Биылғы жылдың күз айында қазақтың аяулы азаматы, ХХ ғасырдың 30-жылдарында «халық жауы» болып жазықсыз жазаланған көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың (1894-1938) туғанына 120 жыл толады. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ осы ұлтжанды азаматтың өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметі хақында мақала-эсселер жазып, 1994 жылы «Қазақстан» баспасынан жеке кітап етіп шығарған жайымыз бар еді. Арада 20 жыл өтіпті! Сұлтанбек өмірінің түрмедегі соңғы сәттерін суреттейтін мына шағын тарихи баянды оқырмандар назарына ұсынуды жөн санадым.
«Қуыршаққа» айналған қайраткер
(тарихи баян)
Аузын буған өгіздей өңкиген дәу қараның – қызыл жағалының Сұлтанбекті алдына салып айдап келе жатқанына біраз уақыт болды, бағаналы бері арлы-берлі сүйрелеп жүріп, бір ауыз сөз айтпастан, ақыры темір тордың алдына алып келген соң, есікті аша беріп, алғаш рет зор даусымен арс етті.
– Неғып тұрсың? Ну-у... – деді.
– Ішке... өтейін бе! – деп, Сұлтанбек барқылдақ бұқа дауыстан әуелде бұғына түсті де, енді барынша үрке қарады оған. Сонда байқады, ана өңкиген қызыл жағалының екі көзі қып-қызыл, тіпті кісі өлтіріп, соның қанын жаңа ғана кеңірдектен қылғытып салғандай үрейлі кейіп. Бәлкім, Сұлтанбекке бір сәтте солай елестеп кетті ме?
Темір тордың көзге сұп-суық сұр есігінің жақтауынан ұстай бергені сол еді, қызыл жағалы бұны бұжыр-бұжыр дәу жұдырығымен желкеден түйіп қалып:
– Кімді күтіп тұрсың! – деді. – Саған жаны аши қоятын қай құдаң бар еді мұнда? Кір деген соң кір!.. Ну, жылдам...
Сұлтанбек желкеден тиген жайсыздау соққыдан соң, ішке қарай тәлтіректей басып кіре бере сүрініп кетіп, жер құша жаздады да, қайта тұра беріп, тағы құлады. Өзінде бұрынғыдай буырқанып-бусанып жататын қайрат та, қажыр да, тіпті әл де жоқ. Әбден әлсіреген. Қалжыраған. Осы күндері оны күш жұмсап жұдырықтамай-ақ, біреу жәй шынтағымен түртіп жіберсе де, құлап қалатындай қалбаң.
Тар, жағымсыз иіс жайлаған қапас камераның еденінде етпетінен түсіп жатып, жаңағы дөңкиген қара өгізге бірнеме демек боп, әзер деп басын көтерген. Оның еш себепсіз жұдырық көтеріп, қол жұмсағанына барынша қорланулы. Бұл секілді бар ақыл-парасаты әуелден-ақ тарыдай шашылып, тұла бойына таралып кеткен, басында торғайдың миындай да ми жоқ томар адамдар бір кездері кабинетінің алдына келіп, жеке шаруасын күйттеп, бір ауыз тілдесіп шығу үшін, күнұзақ сарғая күтуші еді-ау! Ал, ендігі жағдайы мынау... Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнар деген... Бұл дәл сол кеп!.. Дәл сол күй!.. Әй, бірақ... дөй қараға не деп өкпелейді! Бұл орындаушы! Не істе десе, соны істейтін робот – Адам! Бәрі ана жақта, жоғарыда шешіліп жатқан жоқ па! Әттең десе, әттең-ай! Бәрі де аяқ астынан бұраңдап-бұлғақтап кетер деп кім ойлаған! Алдын-ала білгенде, өзінше тырмысып, өзгеше қам жасап, қапыда қалмауды ойластырмас па! Ең болмағанда, сол Сталиннің алдына барып, ащы да болса бар ақиқатты өз аузынан естіп, көз жеткізген соң біржола күдерін үзіп...
Темір есік бұның кермек ойын кілт үзе сырқырай сырнайлатып, шақыр-шұқыр етіп жабылды. Дөй қара есіктің кілтін екі-үш рет бұрап-бұрап, суырып алған соң, қара жерді ойып жіберердей тақ-тақ басып ұзап бара жатты. Тағы да жалғыздық! Талай уақыттан бері маңдайына да, таңдайына да тиіп келе жатқан жалғыздығы...
«Мен шынымен-ақ, мына бейопа фәниде тірі пендеге мүлде керек болмай қалғаным ба?.. Атымды атап іздеп, «қайдасың сен есіл ер» дейтін бір жанашыр да болмағаны ма бұл қазақта!.. Әй, қайдам-ау!.. Армандамасты армандаймын-ау!.. Жай уақытта да асыл басыңды қадірлей білмеген, барлық былыққа да бас изей беретін көнтерлі қандастан енді не үміт, не қайыр...»
Осы ойдан кейін кенет ішкі әлемі мұздап қоя берді. Қаншама жыл жоғары лауазымды қызметтерді атқара жүріп, ішінен болса да «қазақ ұлтының айтулы қайраткерінің санатына кірген шығармын» деп өзінше үміт – дәмеге малданушы еді, сөйтсе... ұлтына еркелейтін түгі де болмай тұр. Бәрі де өткінші, бәрі де көңіл алдау дүние болыпты да шығыпты. Енді, міне, тірі пендеге еш керексіз-ақ. Ешкімге де...
«Сонда қалай?.. Еңбегі бар, ел алдына шығып бой көрсетсін, тым болмаса ақтық сөзін айтсын дейтін лауазымды һәм жүрегі жылы бір пенде табылмағаны ма? Мал екеш, бақырауық ешкінің де артында бір сұрауы болмаушы еді...»
