Қозы мен Баян жыры сахаларға қалай жетті?

Александра Якутиядағы ұлттық мектептің бірінде саха тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Қазақстан дегенде, көзінен ерекше бір жылылық сезіледі. Өзінің айтуынша, “Қазақстанды арқа тұтады. Қазақ халқының еркіндігін мақтан етеді. Әрқашан тілеуін тілейді”. Александраның мына сөзінен кейін бір жауапкершілік пайда болды. Оның осынау кіршіксіз сезіміне лайық болғым келді. Сахалар туралы іздене келе, қазақ үшін аяулы сол есімнің саха үшін да қастерлі болып шыққанына қуандым. Ол – қазақтың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы Мұхаметжан Тынышпаевтың есімі.
Саха халқы өзінің шығу тегін зерттеуге түбегейлі ден қойғанына жиырма жылдың жүзі болды. Олар үшін тарих беттерінде қалған әр дерек маңызды. Ал Тынышпаев еңбектерінде саха (якут) халқының шығу тегі туралы тарихи құнды тұжырым бар. Ғалым “Материалы по истории казахского народа” деген еңбегінде 1880 жылы Лепсіден Сібірге жер аударылған Жақсылық есімді азамат туралы жазады. Тынышпаев онымен 1905 жылы кездескен. Ол кезде Жақсылық Якутиядан оралған екен. Жақсылық саха жеріне аяқ басқан соң, 3-4 айдың ішінде жергілікті халықтың тілін үйреніп, еркін тілдесіп кеткен. Бірде якуттар одан “Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың сүйегі жатқан жерді білесің бе?” деп сұраған екен. Таңданған Жақсылық олардың мазары Лепсі уезінің Аягөз деген жерінде жатқанын хабарлағанда, якуттар әпсананы тағы бір қайырып, өздерінің Қозы мен Баянның жақын туыстарынан тарайтынын тілге тиек етеді. Әрі олар айтқан аңыздың мазмұны Қозы мен Баян жырының мазмұнымен үндес болып шыққан.
Осы дерекке сүйеніп, Мұхаметжан Тынышбаев сахаларды керейттердің сахаэт тайпасынан шыққан деген болжам жасайды. Оның үстіне, бұл тайпа дәл осы Лепсі маңын мекен еткен. 1400-1410 жылдары әскери жорықтардан титықтаған ел екі бөлініп, көп бөлігі Алтай жаққа ауып кеткен деген қорытындыға келеді. Міне, Қозы Көрпеш пен Баянның жыры сол елмен бірге Алтайға жеткен... Сахалардың дәстүрлі жырлары, эпикалық өнері – олонхо деп аталады. Әр олонхода 10-15 мың жол бар. Ал ең ұзақ олонхода 38 мың жол бар. Оны жыршылар жеті күн, жеті түн жырлайды. Олонхо ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған. Қозы мен Баянның оқиғасы да бір олонхоға арқау болған болар. Оны зерделеу – уақыттың еншісінде.
Мұхаметжан Тынышпаев осы еңбегінде якуттардың өз заманында жазуы болғанын айтады. Бұл «жазуы жоқтығы әбден дәлелденген» сахалар үшін аса маңызды дәйек болып тұр. Тынышпаевтың ұстанымын якут ғалымдары әлі зерттеуді талап ететін гипотеза ретінде зерделеп жатыр. Ал сахалар туралы алғашқы жазба деректері, әрине, Сібірді игеруге барған орыс ғалымдарына тиесілі. Олардың бірі сахаларды монғолдарға жақындатса, енді бірі палеоазиаттықтарға жатқызған. Соңғы кездері растала бастаған мынадай пайым бар. 1986 жылы Тооко өзенінің төменгі ағысынан археологтар түркі өркениетіне тән, 4-5 ғасырларда жасалған садақ пен жебе сынықтарын тапты. Осы дәлелдерге сүйене отырып, ғалымдар біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығында түркілердің алғашқы тобы бүгінгі Якутияға аяқ басқан дейді. Жергілікті нәсілмен араласып, соның арасынан саха деген халық туған деген тоқтамға келеді. Қазақтар айбынды түркі мемлекеттерінің заңды мұрагері екенін ескерсек, саха қызы Александраның неліктен біздің халық дегенде бөлекше сезім кешетінін түсінгендей боламын.
