Сарыарқаның сайын даласында құстай ұшып, тұлпардай көсіле шабамын деген қиял құрыққа түскен асаудай бұлқынды да қалды. Аяқтағы шідерді, қолдағы кісенді үзіп шығып, сағынған Сарыар-қасына жөнеп кеткісі бар.
(Бұл жазбада Алматы маңайындағы бір ауылда кірпіш зауытта құлдықта ұсталған 15 жігіттің тағдыры айтылады. Олардың бәрі Алтайдың арғы жағынан білім іздеп келген жастар болатын. Кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді)
Арман жетегінде
Бірақ оған дәрмені жетсе де, еркіндік деген есіл сөз діңкесін құртып отқаны. Қасым бала күнінде оқыған бір аңызды есіне алды. Құдық түбінде жатқан бақа «аспанның кеңдігі құдықтың аузындай ғана екен» дейтін шолақ ойы жас жігіттің басына сап ете қалғаны. Өйткені ол өзі сол құдық ішінде жатқан бақаның кебін киіп отырғандай.
Қасым қазақ даласын осы бір қызыл түтін басқан, ені мен ұзыны – қой қорадай, айналасы биік дуалмен қоршалған тар қапас деп ойламаған шығар. Ол Алтай мен Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр дала – барша қазақ баласының атақонысы, анажұрты деп білетін. Сол киелі мекенді бала жасынан аңсады. 16 жасқа толып, төлқұжат алған кезінде ғана дәм тартты. Алматы деген ару қаланы түсінде көріп жүріп, қасиетті шаһарға түн жарымында табаны тиіп еді. Таңды қала шетіндегі күйген топырақ иісі аңқыған ескі жатақта қарсы алды. Жатақ – қаңғыбас, баспанасыздар мекені екен. Бозбала Қасымды мұнда досы Әнуар ертіп келді.
– Әнуар, мені қайда әкелгенсің? Алматы қайда, сұлу Көктөбе, Медеу қайда?
– Алматы қашпайды. Алдымен жұмыс істеп ақша табайық. Сонан соң аңсаған Алматыны да, армандаған оқуыңды да оқисың.
– Мен жұмыс істеу үшін келген жоқпын. Оқимын!
– Оқуға осы үйде дайындал.
– Мынауың үй емес, адам баласы тұрмайтын қора ғой.
– Қора болса да, осында 13 жігіт тұрып жатырмыз. Жұмыс істейміз. Жазға қарай оқуға тапсырамыз. Оған дейін тиын-тебен тауып алуымыз керек.
– Мына лашығыңда жатып оқуға қалай дайындалуға болады?
Қасымның дауысы қатқыл шықты. Ол сол күннен бастап кісі баласы төзгісіз мына жатақты паналай бастады. Досы таң құланиектеп ата бастағаннан қасындағы жігіттермен бірге орнынан тұрып кетеді де, қас қарая жатаққа бір-ақ оралады. Ал бұл болса төбесі сабанмен жабылған, құрт-құмырсқа қаптаған лашықта күні бойы жатады. Мұнда неге келді? Арман деген асау тұлпары қайда қалды? Балаң жігітті ұзақ күн сол ой қажайды.
Құлдықтың қамыты
Арада бірнеше күн өткенде бұл паналаған жатақтың киіз есігін біреу қайырып ашты. Жапсардан басын сұққан әлгі адам алакөлеңкеде жатқан бұған өктем үн қатып, сыртқа шақырды.
– Әй, батыр, сыртқа шық! – дейді әлгі үн. Қасым қолындағы «Қазақстан тарихы» деген оқулықты тастай салып, атып шықты. Қарсы алдында түсі суық, дөңбектей біреу тұр.
– Кімсің? Жұмысқа шықпай, әкеңнің үйінде жатқандай шолжиып жатысың не?
– Мен жұмыс істемеймін. Жұмысқа досым кетті.
– Мен сенен жұмыс істейсің бе? – деп сұраған жоқпын. Жұмысқа шық – деді әлгі дәу мұның иығынан нұқып.
Әкесінің құқайынан басқа бір пендеге иығын бастырмаған жастық мінез лап етті. «Сен кімсің маған бұйрық беретін?». Қауырсындай қалқайған бозбаланың өзіне дауыс көтергені әлгі дәуге жақпады білем, оң қолын жас жігіттің құлақ шекесіне қарай сермеді. Одан арғысы түсініксіз.