Сұрғылт камераның ішіндегі тас еденде етпетінен жатқан қалпы қайта тұра алмады, жоқ, бәлкім тұрғысы келмеді. Дәл қазір кеудесіне дем жетпей, қатты қысыла түсіп, өзінен-өзі күйіне қамықты. Ойына қайдағы-жайдағылар оралды. Елім, жұртым десе қай кезде де шыбын жанын қиюға бақұл еді, онысы да бүгін өзгелерге жәй, бөстекі әңгіме. Мына қоғамға мүлде жат. Әсіресе, Сталинге... Әгәрки, сол Сталиннің көңіл түкпірінде жүрген болса, бір күні болмаса, бір күні «ау, қайраткер Сұлтанбек қайда, оны қай апанға тығып ұстап отырсаңдар?» деп сұрау салмас па! Кіріптар пенде болып, тас бөлмеге қамалғалы бері 2-3 ай өтіпті-ақ! Сталин іздей бастаса, бұл күнге дейін жылпос, жылмақай жандайшаптары өздері-ақ лыпылдап келіп, камера есігін қағып тұрмас па!..
«Әй, бүйтіп кеңірдек соза мақтаған Кеңес Одағының қайраткер атанғанша... сонау ауылда, өзімнің балалығым өткен Ақсүмбеде неге қой бақпадым? Сонда мені мұндағы папкі ұстап шіренген бірде-бір кісі елемес-ақ! Тіпті «мені қамап тастаңдар» деп алдына түсіп алып томпаңдасаң да, «әй, қара қойшы, аулыңа қайт, сен саясатты қайтесің» деп, қақ маңдайдан қайқайтар-ақ... Сол өмірім уә жүз, уә мың есе ғажап болар-ақ...»
Жүрегі дүрс-дүрс соқты. Құлағы шуылдады. Көзінің алдында – өзі туған алыс түкпірдегі ауылы бұлдырлады. Ақсүмбесі сол қалпымен сурет – елес болып тұра қалғанын қарашы!
“Шіркін-ай, бір қора қойды ойдағы бұлақ суына айдап салып, өзім Ақбикеш биігіне шығып алып, әнімді айта, жамбастап жатып алсамшы! Сонау-у төменнен бір танысым айқай сап: «Әй, Сұлтанбек, бері түс, асық ойнаймыз” деп шақырып жатсашы! Сонда мен оған: «Асық ойнағанша, бері көтеріл, мына биіктен елге қарайық, армандайық, алысқа қиялмен шырқап кетейік» десемші...»
Көзін ақырын жұмды. Қайта ашқысы келмеді.
Тас еденде жатып алып, бүгін іштей барынша бүгіліп, расымен-ақ жасыды. «Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын» темірдей мықты, болаттай берік Сұлтанбектің көңілі бордай үгітіліп сала бергені! «Орта Азияның Шыңғысханы» өз-өзінен қапалы күй кешіп, тағдырына шынымен налыды бір! Налыды-ақ!
«...Еһ, Сталин!..» деп ойланды. «Сен менімен әркез жеңіл қалжыңдасып, дос көңілмен әзілдесіп жүрген болар десем, олай болмады-ау! Бар қулығың мен сұмдығың ішіңде, көңілдің арғы түкпірінде мың бұратылып жатқанын білсемші! Мына заман қалай қарай бұлғақтаса да, мені түсінетін, мені қолдайтын, мені қай кезде де ажал құрығынан арашалайтын Сталин-коммунист бар деп жүрсем... Сен де сенімнің сеңін сөктің, Сталин жолдас! Енді байқасам, ел табынған дана кісі де емес, коммунистер қолпаштайтын көсем кісі де емес, бар болғаны көп пенденің бірі екенсің-ақ... Оған қисынсыз қылығың, әдепсіз әрекетің куә... Біз әлі кездесерміз-ақ! Кездесуге тиіспіз. Арамыздағы әзіл мен ақиқаттың ара-жігін біржола ажыратып алуымыз үшін-ақ!.. Сен мені, жоқ, бәлкім мен сені түсінбей жүрген болдық білем! Сосын да кездесуіміз керек-ақ! Солай, Сталин-жолдас-с...»
Ойына баяғыда ұмыт болған өткен күндер елесі өзінен-өзі тізбектеліп орала берген-ді...
* * *
Бір жолы Мәскеуде үлкен жиын өтетін болды. Сол жиынға Қазақстаннан бірінші хатшы Нанейшвили қатысуы керек еді, бірақ ол баруды құп көрмей, орнына екінші хатшысы Қожановты жіберуді ұйғарыпты.
«Сен барып қайтшы» деген соң, Сұлтанбек сол күні-ақ Мәскеу сапарына асыға жиналған-тын. Сталиннің өзі қатысатын жиын болар деп кім ойлаған!
Жиын үстінде аяқ астынан Сұлтанбек те сөзге жазылып, мәртебелі мінберге көтерілген-ді. Енді ғана мінберге тақай бергенде, Сталин:
– Сөйле, Орта Азияның Шыңғысханы! – деп бұны мұқата сөйлеп, мұртынан жымиып алды. Сұлтанбек еш сасқан жоқ, мінберге келді де:
– Сөйлесек сөйлейміз, жолдас Сталин! Мұнда Грузияның княздері де сөйлеп жатқан жоқ па! – деді. Сталин әрі қарай ләм демеді. Жиында көп отырған жоқ, енді бір сәтте орнынан тұрып, залдан шығып бара жатты.
Бұдан кейін де Сталинмен Сұлтанбек екі-үш рет кездесті. Әр кездескен сайын «ұлт көсемі» Сұлтанбекті сөзбен қажап, әзілдеген болып, мазақ еткісі келеді де тұрады. Ондайда кеудесін бастыратын Сұлтанбек пе, ылғи әзілге әзіл айтылады, қалжыңға қалжың жалғасады...
