БҰҰ-ның адам әлеуеті дамуы индексінде әл-ауқаты жөнінен Орталық Азия елдерінен озық тұрған Қазақстан суицид жасау бойынша да осы аймақта алдыңғы орында.
Шілденің 24-і күні БҰҰ-ның даму бағдарламасы (UNDP) адам дамуы әлеуеті жайлы 2014 жылғы есебін жарияланды. Есеп әлемнің 187 елі мен бірнеше территориясындағы халықтың білім алу мүмкіндігі, табысы, денсаулығы, өмір сүру ұзақтығы, жеке бас қауіпсіздігі сияқты маңызды көрсеткіштерге қарап жасалған.
Тізімді адам дамуы әлеуеті жақсы елдер ретінде Норвегия, Австралия, Швейцария, Нидерланд пен АҚШ бастап тұр. Тізімнің ең соңындағы елдер – Орталық Африка республикасы, Конго мен Нигер.
Қазақстан бұл есепте 70-орынды иеленіп, Орталық Азиядағы көршілерінен (Түркіменстан – 103, Өзбекстан – 116, Қырғызстан – 125, Тәжікстан 133-орында) озған. Басқа постсоветтік елдерден Беларусь – 53, Ресей – 57, Әзербайжан – 76, Грузия – 79, Украина – 83, Армения – 87, Молдова 114-орында тұр.
«ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ҚАЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК ТОПТАР»
Бірақ адам дамуы әлеуеті жөнінен Орталық Азиядағы көршілерінен ілгері Қазақстан азаматтардың суицид жасауы жағынан да ол елдерден алда тұр. БҰҰ есебінше, Қазақстанда 2003-2009 жылдары әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 52,4 адам (оның 9,4-і – әйел, 43-і – ер адам) суицид жасаған. Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 9,3 адам, Қырғызстанда – 17,7 адам, Тәжікстанда – 5,2 адам, ал Түркіменстандағы суицид жағдайы туралы мәлімет жоқ.
Мамандар халқының өмір сүру дейгейі көршілес елдерге қарағанда әлдеқайда жақсы бұл мемлекетте өз-өзіне қол жұмсаушылар да неге көп екенін әрқилы түсіндіреді.
Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекшісі Мәдина Нұрғалиева «суицид сыртқы әлеуметтік құбылыстармен және ішкі психологиялық факторлармен тығыз байланысты» деп біледі.
– Қазіргі кезде қиын жағдайда қалған әлеуметтік топ бар. Бұлар – несиелік қарыздарын өтей алмай қалған азаматтар, үлескерлер, ипотека алғандар, ломбард пен микронесиелік ұйымдардың клиенттері. Бұл азаматтарға сауатты заңгерлер, қаржыгерлер мен өзге де мамандар қажет. Меніңше, әрбір әлеуметтік топпен жеке-жеке жұмыс істеген тиімдірек болады, – дейді Мәдина Нұрғалиева.
Ол тығырыққа тірелгендей күй кешу елдегі азаматтар үшін қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанын, ол адамның жасы, жынысы, статусы мен материалдық жағдайына тәуелсіз ахуал екенін ескертеді.
Мәдина Нұрғалиева суицид оқиғаларын тек экономикалық жағдаймен ғана түсіндіруі мүмкін емесін, жасөспірімдер мен қартаң адамдардың өз-өзіне қол салуын ол қисынмен сипаттау неғайбіл екенін айтады.
«БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА СУИЦИД КӨП»
«Эльдани» қайырымдылық қорының басқарушы директоры Гүлзира Амантұрлинаның айтуынша, «Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасында суицид көп – ол отбасылық, тұрмыстық мәселелерге байланысты».
– Балалар мен жасөпірімдер арасындағы суицидтің негізгі себептері – ата-ананың ажырасуы, мектептегі қатарластарының теріс көзқарасы. Мұндай жағдайлардың 90 пайызында суицид жасаушылар оны айтады. Бірақ көп жағдайда ата-ана естімейді. Егер әлдекім «маған өмір ұнамайды», «өмір сүргім келмейді» деп айта бастаса, бұл – сол адаммен әңгімелесу керек дегенді білдіретін алғашқы қоңырау, – дейді Гүлзира Амантұрлина.
Ол орта мектеп түлектері жоғары оқу орнына түсу үшін тапсыратын ұлттық бірыңғай тестілеу де алғашқы жылдары жасөспірімдер психикасына қатты әсер еткенін айтады.
Психиатрия, психотерапия және наркология бойынша республикалық орталығы қызметкері Сергей Скляр БҰҰ есебіндегі Орталық Азия елдері мен Қазақстанға қатысты дерекке байланысты басқаша пікірде.
– Бәрі де суицид жағдайларын қаншалықты толық тіркеп отыруға, яғни психиатрия қызметінің дамуына байланысты. Бізде ол жиі тіркеледі, бірақ ол әрқашан да оның шынайы өсуімен байланысты емес, – дейді жасөспірімдер суицидін зерттеуші психиатр Сергей Скляр.
Ол Қазақстан суицид көрсеткіші жағынан аймақта әлі алда тұрғанымен, бұл елде өз-өзіне қол жұмсағандар саны жыл сайын азайып бара жатқанын айтады. Сергей Скляр Азаттыққа бұған дейін берген сұқбатында Қазақстанның жасөспірімдер суицидіне қатысты әлем бойынша алғашқы орындардың бірінде екенін айтқан еді.
Азаттық тілшісі БҰҰ есебінде суицидке қатысты айтылған мәлімет жайлы дерек сұрап ресми орындарға хабарласқанымен жедел жауап ала алмады.
Психиатрия, психотерапия және наркология бойынша республикалық ғылыми-практикалық орталығының дерегінше, Қазақстанда жылына шамамен 3 мыңдай суицид оқиғасы болады.
Қазақстан суицид бойынша Орталық Азияда алда тұр
Последние статьи автора