Кез келген түбі бір түркі азаматымен кездескенде, әрдайым туған тілімізде тілдесуге шақырамын. Біле білсеңіз, кездесе қалғанда бәріміз түсінісетін ортақ тіл – орыс тілі болатындығы әрі күлкілі, әрі аянышты құбылыс. Иә, осы екі сезім араласқанда, өзінен өзі өкініш туады. Мұндайда көз алдыма тұяғының дүбірінен дүние үріккен сол түркі бабаларым елестейтінін несіне жасырайын... Шыны керек, Александра сөйлей жөнелгенде, оны мүлдем түсінбедім. Ол да мені түсіне қойған жоқ. Осыдан кейін біз асықпай сөз түбірлерін зерделей бастадық. Міне, осы кезде екеуміздің де тіліміздің төркіні бір екендігіне титтей де күмәніміз қалмады.
Кісі –кіһі
Өлім - өлүү
Қарлығаш – харааччы
Ұя – уйа
үйір – үөрэ
Жұлдыз – сулус
Жаңбыр – самыыр
Жылқы – сылгы, ат
Тәңір - тангара
Жаратушы – айааччы
Гүл - чэчик
Саха тілінің дыбысталуы өзгеше. Ғалымдардың айтуынша, ол ежелгі руна ескерткіштерінің тіліне өте жақын. Оған монғол тілінің де ықпалы болған. Палеоазиат тілдерінің де әсері бар.
2002 жылғы санақ нәтижесіне сүйенсек, Саха Республикасындағы адам саны – 949 мың. Соның 45,5 пайызы – сахалар болса, 41,2 пайызы – орыстар. Сонымен қатар, Якутияда эвенк, эвен, долган, юкагир сынды Сібірдің аз халықтары мекен етеді. Ресей Федерациясының басқа субъектілерімен салыстырғанда, Саха еліндегі тіл мәселесі едәуір жақсы. Оған себеп, советтік жүйе құлағаннан кейінгі ұлттық ояну. Әрине, шешуші фактор – Cаха республикасының басшылығына сахадан шыққан мемлекетшіл тұлғалардың келуі. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесі бүгінгі күні 90,6 пайыз сахалар, 73 пайыз эвенктер, 77,8 пайыз эвендер, 23,1 юкагирлер саха тілінде сөйлеп, саха тілін ана тілі деп санайтынын көрсетті. Басқа халықтарды қоспағанда, якуттар түгелдей дерлік туған тілдерін біледі. Бұл дегеніңіз – соңғы жиырма жылда ешбір түркі тектес халықта (әрине, Ресей құрамындағы) болмаған даму динамикасы! Якутияда таза саха тілінде білім беретін ұлттық мектептер де баршылық. 2011-2012 жылдары елдегі ұлттық мектептердің үлесі 17 пайызға жетті. Ең бастысы, саха тіліндегі балабақшалар мен мектептерге сұраныс артуда. Саха үкіметі, алдымен, саха тіліне деген сұранысты тудырып, артынша “халықтың қалауын орындау – міндетіміз” деп қоғам қажеттігін Конституция аясында жүзеге асыра алып отыр. Аралас тілді мектептер мен орыс мектептерінен саха сыныптарын ашып, олардың санын арттыру жұмыстары да мемлекеттің арнайы жоспары мен бағдарламасына сай орындалуда. Кәсіптік оқу орындарында, өндірістік мекемелерде саха тілін оқыту ісі де жүйелене бастады.
Күні кеше ғана тілі мен ділінен қол үзе жаздаған сахалар құрамындағы жоғалудың аз алдында тұрған, тіпті, жоғалған бірнеше тілдің қайта тірілуіне мемлекеттік деңгейде көмек жасап отыр. Мәселен, Якутияда алғашында энтузиасттардың бастамасымен ашылып, кейін мемлекеттің қолдауына ие болған эвенк тілін үйрететін “Адванна” атты этноэкологиялық мектеп бар. Ерекшелігі, оқушылар өз тілін эвенктердің дәстүрлі, байырғы өмір сүру салтын ұстана отырып, игереді. Дәстүр-cалт бар кезде ғана тілді үйретуге, тірілтуге мүмкіндік бар деп санайды мектептің ұйымдастырушылары. Бұл жоба сынақтан өтті, тілді үйретуде ең оңтайлы тәсіл осы екені расталды. Осылайша, мемлекет бюджетінен жыл сайын 25 баланың эвенк тілін үйренуіне қаржы бөлінеді.
