Осыдан 3-4 жыл бұрын «секс-символ» деп айтуға бетімізден басатынбыз. Еліміздегі орыс тілді басылымдар қазақстандық әйелдер мен еркектерге «секс-символ» атағын үлестіре бастағанда, ұялғансып, үндемей қалғанбыз. Ол баяғы кеңестік кезеңде қалыптасқан «секс жоқ» деген моральдық ұстанымның санамызда ұялап қалғандығының әсері болар. Ал, шын мәнінде, өркениетті елдерде еш ұяттығы жоқ бұл үрдіс («секс-символ» атағын беруді айтамыз) ұлы рәсімдердің санатында.
Тарихқа жүгінсек, көпшілік жыныстық тұрғыда тартымды деп табатын адамды меңзейтін «секс-символ» ұғымы шамамен 1911 жылдан бастап ұлы «синеманың» (киноматографияның басқаша атауы) арқасында айналысқа түсе бастады. Мылқау кино небір көркіне көз тоймайтын адамдардың бейнесін берді. Осылайша, әйелдердің арасында алғаш секс-символ болып 1910-1920 жылдары киноға түскен даниялық актриса Аста Нилсен әлемге танылды. Вамп-әйелдердің рөлдерін сомдаған актрисалар Теда Бара мен Пола Негри де алғашқы секс-символдарға айналды. Еркектерге келсек, нәзік жандылардың есін кетірген тұңғыш секс-символ атағы актер Рудольф Валентиноға бұйырыпты. Кейінірек нақ осы кинематограф әлемге Кларк Гейбл, Кэри Грант, Джин Харлоу, Лана Тернер, Джейн Рассел, Элизабет Тейлор, Рита Хейворт, Джеймс Дин, Монтгомери Клифт, Марлон Брандо, Бриджит Бардо, Клаудиа Кардинале, Софи Лорен, Джина Лоллобриджида, Марика Рекк және Мэрилин Монро сынды классикалық секс-символдардың шоғырын ұсынды.
Ал, СССР киноиндустриясы коммунистік моральдың қатаң тыйым салуына байланысты секс-символдардың пайда болуына құлықсыз еді. Айта берсек, ондай ұғымның өзі де болмаған. Әйтпесе, совет киносындағы көптеген танымал актер мен актриса секс-символ болуға лайық-тұғын. Десек те, басқаларға қарағанда, атақты совет актрисасы Любовь Орлованың шоқтығы бәрінен биік тұрды. Бүгінгі таңда Кеңес одағының тұңғыш секс-символы болып сол халық сүйіспеншілігіне бөленген сүйкімді Любовь Орлова танылған. Кеңестік кезеңдегі оның ізбасарлары ретінде Анастасия Вертинскаяны, Наталья Варлейді, Людмила Гурченконы, Наталья Кустинскаяны, Светлана Светличнаяны айтуға болады. Өз тарапымыздан қазақтан шыққан кеңестік киноның жарық жұлдызы Наталья Орынбасарованы осы қатарға қосар едік. Ал, ерлердің арасында Асанәлі Әшімов осы атаққа лайық.
Қош, кино солай болсын, музыка саласында ше? Тағы да тарихқа жүгінейік. Музыка әлемінде ұзақ уақыт бойы толыққанды секс-символ болмады. Алайда, 1950-жылдары поп-мәдениеттің қарыштап дамуы мен бейнежазу құралдарының көптеп таралуына байланысты музыкалық индустрияның алыптары музыканттардың арасында секс-символдардың пайда болуына белсенді қадамдар жасады. Сөйтіп, Элвис Преслидің жарық жұлдызы жарқ етті. Одан кейін италиялық әнші және киноактер Адриано Челентано да секс-символ ретінде танылған. Ал, видеоклип көрсетуге маманданған MTV музыкалық арнасының ашылуы музыка әлемінде ұлы төңкеріс жасады десе де болады. Ендігі сәтте орындаушылардың сыртқы кейпі алдыңғы кезекке шығып, орындаушылық өнері кейінге ысырылды. MTV секс-символдардың қатарын көбейтіп, бауырсақ пісіргендей томпылдатып жатты. Солардың ең көрнекті өкілі деп атақты Мадоннаны айтамыз. Ол – өз сымбатын аса қымбатқа сататын секс-символдың ең жарқын үлгісі. Еркектердің ішінде оның мысын басатын «поп-музыка королі» Майкл Джексон болса керек.
