны бекімеген әлжуаз денемізге замананың зіл батпан салмағы түсіп, шыбын жанымызды шырқыратып-ақ бағыпты.
Тарыдай домаланып келіп мектеп есігін ашқанда біз өзіміздің екінші сортқа жататынымызды сезіндік. Өйткені, біз “пленниктің баласы” екенбіз. Мұндайларды октябряттыққа да алмайды.
Есейе келе құлынтайдай тебісіп бірге ойнап жүрген құрдастарың мойындарына ал қызыл галстук тағып, пионер қатарына өтіп, армандарының асқарына шыққандай аспандап жүргенде сен бұл бақыттан сыртқары қаласың. Әрі қарай сені комсомол қатарына да алмайды.
Бұл дегенің – мінез-құлқы жаңада қалыптасып келе жатқан бүлдіршіндердің жанын жаралап, адамгершілік құнын кетіретін өте ауыр жаза. Сыныпта әлдеқандай қоғамдық іс қарала қалса, “пленниктің баласын” сыртқа шығарып жібереді. Сол кезде әлі өмір құбылыстарын санасына сіңіріп болмаған жауқазын бала өзін адамзаттың қоры санап, айналадағының бәріне лағынет айтып, өмірден түңілуге дейін барады. “Жазығым не? Неге тумай жатып тағдырдың тәлкегіне ұшырадым? Неге... Неге...?” деген жауапсыз сұрақтар жаныңды жегідей жеп, жанарыңнан жас парлатады. Өзіңді өмірдегі ең сорлы адамдай сезініп, сыныпта жиын өткізіп жатқан бақытты балалардың көңілді у-шуын есіктің сыртынан естіп, жаныңды қоярға жер таппай, өз-өзіңнен жиіркенесің.
Міне, біз сондай азапты күндерді бастан өткерген ұрпақ едік. Бұл санаң жетпейтін, өкініші өтпейтін, есіңнен бір кетпейтін тағдырдың тәлкегі емес пе?
Тілеген ЖЕТЕЕВ, Жамбыл ауданы
«Солтүстік Қазақстан» газеті
soltustikkaz.kz
ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІ
Последние статьи автора