Тағы бірде... қазақ елінің мәселесімен Сұлтанбек Сталиннің қабылдауына барды. Ұзақ-қ күттіріп барып, әзер кабинетіне кіргізген «ұлт көсемі» Сұлтанбекті өзінің жұмыс үстелінде емес, сол жақ шеттегі терезе алдында, тысқа қарап тұрып қарсы алды. Бұл әдеті, әрине, Сұлтанбекті мұқатқандай болып көрінген-ді. Алайда, қазақ елінің екінші хатшысы сабырлы болуға тырысты.
– Сіздің рұқсатыңызбен келіп тұрмын! – деп әдеппен сөйледі.
Осы кезде Сталин оң-солына кезек қарағыштап тұрып:
– Менің кабинетімде қырдағы қойдың қиының иісі шығып кетті ме? – деп келемеждеді. Мұны естіген Сұлтанбек те дереу сөзді жалғап әкетіп:
– Жолдас Сталин, маған сіздің кабинеттен грузияның тақта шайының исі шығып тұрғандай, – деген.
Сталин бұған жалт қарады. Қарады да, өзінің жанына шақырды.
– Мына шараптан екі бокалға құй, – деді сосын. Сұлтанбек солай етті.
– Өзіңе барынша толтырып құй! – деді.
Сұлтанбек тағы да солай істеді.
– Ал, енді іш!
Cұлтанбек сіміріп салды.
– Қалай екен?
– Әрине, Сталин жолдас, мен мұндай шарапты еш жерден ішіп көрмеппін.
Енді үстеліне қарай бұрыла беріп:
– Ресми әңгімеге көшелік, – деді Сталин...
Сол жолғы жауаптасу да Сталин үшін есте қаларлықтай әңгіме болғаны ма?
«Жолдас Сталин-ау!» деп енді Сұлтанбек тағы да ой құшағына берілді. «Мені неліктен Шыңғысханға теңей бердің, а? Қай жерімнен Шыңғысханға ұқсастық таптың екен, а? Жоқ, сол Шыңғысхан түптеп келгенде мына саған көбірек ұқсайды. Сенің қазіргі қанепезер мінезің мен әулекі әрекеттерің Шыңғысханды елестетеді көз алдыма...»
Басын шайқады. Зіп-зілдей.
Осы ойлар-ақ қалжыратып барады. Ойламайын-ақ дейді. Сөйтсе де кермек ойлар өзінен-өзі қаумалап келе береді, келе береді...
* * *
Бағана дөңкиген қараның бұны алдына салып, дедектетіп алып барған жері – терезесі төбесіне тырмысқан жеке бөлме. Әуелде бос еді, ешкім де жоқ еді. Бұған табуретка ұсынды. «Осыған отыр» деді. Сосын «күт» деді. Бұқа мойын еркектің бар айтқаны осы екі ауыз сөз.
Әлден уақытта арғы жақтағы есіктен сұр гимнастеркалы, қиылта мұрт қойған бір қазақ бері қарай еріне аттады. Аттады да есінеді.
– Ал-л... – деді ол үстеліне отырар-отырмастан. – Ал, неден бастаймыз-з?..
– Түсінбедім, – деді Сұлтанбек. – Жауаптасу өткен жолы-ақ аяқталмады ма!..
Сол-ақ екен жаңағы қиық мұрт үстелді салып қалып:
– Сен, контра-а... аузынды бағып сөйле! Бүгін мына жерде мен бастықпын. Он жерден сұңғыла Сұлтанбек болсаң да, сөйлер сөзінді біл.
– Мен не дедім!..
– Сен... сен әңгіме бітті дедің. Ал, саған мен айтам: әңгіме енді басталып келеді. – Ол орнына қайта отырды. Қиық мұртын сылап қойды. Сосын сұрады. – Айта қойшы, баяғыда Ташкентте Алаш серкелерінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығын дүрілдетіп өткізіп бергенің рас па?
– Рас!
– Рас болса, соны мойындаймын деп қол қой. Мына қағазға...
– Жоқ, қол қоймаймын.
– Неге?
– Өйткені, Ахметтің тойын өткізгенім үшін ел алдында да, өз арымның алдында да қылмыстымын деп сезінбеймін.
– Солай де! – Қиық мұрт үстелді саусағымен қайта-қайта сыртылдатып отыр. – Бәрібір солай болған деп протокол толтырамыз. Сен үшін қол қойып беретіндер бар. Осыны да біліп қой.
– Білем. Жағымпаздар жетеді. Ондай екі жүзді сатқындар мына қара жердің бетінен жоғалушы ма еді...
– Жоқ, шырақ, олар сен ойлағандай екі жүзді де, сатқын да, жағымпаз да емес. Олар – нағыз Кеңес өкіметінің достары. Өйткені мына сен секілді кеудесіне нан піскен, қисық, қыңыр, кертартпа адамдарды жазалауға қол ұшын береді. Көмектеседі.
– Ол сіздердің ойларыңыз...
– Жоқ, бұл Кеңес өкіметінің ойы. Өкіметпен ойнамаңыз! – Ол тағы да үстелді ұрып-ұрып жіберді. – Сонымен... Байтұрсыновтың тойын өткізуге тікелей ықпал еткеніңді мойындадың. Тәк-к! Енді мынаны айтшы, сен осы ана Алашордашыл ақын Мағжан Жұмабаевты неге жақсы көресің? Сол ақынсымақтың өлендерін ұнатып қана қоймай, барынша насихатшысы да болыпсың. Кітабын шығарып беріпсің... Бұл да рас па?
– Рас!
– Рас болса, қолыңды қой.
– Қол қоймаймын.