Музыкалық индустрияның осындай мұқтаждықтарымен санасқан классикалық музыка әлемі де заман талабына сай қадам басып, қазіргі таңда опера және балет жұлдыздары да секс-символ атағына ұмтылуда.
Қазақстанға келсек, кешегі кеңестік идеологияның шекпенінен шыққан біздің елде «секс», «секс-символ» ұғымдары күні бүгінге дейін кең қолданысқа түсіп отырған жоқ. Десек те, жоғарыда айтқанымыздай, орыс тілді басылымдар «секс-символ» атағын әлдеқашан-ақ үлестіре бастаған. Атап айтсақ, 2010 жылы nur.kz порталы қазақстан киносы мен шоу-бизнесіндегі секс-символдарды анықтау мақсатында өз пайдаланушыларының арасында сауалнама жүргізіп, нәтижесін «Пользователи NUR.KZ сочли Асель Сагатову самой сексуальной в Казахстане» деген атпен «айқайлатып» жариялады. Сонымен, nur.kz порталының нұсқасы бойынша, әмбебап актриса Әсел Сағатова «секс-символ» атанды. Оған пайдаланушылардың 32,2 пайызы дауыс берген. Одан кейін «оза шапқандар» – кино актрисасы Линда Нығматуллина (14%), әншілер Әсел Сәдуақасова (9,5%), Лидо (9,5%) мен Мақпал Исабекова (5,8%). 2011 жылы отандық киноны жарнамалайтын vseprokino.kz сайты қазақстандық еркектердің арасында секс-символды табуға талпыныс жасады: «Казахстанский секс-символ: В поисках мачо». Сөйтіп, Санжар Мәдиевтің есімін атады. Мұндай талпыныстарға қанағаттанбаса керек, былтыр ғана tengrinews.kz тілшісі сұлулық пен сәннің, спорт пен шоу-бизнестің нәзік жанды өкілдерінің арасында сауалнама жүргізіп, қазақстандық секс-символды әйгілеуге тырысты: «Известные женщины выбрали «секс-символ» Казахстана». Атағы жер жарған әйелдерге өз қалауын айта салуға оңай болып па, алай-бұлай жауап беріпті. Не керек, олар қанша бұлталақтаса да, ойындағысын білдіріпті, әйтеуір. Көпшілік дауыспен олимпиадалық чемпион Илья Ильин әупірімдеп алдыңғы орынға шықса керек. Одан басқа спортшылар Юрий Мельниченко, Ислам Байрамықов, Александр Винокуровтың, сондай-ақ, саясаткер Нұрлан Нығматулиннің есімдері аталған. Бұл – спортшы, мәжіліс депутаты Ольга Шишигинаның пікірі. Белгілі скрипашы Жәмилә Серкебаева бизнесмендер Арман Байтасовты, Эдуард Кимді және Тимур Кұлыбаевты осы қатарға қосқан екен. Музыкант Аида Аюпова бірінші ғып Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовті, содан кейін Тимур Кұлыбаев пен домбырашы Асылбек Еңсеповті, «Жұлдыздар фабрикасынан» шыққан Әлішер Егембердиевті атапты. Ал, әнші Айжан Нұрмағамбетова ә дегенде он шақты еркектің жыныстық қабілетін жоғары бағалаған. «Мен үшін сексуальдылық деген, ең алдымен – ақыл, жақсылық, зиялылық. Еркекте ерекше қасиет болу керек. Ол қанша жерден қара күш жинаса да, өзінде харизма мен ақыл болмаса, оны сексуальды деп айтуға болмайды. Мен үшін сексуальды деп біздің тарландарымыз Асанәлі Әшімов, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, «Қыз Жібектегі» Бекежан болып қала береді. Сондай-ақ, менің әкем де әрқашан нағыз еркек болып қалады», – депті өзі де секс-символ болудан қашпайтын әнші. Бұлардан өзге, ең сексуальды еркектердің тізіміне Әлихан Бәйменов, Төлеген Мұхамеджанов, әншілер Қайрат Түнтеков, Медеу Арынбаев, Бүркіт, Айқын, Әли Оқапов, спортшы Серік Сәпиев енген.