Сол күні кешке бұлардың қара лашығында жиын өтті. Жиын деген аты ғана. Қанау, бұғау. Күндіз Қасымды қалпағынан ұшырған қара дәу ашуға мініп алған. «Сендер мұнда неге келгендеріңді білмейсіңдер ме? Бұл жерде сендердің іздеуші, сұраушыларың жоқ. Сондықтан шаңыраққа қараңдар!» – деп қатты шүйлікті. Алайда мысы басыла қоймаған Қасым тағы да бас көтеріп еді, қасындағы Әнуар мен достары мұны сабырға шақырып, басып әлек болып жатыр. Қасым достарының неден жасқанатынын түсінбеді. Жиын біткен соң Әнуармен оңаша сөйлесті. Сонда досының бұған айтқан ұзақ сөзінің қорытындысы мынау болған.
«Қасым, Шәуешектен келген екі айдан бері осы кірпіш зауытында жұмыс істеп жатырмыз. Мені мұнда нағашымның баласы Сержан шақырып еді. Бізге жұмыс берген анау зауыт бастығы «құжаттарымызды жиып алған, тіркетеміз, визасын ұзартып береміз» деп. Бірақ құжатты қолына алғаннан кейін оның әңгімесі өзгеріп алды. Күзге дейін ешқайда кетпейсіңдер. Осында жұмыс істейсіңдер. Еңбекақыларыңды жиып, бір-ақ береміз деген. Қазір құжатсыз ешқайда шыға алмай отырмыз» – дейді досы. Мұның сөзіне тіксініп қалған Қасым басқа жігіттер туралы сұрады. Бәрі Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле өңірінен келген 20-25 жас аралығындағы қылшылдаған жігіттер екен. Бәрінің арманы елге келіп, етек жаю: оқуға түсіп білім алу, отбасын құрып тамыр тарату. Бірақ мына күйген топырақтың иісі аңқыған, шаң қапқан шағын қораға қамаламыз деп кім ойлапты. Үлкен арман арқалап келген бозбаланың жүрегі жарылып кетердей тулады.
«Менің құжатым қайда?» – деді ол түсінен шошыған жандай. Сөйтті де жүгіріп барып, құжыра бұрышында жатқан жолсөмкесін ақтара бастады. Құдай оңдағанда мұның барлық заты өзінде болып шықты.
Басыну
Құжырдағы жиыннан кейін Қасым да еңбекке шықты. Шықпасына амалы қалмаған. Құжаты қолында болғанымен, сыртқа аттап баса алмайды. Төңіректің төртбұрышында түгел күзет, қарақшы. Жұмысқа шықпаймын деп ерегесіп көріп еді, тамақтан қағылды. Сонан соң амалсыз көнді.
Бірінші күнгі жұмыс балаң жігітке ауыр соқты. Ауасыз, қапырық құмдан (кірпіш күйдіретін орын) жас өкпені қауып, есеңгіретіп тастады. Жұмыстың арасында тастай суға малшынып алмағанда, мына тозақ отына жанып кетер ме еді.
Қасым талай рет мінез көрсетті. Бірақ достары үшін көнуге тура келіп тұр. Өйткені, бұл қысасқа қасас қылған сайын, зауыт қожайынының белсенділері бұларды тамақтан тартып, жұмыспен қажап, қинайды. «Жалғыз Қасымның қырсықтығы үшін бірде-біреуіңнің құжатыңды бермеймін. Ешқайда қашып кете алмайсыңдар. Сендерді шекара асып, ешкім де іздеп келмейді. Осында шірітіп өлтіреміз», – деп басынды.
Бұл – қорлық, қорлық па, күн артынан күн, апта соңынан апта өткен сайын қожайынның да, оның жандайшаптарының да мазағы арта берді. Таң алакеуімде айғай-аттанмен оятып, іңір жамылып, көз байланғанша ауыр жұмысқа салады. Жұмыстан кейін нәрсіз қара ботқа береді. Бұған қарсы келгендерді төбеттей күзетшілер алып шығып, аямай сабайды. Қасым да бір емес, бірнеше рет ауыр соққы алды. Итаршылардың таяғынан бір апта тұра алмай қалған кездері де болды. Қанша батыр болса да, құлдыққа көнеді екен. Сөйтіп жүріп көнді.
Үміт жетегінде
Құмдандағы құлдыққа түскен жігіттердің ішінде көп таяқ жегені – осы Қасым. Оны жастық мінез, Алматыға деген асқақ арман үнемі мазалап, басқаның басынуына көнгісі келмейтін. Содан көп жапа шекті. Бұл қырсыққан сайын, достары да тамақтан тарығып, ауыр жұмысқа жегіле түседі.
Бір күні ауыр еңбектен, ыстық пешке кірпіш қалап жатып, өкпесі өшкен 16 жастағы бозбала Қасым құлап қалды. Есін жиғанда өңі қашқан достары мұны өлдіге жорып, жылап-сықтап отыр екен. Көзін ашқан өжет ұлды көрген соқталдай жігіттер көз жасын тиып, ақылға келді. «Жігіттер, мына қорлыққа бұдан артық төзе алмаспыз. Одан да ебін тауып, сыртқа қашып шығуға тырысайық. Әйтпесе, артымызда қалған әке-шеше, бауыр-туыстың ішкені ірің, жегені желім болып жатқан шығар. Қай-қайсың да орайы келсе, ойланып жатпаңдар. Мына жерден қашып шығып, сақшыға жетіңдер. Қалғанымызды құтқарып алудың амалын қылайық», – деген байламға келді.