– Неге-е!.. – Ашулана орнынан оқыс атып тұрды да, орындығын сәл ілгері қозғап, қайта отырды. – Ә-ә, білем, сен үшін бұл да қылмысқа жатпайды. Кінәм жоқ дейсің, ә! Кінәнің көкесі, міне, осы жерде. Адасқан Алаш ақынын көкке көтере жақтағаның үшін сен де Алаштың идеялас досысың. Осы үшін-ақ өзіңді тап қазір-р... – Кіжіне, жұдырығын түйіп, орнынан тағы тұрып, қайта отырды. – Жә, жарайды, ол еңді менің жұмысым емес. Менікі, әңгіменің ақ-қарасын ажырату. Соны протоколға түсіру... Айтпақшы, осымен істі жабуға да болады. Бұдан басқа да кінәларың жетерлік. Ал, мына екеуі – тапжылтпайтын, тап бастырмайтын мысал! Вещественное доказательств-о...
Ол әңгімесінің соңың орысша сөзбен нығырлап аяқтап, орнынан жеңімпаз болып көтерілді. Сөйтті де, ана дөңкиген дөй қараға «әкете бер» дегендей, ым жасаған. Сұлтанбек әуелде бірнеңе дегісі келіп, мүдіре түсті де, артынан «әй, бұған асыл сөзімді шығындап, қор қылмай-ақ қояйын» деп ойлап, әкетушінің алдына түсті...
Есік алдына жақындай бергенде жаңағы қиық мұрт бұны тоқтатып:
– Сен, Сұлтанбек, шынынды айтшы осы, – деді жайдарылана сөйлеп. – Бұрын биік лауазымда жүрген кезіңде Сталин жолдасты талай рет келемеждеп, келеке етіп, тіпті мұқата сөйледі дейді.Сол рас па?
– Оның сендей әр сөзді аңдыған бейшараға енді қандай қажеті бар! – деп Сұлтанбек қасқая тіл қатты. – Үлкен кісілер арасындағы қарым-қатынасты бәрібір терең түсіне алар ма екенсің!..
– Тіліңді тарт! – деп айқайлады қиық мұрт. – Тарт тіліңді!.. Өзіңді тас бөлмеге желкелеп әкеліп тыққан да осы тікен тілің екен ғой. Енді түсіндім...
Сұлтанбек сонда да қыңбады.
– Жоқ, – деді ол, – ...сен әлі де түсінбеген екенсің. Түсіне алмапсың! Ендеше тыңда. Мен Сталинмен сөз сайысына түскенде ұлтымның, халқымның ар-намысын қорғасам деп армандағам. Қазақты ешкімге, ешбір адам баласына мазақ етуге жол бермесем дегем. Ал, сен... сен өзгенің алдында жалтақ, жасқаншақ, қорқақ, бірақ өз қазағына өгіз мүйіздене қарайтын алакөз бұқасың...
– Жап! Жап ана оңбағанның аузын... – Қиық мұрттың қаны басына теуіп, айқайға басты. Үстелді ұрып, жерді тепкіледі.
Сол-ақ екен, әлгі бұқа мойын жігіт Сұлтанбекті көк желкеден қойып қалды...
Сұп-суық қара тас үстінде жатып, осы бір көріністі ойына қайта түсірді. Ахметті есіне алды...
«Қайран, Ахаң!» деп ойлады ішінен. «Сені бұл қазақ шынымен танып-білгенше әлі талай уақыт керек шығар-ақ! Біле білгенге сен ұлт жауы емес, ұлт жанашыры едің-ау. Сен жазған оқулык, сен жазған ғылыми еңбек, сен жазған өлең-мысалдар, сен түзген әліп-би... әлі-ақ қазақ үшін құны жоқ асыл қазына боларына мен сенем. Барынша сенем. Ал, біз ше! Біз не істей алдық? Биік орынтаққа жеткенімізге мәз болыппыз-ақ! Сөйтсек, ол дегенің белдеулі, бедерсіз бірнеңе екен-ақ!.. Сағым секілді сырғанақ екен-ақ!..»
Есіне түсті.
1923 жылы Ташкентке Ахмет Байтұрсынов өз аяғымен келді. Ол ең алдымен Сұлтанбектің кабинетін ашты. Ол кезде Сұлтанбек оқу-ағарту халкомын басқаратын. Кіріп келгенде, Ахметті танымай қалды. Өңі жүдеу. Өзі азғын. Сөзі солғын.
– Аха, сізге не болған? Дәл мынадай күйіңізді өмірі көрмеген едім...
– Е-е, – деп қамыға тіл қатты Ахмет. – Мен өзі бағы жанбаған һәм жанбайтын қазақ болармын, сірә! Қайда барсам да, қорқыттың көрі...
– Ойбай-ау, не болды? Айтсаңызшы...
– Хабарың жоқ екен-ау, – деді Ахмет. – Ана Орынборда ел-жұртқа таза масқара болдым. Өзімнен де бар. Елу жасты тойлаймыз, елге мереке жасаймыз дегенге жас балаша еліріп... Азғана топтың алдау сөзіне сеніп қалғаным ғой, қайтейін...
– Ой, сол ма! – деп Сұлтанбек рахаттана күліп алды. – Ана бұзақы топтың сізге жетпіс жұмыртқа, алпыс алма лақтырып, өздерінше мұқатпақ болған кеші ме? Білем оны.
– Оның несі күлкі! – деп Ахмет қабағын түйе тіл қатты. – Сен үшін күлкі, ал мен үшін үлкен позор. Масқара! Қазақ үшін оқулық, ғылыми еңбек жазып жүрген оқымысты-ғалым Орынбордың тап ортасында шіріген жұмыртқа, иістенген алманың астында қалады. Және де оны ұйымдастырушылар – қазақтың осы күнгі оқыған, білімді жастары. Белгілі-белгілі ақын-жазушылар. Саясат адамдары...