Қоғам өмірінің барлық саласы сахаланып кетті деуге келмес, дегенмен, азаттығы жоқ халықтың да тілін сақтауға мүмкіндігі бар екендігін бауыр халық дәлелдеді. Александраның айтуынша, ұлт проблемасын көтерген кез келген саха туған халқынан “карт-бланш алады”. Ал азаматтық сананың мұндай көрінісі маған ұнайтынын еш жасырғым келмейді.
Сахалар Ресей Империясының құрамына 1630 жылы қосылды. Бұл кезде олардың негізгі шаруашылығы – жылқы болатын. Мұнда Сібірдің суғына бейімделген жүні қалың жылқылар мен сиырдың ерекше түрі өседі. Араға бір ғасыр салып, сахалар түгелдей христиан дінін қабылдады. Дін өзгерген соң, байырғы ат қою дәстүрі де түбегейлі өзгерді. Нәрестелерге орыс есімдері берілетін болды. Десе де, олардың дәстүрлі сенімі шоқынса да, қаншама ғасыр өтсе де, бүгінгі күнге дейін аман жетіп отыр. Тіпті, қазір де олар шіркеуге барып, өз Тәңірлеріне табынады. Бұл көрініске өздері де жымияды... Діннен соң, тағы бір ғасыр өткенде, елге егін шаруашылығы енді. Якутияның дүние жүзіндегі ең суық жер екендігін, тоғыз ай отын жағатынын, қыстың шыңылтыр аязы - 60 градустан асатынын ескерсеңіз, жерді игеру оңай болмағанын сезуіңіз керек. Саха сахарасында көшіп қонып жылқы бағатын жұрт біртіндеп отырықшы халыққа айнала бастады. Бір ғажабы, қазақ пен саханың жылқыға деген сезімі бірдей. Олардың жырлары да жылқыларын жырлайды. Батырлары тұлпарына ат қойып, жануарын қастерлеп өтеді. Әдетте әр нәрсеге елжірей бермейтін саханың ержүрек жігіттері жылқы дегенде ғана жібіп сала береді. Олар да біз секілді саба-саба қымыз ішеді. Ат баптайды. Дәл осы үйір-үйір жылқы азайғанда, саха санасында «төңкеріс» болғанын, олардың жаны мен танымы мүлдем өзгергенін өздері де мойындайды... Сахалардың басынан не өтпеді, отаршыл жүйенің барлық азабын көрді. Көзі ашық, білімді азаматының бәрі репрессияға ұшырап, атылып кетті. Соғыста 40 мың жігіті қаза тапты. Саха сынды аз халық үшін бұл сұмдық сан! Советтік жазалау машинасының 105 лагері Якутияда орналасты...
Қазақстан мен Саха елінің арасын жалғайтын тағы бір есім бар. Сахалардың халық болып қалуы, тілінің сақталуы дәл осы саха азаматының есімімен тікелей байланысты. Ол – Саха мемлекетін құрушы қайраткердің бірі. Ол – Аммосов Максим Кирович. М.Аммосов өз кезеңінде Якут Автономиялы республикасын құру идеясын Кремльге қайта-қайта жолдап, осы пікірімен Ленин мен Сталиннің де санасуына ұйытқы болған. Ол кезде Аммосов небәрі 23 жаста ғана екен. Оның жастай ел ісіне араласуына саяси қуғынға ұшырап, Сібір легерьлеріне жер аударылған өз заманының озық ойлы адамдарын танып білуі себепші болған көрінеді.