Сонымен, секс-символдың сиқыры не? Басқаша сауал қойсақ, секс-символ болудың не құпиясы бар? Немесе секс-символ деген кім? Әдетте, секс-символ деп қалың көпшілік қарама-қарсы жыныстылар үшін жыныстық тұрғыда тартымды санайтын адамды айтады. Мәселен, әйел әдемі, не сексуальды, не тартымды, немесе бойына осы қасиеттердің бәрін жиған болуы мүмкін. Сексуальдылық деген әйелдің өн бойынан есіп тұратын, еркектің есін алатын айрықша энергетика болып табылады. Сексуальды әйелдің өңді болуы немесе оның дене бітімі керемет болуы міндетті емес. Ол тән тоятын тілейтіндей ерекше тартымдылыққа ие болуы тиіс. Әрине, әр заманның өз секс-символы бар. Секс-символдың сипаты өзгеріп отыруы да заңды. Қазіргі жаһандану заманында секс-символдардың эталонын тап басып айтудың өзі қиын. Түрлі нәсілдер мен ұлттардың мидай араласып кетуі себепті сұлулыққа һәм сексуальдылыққа қойылар талаптар да талай тартысты жағдайға жетті. Бір кезде бүкіл әлем сексуальды деп таныған Софи Лорен мен Мерлин Монроның орнын бүгінде кім басты? Афроамерикандық топ-модель Наоми Кемблды алып қараңыз. Оның сексуальдығы неде? Дене бітімі мүлтіксіз дерлік оның сексуальдығы табиғаттың өз күшіне ұқсайды. Ол – нағыз «амазонка» һәм еркектің арман-тілегін билеп-төстеуші.
Әлбетте, әлемде жұлдыздар мен секс-символдарды жасаудың алып индустриясы барын есепке алмасақ болмайды. Ол индустрияның басты қозғаушы күні – жарнама. Жаһандану үрдісі дүрілдеп тұрған мына заманда жаппай жарнаманың күшімен секс-символдардың сипаты түрлене түскенін тағы да қайталап айтамыз.