– Білем! – деді Сұлтанбек үстелді таянып тұрып. – Білем бәрін де! Бұл – тек сізге емес, біле білсеңіз, бәрімізге, тіпті ұлтқа лақтырылған тас. Сосын да мен бұл шаруаны аяқсыз қалдыра алмаймын. Айтамын, жеткіземін сөзім жеткен жерге...
– Қой, айналайын! Саған да зияным тиіп кетер. Сен өсіп келе жатқан жассың. Өкімет өкілісің. Ал, біз деген... – деп, Ахмет қипақтап қалды.
– Жоқ, мен айтқанымнан қайтып көрген емеспін. Енді мені бөгемеңіз...
Ахмет Сұлтанбектің жүзіне қарады. Кәдімгідей ашулы. Шын жаны ашығаны да білініп тұр... Сұлтанбек қиянатқа, әділетсіздікке шыдай алмайтын ұлтжанды азамат дегенді біраз қазақ оқығандары айтқан-ды. Айтса айтқандай ма! Бірақ, осы жолы өз басын сауғалап, өз күйін күйттеп, одан қорған сұрап келмеген-ді. Оңдай іс ойында жоқ еді...
– Шырағым, жасың кіші болса да, жолың үлкен, – деді Ахмет. – Менікі жәй, амандасып қана шығу еді. Шын ықыласты пейіліңе дән ризамын.
Бұл сөзге Сұлтанбек тоқтаған жоқ.
– Аха, – деді енді інілік назбен. – Сіз маған ақ жүрекпен тілеуқор аға болып есік аштыңыз. Ендеше, мен де сізді ізетті іні болып шығарып салмаймын ба?
– Сонда, бұл сөзің...
– Қалғанын маған қалдырыңыз. Сеніңіз маған!..
Арада бірер апта өтісімен-ақ, Сұлтанбек Ахметті өзіне арнайы шақыртты.
– Елу жылдық тойыңызды осы Ташкенттің қақ төрінде атап өтеміз. Мен басшылармен келісіп қойдым, – деді Сұлтанбек. – Енді іші күйгендер тұз жаласын... Көрсін, білсін, естісін...
– Жоқ, – деп Ахмет басын алып қашты. – Тағы да Орынбордағы жағдай қайталанып жүрсе... Екі рет масқара болғым келмейді.
– Қайталанбайды! – деп Сұлтанбек сенімді көңілмен сөйледі. – Өзім тікелей бақылауға алам. Қатысамын. Ішінде боламын.
Ахметтің көнбеске шарасы қалмады...
* * *
Көзі тірісінде-ақ ұлттың «рухани көсеміне» айналып үлгерген Ахмет Байтұрсыновтың елу жылдық тойы Ташкентте өте жоғары деңгейде аталып өткені бірден елге жайылды. Үлкен, айтулы мереке болғаны ақжолтай хабар болып, ауыздан-ауызға көшті. Ташкентте оны шын жүрегімен, бар жан-тәнімен жақсы көретіндер баршылық екені сол той күндерінде барынша біліне түсті.
Оған Ахаңның өзінің де көзі әбден жетті...
Той өте салысымен Ташкентте шығатын үлкен басылымдардың біріне жас қаламгер Мұхтар Әуезов көлемді мақала жариялатып та үлгерді. Атын да айқайлатып қойыпты. «Ахаңның елу жылдық тойы!..» Бұл мақаланың тууына да, жарыққа шығуына да тікелей себепкер – Сұлтанбек. Соның өтініші болатын...
* * *
Айтулы тойда Алаш ақыны Мағжан Жұмабаев өлең оқыды.
Мағжанды Сұлтанбек бұрын да сыртынан тәп-тәуір білетін. Әсіресе, ол туралы Мұхтар Әуезов бір кеш әңгімелеп, әдемілеп мақтаған. Тіпті Мұхтар қыза-қыза келе: «Мағжан болашақта Абайдан соңғы ең үлкен ақынымыз болады» деді. Сұлтанбек оның сөзіне еріксіз күліп жіберген.
– Неге күлесіз? – деді Мұхтар. – Менің бұл сөзім іште, жүректе әбден қайнаған, пісуі жеткен пікірден туып отыр. Сіз солай ұғыңыз...
– Жә, жә! – деді Сұлтанбек. – Әзіл ғой. Әдебиетті, Мұхтар, сен білмесең, біз қайдан терең түсінуші ек! Онда қазірден-ақ, Абаймен тізе қағыстыра алатын ақын өсіп келе жатыр десейші. Ол қайда? Неге маған дұрыстап таныстырмайсыңдар, а!
– Танысудың да орайлы сәті болады, – деді Мұхтар. – Сол сәт міне, Ахаңның тойымен тұспа-тұс кеп тұр.
Ахмет тойы үстінде Мағжанды әуелі Мұхтар өзі ертіп әкеліп, Сұлтанбекпен жүздестірді. Содан соң Ахмет жас ақын жайлы өте әсерлі, әдемі әңгіменің тізгінін ағытты. Мағжанның сұлу поэзиясының құпия қыры мен сыры, міне, Сұлтанбек үшін сол күні өз есігін айқара ашқан болатын.
Мағжан ақын мен Сұлтанбектің шынайы достығы осы күннен бастау алған-ды.
* * *
Осы оқиғадан соң, аз күннен кейін-ақ, Сұлтанбек Мағжанмен өз кабинетінде жеке кездесіп, ұлт мәдениеті мен әдебиеті төңірегінде терең әңгіме-дүкен құрды.