Сол күннен кейін мұндағы 15 жігіттің көксегені еркіндік болды. Қапысын тауып, мына тозақ отынан құтылу – әркімнің арманына айналған. Шіліңгір шілде өтіп, тамылжыған тамыз айы туды. Қызыл ыс жұтып, құлдыққа әбден маталған жігіттердің алды бұл азапқа көндіккелі 5 ай болыпты. Ең соңынан келген Қасымның өзіне 3 ай сырғып өткен. Аспаннан күн құлап тұрған мына ыстықта қамырша иленген батпақты қайнатып, кірпішке айналдырып жатқан қып-қызыл пешке кіріп-шығу: кірпіш қалау, оны сыртқа тасу – ауыр азап. Бірақ жігіттерді бір үміт алдайды. Ол – «еркіндік» деген ұлы ұғым болатын.
Қашқын бала
Құмдан – Алматының маңайындағы, Алатаудың бір қойнауына табан тепкен. Мұнда күн кешігіп шығып, ерте батады. Бірақ түн жамылғанға дейін бірнеше сағат бойы жұмыс қызу жүреді. Құлдың кебін киіп, отқан 15 жігіт бөлек қорада. Олар тұрған қорада кірпіш күйдіретін жеркепе салынған. Жеркепеде пеш бар. Бұлар пеш қойылған жеркепе мен өздері жатып-тұратын сабаннан жабылған лашық арасында ғана жүреді. Сырттағы жұртпен ешқандай қарым-қатынас жоқ. Бұларға кіріп-шығатындар – шикі кірпішті алып кіріп, күйдірілген кесікті алып шығатын жүккөліктің жүргізушілері. Ас-суын күзеттегі жігіттер жеткізіп береді. Басқа тірі пенде мұнда тұмсық тықпайды. Содан болар жігіттердің кейбірі тағыдай жабайы болып кетті. Ешкіммен тілдеспейді, ешқайда шыққысы келмейді.
Бір күні іңір жамыла пештен жаңа шыққан кірпіш тиеген ауыр көлік орнынан ыңыранып қозғалды. Сол сәтте оны Қасым кузовқа қарғып мінді. Оттан енді шыққан кірпіштердің арасын ойып жіберіп, суға сүңгіген балықтай кірді де кетті. Қасымның денесін көзге көрінбестей етіп жапқан Әнуар мен Бақытжан олар қақпадан шығып кеткенше бағып тұрды. Ың-шыңсыз қақпадан өтіп кеткен соң ғана бұлар кең тыныс алды.
Бостандық жолында
Бұл түні жатақтағы бір топ жігіт таңды көз ілмей атырды. Бір қуаныш, бір үміттің жетегіне ілескен бозбала, нар жігіттердің көңілі далада. Күткен таң атты. Ауыр азап, ыстық пешке кіру деген қиямет еңбек басталды. Қасымның жоқтығын жігіттер күзетке сездірмеуге тырысып жатыр.
Түске таяу қақпа алдында дабыр-дұбыр басталды. Оны тандырдан шыққан ыстық нандай қып-қызыл кесекті «камаз-ға» қарай лақтырып жатқан Әнуар естіді. Естіді де жүгіре басып, пештің ішіндегі жігіттерді дауыстап шақырды. Арада 5-7 минут өткен жоқ, қара қақпа ауыр ыңыранып ашылды. Аржағынан екі езуі құлағына жеткен Қасым және бір топ сақшы сау етіп кіріп келе жатыр.
Сақшылар 4-5 ай бойы ауыр еңбекке жегіліп, ұрып-соққан, азып-тозған жігіттерді көргенде, өз көздеріне өздері сенбеді. Өйткені, бұларда адам кейпіне ұқсайтын түр-тұрпат жоқ еді. Шашы өсіп, көзі аларған жігіттердің қай-қайсысы да тірі аруақтан аумайды.
Сол күні кешке Қасым өзі аңсаған Алматыға келді. Әлгі түсінде көре беретін Көктөбеге шықты. Көктөбеден Алматы алақандағыдай көрінеді деген рас екен, самаласы самсаған ару қала керіліп-созылып жатыр. Бірақ бір ұшы анау Қаскелеңге, Алатаудың бір қойнауына сұғынып кетіпті. Сол тұсқа көзі түсіп кеткен бозбаланың денесі тітіркеніп кеткендей болды. Мүмкін бұл Тамыздың салқыны болар.
jasqazaq.kz сайтынан алынған