Сонымен, қазақ эстрадасындағы секс-символ кім? Ғаламтордың қазақстандық кеңістігін адақтап отырсақ, осы туралы арагідік кездесіп қалатын пікірлердің әралуандығын байқаймыз. Соларға жүгінсек, секс-символдардың қатарында эстрада жұлдызы Роза Рымбаевадан бастап Әсел Сәдуақасоваға дейін тізбектеледі: Қарақат Әбілдина, Мәдина Сәдуақасова, Мақпал Исабекова, Дильназ Ахмадиева, скрипкашы Лана, Динара Сұлтан, Лидо, Линда Нығматулина, Аша Матай, Луина, тағысын тағылар... Тіпті, опера әншісі Нұржамал Үсенбаева да бар. Бұл – әйелдердің хит-парады. Аталмыш шеруді бастап келе жатқан, Әселдің блогында жазылғандай (asiada.wordpress.com), «үтікті қоссаң да жарқ етіп шыға келетін» Мәдина Сәдуақасова болса керек. Ал, нағыз еркектердің тізімі одан екі есе көп. Шамасы, бұл – ғаламторда қыз-қырқынның көбірек «қыдыратынының» көрсеткіші болса керек. Халықтық рейтингтің көш басында Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Қайрат Нұртас, Қайрат Түнтеков, Медеу Арынбаев, Бүркіт, Айқын, Әли Оқапов, т.б. сынды «жарау» жігіттер келеді. Десек те, құй мойында, құй мойындама, секс-символдардың тізімінде Қайрат Нұртастың есімі топ жарып тұр. Оның сыры неде? Обалы не керек, оның бір сырын serke.org сайтында Сәкен Түсіпбек «Қайрат Нұртасты жұрт неге жақсы көреді?» атты мақаласында біршама жақсы ашып беріпті:
«Таратып айтар болсақ, Қайратта көптеген әншілерде кездесе бермейтін, тыңдарманын еріксіз өзіне қарай тарта алатын керемет дауыс бар. Кез келген әнді айтқанда көмейінен жарықшақтана шығатын қарлығыңқы һәм жалынышты нәзік үннің құдіреттілігі сол – бір қалыпты әлсіз ырғақпен сыздықтап тұрып-ақ, иі қатты адамдардың өзін бірден тұла бойын жылытып, ерітіп, лажсыздан өзіне қарай иліктіріп, жыланша арбап алады. Қайрат Нұртас басқалар сияқты көкіректеніп ән айтпайды. Оның үнінде жалыныш бар. Жалынышты үн тыңдарманның аянышын туғызатыны белгілі. Бұл ақын жанды, көңілі бос жандарды көлкілдетіп көз жасын төгуге мәжбүрлейді. Әншіні жоғары көтеріп, аспандатып жіберген бірінші фактор – осы.
Әншіні халықтың басына көтеріп жүруінің ендігі бір себебі, Қайраттың кескін-келбетінің кәріс халқының өкілдеріне қатты ұқсайтындығы. Қазақ телеэкрандарында жөн-жосықсыз кәріс киноларының көптеп берілуі, әншінің сахналық өмірімен тұспа-тұс келді. Көптеген көрермендердің, әсіресе жастардың өз тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін жақсы білмесе де, кәріс тарихын жатқа соғып, олардың батырларына, әншілеріне ессіз беріліп, соның салдарынан кәрістен аумай қалған Қайраттың өнері ұнасын-ұнамасын оны жақын тартып, қол соғатындығы – өз кезегінде көрермендер алдында әншінің ұпайын үстемелеуіне әжептәуір сеп болып жүр» (www.serke.org).
Расында да, Қайрат Нұртастың сахналық бейнесі көпшіліктің көкейінен шығып жүр. Әрине, оның орасан зор еңбегінің жарты үлесін продюсері, өз анасы Гүлзира Айдарбековаға жатқызуға тиіспіз. Ол ұлының имиджін қалыптастыруда дұрыс бағыт ұстанып, елімізде енді ғана қалыптасып келе жатқан шоу-бизнестің заңдылықтарын жақсы түйсініп отыр.
P.S.: Ғаламторда «Негізі, бізге «секс-символ» деген қажет емес. Ол – батыстың бізді аздыру үшін жасаған айла-шарғысы деп түсінемін» деген пікірлер де жоқ емес. «Секс-символ» дегенді насихаттау қазақтың табиғатына жат нәрсе» деп, ат-тонын ала қашатындар әлі де табылады. Бірақ, біздің айтарымыз, қазақта «секс-символ» деген ұғым бұрын-соңды болмағанмен, сонымен пара-пар «серілік» деген ұғым болған. Оны әңгімелейтін болсақ, ұзынсонарға түсіп кетеміз...
Шерхан НҰРТАЗА Мақала serke.org Ақпараттық-сараптамалық сайтынан алыңған