Олар ұзақ-қ әңгімелесті. Сұлтанбек алғашқы сәтте кәнігі саясаткерлер әдісіне сала, оны бірден жылы қабылдай қойған жоқ. Әуелі сын-ескертпелерін де айтып алды. «Ескілікті, баяғыны көксеуші дейді, ылғи ескі заманды мақтап жазады екенсің» деп, іштегі күдікті ойды ақынның бетіне айта, жасырмай сыртқа шығарды. Мағжан шыж-быж. «Мен ескілікті көксеуші, мақтаушы емес, түсіне білгенге кей ретте ескілікті сынаушы, қатал мінеуші ақынмын» дейді. «Әр ұлттың өз тарихы бар, оны білмей жатып ақынмын деу әбестік» дейді. «Тарих болған соң, оның кедір-бұдыры да қатар жүреді, мен жазған тарихи тұлғалар бүгін өз биігінде бағасын алмай жатса, ертең сөзсіз тұғырына көтеріледі» дейді. Сұлтанбек оның жүрекжарды сөзін бастан-аяқ, ерінбей, көңіл қоя тыңдады. Сосын бірнеше өлеңдерін де оқытты. Төгіліп тұр.
– Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты...
Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар...
Мен жастарға сенемін! – деп, Мағжан екпіңдете, еліте өлең оқыған. Сұлтанбек үнсіз, бас изеп отырып құлақ төсеген...
– Ал, – деді Сұлтанбек қоштасарда, – сені көп әдебиетшілер діңкелете даттағанымен, көпшік қоя мақтаушылар да жоқ емес. Кімдікі дұрыс? Соған өзім көз жеткізбекші болып ем. Қолжазбаң бар ма?
– Бар. Бірақ...
– Е, не болды?
– Өлеңдерім қалай екен, Сұлтеке?
– Ұнатпасам, қолжазбаларыңды сұраймын ба?
Осыны айтты да, сәл мүдіріп барып сөзін қайта жалғады.
– Мағжан-ау, мен өзім де соңғы кездері ептеп өлең шимайлайтын болып жүрмін. Қойын дәптерімде жазылулы. Тап сендей тарпаң ақын болмасақ та, жырдың жақсы-жаманын таразылай алатын қазақпыз...
– Солай ма! Ендеше, сол жазғандарыңыздың бірін оқымайсыз ба? Тыңдап көрелік.
– Жоқ, Мағжан! Бүгін – сенің күнің! Сенің таңғы шықтай мөп-мөлдір жырларыңнан соң біздің қарабайырлау өлеңдерді оқу – тәтті сезімді ту-талақай етер. Осы тәтті әсермен, ғажайып көңіл-күймен ажырасалық.
Сәл тоқтап, қайтадан:
– Қолжазба қайда? – деді.
– Мына сөмкеде.
– Маған қалдыр. Оқып шығайын.
– Жоғалып кетсе...
– Жоғалмайды. Уәде беремін.
Мағжан Сұлтанбекке қолжазбасын қалдырып, үмітті көңілмен кабинеттен шығып бара жатты...
* * *
Мағжан ақынның бір томдық өлендер жинағы Ташкенттегі баспадан жеке кітап түрінде басылып шыққаны бір-ақ күнде мұқым елге молынан жария болып, алты алашты шарлап ала жөнелді. Оған Сұлтанбектің өзі арнайы алғысөз жазғаны тіпті таңданарлық оқиға. Тағы да батылдығына, жүректілігіне басқан сыңайлы. Поэзиясын талдай келе Сұлтанбек Мағжанды «болашақ ғажайып ақын деп атауға толық негіз бар» екенін де шегелеп тұрып айтыпты.
Сұлтанбектің бұл парасатты пікіріне көп әдебиетшілер кеу-кеулесіп, қуанып та қалған-ды. Жұрт көңілінде көптен бері айтыла жаздап, айтылып қала жаздап жүрген пікір екен-ақ. Әсіресе, Ахмет пен Мұхтар екеуі аса риза екенін жасыра алмай, екі сөзінің бірінде Мағжанның сұлу жырларын тілге тиек етті.
Тырнақ астынан кір іздеушілер осы оқиға күндері де табылмай қалмады-ақ! Олар жоғары жаққа Сұлтанбектің үстінен «домалақ арызды» қайта-қайта төпеп жатты. Төпелеп жатты-ақ!..
* * *
Мына сұрықсыз, сұрқия тірлікте кісі көңілі тоят табар әділет деген бар ма? Бар шығар... Әй, бірақ сол әділет атты дүниеңіз әділетсіздік үшін түк те емес. Әділетсіздік – биік зәулім ғимарат болса, әділеттілік – жәй, құрап-сұрап тұрғызған бәкене үй. Сонда кімнің мысы басады?..
Жә, бұл теңеу емес.
Әділетсіздік – анадан сау-саламат, қол-аяғы балғадай болып туған сәби болса, әділетіңіз – көксау, дімкәс, аурушаң шарана. Сонда қайсысының мерейі үстем? Айтыңызшы, а!
Жә, бұл да теңеу бола алмас.
Әділдік – жалғыз жортқан жолаушы болса, әділетсіздік жол торыған көп тобыр баукеспе. Жалғыз жолаушы, мейлі ол он жерден қарулы болсын, қамданулы болсын, көп тобыр баукеспелерді жеңе ала ма? Әлбетте, жоқ. Рас қой осы...
Тас еденде жатып алып, ой әлеміне біржола бой алдырған Сұлтанбек екі шекесін ұстап, ұзақ уақыт басын шайқай берді.
«Қап, – деді ішінен, – аңқау басым-ай! Сол кезде сыртымнан сыпсың сөз жүргізіп, саяси тұзақ құрып жатқанын білгенімде, қарап қалар ма едім! Мен де «айлаға – айла» деп, өзімше әрекетке көшпес пе ем... Әй, аңқаулық-қ!..»
Енді арқасына аунады. Төбеге көз салды. Түн-түнек. Тас түнек. Тек әнебір шеткі бұрыштан сәуле сығалайды. Ол да өлімші сәуле...
Қажыған, қапалы көңіл күй Сұлтанбектің есіне тағы да бағанағы қиық мұрттың қисық мінезін түсірді.
– Сен, – деген сол қиық мұрт екі бүйірін таяна сөйлеп, –... сен әлі де баяғы Сұлтанбекпін, ел билеген азулы хатшымын деп ойлайсың ба? Есіңде болсын, бұл күнде елдің жады өте қысқа. Не нәрсе де тез ұмытылады. Тез естен шығады...
– Жоқ! Ел ешнәрсені де ұмытпайды. Жұрт жады қысқа дегенің жала...
– Ха-ха! – деп күлді қиық мұрт. – Сенсең де осы,сенбесең де осы! Сенің есімің қазірдің өзінде-ақ ұмытылып бара жатыр. Біреу білсе, біреу білмейді. Қысқасы, сен енді «қуыршақ» қайраткерсің...
Сұлтанбектің төбе құйқасы шымырлап қоя бергені. «Қуыршақ» қайраткер-р!.. Ол мен бе сонда-а?.. Ау, мына сасық көкірек қазақ не дейді, ойбай-ау!.. Бұл қай мұқатқаны, а?..»
– Дәл мынадай мұқату сөзді тіпті Сталин жолдастың да аузынан естіген жоқ едім. Сен өзі...
Қиық мұрт шалқая түсті.
– Естімесең, енді естідің! Мына тар, қапас бөлмеге қамалған күні-ақ сенің шын атың өшкен! Бар бедел-абыройың көкке ұшқан! Оны мен емес, сол жоғары жақтағылар...
– Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле! – деді Сұлтанбек оған. Іштегі қайнаған ашу-ызаны әзірге тежеп тұр. – Қайраткерге құрметті атақты елі, халқы береді. Ал, халық ешқашан өз қайраткерін қуыршақ етіп, орынсыз мазақтамайды.
– Сен қуыршақсың! Қуыршақ қайраткерсің. Тап қазір менің қолымдағы ойыншықсың. Әйтпесе, сені жақтайтын, сөзінді сөйлейтін кісің кәні! Халқың кәні? Қайда олар-р...
– Оның да уақыты келер! Туар ондай да заман-н!..
– Бұл – қиял. Арман. Сағым секілді елес-с...
Қиық мұрт өз-өзіне риза көңілмен ұзақ-қ күлді!.. Селкілдеп күлді...
– Мен қуыршақ қайраткерге айналсам, онда мына сендер әулие көріп, құдайдай табынып жүрген Сталин де қуыршақ, – деп, Сұлтанбек ашуын тұзақтай алмай, тістене тіл қатты. – Нағыз қуыршақ солар, соның айналасындағылар-р...
Көк өгіздің қолындағы былқылдақ таяқ Сұлтанбектің көк желкесіне сарт ете қалды...
Өлімші сәулеге қарап жатып, осыны есіне түсірген-ді...
«Жоқ! – деп ойланды енді Сұлтанбек. – Мен не істесем де, жеке басымның қамын ойлап, тырмысып-талпынғам жоқ. Қандай әрекетке барсам да, ең әуелім көңіл төрімде елім тұрды-ақ! Қазағым тұрды-ақ! Қандай қайраткер болдым, оны келер ұрпағым айта жатар. Әйтеуір ұлтым үшін аянып қалмағаным рас-ақ! Халқымды жан-тәсіліммен сүйе алғаным да ақиқат! Ендеше, бүгін өліп кетсем де арман болмас-ақ!..»
Ойы сырғып-сырғып, көңіл көкжиегінен аса түсіп, тағы да Ахмет пен Мағжанға қарай беттеген-ді.
«Ахметті қазақ бүгін түсінбесе де, түбі бағалайды. Ахаң ұлтқа анық ұран болмақшы азамат. Ондай асыл ұлдың басқа ұлт емес, қазақ боп туғанына қуанарсың сен әлі, ұйқыдағы қазағым-м!»
Ұйқыдағы қазақты ойлаған сәтте есіне Мағжанның өз даусымен оқып берген бір өлеңі түсе кетті.
...Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген.
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен.
Бірге жусап, бірге өрген!
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін –
Сол елімді сүйемін!..
Бұны жазған кім? Әрине, Мағжан! Мағжан осылай жазбаса Мағжан ба!
«Әттең, оны да қатал уақыт өз илеуіне алды. Мағжанның Ташкентте басылған бір томдық өлеңдер жинағын келер жылы Мәскеуде бір топ қазақ жастары талқыға салып, сынапты. Олардың басшысы – Нәзір болыпты. Нәзір, әрине, ақылды қазақ. Бірақ оны осы іске жұмсаушы, нұсқау беруші – орталық. Ол солардың дегеніне көніп отыр. Ал жастар... істің мәніне терең бойлап бара алды деймісің! Әй, аңқау қазақ... Өзіңе-өзің қол жұмсағанда, аяуды білмейсің. Ал, өзгеге ше! Өзгеге келгенде неге жасқаншақсың, ә! Неге тартыншақсың-ң?.. Неге осындайсың, қазағым-ау!..»
Осы сәтте Сұлтанбектің есіне баяғыда-а... Қызылордада хатшы болған кезінде Голощекинмен болған бір әңгіме орала кеткені.
Сол жолы Голощекин бұған:
– Сен тым ұлтшыл қазақсың, – деп еді-ау. – Әлі көр де тұр, осы мінезіңмен таяқ та жейсің...
– Жоқ, Голощекин жолдас, мен ұлтшыл емеспін, – деген Сұлтанбек. – Менің бір кінәм – ұлтымды сүйетінім...
– Екеуі бір нәрсе емес пе, а?
– Екеуі екі нәрсе. Ұлтшылдық – басқа ұлтты менсінбеуден туындайтын мінез. Ал, ұлтты сүю – өз халқыңа деген шексіз махаббаттан...
– Е, – деген сонда Голощекин. – Енді түсіне бастадым. Сенің осы Қызылордаға келе сала Наурыз мерекесін қолған алғанын да содан ба? Сенің орталық аппаратқа тек қазақтарды тарту керек дегенің де содан ба?
Сұлтанбек тұтыға сөйледі.
– Наурыз – ежелден келе жатқан ұлттық дәстүр. Оны анау-мынау деп талқыға салудың өзі ұят. Ал, қазақ жастарын аппарат жұмысына тартсам, ол ұлт кадрларын тәрбиелеу үшін жасалған ізгі қадам...
Бұл жауапқа аса қанағаттана қоймаған Голощекин енді тағы бір қисық сұрақ берді.
– Сен баяғыда-а... Ташкентте жүргенде Мағжан деген алашордашыл ақынның кітабын шығарып қана қоймай, астына көпшік қойып, Мәскеуге оқуға жіберді дейді. Оқуға баратын басқа қазақ жасы табылмады ма сонда?
– Мағжанға білім керек еді, өйткені ол ұлт ақыны болғалы тұрған өте талантты жас. Алдағы уақытта саяси тұрғыдан қателеспеуі үшін орталықта оқып келсін дегенім де рас...
Голощекин бұған да елең етпеді. Әлдебір ой үстіде отырғандай болып, кенет жалт қарап:
– Қазақстан астанасы Ташкент болуы тиіс екен, бәрін сен бүлдіріпсің, – дегені. – Мына Қызылордаң – астана болатын жер ме өзі? Масасы көп, қысы суық, жері қуаң...
Сұлтанбек бірінші хатшының кекесінді сөзіне еш ашуланбастан, байыппен жауап қатты.
– Ташкентте өзбек ағайындар көп. Олар қаны бір туыстар. Қазақ пен өзбек таласып-тайталасып жатса, ол жаңадан құрылған Кеңес өкіметіне не абырой әкелмекші! Сосын да екі жаққа да тиімді шешімді іздедік – деді. – Қызылорда болса... әлі көркейеді. Жағдайы түзеледі. Іскер басшы келсе, неге жайнап шыға келмесін...
– Әй, қайдам! Үміттен гөрі күдік басымдау...
– Алдағы тағдыр-талайы сіз бен біздің қолымызда емес пе, жолдас Голощекин?
– Сенімім аз. Босқа арамтер болам ба деп қауіптенем...
Осымен Голощекин екеуінің әңгімесі де тәмәм болып еді...
«Ол кез – қандай кез! Оң-солымызды ойлауға мұрша берді ме әрі-сәрі саяси жағдай!» деп ойланды Сұлтанбек. «Жә, қазағым, елің мен жұртың аман болса, әлі-ақ астанаңды да өзің таңдап, өзің салып аларсың-ау! Ол күндер де келер бір заманда! Туар ондай шуақты күндер... Мен оған сенем. Шексіз сенем-м...»
* * *
Шалқалап жатқан қалпы мына фәни дүниенің шынымен-ақ опасыздығын екінші мәрте қайталап ойына алды. Жарық дүние неткен сусыма!.. Неткен алдамшы!.. Неткен жиіркенішті!..
Пенделер ше! Ау, олар саясат алаңындағы сартылдап тұрған ойыншық емес пе! Не істе десе, соны істейді! Қайда бағыттаса, сонда бұрылады...
Ойына түсті.
Баяғыда-а... Мұстафа Шоқай ағасы екеуі «Бірлік туы» деген газет шығарып жүрген кездерінде бір жолы:
– Осы, Сұлтанбек, сен Кеңес өкіметіне шынымен сеніп жүрсің бе? – деп сұрап еді Мұстафа.
– Сенем. Үмітім зор.
– Онда бақытты екенсің, – деді Мұстафа мұңдана сөйлеп. – Мына дүниеде ештеңеге сене алмасаң – сол азап!
– Сонда сіз, Мұстафа аға, бұл өкіметті іштей қаламайсыз ба?
– Мәселе қалау-қаламауда емес, осы өкіметтің тірлігі мен әрекеті жүрегіме жатпайды. Мен содан үрейленем.
Мұстафа осыдан соң, арғы ойын ашып айтпады. Сөзді басқа бағытқа бұрып әкеткен болатын...
«Қайран Мұстафа ағатайым-ай!» деп енді оны сағына есіне түсірді. «Еліңді, жұртыңды тастап, шетел асып кеткеніңде алдымен ренжігендердің бірі – өзім едім. Сөйтсем... сізді түсінбеппін-ау! Ұқпаппын-ау кеудеңіздің арғы түкпіріндегі үрейді...»
Қайтадан иман туралы ойлады.
«Имансыз болған жаман» деуші еді атасы Қожан қарт. Сол сөзге неге мән бермеді екен, а?
Міне, бүгінгі қоғамнан иман кетті. Адамдар да қыл-қыбыр, жүн-жыбыр болып бара жатқандай. Уа, неге?..
Дүниеден бір сәтте иман жоғалып кетсе, ол иман пендеде қайдан болмақ! Жоқ иманды кісі кімнен алмақ! Кімнен іздемек?..
Әне, имансыз дүние имансыз күлкісімен тағы да Сұлтанбек-қазаққа сұқ саусағын шошайтты. Сол сұқ саусақ бір-ақ сәтте Сұлтанбек тағдырын шеше алады. Тіпті шешіп те қойған болар-ақ! Бір кездегі ұлт қайраткері енді имансыздар алақанындағы еш қауқары жоқ қуыршақ бейне!.. Оны «қуыршақ» етіп тұрған – иманы кеткен дүниедегі иманы жоқ пенделер!..
...Уа, жарық дүние, өзіңе тән иманды бейнеңнен ешқашан, ешқашан айнымашы енді!
ЖОЛТАЙ ЖҰМАТ
Abai.kz