Максим Кирович туралы сөз балғанда, якут тарихшылары оған «байырғы халықтың мүддесін көздеген», «якуттандыру саясатын жүргізген», «ұлт деген ұғымды қалыптастырған», «ұлттық кадрларды дайындаған» деген анықтама береді. Бұл тізім әлбетте жалғасады. Ол Одақтың ең мықты академиктерінен құралған Сібір экспедициясының құрылуына себепкер болып, Якутияның кен байлықтарының зерттелуіне жол ашады. Аммосов осы байлық сахаларды асырайтынына қалтқысыз сенген. Елді дамыту бойынша экономикалық және қаржылық жоспарды бір өзі жасап шыққан. Оның қателеспегенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Қазір де қазба байлықтары – саха экономикасының негізін құрайды. Аммосов Совет Одағындағы репрессияның алғашқы толқынына ілініп, Орталық Комитеттің шешімімен Мәскеуге келуге мәжбүр болады.
Ал осы Максим Кировичтің қазаққа қатысы бар екендігін біреу білсе, біреу білмес. Арада біршама уақыт өткен соң, ол Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалады. Бұдан кейін Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облысының бірінші хатшысы қызметтерін атқарады. Бұл облыстар ол шақта жаңадан құрылып, бүгінгі күні айналысып отырған негізгі өндірістік, өнеркәсіптік бағыттарын айқындап жатқан еді. Яғни, мұнай, көмір өндірісі сынды күрделі салаларды игеру де Аммосовтың еншісіне тиді. Қазақ тарихының беттерінде Максим Кирович туралы оңды пікірлер қалған. Оның Голощекиннің қазақты қырған саясатына қарсы шыққаны, өзі басқарған облыстарда ұлттық кадрлерді даярлау ісіне жіті назар салғаны туралы деректер бар. Ол Қазақстанда да әрдайым НКВД бақылауында жүріп, дүркін дүркін тергеліп отырды.


Аммосов бес жылын қазақтың ортасында өткерді. Ол қазақ тілінде еркін көсілген деседі. Оның «Қазақтың даласы Саха жеріне ұқсайды» деген сағынышқа толы сөздері қағаз беттерінде қалды...
Қазақстаннан кейін М.Аммосов жаңа ғана құрылған Қырғызстан КП ОК-нің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Саха ұлы бұл елде бес ай ғана мемлекет басқарды. Бұл кезде қырғыз жерінде де жаппай саяси қуғын басталған еді. Мемлекетшіл тұлғаларды биліктен қуып, олардың үстінен том-том арыз жиналған шақ болатын. Аммосов саяси ойынға қарсы шығуымен ерекшеленді. Мәселен, тұтқындалуға шақ тұрған қырғыз қайраткері Төреқұл Айтматовты үшінші хатшылыққа ұсынып, Кремльдің сынына ұшырады. Бұрынғы Совнарком, қырғыз мемлекеттілігінің бастауында тұрған Жүсіп Абдрахманов бастаған ірі қайраткерлерді қорғап бақты. Әрине, оның бұл әрекеті орталыққа ұнаған жоқ. Аммосов саяси тұтқындарды азаптап, «халық жауларын» аңдыған НКВД-нің өзін тексеру жөніндегі арнайы коммисия құрды. Сталинге тікелей бағынатын бұл ұйымға қарсы шығуы – оның көзсіз ерлігі еді... Осы оқиғадан кейін Аммосовтың өзі тұтқындалды. Оған Қазан төңкерісінің жиырма жылдығына арналған салтанатты жиында «Долой коммунизм!» деген ұран тастады деген айып тағылды...
Р.S. Қырғыз Совнаркомы Жүсіп Абдрахманов аштықтан босып, қырғыз жеріне келген жүз мыңнан астам қазаққа астық қоймасын ашып берді. Осы шешімі үшін айыпталып, қызметінен қуылды. Ол Әлихан Бөкейханов басқарған «Алаш» партиясының мүшесі болды. Ал Төреқұл Айтматовты оқуға түсіріп, қамқорлыққа бөлеген тұлға Тұрар Рысқұлов болатын. Даңқты қаламгер Шыңғыс Айтматов – осы Төреқұл Айтматовтың ұлы. Архивтік деректер Аммосовтың Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллин сынды қазақ қайраткерлерімен тығыз араласқанын айтады. Барлығы «халық жауы» деген айыппен атылды...
(«Жоғалған тілдер туралы жыр» кітабынан)


Сахалардың жылқылары. Фотоны түсірген Светлана Иванова.
gonzo.kz сайтынан алынған

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста