"Сен қазақ, өлмейсің!" деді офицер...

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан әкем Несіпқаз Жаңқараұлының естелік әңгімесі

Әкем бойшаң, денелі, қайратты адам болған. Соғыстан кейін колхоз жұмысына орналасқан. Жасы келгенше қолынан шалғы түспеген. 1914 жылы туылып, 1998 жылы қайтыс болған.
Ұлы Отан соғысына Алакөл ауданы Төңкеріс (бұрын елді-мекен қазір онда ауыл жоқ) ауылынан аттанған бірнеше боздақтардың ішінде Жаңқараұлы Несіпқаз да бар еді. Сонда ұмытпасам Бошыбай деген бір құрдасы әкемді құшақтап тұрып: «Біз бір үйден төрт адам кетіп барамыз, біріміз өлсек біріміз келеміз. Сен жалғызсың, ұрпақсыз кетесің-ау!» депті. Бірақ өкінішке орай олардың біреуі де оралмапты. Кейінде әкем соларға құран бағыштап отыратын.
Ұлы Отан соғысына бірнеше адам болып, 1941 жылы тамыз айында аттанады. Содан Алматыда бір ай дайындықта болып, 8-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясында болып, біраз уақыт майдандық резервте тұрды. Сонда ұлты ұйғыр не сарт біреудің карта ашып отырғанын көріп, бәрі карта аштырады. Сонда әлгі кісі 10-15 адамның біреуі ғана оралатынын айтады немесе қолдан айырылып қайтатынын айтады. Карта аштырған адамдар «Сен бәрімізді өлтірдің, енді өзіңе аш», ̶ дейді. Өзіне картаны ашып жіберіп үндемей қалады да, «Мен бірінші кіргенде оң кеудеме оқ тиіп содан өлемін», ̶ дейді. Әкем де аштырады. Картаны ашып жіберіп айтқаны «Саған ешқандай өлім жоқ, еліңе аман ораласың», ̶ дейді.
Алғашқы ұрыс қазан айында болды. Батыс майданының генералы К.К.Рокосовский басқарған 16-шы армияның құрамында Москва қорғанысының шешуші учаскелерінің бәрі Волоколамск майданына кіреді. Москваны қорғауда көрсеткен ерлігі үшін бірінші рет медальмен және мақтау грамотасын алады. Бірақ оған әкем қуанбапты. Себебі, қасындағы бірге кірген адамдардан санаулы-ақ адам аман қалған екен.
Тірі кезде өз аузынан естігендерімді қағазға түсіргенім. «Соғысқа әбден ет үренген кез. Қорқу, шошынудың ауылы артта қалған» дейді. Оның көзінің қырағылығы сондай, бірде арғы беттегі қалың қарағай ішіндегі келіп орналасып жатқан неміс әскерлерін көріп, командир айтқанда сенбепті, сен көргенде біз қалай көрмейміз деп. «Олар көрмейді, мен көріп тұрмын. Кейінде ауылдың төмен жағында бір төбе болған. Сонда отырып кімнің жылқысы қай жерде жайылып жүргенін айтып отыратын. Сонымен дүрбі алдырып қарап көздері жетті» дейді. «Бірақ ол өзіме үлкен жұмыс болды. Сол күні түнде мені барлауға жіберді. Жаныма адам алғым келмеді. Себебі көзге түсіп қалуың мүмкін». Әрине қорқынышты. Күндіз олар да бізді байқап қалуы мүмкін. Егер байқап қалса күзет мықты болары аян. Онда «бара алмаймын» сөз жоқ. Сонымен бір Аллаға сиынып жүріп кеттім. Жау шебіне жеттім-ау деген кезде өте сақ болуды ойладым. Аңду көпке созылды. Қыс толық түсе қоймаған, жер қара-ала. Астымнан өтіп бара жатқан жердің ызғары да оңай емес. Бірақ шыдау керек. Немістердің қауқылдасып сөйлескендері естіліп тұр. Соған қарағанда арақ ішіп, қаперсіз тойлап жатқанға ұқсайды. Мықты күзет те жоқ сияқты. Бір уақыттарда жер кепеден біреу шығып тура маған тартпасы бар ма, тәлтіректеп бірдеме айтып келеді, мас екені көрініп тұр. Қолында қару да жоқ. Есік пен төрдегі жерге келіп жұмысын бітірді де, бұрылып жүре бергені сол жотадан тиген автоматтың дүмінен екпетінен түсті. Кеңірдектен ала түсіп қылқындырып естен таңдырдым, ойланып тұруға уақыт жоқ. Тайталасу былай тұрсын, қыңқ деуге шамасы келмеді. Тік көтеріп иығыма салдым да, келген ізіммен тура жүгірдім. Қанша жүгіргенімді білмеймін, өкпем өшіп әлсіреп барып бірақ тоқтадым. Артыма қарап қоямын, тыныш сияқты, енді қорқыныш жоқ. Сол жерге немістің есін жидырып алып, алдыма салып қуып жүре бердім. Әне-міне дегенше келіп те қалдық. Сондағы әкелгенім жәй солдат емес, білдей офицер екен. Қараңғыда байқамаппын, өзі сондай ірі екен. Сондағы командирдің бар айтқаны «Молодец, қазақ!» деп арқамнан қақты. «Егер менің орнымда өз ұлты болғанда, әлдеқандай марапатқа ие болар ма еді» деп отыратын.
Тағы бір үлкен қантөгіс ұрыста қоршауда қалдық. Волоколамск бағытында тоқтаусыз ұрыс. Есепсіз қырылған адам. Жаңбырдай жауған оқ. Командирдің бұйрығы «Шегінуге жол жоқ! Өліспей беріспеңдер!» деген бір ауыз сөзі. Артымызда резерв бар, келеді, қосылады дегені жәй сөз болды. Командир де оққа ұшты. Арамыз селдіреп қалды. Әр жерден атылған оқтың үні, оның өзі де біткен сияқты. Айнала толған неміс, жақын қалыпты. Енді не өлім, не қолға түсу. Әрине, жан қию оңай емес. Қолға түссең тартар азабың одан да зор. Өмірдің соңғы секундтары соқты. Қош бол, Туған жер! Қош бол, елді-мекен! Жо-жоқ ажалсызға бәрі себеп. Тура алдымда ішек-қарыны ақтарылып жатқан зор денелі адамға көзім түсті. Содан жанталасып жылжып жанына жеттім де, қолымды ішіне тығып жіберіп: кеңірдегін, өкпе-бауырын жүрегімен жұлып алып, ішіне бүктеліп кіріп, үстіме аударып алдым. Содан не болғанын білмеймін. Есімнен танып қалыппын. Қанша жатқаным белгісіз, өз-өзіме келе алмай біраз отырдым. Айнала жым-жырт. Жер беті өлікке толып кеткендей. Штабқа келдім. Біздің бәріміздің қырылып қалғанымызды біліп отыр екен. Болған оқиғаның бәрін айтып бердім. Алдыңғы неше қырғыннан аман келгенімді білетін үлкен шенді офицер бетіме түкіріп жіберді. «Сен қазақ өлмейсің!» деп жүріп кетті дейді.
Тағы бір үлкен ерлігін айтып отыратын. Әкем Курск, Белоруссия, Чехословакия, Венгрияда болғанын айтады. Соның ішінде қолбасшы, Кеңес Одағының маршалы Р.Я.Малиновский басқарған Украина майданында, Венгрияда жүргізілген үлкен операция туралы айтқаны: «Бірде жоғарғы жақтан біздің взводқа арнайы тапсырма келеді. Үш тәулік бойы Венгрия шекарасында жаудың ілгері бастырмай, біздің әскерлерді қынадай қырып жатқаны туралы айтады. Соны барып алу бізге жүктелді. Ең таңдаулы деген 24-25 сарбазды алды. Қараңғы түсе межелі жерге келдік. Алдағы жау өте қауіпті. Ең бастысы, сезік тудырмау керек. Сосын барлау жіберіп білу. Ақыры шешіле келе барлауға мен баратын болдым. Жоқ, мен бара алмаймын деген қымыс пен кек. Мұның бәрі көзімнің қырағылығынан болуы керек, өйткені қандай тапсырманы болмасын мұқият орындап келетініме сеніп алған. Қашанда ауызға мен бірінші алынатынмын. Жалғыз аттануға тура келді. Түн ортасы ауып кеткен кез. Межелі жерге келдім, екі орта тым алыс та емес екен. Өлі тыныштық. Үп еткен жел жоқ. Еңбектей-еңбектей жеттім. Қарауыл отырған күйінде жантайып ұйықтап қалған. Ешқандай шара қолданбау керек. Бәрі қырылып қалғандай. Қарауылды қосқанда он үш адам. Өз адамдарыма құстай ұштым. Подъем! Бір минут бөгелуге болмайды. Барсақ сол қалпы жатыр. Тіпті ештеңе сезер емес. Тырп етуге шамасын келтірмедік. Сол жердегі қаруды көрсең.
Төбе-төбе қарудың түр-түрі. Тамақ деген қанша! Қарауыл ғана жәй солдат екен. 12-сі офицер екен. Бізден он шақты адам. 1 солдат, 12 офицерді штаб алып кетті. Сонда капитан шенді командиріміз ризалығын білдіріп, қолымды қысып, арқамнан қағып тұрып: «Үлкен ерлік жасадың. Бұл операциядан бәріміз де құр қалмаспыз» деп менің аты-жөнімді қалың дәптеріне жазып алды. Біз өйтіп-бүйткенше таң да атты. Енді жүргелі жатқанымызда, немістің 4 ұшағы келіп астан-кестеңімізді шығарды. Жаңағы капитанымыз бомбаның астында күл-паршасы шықты. Бәрі болды деген болу керек, ұшақтар келген бағытына қайта бомбылап өте шықты. Не болғанын өзіміз де білмей қалдық. Сөйтсек, немістер рация арқылы бәрін біліп отыр екен. Сонымен, екі орыс, бір қазақ, мен аман қалдық. Қырық жыл қырғын болса да, ажалсызға бір себеп деген осы», ‒ деп карташы ұйғырды есіне алып отыратын. Германияны жеңуге үлкен үлес қосқан катюшаны ойлап тапқан адам 1938 жылы НКВ-ның қолынан атылып кеткенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Сол сияқты Будапешт үшін болған ұрыста ерлігімен Совет Одағының батыр атағын алған жерлесіміз И.Оразов сынды батырмен бірге әкем де атақ алар ма еді? Бір ғана орден (біреуін соғыстан кейін алған) бірнеше медальмен марапатталған. Әкем соған да риза еді. Бар болғаны 2-класстық білімі бар. Қай дивизия, қай полк, өлген капитанның да аты-жөнін білмейді.
Кейінде айтсақ: «Мұндай заман болар деп кім ойлаған. Сондай алапат соғыстан аман қаламын деген үміт болған жоқ» дейтін.
Әкем Берлинге жете алмаған. Жеңіс күнін Госпитальда жатып естіген екен. Соғыста белі жамбастан жараланып, бір құлақтан айырылып (кейін екінші құлағы да естімей қалған), оң аяқтың екі саусағынан айырылып қайтады. Бұл ‒ өз аузынан жазып алынған қоспасыз әңгімелері. Жасы 84-ке келіп қайтыс болды. Әкемнің бір дәрі ішіп, болмаса бір жерім ауырды дегенін естімеппін. Өле-өлгенше газет-журналды көзілдіріксіз оқитын.
Ұлы Отан соғысының 70-жылдығына арнаймын.

Сержан Несіпқазыұлы Жаңқараев,

Алматы облысы, Алакөл ауданы, Ақтүбек ауылы.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста